Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3216 0 пікір 8 Наурыз, 2013 сағат 13:13

Жанат Ахмади. Дүрбелең (жалғасы)

3

Керімбек бүгін інісі Арыппайды жасы үлкен Абдолланың аяғына жыққалы отырған. Ел бірлігі үшін соны істемек. Анада бір ай тергеуде болып, соңынан осы мерзімі қосыла үш ай қамау алған Арыппай кейінгі екі ай кесігін де бітіріп шығып келген. Бұл інісінің күздегі лаң ісі үшін, Керімбек алғашында қатты күйіп, ренжіген болса да, кейін оның қандай есептермен ұрынғанын Әлиден толық қанығып білген соң, лажсыз тоқырап қалған болатын. Енді інісі қамақтан шығып келгенде онымен басқа жөнмен сөйлесіп, ел мерейі үшін Абдолланың аяғына жығылып «на-мақұл» боласың деген.

Бұрынғы кек-қыжылы өз ішінде қазандай қайнап жатса да, Арыппай Керімбектей аға айтқан соң бұл байламға еріксіз бекіп, үнсіз көнген-ді. Абдолла әрі Керімбек ауылымен жақын құда. Керімбектің інісі Ахмади Абдолланың жақын қарындасын, Базарханды алып отыр. Оның үстіне Абдолланың бір қызын жас күнінде Мақсұтқа атастырып қойған-ды. Жартылай қалың берілген болса да, Керімбек пен Абдолла ортасында әр жайдан ұғыспастық туғалы және сол қалыңдықта ер жеткелі Мақсұттың көңілі болмай, ол Құдалық бұрынғы бойымен тоқтап тұрған.

3

Керімбек бүгін інісі Арыппайды жасы үлкен Абдолланың аяғына жыққалы отырған. Ел бірлігі үшін соны істемек. Анада бір ай тергеуде болып, соңынан осы мерзімі қосыла үш ай қамау алған Арыппай кейінгі екі ай кесігін де бітіріп шығып келген. Бұл інісінің күздегі лаң ісі үшін, Керімбек алғашында қатты күйіп, ренжіген болса да, кейін оның қандай есептермен ұрынғанын Әлиден толық қанығып білген соң, лажсыз тоқырап қалған болатын. Енді інісі қамақтан шығып келгенде онымен басқа жөнмен сөйлесіп, ел мерейі үшін Абдолланың аяғына жығылып «на-мақұл» боласың деген.

Бұрынғы кек-қыжылы өз ішінде қазандай қайнап жатса да, Арыппай Керімбектей аға айтқан соң бұл байламға еріксіз бекіп, үнсіз көнген-ді. Абдолла әрі Керімбек ауылымен жақын құда. Керімбектің інісі Ахмади Абдолланың жақын қарындасын, Базарханды алып отыр. Оның үстіне Абдолланың бір қызын жас күнінде Мақсұтқа атастырып қойған-ды. Жартылай қалың берілген болса да, Керімбек пен Абдолла ортасында әр жайдан ұғыспастық туғалы және сол қалыңдықта ер жеткелі Мақсұттың көңілі болмай, ол Құдалық бұрынғы бойымен тоқтап тұрған.

Арыппайдың бүгінгі аяққа жығылуын өсіп-өнген бұл тұқымның ішінде қостағысы келмейтін бір адам ғана бар. Ол Арыппайдай туылыс, жаратылыста өзінің айнып-аумас жолы бар, табанды ағасын көз алды тірлік қамынан өзгеге бойлағысы келмейтін, қара есеп топтың дәстүршіл ортасына көз жұмып жығып бере салуға шынымен қия алмайтын жалғыз - Мақсұт. Атаға жол боп бекіген салт, дәстүрден анағұрлы ойы озып тұрып-ақ, соның бақырып, бауыздалған «құрбан лағы» болу керек.

Рас, әкесі Мақсұттың ойын түсінбейді емес. Бағалап, барлап сөйлескен.

- Балам-ай, бір өзің көптен ауа жайылғанда барар өріс-сөрең қайсы? Соныңды қолдап отырған көбің қайсы! Біреу жылайтынға біреу күліп отыратын, ала жылан өмір емес пе бұл. Қайда болсын, заманға бақпай ер оңбайды, - деген. Баласы Мақсұт өзінің Арыппайдай туысының барлығына көңілі марқайып жүретінін Керімбек те біледі.

