Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3532 0 пікір 6 Наурыз, 2013 сағат 11:16

Қазақ баспасөзі: не ұттық? неден ұтылдық?

06.03.2013

Жақында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Астанада келелі кеңес өткізіп, «Біздегі интернетте ақпараттық саясат периферия­лық шекте тұр. Екіншіден, біз мемлекеттік БАҚ-тың ақпараттық функциясын насихаттық құрамдасқа ал­­мас­тырып, соған тәуелді болып қалдық. Комментарийлер, талдаулардың, журналистік зерттеулердің орны­на, ура­лап насихаттық материал жазу оңай, бірақ оны ешкім де оқымайды. Мұны тоқтату керек» деп бірқатар мәселе көтерген еді. Оның шешу жолдарын да айтып, бірнеше ұсынысты ортаға тастаған. Біз білім-білігі жеткілікті әріптестеріміздің пікірлерін білген едік.
Жетістік бар, жетпейтіні тағы бар

Image

Дәурен ҚУАТ, www.abaі.kz порталының бас редакторы

06.03.2013

Жақында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Астанада келелі кеңес өткізіп, «Біздегі интернетте ақпараттық саясат периферия­лық шекте тұр. Екіншіден, біз мемлекеттік БАҚ-тың ақпараттық функциясын насихаттық құрамдасқа ал­­мас­тырып, соған тәуелді болып қалдық. Комментарийлер, талдаулардың, журналистік зерттеулердің орны­на, ура­лап насихаттық материал жазу оңай, бірақ оны ешкім де оқымайды. Мұны тоқтату керек» деп бірқатар мәселе көтерген еді. Оның шешу жолдарын да айтып, бірнеше ұсынысты ортаға тастаған. Біз білім-білігі жеткілікті әріптестеріміздің пікірлерін білген едік.
Жетістік бар, жетпейтіні тағы бар

Image

Дәурен ҚУАТ, www.abaі.kz порталының бас редакторы

- Елбасымыз бар, Мемлекеттік хат­шымыз бар, бәріміз ақпараттандыру сая­сатына назар аударып, көңіл бөліп жа­тырмыз. Мұнымыз өте дұрыс. Меніңше, Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің тұ­жырымдамалары билік пен баспасөздің бұдан былайғы қарым-қатынасы қалай болуы керектігін, қандай форматта қалып­тасуы керектігін аңғартса керек. Хатшы «БАҚ үгіт-насихат құралы болып қалмауы керек» деді. «Ура-ураны азайту керек» деді. Мемхатшының бұл байламдары баспасөздің өз миссиясын өзіне қайтарып беру қажет дегенді аңғартады. Осы жайтты басқа емес, алдымен, журналистер қауымы, біз өзіміз түсініп алуымыз қажет сияқты. Баспасөз бетіндегі «ураларды» айтсақ, ойымызға бірден қазақ газеттері түсетін шығар. Алайда бауырлар, қазақ газет-журналдарының өткен жиырма жылдағы бар тарихы «уралардан» ғана тұрмайды. Олай дейтін болсақ, қаламына адал, мынау заманның бар қиын-қыспағына үнсіз төзіп келе жатқан журналистердің еңбегіне қиянат жасағанымыз. Маңдай терге, тө­зімге, сенімге, сарқылып жұмсалған қажыр-қайратқа қиянат жасағанымыз. Қысқа қайырып айтсам, кейінгі жиырма жылдың шегінде:

Қазақ газет-журналдарының қарасы көбейді. Жұрттың қолы салыстырып оқи­тын баспасөзге еркін жете бастады;
Жабық тақырыптардың бәріне түрен салынды: тарихи ақтаңдақтар, ұлтымызға жасалған зорлық-зомбылық, сынақ алаң­дары, экология, көші-қон мәселесі, әйгілі адамдар өмірінің құпия беттері, ұлттық-этнографиялық танымдық дүниелер... Құдай-ау, толып жатыр;

