Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2474 7 пікір 8 Желтоқсан, 2022 сағат 12:48

Соты бес елі елміз!

немесе неге судьяларды сайлау керек?

Бүгін президент тағы да ауыл-аймақтағы бір топ судьяны өз Жарлығымен тағайындапты. Ол дп болса, президенттің Конституцияға сәйкес тікелей міндеті.

Қазақстанда барлығы 2684 судья бар екен. Олар аудандық, қалалық, облыстық және Жоғарғы соттарда жұмыс істейді.

Осындай жарлықтарды оқығанда менде ылғи да бір сұрақ туындайды: алыс ауданда жүрген нақты бір адамның судья болуға лайықты не лайықты емес екенін президент қайдан біледі?

Министр не облыс әкімін тағайындаса, түсінемін: таниды, адами және іскер қасиеттерін біледі дегендей.

Ал ертең өзі судья етіп тағайындаған соң адам тағдырын шешуді қолына алатын шалғай аудандағы адамды ол мүлдем танымайды ғой.

Мұның себебі біреу - коррупция! Аудан, қала, облыс, Астана арасында сол судьяны ұсынатын, қолдап виза қоятын қаншама шенеунік бар десеңізші! Бәрінің орамалдан бір дәмесі бар!

Бұл әңгіме судья қауымының бәріне қатысты емес шығар, олардың арасында да адал, таза азаматтар бар болар. Бірақ, биені бүгімен, түйені түнімен жұтып жатқан жемқор жүйенің аты жүйе: ел ішінде қай ауданда судьяның қызметі қанша тұратыны туралы ашық айтылатыны да рас емес пе?!

Президент сол әңгімелерді естімей ме екен? Осы әңгімелердің өзі оның абыройына орасан зор нұқсан келтіріп жатқанын білмей ме екен?

Меніңше, дәл осы – ауданнан Астанаға дейін созылып, ымы мен жымы бір, бір бірімен ауыз жаласқан жемқорлық тізбегінен құтылмай, талай адамның обалына қалған осы құбыжық тәртіптің көзін құртпай, коррупцияны жеңе алмаймыз!

Әйтпесе, пара берер шамасы жоқ не пара беруге ары жібермейтін қаншама лайықты азамат судьялық қызметтен қағылып жатқанын естігенде сай сүйегің сырқырайды! Оның есесіне, судьялық корпусқа бір кіріп алып, өмір бойы одан шықпай, суға салса, батпайтын, отқа салса, жанбайтындардың тұтас бір кастасы пайда болды!

Пара берген адам пара алуы шарт, өйткені жұмсаған ақшасын біреуден өндіріп алуы керек қой! Сөйтіп, жергілікті жердегі соттар жемқорлыққа белшесінен батуда. Ал оның бар зардабын тағы да пара беруге шамасы жоқ не пара беруге ары жібермейтін ағайын тартуда: тура бір таусылмайтын тұйық шеңбер!

Қоғамды шырмауықтай шырмаған осы шеңберден қалай құтыламыз?

Оның бір ғана жолы бар!

Ауыл-аймақтағы судьяны жергілікті халық өзі сайлап алсын! Пара беру де кілт тоқтайды. Сотта да әділеттік орнайды, өйткені халықтың көзі қырағы: әділетсіз судьяны келесі жолы халық сайламай қояды!

Осы туралы әңгіме қозғасаң, құзырлы орган өкілдері үдере қарсы шығады. Оның себебі де о бастан белгілі: қосымша табыстарынан айрылып қалады ғой!

«Судьяларды сайлауға халық әлі дайын емес!» деген уәжді айтатынын қайтерсіз!

Мен айтамын: «Басқасын емес, президентті, депутаттар мен әкімдерді сайлауға дайын халық қалайша өз ауылында тұратын, күнделікті көз алдында жүрген судьяны сайлап алуға дайын болмай шығады?!».

Мәселенің экономикалық және саяси астары тағы бар.

Атқарушы билікке, яғни әкімдік, тиісті министрлікке, бағынышты судья ертеңгі күні үкім шығарарда сол биліктің айтқанынан шыға алмайды. Яғни, әкіммен айтысып, сотта әділеттік іздеген жергілікті кәсіпкерді сол әкімге жығып береді. Саяси астары мынада: оппозиция демей-ақ қояйын, билікке жәй сын айтып жүрген адамды сол биліктің тапсырмасы бойынша жауапкершілікке тартып, соттап та жібереді.

Ал егер де халық сайлаған судья болса, әкім не министрге тәуелді болмайды, сол себепті қаласа, сондай әділетсіздіктерге бара қоймайды.

Жаңа Қазақстанның жаңа судьяларын халық өзі сайлап алсын!

Әміржан Қосан

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371