Әңгіме сөз бағанадан бері ел ішіндегі бірталай үлкенді-кішілі дау-шардың басын шалып, кейбіреуі осы жердің өзінде тынымын тапқандай болды. Бұндайда жұрт бір-бірін аяспай ашынысып, шындасып та кетеді.

Түстіктен соңғы аз алданыс, аялдастан кейін есіктен Арыппай кіріп келе жатты. Ол өзі қамалап жатқандағы бір оқиғаны Мақсұтқа күліп әңгімелеп бергені бар.

Бір күні түнімен қалың қар жауыпты да, таңертеңіне бұларды қар күреуге шығарыпты. Сыртта мұнан бұрын басқа қапастан шығарылған Абдолла ақалақшы зәмбілмен сабылып қар тасып жүрген екен.

- Қырық-елу қадам жерге найзалы мылтықпен қия бастырмай арылы-берлі алдыға салып айдаған сақшы назарында екі қолы зәмбілден босамай, үлкен түлкі тұмағы милықтап, көзіне түсіп терлеген «әріптесін» байқайды. Мұндай сүргін көрмеген семіз адам, ырсылдап бұлау боп, қар жауған жылы күні бет-самайынан бұрқылдап бу шыққан дейді. Арыпбайдың оны қамаудан бергі көргені осы болады. Өзі ақалақшының әдейі дәл қарсы алдынан келеді де:

- Ассало-оу-маликум! - деп қолымен төсін басып, соза сәлем береді. Бірақ Абдолла мұның сәлемін алмайды. Бұрын соны естіген Мақсұт қазір Арыппай есікті ашып кіріп келе жатқанда, оның қас-қабағын бағып қалған-ды. Қара елтірі тұмағының бір жақ құлағын ішіне жымқырып алған, саспас жігіт кірген бойда екі көзі топ ішінде Абдоллада бола және дәл сондағыдай созып:

- Ассало-оу мағалейкум! - деп оң қолын төсіне баса тура солай беттеп бара жатқанда төмен отырған Мақсұт еріксіз мырс ете жаздап, өзін тез тежеп қалды. Арыппай келген бойда Абдолаға қос қолын ұсынып, оның малдас құрып отырған жуан қонышты етігінің алдына өз бас киімін алып тастады да:

- На-мақұлмын тақсыр! - деді, қолын кеудесіне қоя тағзым етіп. Үй-іші бір сәтке жым болып қалған. Абдолла топ алдында өзі де ыңғайсызданып, Арыппайдың тұмағын жерге кідіртпей қолына ала берді. Жігіттің басына тұмақты өз қолымен кигізіп жатып:

- Тәңір риза болсын! - деді баяу. Жұрт енді ғана дабырласа үн қатып:

- Ой, бәрекелді!

- Уа, береке тап!

- Басыңдай бас иілсін, қарағым! - десіп, Арыппайды алқап жатты. Ел татулығына жамау болғандай шынайы ризалық, алғыс үндер еді. Жалғыз-ақ, Арыппайға Абдолла сонша сене алған жоқ. Ол да сөзге бақпай, көзге бағатын адам.

Арыппайдың жасы отызға тартқан болса да үйленбей келген, қатарынан кейіндеңкірей бастаған жігіт. Ағалары бұған деп, еш жерге қалың бермеген. Өзі тоқал шешеден туған үшеудің ортаншысы. Бәйбіше балалары бастығы Керімбек болып, бұл ініні ата-анадан жас қалып еді демеді ме, әлде өзі икемдеуге көнбеді ме, - ызалы жігіт бұл шақта өз өміріне соны да зор қапа санайтын. Абдоллаға да бір жағынан баяғы қызы үшін өзінің сондай қайтымы жоқ, ашынған шағындағы іш қыжылымен уытты болған. Міне осының бәрі барлық үлкен-кіші, туған-туыс ішінде әсіресе Мақсұтқа толық аян. Бұл туысының тілсіз жатқан рухани пікірін жетіп ойлап, сол ұғатын. Сондай өжет Арыппай Абдолланың алдынан қайта бұрылғанда, Мақсұт бұл ағасын ешкімнің тәлкегіне қимай, аяп кетті. Оған бұйығып қарады да, отырған жерінен тез түрегеп өзінің өргі жағынан орын берді. Мақсұт Әли мен Арыппай екеуінің істеп жүрген әрекеті туралы көп ойланған. Ал қазір ағасының бетіне қараса, енді ол тіпті мүлде ештеме болмаған, ешнәрсе көрмеген кісідей, «соның бәрі болуға тиіс дегендей нұсқасы бар. Тайлақбай Арыппайға жайғасқан соң, аз көз салып отырып:

- Осының көз, қабағын, әсіресе шодырайған шүйдесін көргенде Әнкежан батырдың өзін көргендей боламын! - деп әлденені тереңірек еске алғандай болды. «Егер өресіне сай жол берсе, жетер жері біразға шақыратын тұқым-ау, өзі» деген оймен жанашырлық, тілеулестікпен назар салған.

 

Бүгін Керімбектің Абдолланы ел келесіне келтіргені жұртқа мәлім болатын. Сол көпшілік Мамозы мен Абдолла арасының ажырағанын да жақсы ұғып кеп отыр. Ешкіммен ақыл қорытпай жасаған Арыппай әрекетінің түпкі мәнін жалпақ ел білгенде оған таңырқамаған, сыртынан қошамет айтпаған Шеру жоқ. Бар Шеруді Күреге қарсы келтірген батылдығына сай, адам таппас айлакерлігін сөйлеуші еді. Сол жігіт мынау көптің ішінен орын алып жайғасқаннан кейін Тайлақбай сөз бастады. Айтарын Арыппайға да, Абдоллаға да тиетіндей етіп, сөзін әуелі жай бастап:

- Ер мен ер көксеңгірде бас қосады деген ғой, айналып бас қосып отырсың. Бір дау бітіп, рулы ел тыныс алып отырсың. Елемеген бір дау бір тайпа елді өртейді деп бұрынғылар неге айтқан! - деп сәл тығылып отырды да, аз тосқыза бере кенет бастап, жосылып шығатын зор үнімен саңқылдаңқырап сөйлей жөнелді. Тісінің қамалы әлі бұзылмаған сөзгер адам мұндай кезге келгенде шоқтықтанып жанып кетеді.

- Ана жаман, тоғышар Мамозының бір білгенін сен қазақ өз ішіңмен он біліп отырасың. Бірақ амалың не! Күнтуған күдістің Әзірет-Әлідей күші бар. Күдері болсаң, шыдарсың, күмілжік болсаң, күйтіктеумен шылауына шығарсың. Ел секитіп серке сойған соң, серкеш дауын бітірмесең кімге серт! Анаң сүтін ақтамай, адасып бақсаң кімге серт! Жоқ, олай болмас, бола қоймас, жарандар? Алыс жол атты сынайды. Ауыр жол ерді сынайды. Өмірдің сынына қандай жігіт шыдайды. Қанша ауыр болса да ауытқымай бақ! Ел иесі деген соң, сүйекке бастырған таңбалы өліммен, құнсыз өліммен өлмей, ең болмаса мінсіз өліммен өл! Малыңа мақұл болмай, арыңа мақұл болсаң, сонда ғана өтейсің халық-анаңның қарызын. Жоқ, оны істей алмайды екенсің, ел ішінде жүргізе алатын табылса, соған бер! Қасиетті халқының борышы, қарызы мен парызы үшін заманыңа көз таста, ел басқарған азамат! - деп бір тоқтады.

Бүгінгі бұл келіп отырғандар ішінде кісе белдік, көрікті бөрік, түлкі тұмақтылардан өзге бастарына бөстекілеу қоңыр елтірі, қара елтіріден тұмақ киген, киімдері жұпыны, үнсіз кісілер де көп болатын. Тайлақбай сөзінің үстінде сүйінгендерін әсіресе солар жасыра алмағандай. Отырған орындарында кейбірі қыбыр байқатып, «ұқтым», «дәл», дегендей шырайларымен тесілген, ұйыған көздері белгі танытқан. Төр жақтағы мосқалдау біреуі күрең елтірі тұмақты шомбал басын азға дейін изеп-изеп отырып, өз үнін өзінен ұрлағандай, бұйығып қана:

- Тусаң ту! Тусаң ту! - деп қойды. Бұл құр белдікті Мұрыншақ болатын. Артық сөзге, арзан іске зауқы жоқ, таразы, қасаң, Мұрыншақтың бар толғанғаны-ақ осы еді.