Алаштанушылардың институты да осы қа­зақ баспасөзінің бетінде қалыптасты.Ал енді осының бәрін жоққа шығарып, аузымызды қу шөппен сүртіп, қарап оты­райық па? Жоқ, бауырларым. Тегінде, өткенді бағаламай, оның жақсы жағын, мазмұнын түсініп алмай, ілгері жылжу мүм­кін емес. Осыны алдымен ойымызға бекітіп алайық. Әйтпесе бәрін ысырып тастап, өңмеңдегенімізден ештеңе өнбейді. Кезекті бір науқан болады да қояды. Қысқасынан қайырсақ, мазмұн жағынан қазақ баспасөзі ұтты, баянды белге көтерілді. Ұтылған жа­ғы­мыз да бар:
Ақпараттық технологиялардың дамуы­нан үнемі кейін қалып келеміз;
Жарнама нарығында шетқақпай көру­деміз;
Оқырман сұранысын зерттеп, соған орай «өнім» ұсынудың тәсіліне аса мән бермейміз, менеджмент жоқ;
Өзара кәсіби бәсекелестік дегенді бақ­таластық деңгейінен жоғары көтере алмау­дамыз;
Ақпараттық кеңістігімізді беріп қой­дық,тағы басқалар.
Қалғанын күнде айтып жүрміз, оны өздерің де жақсы білесіңдер.

АЙМАҚТЫҚ БАСПАСӨЗ. БАЛАМА БАР МА?

Біз аймақтардағы қазақ журналисти­касының жай-күйін де тұрақты сөз етіп, білгенімізді ортаға салып жүруіміз керек.
Қазір облыстық, аудандық газеттер ес­кірді, қартайды. Аталған газет басшы­ла­рының да жасы ұлғайып кетті. Олар өздері басқарып жүрген газеттерден де әрмен қар­тайды. Неге десеңіз, газет әйтеуір жаңа заманның жаңалықтарын айтып, соны ха­барлап жатады ғой. Мына заманда облыс­тық, аудандық газеттерге жастар бармайды. Қайтіп барады? Екі жастың біріне келмей қартайып, қаусап отырайық деп бара ма? Өйткені облыстық газеттердегі патриархтар, ақсақалдар дейікші, сені өзінен асырғысы келмейді. «Бала, қайда барасың, тоқта» дей­ді. «Біз сендей кезімізде үлкендерге дү­кеннен отты су мен темекі таситынбыз. Сен де әйда, шап, мәгәзінге!». Бұл бір жағынан қызық, өзінше тәтті өмір. Бұзғың келмейді. Бірақ бүгінгі ақпараттағы аламан мұндай өмірге қарамайды. Сондықтан облыс ор­талықтарынан қазақ сайттарын ашу керек. Әрине, менің бұл пікіріме оппоненттер көп табылатын шығар. Оларды түсінемін. Рас, интернетке шекара жоқ. Аймақтың мәсе­лесін Алматыда, не Астанада отырып алып қаузай беруге болады. Алайда сен аса бір елеулі оқиға болмаса, ұзына кеш өз сай­тыңды аймақ мәселесімен ұстап отыра ал­майсың ғой. Солай ма? Ал облыс жұртшы­лығын алдымен облыс аумағындағы ауыс-
түйіс, гу-гу әңгіме, ұсақ-түйек оқиға, шетін мәселе қызықтырады. Солар толғандырады. Ендеше, облыстық, аудандық газеттерге балама ретінде аймақтағы ақпараттарды толассыз беретін қазақ сайттарын неге аш­паймыз? Бұл біріншіден, аймақтардағы қа­зақ журналистикасының дамуына әсер етеді. Екіншіден, аймақтардың мәселесін республика жұртшылығының назарында ұстауға мүмкіндік тудырады. Үшіншіден, ақпараттық тұтастықты қамтамасыз етеді. Төртіншіден, жергілікті билік органдарын ақпарат саласымен жаңа үлгіде жұмыс жасауға жетелейді. Бесіншіден, аймақ тұрғындарының азаматтық белсенділігін арттырады. Осылай тізе беруге болады. Егер облыс орталықтарындағы жалынды жас­тардың ойында сайт ашу мәселесі жүр­ген болса, Abaі.kz ұжымы ақыл-кеңес беріп, тәжірибе бөлісуге дайын.

