Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 3688 0 пікір 7 Наурыз, 2013 сағат 02:48

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Наурыздама қақында

Естіген құлақтың жазығы жоқ. Құрттай бала күнімізде жарапазан айтатұғын шалдар айтып жүруші еді:
Нұх пайғамбар дарақтан кеме пішкен,

Ол кеменің тақтайын тышқан тескен,- деп. Бұл- естіген сөз. «Құлақ естігенді көз бір көрмек». Бұл күнде көзіміз көрген нәрсені ойға салып жорысақ, Топан суы тасып, дүниежүзін бір қаптағандығы айдан жарық, күннен анық көрініп тұр. Аспан, көк, жер, су жаралғаннан бері қарай жоғарғы әуеде құстан басқаның ұшқанын естідіңдер ме?  Жоқ, жоқ! Суда балықтан басқаның жүзгенін естідіңдер ме? Жоқ, жоқ! Міне, енді бұл күнде адам-аэроплан (айырплан) жасап алып, әуеде құстай ұшпады ма? Су астымен жүретұғын кеме жасап алып, дарияларда балықтай жүзбеді ме?! Бұларды не деп ойлайсың? Бұл - дүние тұрған сайын, адамзаттың ақыл-ойы артылып, ғылым-білім күшейгені. Ендеше, не нәрсеге болса да, бұрынғылардың ақыл-ойы жетілмей, (еліне келмей тұрғандағы айтқанына нанбаңдар! Жарапазаншы шал айтты деп, Топан суы болғандығына нанып тұрғаным жоқ. Өз көзім көрген нәрседен танығандығымды білдіріп айтып тұрмын) сол Топан суының болғандығын, тау біткеннен қырық кез асқандығын: жер айтып тұр, су айтып тұр, тау-тас айтып тұр! Жердің айтқандығы - талай жерлерде судың еріксіз айдауымен үйіліп, жиылып, төбе-төбе болып қалған құмдар бар: «Қызылдың құмы», «Қара құм», «Жеті қоңырдың құмы» аталған.

Естіген құлақтың жазығы жоқ. Құрттай бала күнімізде жарапазан айтатұғын шалдар айтып жүруші еді:
Нұх пайғамбар дарақтан кеме пішкен,

Ол кеменің тақтайын тышқан тескен,- деп. Бұл- естіген сөз. «Құлақ естігенді көз бір көрмек». Бұл күнде көзіміз көрген нәрсені ойға салып жорысақ, Топан суы тасып, дүниежүзін бір қаптағандығы айдан жарық, күннен анық көрініп тұр. Аспан, көк, жер, су жаралғаннан бері қарай жоғарғы әуеде құстан басқаның ұшқанын естідіңдер ме?  Жоқ, жоқ! Суда балықтан басқаның жүзгенін естідіңдер ме? Жоқ, жоқ! Міне, енді бұл күнде адам-аэроплан (айырплан) жасап алып, әуеде құстай ұшпады ма? Су астымен жүретұғын кеме жасап алып, дарияларда балықтай жүзбеді ме?! Бұларды не деп ойлайсың? Бұл - дүние тұрған сайын, адамзаттың ақыл-ойы артылып, ғылым-білім күшейгені. Ендеше, не нәрсеге болса да, бұрынғылардың ақыл-ойы жетілмей, (еліне келмей тұрғандағы айтқанына нанбаңдар! Жарапазаншы шал айтты деп, Топан суы болғандығына нанып тұрғаным жоқ. Өз көзім көрген нәрседен танығандығымды білдіріп айтып тұрмын) сол Топан суының болғандығын, тау біткеннен қырық кез асқандығын: жер айтып тұр, су айтып тұр, тау-тас айтып тұр! Жердің айтқандығы - талай жерлерде судың еріксіз айдауымен үйіліп, жиылып, төбе-төбе болып қалған құмдар бар: «Қызылдың құмы», «Қара құм», «Жеті қоңырдың құмы» аталған.