Мұнан басқа ауыл-ауылдың, ата-атаның басшылары дейтін шетінен өз қадірін сынағыш, шіреншек топ сөздің көбі Абдоллаға тиіп жатқандықтан, Тайлақбай кеңесін қың етіп қостап, сыр апшай, іштерінен тілсіз ұғып отыр. Солардың кейбіреуі осы істің барлығын Керімбек пен Тайлақбай күн бұрын ақылдасып, айламен өткізгендей ойлады.

Ол мінез, әсіресе бір жағынан, Тайлақбай мен Керімбектің сонау Әнкежаннан бергі жақындықтарын қызғанып, күндейтіндерде болса, екіншіден, Абдолламен кей жақтан қоймасы, көмбесі бір болғандардан табылады. Кейін былай аттанып шыққан соң, күбір-жыбыр сөз ғылып ебі келсе, Абдолланың құлағына өз долбарын пышы-пышылап сала қайтатын да солар. Олар үшін, байлар үшін: тұлпар тұста, күлік күйде, жағасы жайлау, қам-мұңсыз, басқа етер ермек жоқ. Қыс сарала қазы мен жал-жая бақса, жаз сапырулы сары қымыз бен салқын белде жан шырайын бақса, сонымен қоса жыл он екі ай ішінде қызыл ауыз, қысыр сөзді бағатындар да осындай байлар жағы. Байтал мініп, құлыннан дәме қылмай кедей жүреді. Қысы-жазы бел шешпей, салбұрынды боп жылқышы, қойшы жүреді. Сарала етек, сауыс боп, іргесінде қосақбасты, салбөксе малшы қатын жүреді. Жұмысы жоқ куәгер, борышы жоқ кепілгер, ат үстінен билік айтқан бай-бағлан көп. Абыройды аластап, арына сүйенбей барына сүйенген қасқырауыз, түлкі құйрық «жақсылар» жүреді. Күні шуақты, қонысы суатты, саяқты санға санамай, кісі пердесін жыртатындар солар. Өріс малды, дастарқан майлы, жаны ауырып, жаншылып білмеген атқа мінер бар. Өмірге әділдік керек екенін өлерінде ойлайтындар бар.

Ел ішінің сөзіне, әсіресе осы биыл оқуын бітіріп келгеннен бері молырақ араласып жүрген Мақсұт үй толы жиынның әрбір қимыл, қабағын қырағы аңдып, қалт жібермей сезініп, бағып барлауда.

Мынау отырған Мұрыншақта жалғыз қыз бар. Бағанағы Дербісалы - Бурабай көптен бері соны өз баласына сұрайтын. Басында Бурабай Мұрыншақты сөз бұзбас момындығына қызығып, көп қолқалап жүріп өзіне қоңсы қондырып, бұған жылқысын бақтырған-ды. Кейін Мұрыншақтың алдына мініп барған жас қызы, бой жете келе көз тартарлық, өңді бала болып өседі. Өз малшысының үйінде қиылып әсем қыз отырса, Бурабай көзі оны көрмей, ноғала болып па! Ерте күннен араға кісі жүргізіп, қызға сөз салғызады. Бірақ, Бурабай қызды жасы отызды алқымдаған баласына, әйел үстіне, тоқалдыққа сұратқан. Бұл іске қазақшылықтан аса алмаған және өмірі кедейшіліктен шықпаған Мұрыншақ аз белі босағандай, сабыр сақтап ойлағанымен, қызы мен әйелі ықтияр болмайды. Соның аяғынан қыз әкесіне наразы болған Бурабай күзгі отардағы өз жылқысынан, қазанның қара дауылы кезінде, бір түнде үш ту биені Мұрыншақтың алдынан ұрлаттырады. Бұны соған жығынды етеді. Бірақ кейін «Бурабай биелерін белгісіз біреулерге өзі алдырыпты» деген сыбыс шығып, Бурабайдан қатты іш тартып, түңіліп қалған Мұрыншақ енді ерте күннен бас амандағысы келген-ді. Құлағына тиген, ұққанын айтып, Керімбекке барған болатын. Және сонымен қоса қыздың да өз басына араша тілеп жазған арыз хаты ел ағасы Керімбекке жеткен еді.

