Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1509 3 пікір 16 Желтоқсан, 2022 сағат 12:17

Маңғыстау: Мұнайшылар жалақыны көбейтуді талап етуде

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Солтүстік Қаражанбас кен орнында жұмыс істейтін Phystech 2 компаниясының жұмысшылары жалақыларын өсіруді талап етіп, далада қонып жүргеніне үш күн болған. 

Олардың сөзінше, бұған дейін "полиция келіп, киіз үйлерін тартып алған", компания басшылығы "айлықты өсіру мүмкін емес" деген сөзінен танбаған. Ал Phystech 2 өкілдері жұмысшылардың талабы "негізсіз" деп санайды.

15 желтоқсанда Азаттыққа берген сұхбатында мұнайшылар компания директоры Ернар Байжалиев пен орынбасары Талғат Қадыровтың жұмыстан кетуін де талап етті.

“Үш күн аязда далада тұрғанда “автобусқа отырыңдар” дегеннен басқа ештеңе істеген жоқ. Талаптарымыз орындалмады. Алдағы уақытта олармен жұмыс істей алмаймыз” дейді жұмысшының бірі.

Вахталық тәртіппін істейтін мұнайшылар 12 желтоқсанда кен орнына жақын далаға киіз үй тігіп, наразылық ретінде далада қона бастаған. Алайда ізінше полиция келіп, "киіз үйлерін тартып алып", жұртты аязда далада қалдырған. Оның алдында әкімдік өкілдері келіп, шараның "заңсыз" екенін ескертіп, мұнайшыларды таратуға тырысқан. Жұмысшылар сөзінше, бірнеше адам суықта ауырып қалып, үйіне қайтқан. Олар “наразылықты полиция бақылап тұр” деді.

Жұмысшылар Азаттыққа 15 желтоқсанда түсірілді деген видеоны да жіберді. Онда киіз үйдің жоғы, жұмысшылардың көрпе оранып, далада тұрғаны көрінеді.

Компания өкілдері осыған дейін “наразылар талабын орындау мүмкін емесін” айтқан. Phystech-2 заңгері Дариға Қибасованың сөзінше, компания банкрот алдында тұр.

Lada.kz сайты 14 желтоқсанда Phystech II компаниясы басшылығының наразылыққа байланысты жауабын жариялаған. Онда компания өкілдері кәсіпорынның "қаржылық жағдайы қиын" екенін алға тартқан. Басшылықтың айтуынша, кәсіпорын жұмысшыларымен өздері де, уәкілетті органдар да "түсіндіру жұмыстарын" жүргізген. Олар 6 желтоқсанда қабылданған еңбек арбитраж шешіміне сүйенеді. Оған сәйкес, жұмысшылар жалақысы 15-20 пайызға өсіріледі, ал ұжымдық келісімшарт мәселесі 2023 жылдың ақпанынан бастап талқылана бастайды.

Жұмысшылары ереуілдеп тұрған Phystech-2 компаниясы мұнай және ілеспе газ өндірумен айналысады. Компания Маңғыстауда "Солтүстік Қаражанбас" мұнай-газ кенішін 2006 жылдан бері игеріп келеді. Биыл 2,3 млрд теңге салық төлеген. KASE Қазақстан қор биржасының дерегі бойынша, компанияға Қайрат Боранбаев кейінгі жылдары "Қазтурбожөндеу" деген серіктестік арқылы иелік еткен. Наурызда қамауға алынған сәтте олигарх "Қазтурбожөндеудің" негізгі құрылтайшысы болған. Ал 30 маусымда Боранбаевтың орнына директор Асхат Өсеровпен тегі бір Талғат Өсеров деген азамат келген.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504