Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 2965 5 пікір 11 Қараша, 2022 сағат 15:45

“Қаралы Қаңтар”, “Қасіретті қаңтар” дей бермей, нақты саяси бағасы берілуі керек!

Қазір Президенттің Әділетті Қазақстан жайлы бастамасы науқаншыл сарында жүргізіліп жатқан жоқ па? Ұрандар бар, ал заңның үстемдігі үшін не жасалып жатыр? Насихат бар, ал құқықтық нигилизммен күрес бар ма? Әділ қоғам құру үшін не істемек керек?

«Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан» болса, онда қоғам үшін мына талаптар бірінші кезекте шешілуі керек:

Ең алдымен, қаралы Қаңтардың бір жылдығы қарсаңында оған нақты саяси баға берілуі тиіс. Қазір баспасөзде «Қаралы қаңтар», «Қасіретті қаңтар» сияқты тіркестер жиі кездеседі. Ал ол не? Көтеріліс пе, төңкеріс пе, билік үшін күрес болды ма, әлде деструктивті ағымдардың теріктісі ме? Естеріңізде болса, кеңес одағы тұсында 1986 жылғы желтоқсанда болған жағдайға нақты саяси баға берілмеді. Дәлірек айтсақ, кеңестік билік мұны «махровый национализм» деп айдар тағып қаралады, ал тәуелсіздік жылдары билікте 30 жыл болған жүйе Ұлттық көтеріліске пара-пар Желтоқсанды «оқиға» деңгейінде қалдырды. Бәлкім, бұл сол кеңестік заманнан келе жатқан элитаның тәуелсіздік жылдары да дәурен құрғанынан болса керек. Халықтан шындықты жасыруға ұмтылыс та болды.

Екіншіден, адамның негізгі құқықтарына тек өмір сүру құқы, бас еркіндігі ғана емес, ақпарат алу құқы да жатады. Өкінішке қарай, осы күнге дейін қазақ та, қазақтың тілі де өз елінде жүрсе де, өзін өгей сезініп келе жатыр. Соңғы бір-екі ай ішінде мен қазақ тұтынушысы ретінде онға жуық кафе-мейрамхана, балаларға арналған ойын-сауық орталықтары, baby-sitter қызметі, дүкендер, кинотеатрлар, т.б. тарапынан мемлекеттік тіл – қазақ тілінде ақпарат алу құқымның өрескел бұзылғанын дәлелдей аламын. Мәселен, ірі сауда желілерінде өзіне-өзі қызмет көрсету кассалары қазақ және орыс тілін таңдау құқын береді. Бірақ қазақшасын бассаңыз, орыс тілі шығады. Бұл нағыз көзбояушылық. Тұтынушыға арналған ақпараттар көбіне орыс тілінде таратылады. Байқауымша, соңғы кезде заңды белшеден басқандар сыртқы жарнама, маңдайшаларды тек орыс тілінде жаза бастаған. Бұл ішінара мобилизацияға байланысты Ресейден үдере көшкен келімсектерге жасалып жатқан жағдай ма, әлде қазақ тұтынушысының ашу-ызасын туғызып, ішкі тұрақтылықты бұзуға әрекет пе? Әрине, тұтынушы ретінде тиісті орындардың Арыз кітапшасына өз наразылығымызды жеткізіп, мемлекеттік тілде ақпарат алу құқымның бұзылғанын, ал бұл Конституция, Тілдер туралы заңнан бастап, Әкімшілік құқық-бұзушылық кодексінің тиісті баптарын аяққа таптау екенін жеткіздім.

Қазақ тұтынушысы да оянған екен! Арыз кітапшалары «менің құқым бұзылды», «қазақ тілінде қызмет көрсетілмеді», «кассалық аппарат қазақша емес», т.б. дегендей шағымға толы екен?! Жалпы, мұндай қоғамдық наразылық көбеймес үшін мемлекет тарапынан тілге қатысты бірізді, жүйелі саясат керек. Барлық кәсіпкерлерді тілдік нормаларды сақтауға шақырып, бақылап отыру керек. Қоғам ішінде «тілдік патрульдер» неге шықты? Себебі мемлекет, үкімет, билік бұл қызметті, заңда бар, бекітілген қызметті дұрыс атқара алмай отыр. Сондықтан жүз мейрамхананың тоқсанында ас мәзірі орыс тілінде ғана, кинотеатрларда көрсетілетін киноның басым бөлігі орысша, бір бөлігі қазақша-орысша?! Жалпы, екі тілде фильм түсіруді доғарып, тек мемлекеттік тілге басымдық беру керек. Қазақстанда мемлекет бюджетіне де, жеке бюджетке де фильмдер қазақша түсірілуі тиіс. Мемлекеттік тіл – мемлекетшілдіктің нысаны!

Үшіншіден, атақ-даңқына, байлығына, белгілі бір әулетке, кланға, сектаға қатысты болса да, заң алдында бәрі бірдей жауап беру керек. Өкінішке қарай, Қаңтардан кейінгі соттардың бір парасы ел күткендей нәтиже беріп жатқан жоқ. Біреу миллион долларлап ақша жымқырып, алты жылға сотталуы мүмкін, ал біреу бірнеше миллион теңге ұрлап он жылға кетуі мүмкін. Мұндай кейстер атышулы соттардан кейін әлеуметтік желіде талай жазылды да. Ел назарында тұрған әлі де біраз сот процестері, үкімдер бар... Әділдік ұрандарда емес, іс жүзінде болуы керек. Елді отыз жыл қанаған қанша жемқор бостандықта жүр десеңізші...

 

Кәмшат Тасболат

 Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5300