Бұған көрініп тұрған айғақ, дәлел болмаған соң, Керімбек ашық ешнәрсе айта алмай, тек қана Бурабайдан Мұрыншақтың енді бас сауғалап, құтылып алуына мәслихат берген. Жылағандай боп келген қартаң кедейдің өз қолындағы жалғыз биесіне бір биені Қарымсақ берді ғып, Керімбек өзі қосып, қазірше Бурабайдың екі малын төлеттіре тұрған. Сол кезде жаны ауырмаған Бурабай өз аузынан: «қалған бір жылқымды кешейін, қызың үшін әлі де ойланып көр» деген сөзді айтып қалады. Істеп отырғаны зорлық екені білінеді. Мұрыншақ Керімбектің көмегімен ежелгі мекеніне көшіп алады.

Істің алды солай тынғанымен, кейін Қызайдың Торғай руындағы Бурабайдың бір жекжатының аузынан сол жаққа Бурабай асырған үш биенің сыбысы шығады. Шеруге соның ұзынқұлақ дерегі білінген болса да, Бурабай биылғы жазда оны мойындамай, беттетпей жүрген болатын. Керімбек күзде осының ізінен Қарымсақты жіберіп, анығына көз жеткізеді. Арада, күз кезінде анадағы лаң киіп кетіп, Шерудің бар басшысы Күреге қотарылғандықтан, оны тексеруге мұрша келмеген. Бурабайдың бағанағы ертеде өткен әңгімеге салған жерден шарт кетіп, ешнәрсені қыртысы сүймей отырғаны сол еді. Тайлақбайдың Бурабай туралы ә дегеннен сөз қозғауында бүгін тексерілуге тиісті сондай мән жатқан. Бурабай жақын күн ішінде Мұрыншаққа сөзге тәуір бір кісі тауып жіберіп: «Бір жаңылыс кетсе кеткен шығар, қам сүт емген шикіміз көп пендеміз! Оған ағайын ренжімесін! Ауыз дәмдіні, көз әрліні сүйеді. Сөздің шыны, әйтеуір амалдап болса да ағайынға бір еркелік етіп, соны қолға түсірсек, Мұрыншақ көңілінің жыртығы болса жамала жатар деген аптықпен ес таппай, аяқты ағат басып қалдым. Дүние бір айлық, бір жылдық емес, өлгенімізше тағы талай бет көреміз. Берген екі биесін қайтарамын. Адасқан болсақ, сасық ет, кемік сүйектен жаралған күл-күміре пендеміз. Айыбы болса ала жатар. Алсын! Болмаса басыңдағы тілегім тілек, ниетім ниет. Әлде де болса ойланып, баласын балама беріп, сүйек дос болсын!» деп майдалап сәлем жолдаған. Айыбының орнына кежімдеген сұлу торы аттай етіп жабулап, жылмиған әдемі сөзін, су төгілмес жорға сәлемін «жетектетіп» жіберген.

Бұл - оның Қарымсақ ана жақтан анық дерек әкелгеннен кейінгі жылмағайлығы еді. Іс солай болғанмен бәле қуумен қоңсылығы жоқ Мұрыншақ ойланып: «Япыр-ай, ә! Айтсаң өстіп ағайынның көңілі ауырса, айтпасаң ақың кетсе!..» - деп отырып-отырып: - Мақұл, бір жөні болар, - деп Бурабайдың кісісін қайтарған. Бурабайдың жаңағы зар-тілек сөздеріне тіпті жүйесі босағандай болған. Осындай өлердегі сөзін естіген соң, «бүгін істегенін ертең тағы істейді-ау» дегенді ойлап та қоймаған.

