Сейсенбі, 31 Қаңтар 2023
Қауіп еткеннен айтамын 2856 26 пікір 1 Желтоқсан, 2022 сағат 12:52

Газдың геосаяси «геморройы»

«Газ одаққа» тұшынғаның — ноқтаға басты ұсынғаның

Ел іші: «Қазақстан Ресей және Өзбекстанмен тағы да бір одаққа енгелі жатыр!», - деп дүрлігіп кетті! «Билік – оңбаған, сатқын!» деген ащы айыптар да тағылып, қатты-қатты сөздерден құлақ тұнды.

Бір нәрсе анық: Путин көзі тірісінде өзінің неоимпериялық ұстанымынан айнымайды: «шегінер жері жоқ, артында – Мәскеу». Және де өз жер қойнауы аса бай мұнай мен газды басқа елдерді жіпсіз байлап қойып, кейін сол жіпті ноқтаға айналдыруға дағдыланған қызыл империяның тікелей ізбасары ретінде өз мақсатына жету тәжірибесін жалғастыруға тырысатыны да түсінікті. Өйткені оның ел ішіндегі ядролық электораты – Ленин айтқан «ұлыорыстық шовинистік» идеясымен санасы әбден уланған, маргиналдыққа бір табан жақын жұрт.

Міне, енді сол байлықтың бірі – газды сылтау етіп, бір емес, екі елді ортақ ұйым арқылы өзіне ноқталап қойғысы келеді екен.

Орыста «подстава» деген сөз бар, яғни құйтырқылықпен басқа біреудің абыройын әдейі түсіру. Бұл жолы да солай болды: біздің билік егжей-тегжейлі талқыламаған бастаманы шешіліп қойған шаруадай етіп, Тоқаевтың сапары кезінде бүкіл әлемге жарқ еткізді! Ондай оқыс ұсыныстың Қазақстанда, әлемде қандай резонанс туғызатынын Путин білмеді емес, білді! Меніңше, Тоқаев осы «подставадан» тиісті қорытынды жасауы тиіс. Әйтпесе, бұға берсең, сұға береді.

Жә, бұл саясаттағы интригалар мен эмоциялар ғана.

Енді не істемек керек?

Менің бес нақты ұсынысым бар.

Біріншіден, газ мәселесі төңірегінде одақтасуға мұрындық боп отырған Кремльге ашықтан-ашық қарсы шығатындай бізде әзірше тиісті саяси ерік пен таңдау жоқ. Газ өндіру мен оны тасымалдауда Ресей мен Өзбекстанмен кооперация жасап, одан пайда көретін болсақ, несі жаман? Тек ондай бизнес-шартты «одақ» деп атаудың еш қажеті жоқ болар. ЕАЭО-ның өзі жетеді! Және де ол кооперация туралы құжат мемлекеттер емес, шаруашылық жүргізетін субъектілер арасындағы таза экономикалық сипаты бар келісім болуы тиіс, яғни ол шартты еліміздің Тәуелсіздігіне ешқандай да нұқсан келтірмейтіндей етіп жазу керек. Газдың геосаяси геморройынан сонда ғана құтыламыз! Әрине, Ресейге санкция салған және мұнай мен газға зәру «ұжымдық Батыс» мұндай ынтымақтастықты қолдамайды. Ол жағын да ескеріп қоялық.

Екіншіден, ел ішіндегі кейбір күштер мен жеке тұлғалардың антиресейлік көңіл-күйді өршітуінің соңына еріп кетпеуіміз керек: Ресей біздің көршіміз, жеті жарым мың шақырым ортақ шекарамыз бар. Ол жақта бір қауым қандасымыз өмір сүріп жатыр. Біз жақта Ресей жаққа әлі қарап отырған орыс ағайын бар, олардың біразының миы Кремль пропагандасымен әбден уланғанын да естен шығармайық. Сыртқы қауіптің бір ұшы солтүстікте жатқанын да ұмытпайық. Бейнелеп айтсақ, Макрон алыста, ал Путин – жар астында.

Оған қоса – аннексияшыл әдеті бар Путин Кремльде мәңгі отыра қоймас. Санкциялар әбден сарсаңға салып, шаршатқан ел басшылығына Батыспен егеспей, тіл табысуға тырысатын басшы келетіні сөзсіз. Сол кезде біздің де көршімізбен терезесі тең қарым-қатынас жасауымызға жаңаша мүмкіндіктер туады.

Үшіншіден, Ресей әлемдік бойкотқа ұшырап, өркениетті ортаға әбден жеккөрінішті боп, одан аластатылған кезде өзіміздің ерекше, буферлік жағдайымыздың экономикалық һәм дипломатиялық жемістерін көбейте беруіміз керек. Бір парадокс сол  - Қазақстан арқылы өзінде жоқ тауарлардың «параллель импортын» жасауға әрекеттенген Ресей біздің көпвекторлық саясат ұстанып, соның ішінде, ұжымдық Батыспен тіл табысып жүруімізге мүдделі. Бұл болса, біз үшін қосымша мүмкіндік.

Төртіншіден, сыртқы қарым-қатынастарды диверсификациялау керек. Мойындауға тиіспіз, Тоқаев билігі бұл бағытта біраз шаруа тындыруда. Сол үрдісті жалғастырсақ, әлемнің маңызды геосаяси орталықтарымен достығымызды нығайта алсақ, өзінен басқа да стратегиялық әріптестеріміз бар екенін Кремль өз көзімен көреді. Сол себепті санасуға мәжбүр болады.

Бесінші мәселенің идеологиялық сипаты бар. Ұлықтау кезіндегі сөзінде президент Тоқаев ендігі жерде маңызды шешімдер парламентте қабылданатыны туралы айтқан еді. Олай болса, алда келе жатқан сайлауда ұлттық-демократиялық бағыттағы партиялар мен тұлғалардың заң шығарушы органға енуіне мүмкіндік беру қажет. Қазақстанның шынайы Тәуелсіздігін қорғап, қажеті жоқ одақтарға кірмеуіне кепілдік бере алатын тек сол күштер!

Әміржан Қосан

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Анық-қанығы

Жақиянов: Маған ашық жала жабуға кірісті...

Ғалымжан Жақиянов 3249
Адасқандар

Мобилизация: Келімсектердің сенері - «дядя Вова!»

Жайберген Болатов 2299
Айқай

Елде ұлттық идеология өте әлсіз...

Бейсенғазы Ұлықбек 1964