Жексенбі, 4 Желтоқсан 2022
Алашорда 2076 4 пікір 8 Қараша, 2022 сағат 13:29

Анадолыдағы Ахметтанушы

Алаш мұрасын, тарихын ерте таныған ел біз емес, Анадолыдағы түріктер болатын. Біздің ел отарлық жүйенің құлдық қамытын киіп, асылдарынан көз жазып қалған социалистік қоғамда «Ленин ата бабамыз!» деп ұран салып жүргенде, Анадолыдағы ағайын Алаш Орданың 50 жылдық мерейтойы туралы мақала жазып, тарихи аспекті тұрғысынан зерттеп жатқан-ды. Алашты ерте таныған сол жылдардағы түрік жасының бірі – қазіргі кезде көпке танылған профессор Нергиз Бирай есімді ғалымымыз еді.

Бүгінгі түрік тілші-әдебиетші ғалымдарының ұстазы саналатын үлкен ғалым, өзінің академиялық мектебін қалыптастырған қайраткер-зерттеуші Ахмет Бижан Ержиласунның еңбегі көп. Шығыс Түркістаннан Түркияға жеткен қазақтардың ортасын көрген Ахмет ұстаз ХІХ – ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары, әдебиеті мен тарихы туралы мол мағлұматқа кенеліп, жақсы сөздер естіген соң, өзінің шәкірттеріне осы естіген деректері негізінде диссертация жаздырып, қорғатқан екен. Нергиз Бирайдың маңдайына қазақтың дегдар тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы жазылыпты.

Нергиз Бирай Алты алаштың ақылманы атанған Ахаңның тілі, стилистикасы мен көркемдік әлемі мәселесін жіті зерттеп, жан-жақты қарастырып, осы күнге дейін іргелі төрт кітап жазып, оқырман назарына ұсынған болатын. Оның сыртында, Ахмет Байтұрсынұлының тіл, жер, дін, әйел теңдігі, оқу-ағарту туралы мақалаларын таңдап алып, нақышына келтіре түрікше «сөйлетті».

Біздің кейіпкер ауған қазақтарының диалектілерін және қазіргі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын жиі-жиі талдап, реті келсе сүйекті шығармаларды түрік тіліне аударып, екі ағайын елдің әдеби-мәдени, рухани дамуына айрықша үлес қосып келеді. Бұл ретте Нергиз Бирай Абай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Міржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыр, Мағжан Жұмабай, Мұхтар Әуезов бастаған алыптардың мұрасынан бастап Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайларды жалғап, Ғалым Жайлыбайға дейінгі талай мықтымызды өз аудиториясына танытып, жас зерттеушілердің негізгі тақырыбына айналдырғанын білеміз.

Алаш мұрасына ынтығып, сүйікті ісіне жүрегімен берілген жетекші ғалым бекзада болмыс иелерінің еңбектерін оқыған сайын соларға еліктеп, ұқсағанын үнемі тілге тиек етеді. Ұлтына, жұртына ақысыз-пұлсыз қызмет еткен ерен ерлердің өнегесін танып, үлгі алып, аманатын жан-тәнімен сезінген Бирайдың қызы Байтұрсынның қызына қалай айналып кеткенін де білмейді… Оның айтуынша, Алашқа қызмет ету –  ең ұлық іс, зор мұрат һәм жауапкершілік жүгі ауыр абырой.

«Атажұртым Қазақстанда Ахмет әкемнің торқалы тойы өтеді, ұлы жиынға құр қол бармайын», – деп кеше ғана баспадан шығып, сиясы кеппеген еңбегін құшағына қысып, Анадолыдағы Байтұрсынның қызы Алматыға келе жатыр... «Торғайға, Сарытүбекке барып, боз жусанды далаға аунап, зиярат қыламын», – дейді ол.

***

Профессор Нергиз Бирай ханымды осы мақала авторларының біріне жолықтырған тәңірдің алқауы деп білеміз. Докторантураға түскенде табан астында шетелдік кеңесші таба қою оңай шаруа емес. Тақырыбымыз Алашқа қатысты болғандықтан, осы салада маңдай терін төккен, ұзақ жылдар бойы зерттеумен айналысқан мамандарды іздей бастадық, Семей арқылы сұрастырып барып, Түркияның Денизли қаласындағы Памуккале университетінің профессоры Нергиз ұстазға таңдау түсті.

Екеу арадағы телефон шалу, хабар жазысу мен құжат алмасулар сәтті тәмамдалған соң, ғылыми тағылымдамадан өту үшін Памуккале университетіне сапар шектік. Жанымыздағы докторанттар бірге баратын болып шешкендіктен, бұл сапарымыз жайлы апайды мазалағымыз келген жоқ, айтпаған едік. Аман-есен жетіп, сәлем бере кіргенімізде  алғашқы таныстықтан соң неге алдын ала хабар салмағанымызды сұрады. Алдымыздан арнайы шығып, күтіп алатынын айтып ақтарылып жатты ғалым апай. Біздіңше, бұл ұстаздың қонақжай көңілін білдіретін игі нышан болды.