Артынан бұл сөзді Мұрыншақ Керімбекке келіп білдірген-ді. Өзі шешілгелі тұрған шаруа болса, енді Керімбек те ел ішін қырғи-қабақ етпеуді жөн екен деген.

Бурабайдай теріс адам Шерудегі өз атасы Дәрбісалы табын бұл ортадан іріктеп, екшеп алуы оп-оңай. Және Бурабай Керімбектің әкесі Әнкежанның заманында ат жалын тартып мінген азаматтың біреуі болғандықтан, сақалын сыйлау тағы бар. Саполаттан «сүйек тістеген» күйеулігі және бар. Сонымен бүгін бір әредікте Керімбек түтігіп отырған Бурабайды ишарат етіп сыртқа оңаша шақырып шығарды. Бағана Тайлақбай сөздерінен бері ішінен қыпылдап, жан таппай отырған ол Керімбектің бұл кісілігіне шын жүгіне марқайып, анық қанағаттанған. Жүресінен жайғасқан қалпында қысқа жауап айтты:

- Білгір тұқым ең... Білгірлігіңе болайын! Кінәлінің тілі қысқа ғой, тілім қырқылып отыр! Айтпағанымды өзің ұқ. Сағымды сындырмас деп, санаңа сеніп келіп ем... «Қораз қойқаңдап қырғи барын ұмытады» деген осы. Мұрыншақ екі биесіне қосып құнан бұқа айыбын алсын! - деген. Көп алдына түсем бе деген үрейден қуыс кеудесі ғана отырған оған қарап «көңілі кедейді ешнәрсемен байыта алмайсың» деп ойлады Керімбек. Бір ғажабы, ар жазасы Бурабай үшін сонау бала жасынан өтпелі нәрсе еді.

Бүгін бұл отырыста Тайлақбай Бурабай турасында өзге сөз қозғамады. Жаңағы Керімбек білген жөн-жосық Мұрыншаққа да ескертілген-ді. Бурабай мұртынан күліп, тым-тырыс отыра берді.

Күн екінтіге тақаған шақта бұл жиынға келген қонақтың көпшілігі-ақ, өзі әкелген мүдделі сөздерін бітіргендей боп, мәжіліс те қарар табайын деген. Керімбек ойында сақтаған азырақ сөзін енді осы уақытта айтты. Әңгімені «заман мынау, заң мынау, елдің, жердің қамын ойлайық» дегеннен бастаған. Оң бүйірде, қонақтардан төмендеу жерде, мол кеудесін жоғары ала отырып, үй ішінде ешкімге бұрылмай сөйледі. Күмбірлеп шығатын, тынысты үніне айқын бір уайымсыз қосыла сөйлегенде, тілі емес, жүрегі үн қатқандай, арғы, ішкі жағынан келеді. Сызды жанарын отырғандардың үстінен асыра тастап, сөзін бастай берді: - Өмір өтіп барады. Ат басын бұрғанша ай, айналып көргенше жыл өтеді. Артыңда қайысқан қалың ел, ұрпағың қалып барады. Сонау құба қорым қалмақ заманынан бері қазақ, сенің жақсылық көрген жерің жоқ. Жеңсең тасып, жеңілсең жасымаған, шын ер халқың бар еді. Ерен - ер, берен - белің бар еді. Қайраңда қалған балықтай, қазағыңнан бөлініп, осы бір өңірде «барса келмес» аралы болып қалғаның да сол кешегі көрген «ақтабан-шұбырындылықтың» әлегі екен. Енді бүгін айдаһардың аузында, арыстанның жолында тағы отырған жоқпысың! Жалқы бақ ортақ болмас, бақ - жалқы, ақыл - ортақ, Өзді-өз бағыңа семіріп, сеніп қалма, ағайын. Ерің елімен ойласып, әйелің ерімен ойласатын ұялы тамыр, ұранды күнің келген. Бүгін болмағанмен, соған апарады сені! Санасыз құлақ, саңырау боп бодандықта кете берер түрің бар. Аузыңнан ақын, көзіңнен мейір көрінетін жеріңе жетіп отырсың, қарындас! Заманыңның өзінде мейірім жоқ. Сенен мейірім күтіп отырған да жоқ. Соны ойлай ма десе, өз артыңа қалжуыр байлағаның қалмайды! Қымтай-қымтай қызымыздың іші білініп болған жоқ па осы! Айналаңнан қысып бара жатқан мына бір қырсау заманды таниық. Тобырыңмен обыр жұтқалы жатқанда өзді-өзіміз ала бақа, аш жылан болғанды қояйық.

