Он жылдық рекорд орнатуға мүмкіндік бар...
Қазақстан сыртқы сауда бойынша биылғы жылдың 10 айында 110,5 миллиард доллар көлемді бағындыра алды. Енді қараша мен желтоқсан статистикасы мықты шығатын болса, он жылдық рекорд орнатуға барлық мүмкіндік бар. Біз былтырғы көрсеткіштен кемінде 30% асып түсетін боламыз.
Тауар айналымының құрылымын талдайтын болсақ, экспортымыз 71,1 миллиард доллар, импортымыз 39,4 миллиард долларға шығып тұр. Бір қызығы, биыл біз мұнай экспорты бойынша тонналық көлемдегі жоспарды орындай алмай қалдық. Бірақ соған қарамастан, әлемдік нарықтардағы баға (мұнай, ферроқорытпалар) жоғары болды да, біз жалпы экспортта ақшалай көлем жағынан ұтып кеттік.
Мұнай бойынша биыл күтпеген кедергілерге тап болғанымыз жасырын емес. Әу баста, 2022 жылы еліміз 87,5 миллион тонна мұнай өндіруі тиіс еді. Жыл басында Энергетика министрлігі осындай жоспарды бекітті де, экспорттық выручкамызды шамалай бастадық.
Сюрприздер сәуірде бой көрсетті. Қазақстанның негізгі мұнай трассасы - КТК терминалында «қызық дауылдар» орын алып, біраз уақытқа мұнай экспорты тоқтады. Оны қалыпқа келтіре бастағанда NCOC жүргізетін Қашаған кенішінде газдың сыздықтауы анықталып, ондағы мұнай өндірісі уақытша жабылды. Соның салдарынан биыл біз көп болса 84,6 миллион тонна мұнай экспорттайтын сияқтымыз. Енді барлық күшті келесі жылға салу керек.
Қазақстан бойынша барлық салаларды алатын болсақ, биыл ең мықты жұмыс істегені - уран өндірісі болды. Осы салада қазақ аудиториясы елемей өткен стратегиялық маңызды жаңалық бар.
Биылғы жыл аяқталайын деп қалғанда "ҚазАтомПром" ұлттық компаниясы Қытайдың Ұлттық ядролық корпорациясымен (CNNC) ғасыр келісіміне отырды. Енді Қазақстан Қытайдағы барлық АЭС-терге дайын отын - уран таблеткаларын сататын болады. Қытайда қазір 52 реактор бар және тағы 14 реактор блогының құрылысы жоспарланған. ҚазАтомПром жақында осы таблеткалардың алғашқы партиясын - 34 контейнерге тиелген 30 тонна таблетканы теміржолмен Қытайға салып жіберді. Кем дегенде 20 жыл бойы Қытай үздіксіз заказ беріп тұрмақ. Ол қалай мүмкін болды?
Қытайдағы АЭС-тер француз технологиясымен жасалған. Реактор дизайны AFA 3G деп аталады. Қазақстан уранды шикізат ретінде емес, дайын өнім ретінде сатуды баяғыдан бері армандап жүрген. Сол үшін Өскеменде "Үлбі-ТВС" зауытын салды. Осы зауыт 2021 жылы француздық Framatome компаниясының сертификаттауынан өтіп, Қытайдағы АЭС-терге отын сатуға рұқсат алды. Қытай АЭС саны бойынша АҚШ пен Франциядан кейін үшінші орында. Осы нарықты түгел біз алдық. АҚШ АЭС-теріне отын жеткізу толық Канаданың қолында. Ал біз болашақта Франция үшін таласа аламыз.
Биылғы жылдың басында "Қаңтар оқиғасын" көрген халықаралық сарапшылар, "Қазақстанның экономикада шаруасы бітті" деп топшылаған еді. Қаңтар депрессиясын біз ақпан айының соңында еңсеріп шықтық. Дәл сол кезде соғыс басталды. Оның экономикалық, санкциялық салдарымен әлі күнге дейін күресіп келеміз. Пандемияда мұнай фьючерстері тіпті теріс бағаға минусқа кеткенде ауыр жағдайға ұшырағанымызды ұмытқан жоқпыз. Енді сол мұнайды болашақтың отыны - гидроген, уранмен ауыстыруға бел шеше кірістік.
Біз 2022 жылы тырысып бақтық. Ресейден кейбір өндірісті тарттық, полипропилен зауыты ашылды, тұңғыш рет әйнек жасадық, Ресей біздің транзитті тоқтатса, біз оны айналып өтуге тырыстық. Бізді қатты ренжіткені - инфляция болды. Кей уақыттарда ол біздің салымызды суға кетіре жаздады.
Бірақ өз бақытымыз үшін бәрібір күресеміз. Біз - бақытты болуға лайық халықпыз.
Айбар Олжаев
Abai.kz