Менің білуімше, кейінгі кездері облыс­тық газеттердің қағаздық нұсқасынан гөрі веб-парақшалары көп қарала бастайтын болды. Кейбір газеттер, мысалы, Ақтөбе об­лыстық «Ақтөбе» газетінің электронды нұсқасы барлық талапқа сай жария көріп тұр, altaynews.kz сайтының жаңалықтарына орталықтағы телеарналар сілтеме жасай­тын­дай жағдайға жетті.
Ел ішінде интернет жаңалықтарын тұ­тынуға деген сұраныс та жоғары. Осыны ескере отырып Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігі Қазателеком АҚ-пен ортақ мәмі­леге қол қойып, алыс ауылдарға дейін ин­тернет желісін тартып беруі керек. Біз қағаз өндірмейтін елміз. Жеріміз ұлан-байтақ. Газеттер уақытында жетпейді. Интернет «алты айшылық жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар» беріп отырады. Осы бір шаруаны тездетіп қолға алып жі­берсек, ақпараттандыру саясаты өзінің алғашқы нәтижесін беріп үлгерер еді.

ИНТЕРНЕТ ЖУРНАЛИСТИКА

Аймақтық баспасөз туралы айтып оты­рып біз аяңдап интернет журналистикаға да келіп қойыппыз. Қазір осы Жаңа медиа жайында айтып жатырмыз, күнде айтатын болдық. Мен соның ішінде мына бір жайтқа тоқталсам деймін.
Интернет журналистика азаматтық журналистиканың белсенділігін тудыруда. Бұл дұрыс. Бірақ қазақ интернет журна­листикасын ойлағанда біз қазақ баспа­сөзінде қалыптасқан мектепті, қалыптасқан кәсіби біліктілікті ұмытпауымыз керек. Турасына көшсек, қазір біз қазақ баспа­сөзіндегі дәстүрлі мектептің тәжірибесін интернет журналистиканың жаңашыл­дығымен үйлестіре білуіміз керек. Қазақ баспасөзі туралы бір сұхбатында Ерлан Қарин мырза «Қазақ баспасөзі ұлттық пар­тияның қызметін атқарып келе жатыр» деп еді. Қазақ баспасөзінің сол позициясы, сол ұстанымы, сол мазмұны енді интернет журналистикадан көрініс табуы қажет. Содан кейін оны ішінен жаңарт, өзгерт, түлет, дамыт. Ең бастысы, біз қазықты мық­тап қағып алуға тиіспіз. Интернет журна­листиканы азаматтық журналистика деп қана түсініп, азаматтық журналистикаға ерікті беріп қойсақ, онда біздің «Жаңа медиа» деп жүргеніміз балабазар болып кетеді. Қысқасы, азаматтық журналис­ти­каның өкілдері, блогерлер, жазу мәдениеті­мен жете танысып, жазуды үйреніп алса, қуанар едім. Түбі солай болатын шығар. Әйтпесе, ойын толық жеткізе алмайтын блогердің белсенділігі өз басының соры, не мазағы ғана болып қала береді. Азаматтық журналистиканың өкілдері - ақпараттық технологияларды қалауынша пайдалана алатын жастар. Енді осы қабілеттеріне жазу өнері мен байқампаздықты, алғырлықты қосып дамытса, дәстүрлі БАҚ-қа теңдессіз әріптес әрі бәсекелес болар еді. Қазірдің өзінде сол нышан байқалады. Азаматтық журналистика азаматтық қоғамның қалып­тасуын жылдамдататын күшке айнала ма деп үміттенемін. Азаматтардың белсенді­лігін арттыра ма деген ойдамын.

Азаматтық қоғамда журналистерге та­қырыпты ортаның өзі дайындап береді. Тарата айтсақ, бір ұйым бір жерде наразылық акциясын ұйымдастырып жатады, бір ұйым жаңа бастама көтеріп жатады, тағы бір ұйым тағы бір іске мұрындық болып жата­ды. Содан журналистер тыным таппайды. Бізде керісінше. Қоғамға тақырыпты жур­налист тауып береді. Қоғам оған содан кейін барып мән береді. Міне, сол тақы­рып­ты тауып беру мәселесімен қазір интер­нет журналистика айналысуда. Дәстүрлі БАҚ-тан оның озықтығы да осыдан бай­қалады. Әйтсе де, қайталап айтамын, қазақ баспасөзінің мазмұны енді Жаңа медиадан жалғасын табуы керек. Ол үшін ғалымдар, тарихшылар, бәрі-бәрі интернетке көңіл бөліп, онымен тіл табысуы қажет. «Мен интернетті білмеймін, сайтты білмеймін» деген сөз - «мен - наданмын» деген сөз.