Тіл жүйрік емес, шын жүрік, Аңдамайтын әңгі, тыңдамайтын бәңгі сірә сен болып кетсең де, айналаңа бір қаранатын кезіңе келтіріп отыр. Алды-артыңа көз-құлақ бола жүр, ағайын!

Отырғандар ешбір қыбыр шығармай, тынып қалған. Бұл сөз Абдоллаға да ішінара кейбір Абдалланы жағаттап, жақтайындарға да, әсіресе осы бүгін, енді ғана дұрыс қонып отырған сияқты.

Керімбектің бұл сөзіне қарап Абдоллаға, оның өзіне орайлы бір сәт туғандай болды. Абдолланың ертеде Мақсұтқа айттырылған, бұл уақытта бойжеткен қызы - Зейнеп отыр. Тегінде қара саясатқа жүйрік, есепші ақалақшы Керімбектей рулы елге беделді, турашыл адаммен құда болуды әу бастан мұрат тұтқан. Сөз байласты ма, ендігі тауқыметі Керімбекте.

Қыздың жолын тосу - бағын байлау. Ол ата-ананың ғана емес, бүкіл ауыл атының, тіпті, ел атының намысы. Міне, осы іс белді ауылдың өр көңіл, шамшыл адамдарын шетінен кекті ғып, алаң еткен. Қыздың ағайын-аумақ, жақын-жуығымен, тапқан шешесі Кермеқас бәйбіше әлденеше күпініп, сол үшін бас та қосып, соқталы сөз туғыштатып жүрген. Кермеқас дейтін үлкен қарасұр бәйбіше күйеуінің де құлақ етін жеген. Тек сабырлы Абдолланың екі қабат әйелдің төзіміндей шыдамылығынан осы уақытқа созылып жеткен бітеу жара бар-ды.

Сол жайды Абдоллаға тап осы жолы да неше қайта тапсырып жіберіп, бұның жолын екі көзі төрт бола күтіп отырған өр мінез, жуан ауыл бар. Атағына дақ түсіп, сынық көңіл болып, кеуделі ауылдың әлпештеулі бойжеткені - ол отыр.

Керімбектің жаңағы сөзін үндемей құп алған Абдолла бүгін өзге топ тағы бір талай әңгіменің басын шалса да сөйлемей қалды. Бір жағы кеше Мамозымен көңілдес болып кеп, енді бүгін бұл ортаға бір-ақ күнде лақ етіп, ашылып кету де орайсыз.

Сонымен қонақтар аттанбаққа жақындағанда, Абдолла Керімбекті оңаша алып шықты. Айтарын көп созған жоқ. Қада ағашқа күміс ерлі көп ат байланған, соқпа дуалы даңғыраған кең, таза аулада, шетке таман шығып барып, екі үлкен жүресінен жайғасқан соң:

- Кеке! - осы ана бір жұмыс күпті етті ғой! Жарымынан кесілген бір жылан босағамнан кірді де, төріме сұлап жатты ғой! - деді.

Бұл екі адам бір-біріне осыдан артық ежелеуге бармас та еді. Шегіне жеткен шаруа айтылып отыр. Абдолла мына сөзді айтқанда, Керімбек Мақсұтты еске алып, «заман ақырдың туашақ болғыр баласы-ай!» деп ішінен шындап қынжылды.

Бір нәрсеге шын қатты қинала отырып бекінген жүзбен: - Абдолла, осы жолы ренжімей аттана берші! - деді. Бірақ құдасы аттанып кеткен соң да, әкесі Мақсұтпен ұғыса алмауға айналып еді. Мақсұтты қайны атасы жүріп кетісімен-ақ, оңаша үйге алып, тықсырып сөйлескен болса да, ол ерекше қадірлейтін өз әкесінің осы бір қолқасына рай көрсете алмай-ақ қойды...

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340