Судың    айтқандығы - адамзаттың    епетейсіз көп қырылғандығынан, көз жастары ащы теңіз, сор болып қалған. Тау айтқандығы: «Алғаш құрғақтық тауып, қылтиып көрінген мен едім!» - дейді Ұлытау, тау тұңғышы болғандықтан Ұлытау атанғандығы сол. Онан кейін тарбайып-тарбайып, адыр-бұдыр болып көрінген мен едім дейді Тарбағатай мен Шыңғыс таулары. Тау біткеннің бәрі судан шыққанда, су астында тұншығып қалып, есепсіз көп жыл көрінбей қалып: «Ең соңынан шыққан тау кенжесі мен едім»,- дейді Баянаула. Оны көрген, ішін аралап жүрген біз: «Рас-ау, рас!»- дейміз. Неге десең, ұзыны - жиырма бес шақырым, көлденеңі - он бес шақырым. Бір өзінде жеті көл бар. Бұл көлдерден басқа бастарының төбесінде кішкене-кішкене көлшімектер толып жатыр. Баянауланың қаласының темірқазық жағында он екі шақырым жерде бір «Найзатас» деген тас бар. Анадайдан көрген кісі: «Бір бөріктей!»- деп ойлайтұғын. Сол Найзатастың төбесінде тоғыз бөлек тұмарлы Көкше бар. Араларында: қарағай, қайың, арша, бұлақ, шабындық шөп толық. Баянауланы көрген, аралап жүрген кісіге су астынан шыққандығын тауы, тасы өзі сөйлеп айтып тұр.

Он екі айды бір жыл дейді. Бір жыл бір кісінің өмірі есеп-ті. Бір Құдайдан басқаның бәрі бірінен бірі туып, өсіп-өнбек. Туып, өсіп, өнетұғынның бәрі де қартаймақ, өлмек! Көк - байы да, жер - қатыны. Солай болғаны үшін: «Көктен жаудырсын, жерден өндірсін!» - дейді.

Аспанда бұлтқа бұлт шағылысады, сөйтіп жаңбыр жауады. Жаңбыр көп жаумайтын жылы: «Бұлт қысырап қалды» - деп, күн бұрын айтып отырушылар болады. Жаралғанда жанды, жансыз бәрі де жұп жаралған. «Жұп» мәнісі - «ерлі-байлы» - деген сөз.

Жыл - өзі. Жазғытұрым - жаңа туған жас бала. Үш айдан соң жігіт болып жетілгені. Ол өмірі - үш ай. Онан кейін: егде, мосқал, бурыл бас болғаны. Мұндай болған уақытын «күз күні» дейді. Бұл өмірі де - үш ай. Онан кейін: «қыс-зымыстан» - деп атайды. Қар астында қалғандығы - ол өлгені. Он екі ай бітумен бір жылдың өмірі бітеді. Жыл басына кесілген өмір он екі айдан аспақ емес. Он екі ай бітіп, бір жылдың өмірі таусылады. Енді жаңа жыл туады. Бұл туатұғын - былтырғы өткен жыл емес.Онан басқа, бөлек жыл. Бұл жыл басында туатұғын күн де бұрынғы күн емес. Күн бүгін туған - жаңа күн. Сол жаңа туған жылын, жаңа туған күнін құттықтап, қуанып той қылса, сол жыл да, сол күн де бұл кұттықтаған, қуанғанды қолтығына қысып, құшағына алып сый-кұрметпен, қызық дәуренмен өткізуге міндетті, борышты.

Бұл наурыздама той болып, қай заманда басталған жұмыс? Жоғарғы жақта сөйленген Нұх пайғамбар еркегі, ұрғашысы араласып, сексен қаралы жолдаспен кеме жасап мініп, алты ай, он күн суда жүзіп, су тартылып, кемесі Қазықұрт тауына кез болып, соған тоқтап, құрғақшылық көріп, қара жерді басқан. Біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің бауыры, туысқаны қырылып қалып, «салт атты, сабау қамшылы» болып судан шыққан. Тышқандай сүмірейіп шыққан соң, тамақтарынан ас жүрмеген:
- Енді біз тірі болғанда, неменеге жараймыз?!- деп, уайым-қайғыда болған.