Кәсіби деңгей тым төмен

Image

Қайнар ОЛЖАЙ, «Қазақстан» телерадио корпорациясы» АҚ аймақтық хабар таратуды дамыту директоры

- Екі мыңыншы жылдардан беріде қолына диплом алған журналистердің кәсіби шеберлігі өте төмен. Бізге рен­жімесін, ренжісе өздеріне диплом бер­ген жоғары оқу орындарының сол кез­де жөнсіз журфак ашқан немесе журфактағы білім сапасын Темірбек Қожекеев дәуірінен кейін қожыра­тып алған ректорларына өкпелесін. Қа­зіргі ақпарат құралдарындағы жур­налистика пресс-релиз деңгейінде деп білеміз. Демек, сол пресс-релизді дайындаған кеңсе қызметкері мен оны көшіріп басқан газет қызметкерінің арасындағы кәсіби деңгейде еш айыр­машылық жоқ. Сегіз, он алты беттік газеттерден ауыз толтырып оқитын еш­теңе таппау - өкінішті. Кезіндегі жур­факта мектеп бітіріп, студент атанған­дарға бірер курс бойы «Қазіргі қазақ тілі» деген пән жүретін. Талғат Сайрам­баев сынды керемет ғалымдар оқытатын. Бір үтір қоймай кетсеңіз - «екі», бір сөйлемді синтаксистен дұрыс құрмасаңыз - «екі». Міне, бізді сауатты журналист еткен сол кездегі деканымыз Темірбек Қожакеев жарықтық еді. Әлем әдебиеті ежелгі дәуірден осы заманға дейін кемінде бес семестр оқытылатын. Сол кезде сабақ берген Сагалеевичтер әулетін сағынамыз. Экономика, логика, психология пәндері оқытылатын. «Холерик», «плегматик», «сангвиник» және «меланхолик» деген мінез-құлық тобындағы кейіпкерлерді кейін тілшілік тірлікте қаншама рет жолықтырдық. Солармен тілдесу, сұхбат алу барысында журфак қор­жынымызға салып берген білімнің пайдасын көргенбіз. Егер ескі «зачеткамызды» тауып алсақ, тағы қаншама пәндерді санап берер едік. Қазір ондай сабақтар қай журфакта оқытылады? «Журналистік шеберлік» пәнінде студенттерді топ-топқа бөліп Нұрмахан Оразбеков сияқты корифейлерге тапсыратын. Екі жыл ішінде заметкадан памфлетке дейінгі жанрлардың ерекшеліктерін қауашағымызға сол кәсіби білікті кісілер құйып берген. Қойды сойғанда жілік-жілігін айырып беретін ауыл қасапшылары сияқты. Жеке өз басымыз екі мыңыншы жылдардан бергі журналистика факультеттері - қоғамның соры, қазақ тілінің қақсатып отырған «қанқұрты» деп санаймыз. Оны бітірген балалардың кінәсі жоқ. Айтпақшы, бір рет олар білімнің сапасыздығын айтып бас көтергенде «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылыптының» керін кигені есте.

«Кім көрінген журнал шығара беретін болды. Ондағы сын көтермейтін ма­қалалар «бір қарын майды» шірітіп отырған жоқ па?» деген сауалыңа айтарым, осыдан бес-алты жыл бұрын «Жазушы» баспасынан шыққан «Атамыз Ала­санбай» сатиралық романымыздағы «Тесік» деген тарау арқылы жауап беріп кетсек керек. Онда Ешкісүзген ауылында біреу сауна ашып, жаңа бизнес бастағаны сол, барлық тұрғындардың жарыса монша салғаны әжуаланады. Ақы­рында бас кейіпкер өзінің бұрынғы сиыр қорасын моншаға айналдырып ты­нады. «Жұлдыздар» жайындағы күпінің битінен көп журналдар жайында айтарымыз - осы.

