Сейсенбі, 2 Маусым 2026
Ашаршылық 142 0 пікір 2 Маусым, 2026 сағат 13:05

Ашаршылық: Ұлттық қасірет пен қоғамдық күйреу...

Сурет: Автордың жек архивінен алынды.

XX ғасырдың алғашқы жартысы қазақ халқы үшін ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Отарлық қысым, соғыс, көтеріліс, босқыншылық, жұт, індет және кеңестік саясат қазақ қоғамын бұрын-соңды болмаған апаттарға алып келді. Сол нәубеттердің ең ауыры – аштық жылдары еді.

Қазақ даласы XX ғасыр басында кемінде үш ірі ашаршылықты бастан өткерді:

1916-1918 жылдар – Жетісу босқыншылығы мен Түркістан өлкесіндегі аштық;

1921-1922 жылдар – Батыс және Солтүстік Қазақстанды қамтыған ашаршылық;

1931-1933 жылдар – Қазақстанды түгел шарпыған Ұлы ашаршылық.

Бұл аштық қасіреті жай ғана табиғи апат емес еді. Олар қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын күйретіп, халықтың демографиялық өсімін тежеп, мыңдаған отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, ұрпақ санасына үрей ұялатты.

ЖЕТІСУ БОСҚЫНШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН ҚАСІРЕТІ

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен кейін Жетісу қазақ-қырғыздары патша әскерінің қуғынына ұшырап, Қытай асып босуға мәжбүр болды. Бұл кезең қазақ тарихындағы ең ауыр босқыншылықтардың бірі еді.

Сол заманның баспасөзі халық трагедиясын ашық жазып отырды.

1917 жылы жарық көрген «Қазақ» газетінде Мұхамеджан Тынышбаевтың дерегі келтіріледі:

«Қытай жеріне босқан қырғыз-қазақтың саны 164 мың адам екен. Қырылғаны 83 мың, жеріне қайтқаны 69 мың, Қытай жерінде қалғаны 12 мың». («Қазақ» газеті, №237, 4 июль 1917).

Бұл – бір ғана статистика емес. Бұл – бүтін бір халықтың көш үстінде қырылғанының дәлелі.

Сол кезеңде қазақ баспасөзі босқындардың қандай халге түскенін жасырмай жазды. «Сарыарқа» газетінде:

«Аштықтан бала сатқан, тоналған, шабылған» - деп көрсетілді. («Сарыарқа» газеті, 1917).

Ал 1918 жылы жарияланған «Аш-жалаңаш қазақ-қырғызға жылу жинайтын камитет ашылды» атты Міржақып Дулатұның «Мадияр» деген атпен жариялаған көлемді мақалада сол кезеңнің ең ауыр көріністерін береді. Онда:

«Адам базары ашылып, баланың құны бір шелек бұйдайға шықты»

деп жазылды. Соңында:

«Мейірімді Алаш!

Рулы елің қан жұтып тұрғанда, сен май жұтпа!

Атқа мінген азамат! Сендерге ел керек жұрт керек болса, басшылық қылып, Алашты аман сақтау қамына кірісіңдер!

- Намыстан Алаш!

- Жігерлен Алаш!

- Тас бауыр болма Алаш!» деп, босқын қазақ-қырғызға көмек беруге үндеу жолдайды. («Сарыарқа» газеті, 1918).

Мақалада аштықтан босқан елдің жол бойында қырылып жатқаны, аналардың балаларын құшақтап өлгені, ел ішінде адам етін жеу туралы қауесеттер тарағаны, жетім-жесірдің көбейгені суреттеледі.

Бұл – жай публицистика емес. Бұл – ұлттық апаттың тікелей куәлігі.

ТҮРКІСТАН МЕН СЫРДАРИЯДАҒЫ АШТЫҚ КӨРІНІСТЕРІ

1918 жылы «Бірлік туы» газетінде жарияланған «Ақмешіт қазақтарының жәйі» жазбада Сырдария өңіріндегі жағдайдың аса ауыр болғанын көрсетеді.