Памуккале университеті қазіргі заман түрік әдебиеті мен тілдері бөлімінде үш ай ғылыми тағылымдамамыз басталды. Нергиз апай осы бөлімді басқарады. Профессор Мұстафа Арсланның жетекшілігіндегі екінші бөлімнен түрік тілі курсын оқып келемін де, Нергиз ұстаздың дәрістеріне қатысамын. Сонда байқағаным: профессор Нергиз Бирай тілдің түп-тамырын туысқан түркі тілдерінің аясында біртұтас қарастырады, айталық қандай да бір сөздің қазақ, түрік, өзбек, қырғыз, татар, әзербайжан нұсқаларымен дәлелдеп отырады. Бұл біздің айтып жүргеніміздей, кешенді түрде қарастырудың нақты көрінісі болса керек. Дәл осындай лингвистикалық талдаудың математикалық әдістерін де Нергиз ұстаздың сабақтарынан көріп, таңдай қағыстық. Яғни нысанға алынған қандай бір сөздің түбірін тауып, оның мағынасын ажыратып, басқа тілдердегі баламаларын айтып, жалғанған жұрнақ па, жалғау ма, қосымшасының түрін анықтап, оларды өзара «қосу», «алу», «бөлу» сияқты арифметикалық амалдармен сипаттап, «теңдеулерге» бөлшектеп көрсеткенде құдды тілді емес, алгебрадан есеп шығарғандай әсерде қалдырады. Нергиз Бирай – бізді сүйсінткен тамаша ұстаз.

Осы сапар барысында Нергиз Бирай ханымның адамгершілік бай мінезін, ананың жұмсақ табиғатын, қарапайым кісілік келбетін айқын аңғардық. Ғылыми идеясы қарсы, концепциялары кереғар адамдардың бір дастархан басында отырмайтыны болады ғой, тағылымдама кезінде мұның шет-жағасын байқадық. Бірге барған докторанттар кеңесшілерінің рұқсат бермеуіне байланысты Нергиз Бирай басқаратын кафедраның жиналысына қатыса алмады. Ал менің бағыма орай басқа кафедралардың мәжілісіне қатысып, ой түйіп, пікір білдіріп жүруіме ешқандай тыйым болған емес. Бұл Нергиз апайдың көңілінің кеңдігін, жүрегінің жұмсақтығын білдіреді.

Біздің қазақта «Жақсыда жаттық жоқ» деген тамаша сөз бар. Ешкімді алаламайтын, еліне, нәсіліне бөліп-жармайтын, жатсыну деген жоқ, жақсы қасиеттерді Нергиз апайдың бойынан талай кездестірдік. Студенттерді анасындай мәпелеп күтеді, магистранттарды әпкесіндей жақсы көреді, докторанттармен жан досындай сырласады. Ғалымның бақыты осы шығар! Ұстаз әрқашан қамқор. Өзінің көлігіне салып алып оқушыларын музейлерді, мешіттерді, ескерткіштер мен тарихи орындарды аралатады, әрқайсысының таным көкжиегін кеңейтуге атсалысады. Оқыған кітаптарын талдайды, жаттаған өлеңдерін оқиды, көңілденіп, шай ішіп-ақ сабақ өткізеді. Шетелдік кеңесші ретінде бізге айтқан әрбір ақыл-кеңесі есімізден шықпайды. Фуат Сезгин атындағы кітапханада жұмыс істеуімізге, қолымыз жетпей жүрген кейбір құнды кітаптарға тапсырыс беріп алдыртып көп жәрдемін берді, осылай ұстаз біз ғана емес, әрбір студент-магистрант-докторантына қол ұшын созуға әрдайым даяр.

Ардақты апайымыз Нергиз Бирай Қазақстанды «екінші Отаным» деп біледі, Алаштың астанасы Семей қаласын жақсы көреді. Елімізге сапарлап келгенді ұнатады. Профессордың анасы қазақтың тағамдарын, әсіресе қазыны сүйсініп жейді. Қызы Анкарадағы аса беделді бір ұйымда қызмет етеді. Профессор, доктор Нергиз Бирай – Түркия ғана емес, күллі түркі әлеміне жан-тәнімен қызмет етіп жүрген ғалым. Алаш қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет атамызды 1982 жылы танып, содан бері Ахаңның есім-сойын жалпы елге, шәкірттеріне әйгілеп келе жатыр. Абайды атам, Ахметті әкем деп біледі. Оны біз қазақ әдебиеті мен мәдениетінің үлкен жанашыры деп танимыз.

Бір сөзбен айтқанда, профессор Нергиз Бирай – Анадолыдағы ахметтанушы деген атаққа шыққан ғалым, ізденгіш білім иесі.

Заңғар Кәрімхан,

Елдос Тоқтарбай

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 2213
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 1045
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 1230