Біздің журналистердің соры - сынау мен жеке басқа соқтығудың аражігін айыра алмайды. Ертеректе Көпен Әмір Бекте жақсы сатиралық әңгіме болған. Бір ауылдан көшіп жатқан мал дәрігерінің үстінен «шаруашылықтағы мал басын 50 пайыз шығынға ұшыратты» деген сын жазылады. Сөйтсе, мынау қызметке келгенде ауылда екі түйе болыпты. Қызметтен кеткенде бір түйе қәр­тейіп өліп қалыпты. Бар болғаны бір түйе, ал барлық мал басының 50 пайызы! Айтпақшы, біздің беталды сынағыш тілшілер «мал басы» емес, «мал саны» деп айтып, жазып жүр. Бір малда - бір бас, бірақ екі сан барын енді кімге түсіндір­гендейсің. Сынды ең алдымен, газеттердің бас редакторлары көтере білуі керек. 2012 жылғы 19 тамызда атын атамай-ақ қоялық, бір газеттен «Комадағы Айнұр елге келе жатыр» деген тақырыпты көріп, шошып кеткенбіз. Бірінші бетке айғайлатып беріпті. Редакторына хабарласып:

- Айналайын-ау, есін білмей жатқан қыз өздігінен келе алмайды ғой, оны әкеледі. Демек, тақырыптың дұрысы «Комадағы Айнұрды елге әкеле жатыр» болуы керек, - дегенбіз. Ағаттықты мойындау қайда, «осы заманғы газет шығару ісінен артта қа­лыпсыз» деп бізді біраз жерге сүйретіп тастады. Өздері сынды жақтырмайтын бас редакторлардың «өзгелер сынды қабылдамайды» деген өкпесін ит жесін!

Газет - мемлекеттің қаруы, халықтың мінбері

Image

Қали СӘРСЕНБАЙ, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы

- Бұл көптен бері көтерілуі тиіс мәселе болатын. Ақыры айтылды. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің сыны өте орынды. Бірақ мұның себептерін кәсіби тұрғыда талдап, ашып айтсақ, жөн болады. Мысалға, ең басты кемшілік - журналист кадрларды даярлауда. Қазір журналистика факультеттері қаптап кетті. Көп болған соң, қадірі кетеді. Білігі төмен кадр көп бол­ғаннан кейін, сапа болмайды. Кафедраларда қандай пән оқы­тылады, оның қайсысы керек, қайсысы керек емес, соның барлығын бір сүзгіден өткізетін уақыт жетті.

Мен ешкімді қаралап отырған жоқпын, бұл жерде оқыту­шыларға, кафедра меңгерушілеріне де жүктелетін жауапкершілік көп. Бұрын атағы дардай небір журналистер келіп, дәрістік сабақтар өтетін. Қазір оларды анда-санда кездесуге ғана шақы­ратыны жасырын емес. Біздің кезімізде аудитория бос болмай­тын. КазГУ-дің журналистика факультетінің өзі университет ішіндегі университет болатын. Белгілі тұлғалар, қаламгерлер журфактан шықпайтын. Ол кісілер әңгіме түйінін тарқатып, өмір тәжірибесімен бөлісетін. Соның арқасында студент кезі­мізде-ақ «Лениншіл жаста» қызметке араласқанбыз. Тәжірибе жинақтау мерзімін маңдай терімізбен адал өтейтінбіз. Қазір «практикаға» келген жастарды көріп жүрміз ғой, көбісі екі сөздің басын құрап, бір жол сөйлем жаза алмайды. Ізденбейді. Одан кейін, үшінші курстан «Журналистік шеберлік» сабағы жүретін. «Сен журналист боласың ба, болмайсың ба?» деп, тағдырың шешілетін. Қазір мұның бәрі қал­ды. Мектеп көрмеген кадрлар ертең қандай газет шығарады? «Бұлақ басынан тұнады» демекші, негізгі мәселе осында жатыр.
Кейінгі кезде эфирді бірлі-жарым сауатсыз әншілер жаулап алуы да байқалмай қалмайды. Қабілеті жетіп тұрса, әңгіме басқа. Ел алдына шығып алып, қалай болса солай сөйлейді. Сөздің қадірін кетіреді. Талапқа сай әнші болмаса, бұл шаруамен журналистердің өздері айналысқаны мың есе артық. Тілді білетін, сауатты, парасатты, ақылды, талғамы терең мамандарымыз жоқ емес, баршылық. Соларға мүмкіндіктерін көрсететін жол ашу қажет.