Сонан соң бір үйретуші табылып, арақ жасап ішкен. Арақ ішкен соң: «Ішкен мас, жеген тоқ, уайым да жоқ, қайғы да жоқ» - бұрынғы күннің жаманын, жақсысын ұмытқан.

Өздерінің аман қалғанына қызық, мереке, той жасаған. Сөйтсе, сол күнде ай есебімен санағанда, «Мұхарамма» айының оны екенде, жұлдыз есебімен санағанда, күннің хамале (Амал - С.Е.) бір уәжібіне кірген күні - бірінші хамале болып табылған.
Нұх пайғамбардың тұңғышы - Сам деген баласы. Ғараб (араб), Ғажам- сол Самның ұрпағы. Біреуі ай есебін ұстап, жыл басын: «Мұхарамма» - деп санап, оны: «Ғашура күні» - деп, мейрам қылып ұстап қалған. Біреуі - Ғажам жұрты, бұл жұлдыз есебін ұстап: «Бірінші хамале - жыл басы» - деп, мейрам қылып ұстап қалған. Мұның ұстап қалған күні число есебімен марттың тоғызына дәл келіп, қыс пен жаздың аударыс, төңкерісіне тұп-тура, дәлме-дәл шыққан. Мұны біздің қазақ: «Бұхар есебі»- дейді. Бұл есептен біздің қазақ жұрты орысқа қарағанша, аумай, жаңылмай ұстап келген. Ай да - он екі, жыл да - он екі. Он екі жылдың басына он екі хайуанды ие қылған. Оған ат қойып, айдар таққан.

Жыл деген өзі - диірменнің (тиірменнің) белағашындай айналып тұратұғын нәрсе. Жер де айналады (айланады), Көк те айналады, Ай да айналады, Күн де айналады, күндіз, түн де айналады. Сол айналатындығынан: бірінің соңынан бірі келіп тұрады. Жыл да солардай айналады. Жылдың белағашында он екі шабақ бар. Он екі шабақта он екі тақ бар.

Он екі тақтың әрбіріне бір жуан ие отыруға жиырма жетінші жылдың жиырма екінші мартта жүріс қылып жүрген жорықшы күн хамале бір уәжіне енді. Бірінші хамале болып, қоян таққа мінді. Сонан бері қарай: «қоян» -деп, газетке жазылып жүр. Дәнемеге жарамас, есепке кірмес. Оның аты неге жазылады? Оның жыл билегендігі, іске жарағандығы сол, жұрт қоянша қорқақ болып, шөптің басынан өрген қойдай, тек желп етіп жел тұрса, үрейі ұшып, зәресі кетіп: «Ал, жұт болады!» - деп былшылдайды.

Жұт түгіл, дәнеме де болмайды. Қоянның қорқақ қылып айтқызып тұрғаны. Және қоян жылды кісі өмірінде үрей, қояндай қорқақ келеді.

Енді келер алдымыздағы жиырма сегізінші жылдың мартының жиырма екінші күні жыл белағашы айналып, қоян тұрған тақ астына ұлу таққа отырады. Бір жылға сол ие болады. Сонда бұрынғы отырған астына кетіп, оның орнына екінші тақ үстіне шыққандығын- жандыда балық біледі, жансызда Самарқанның көк тасы біледі. Балық білетұғындығын сонан байқаған: Наурыздама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына карай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» - деп. Сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» - деп.

Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым. Ұдайымен жүреміте үш кісіні жыққанға бір шапан бәйге, дәл сегізінші күн: «Мазар Шариф» - деседі. Қожа Баһауалдин әулиенің қасындағы хауызға қант төгіп, суды қант татытып, жұрт жабыла ішіп, «той тарқар» болады. Біздің қазақ жұрты үлгіні сол Бұхара жұртынан алған екен. «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған!»- десіп сөйлейді. Қайда атақты асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болады екен.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы,
Шығармалары.
8-том, Павлодар - «Эко» ҒӨФ, 2007, 418 б.
49-53 беттер.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006