Мақалада: «Ақмешіт төңірегіндегі аш қазақтар жас балаларын, бой жеткен қыз, жас әйелдерін сата бастады» - деп жазылды. («Бірлік туы», 1918).

Тіпті мақала авторы Ферғана жақтан келген саудагерлердің қазақ қыздарын 50–100 сомға сатып алып жатқанын баяндайды. Бұл – аштықтың тек экономикалық емес, рухани әрі адамгершілік дағдарысқа айналғанын көрсететін деректердің бірі.

Ал «Түркістан қазақтарының жәйі» атты мақалада халықтың малдан толық айырылып, бай мен кедей арасының қатты ашылғаны айтылады. Аш адамдардың тірі қалу үшін байлардың малын тартып жеуге дейін барғаны жазылады. Онда: «Жарлы халық арасында өлім көбейіп, күннен күн қорқыныш үдеп барады» - деп көрсетілген. («Бірлік туы», 1918).

Бұл мақалалардың ерекшелігі – олар аштықты құрғақ статистикамен емес, тірі әлеуметтік орта арқылы көрсетеді.

БАТЫС ЖӘНЕ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН АШАРШЫЛЫҒЫ

1921–1922 жылдардағы аштық Қазақстанның барлық аймағын толық қамтыған жоқ. Негізгі ауыртпалық Батыс және Солтүстік Қазақстан өңірлеріне түсті.

Алайда бұл нәубеттің ауқымы өте ауыр болды. Жұт, соғыс салдары, шаруашылық күйреуі мен індет халықты титықтатты.

1925 жылы Қызылордада шыққан «Қазақстанның 5 жылы» атты жинақта: «1921–1922 жылдың қысында ашаршылықтың күшейгендігі сондай – адам етін жеушілер болды» - деп жазылды. («Қазақстанның 5 жылы», Қызылорда, 1925. 15-16-беттер).

Сол кітапта: «Азап шеккенін көргісі келмей шешелері ашыққан балаларын өз қолдарымен өлтірген реттері де болған» - деген сұмдық дерек беріледі.

Бұл – аштықтың адам психологиясын қандай шекке жеткізгенінің дәлелі.

АШТЫҚ ПЕН ІНДЕТ

Аштық жалғыз келмеді. Оның соңынан жұқпалы аурулар тарады.

Жұмағали Тілеулин 1926 жылы шыққан «Жұқпалы науқастар» атты еңбегінде былай жазады: «60 үйлі ауылдан 80 шамалы өлім болғаны бар» - деп көрсетеді. (Жұмағали Тілеулин. «Жұқпалы науқастар». Мәскеу, 1926. 36–37-беттер).

Сүзек, оба, тырысқақ секілді індеттер ашыққан халық арасында тез тарап, көптеген ауылдардың шаңырағын ортасына түсірді.

XX ғасыр басындағы аштықтар қазақ халқының тарихи жадында өшпес жара қалдырды.

Бұл қасіреттер қазақ қоғамын тек сан жағынан азайтқан жоқ. Ол халықтың әлеуметтік құрылымын дағдарысқа ұшыратып, дәстүрлі шаруашылықты күйретті, мыңдаған жетім мен жесір қалдырды.

Бірақ қазақ баспасөзі сол заманның шындығын жасырып қалмады. «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ақ жол», «Еңбекшіл қазақ» секілді басылымдар халықтың мұңын, зарын, көз жасын қағазға түсіріп, бүгінгі ұрпаққа тарихи куәлік қалдырды.

Дегенмен, 1931-1933 жылдардағы аштық туралы сол мезгілдегі баспасөзде айтылмады.

Біз қолда бар материялдарды пайдалана отырып, алғашқы екі реткі аштық туралы ұлттық баспасөзде жазылған матариялдарға шағын шолу жасадық...

Абай Мырза

Abai.kz

0 пікір