Журналистер де жауапкершілігін молайтып, кәсіби деңгейін арттырсын. Қолына қалам ұстаған кей ағайын кәсіби тұрғыда дайын болмаса да, сол салаға тісі батпаса да әр тақырыпқа ұрына береді. «Ұял­маған әнші болады» демекші, бұлай кете берсе «Ұялмаған журналист болады» деген де нақыл қалыптасып кетуі әбден мүмкін. Ашылмаған арал сияқты, көп нәрсеге араласпайтын адамдар болады. Олардың жан дүниесіне үңіліп, көңілінің кілтін табатын, іскерлігін танытатын біздер. Соған ұмтылыс аз. Мұның барлығы айналып келгенде, тағы да журналистика факультеттерінде маман даярлауға кеп тіреледі. Саны көп те сапасы жоқ. Әрине, барлығына бірдей топырақ шаша алмаймыз. Қабілетті ба­лалар, студенттер, әріптестеріміз бар. Дегенмен аз.  Бұған қоса, қазақтілді әріптестерімізге еңбекақы мен қаламақы дұрыс төленбейді. Пәтермен қамту да шешілмей келе жатқан басты сұрақ. Тілшілер алаңдамай, жақсы жұмыс істеуі үшін әлеуметтік қам­қорлықты да күшейту міндет. Өйткені баспасөз - қалай болғанда да мемлекеттің қаруы, халықтың мінбері.


ЖУРНАЛИСТЕРГЕ РЕСМИ «СТАТУС» БЕРЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ


Image

Сейітқазы МАТАЕВ, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы

- Қазір журналистердің ресми «статусы» жоқ. Мәртебесі болмағаннан кейін, билік тарапынан көмек те болмайды. Соған қара­мастан, біз қо­ғамның жұмысын атқарып, ха­лық пен билік арасында алтын көпір бо­лып келе жатырмыз. Біреуге ұнар, біреуге ұна­мас. Бірақ шындығы осы.

Өйткені мемлекет есебінен шығатын га­зеттер бар. Оларға қаржы көп бөлінеді. Бірақ халық оқымайды. Телеарналардың да жағ­дайы жаман емес. Сөйте тұра, олардың да рейтингтік көр­сеткіші төмен. Кейбірі ха­лыққа сапасыз өнім ұсынады. Сол себептен, ойлы оқырман жекемен­шік басылымдарды оқығанды дұрыс көреді. Интернетке көшіп, сондай-ақ мобильдік жүйе арқылы жылдам ақпарат алып отырғандар да бар. Өкінішке қарай, біздің интернеттік желі­леріміз Ре­сейдің көлеңкесінде жүр. Жастарды өзіміздің сайттарға, ұлттық контенттерге тарту керек. Ол үшін ұялы телефондарда жақсы бағ­дар­ламар ашылуы тиіс. Осыны қазір қолға алма­сақ, кейінгі толқын Ресейдің идеологиясымен тәрбиелене береді. «Қазақтардың қолынан түк келмейді» деген әңгімені доғару қажет. «Маса.кз», «Абай.кз» сайттарын көріп жүр­міз, интер­неттік журналистиканың дамуына үлес қосып жүрген атпалдай азаматтар бар. Қолдарынан іс келетінін дәлелдеп жүр. Жал­пы, біздің журна­листердің деңгейі жаман емес, керісінше, қор­даланған, шешімін тап­паған мәселелері көп. «Статус» шешілмей, ештеңе де шешілмейді. Мен «статус» дегенде ақша, пәтер мәселесін айтып отырған жоқ­пын. Бір мекемеге сұрақ жіберсең, олар бізге пысқырмайды да. Заң бойынша үш күн ішін­де жауап берулері міндеттелген. Ал олар өз­деріне бірдеңе керек кезінде «әке-көкелеп» басылымдарды жағалап кетеді. Бұрын Кеңес одағы кезінде газеттегі сынға жауап беріле­тін. Бұл қазір біздің тәжірибемізде де жоқ. Сауалыңа жауап та бермейді.

Сондықтан биліктегі азаматтар, шенеу­ніктер журналистерге деген көзқарасын кіш­кене өзгер­туі керек. Мәселен, кезінде үлкен министрлер, белгілі тұлғалар дау-дамайға ұшырағанда кім бірінші қозғалды? Олар кезінде менсінбеген тілшілер араша түсті. Басқа жүгірген біреу бар ма? Қасында бірге жүрген достарына дейін қа­шып кетті. Тек от­басы мен журналистер жанынан та­былды. Керісінше, қазіргі шенеуніктер журна­лис­терді сотқа беруге дайын тұрады. Бес жыл бұрын жарияланған мақалаға 100 млн, 200 млн, 500 млн құн сұрайды. Осы әрекеті үшін олардың өзіне неге айып салынбайды? Сон­да аяқтарын тартар еді. Әйтпесе, қит етсе, ерінбегені сотқа арызда­нады. Кейінгі кезде бізде осындай жайттар көп. Одан қалса, бас редакторлардың мазасын алады. Жолдаста­рыңды араға салады. Қорқытып, үр­кітуге көшеді. Қысым көрсетеді. Содан кейін жур­налистер қорқады да сын жазбайды. Бұған қарсы заң жобасы депутаттардың талқысына осыған дейін ұсынылған. Бұл заң баяғыда қа­былдануы керек еді, әлі де үміт үзбейміз.

Салалық журналистикаға бет бұрып отырмыз

Image

Алмагүл Құрманбаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті деканының орынбасары

- Президентіміз Қазақстан халқына Жол­дауында заманауи талаптарға сай кадрлар дайындау мәселесін алға қойған болатын. Ел­­басымыз «Жоғары оқу орындары барлық ма­мандықтар бойынша білім беру бағдарла­ма­ларын түбегейлі қайта қарастыру керек» деді.

Осы тұста университетіміз STEM - «Scіen­ce, Technology, Engіneerіng, Mathematіcs» (ғылым, технология, инженерлік пәндер, математика) ұстанымын қолдану ұсынылуда. Бұл ғылыми-техникалық ілгерілеу мен инно­ва­циялық да­му­дың нақты математикалық және инже­нер­лік-техникалық мамандық­тарға негіз беруді күшейтеді. Осы орайда журналистика факультеті де бүгінгі талаптарға сай негізгі білім беру жүйе­сін студенттердің келешекте таңдау траек­то­риясына бағыттау негізінде оқу бағдарламасын қайта құру үстінде. Енді оқуға түсуге келген жас талапкерлерге оқудың мамандық бойынша саласын таңдау еркі бола алатындығын, бакалавриат бойынша 1-курсқа оқуға түскенде, мәселен, спорт ком­ментаторы маманы болғысы келсе сол салада ғана дәріс ала алатынын, оған қосымша білгісі келген дәрістеріне де ешқандай кедергі болмайтындай бағдарлама дайын­даудамыз. Яғни осы уақытқа дейін факультетіміз әмбебап журналист дайындап кел­се, келесі жылдан бастап салалық журналистикаға бет бұрып отырмыз.

Сондай-ақ 1 курстан кейін студенттер оқу тәжірибесіне, 2-курстан бастап өнді­рістік тәжірибеден (курсына қарай 3 аптадан 5 аптаға дейін) факультет тарапынан келісім-шартқа қол қойған бұқаралық ақпарат құралдарынан, қоғаммен байланыс кафедрасы PR клубтарға, Астана, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Талдықорған қала­ларының әкімшілігінде өткізеді.
Қазіргі таңда журналистика факультетінің біраз студенті республикалық, облыс­тық, қалалық бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейді. Студенттеріміздің редакцияда болып, мақала жазғаны туралы түрлі басылымдардан күнделікті ақпарат алып отырамыз. Алда оқуын бітіріп, қолына диплом алған соң, жұмыс істеуі тиіс екенін әр студент біледі. Сондықтан олардың шығармашылығына біз тыйым сала алмаймыз. Жұмыстың оқуға тигізер зияны жоқ. Студенттің қайсысы болсын, диплом алғысы келеді. Қанша сабақтан қалғанын әр студент интернет арқылы «уни­вер» жүйесіндегі журналдары арқылы біліп отырады. Сондықтан жұмыс істейтін сту­денттер сабақтан қалмауға тырысады.

Бетті дайындаған - Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, Айтжан САЛЫҚҰЛЫ (фото)

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340