Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3327 5 пікір 1 Ақпан, 2023 сағат 11:12

Мәжіліс сайлауына кімдер түспек?

Қазақстанда 19 наурызда өтетін Мәжіліс сайлауы науқанына дайындық басталып кетті. Бірқатар партиялар съездер өткізіп жатыр. Кеше Халық партиясы сайлауалды бағдарламасы мен Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тізімі бекітілгенін хабарлады. «Қызылдар» Мәжіліс сайлауына 52 кандидатты ұсынды. 15 кандидат өзін-өзі ұсынып, осы партияның атынан сайлауға түспек. Бүгін «Ақ жол» партиясы съезін өткізіп жатыр. 2 ақпанда Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның кезектен тыс съезі болады. "2023 жылғы 2 ақпанда сағат 11:00-де Жалпыұлттық социал - демократиялық партияның (ЖСДП) XX кезектен тыс съезі өтеді", - делінген партия хабарламасында. Ал «Аманат» партиясының кезектен тыс съезі 7 ақпанға белгіленген.

Елімізде 20 қаңтардан бастап Мәжіліс сайлауына кандидаттарды тіркеу басталды. Ал ресми үгіт-насихат 18 ақпаннан басталады.

Қазір Мәжілістен үмітті 7 саяси партия тіркеуде бар. ҚР Орталық сайлау комиссиясы аталған 7 саяси партияға наурыздағы додаға қатысуға рұқсат берген еді. Олар: «Аманат» партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Қазақстан халық партиясы», «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы», «Республика» партиясы мен «Байтақ» жасылдар партиясы. Сонымен бірге, сайлауға “Ел тағдыры” және “Ұрпақтар жалғастығы” атты тағы екі партия түсуі мүмкін. Егер партиялар 8 ақпанға дейін Әділет министрлігінен тіркеуінен, олар сайлауға қатыса алады.

Айта кетейік, бұл жолғы сайлаудың басты ерекшелігі – бір мандатты округтерден азаматтардың өзін-өзі ұсыну тәртібі бойынша сайлану құқының қайтарылуы (яғни мажоритарлы жүйе). Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы – бірмандатты округтерден сайланады. Үміткерлер сайлауға партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан қатыса алады және өзін-өзі ұсынуға мүмкіндік алды. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарына депутаттардың 50 пайызы мажоритарлы жүйе бойынша, ал қалған 50 пайызы – партиялық тізімдер бойынша сайланады. .

Орталық сайлау комиссиясы бекіткен Мәжіліс депутаттығына үміткерлер төлеуі тиіс жарна – 1 млн 50 мың теңгені құрайды.

«Мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау жарнасы ең төменгі 5 жалақыны (350 мың теңге) құрайды. Енгізілген жарна егер сайлау қорытындылары бойынша кандидат мәслихат депутаты болып сайланған немесе дауыс беру нәтижелері бойынша сайлаушылар даусының кемінде 5% жинаса, сондай-ақ кандидат қайтыс болған жағдайда енгізілген жарна кандидатқа қайтарылады», - деді А. Смағұлов.

Осы уақытқа дейін бірқатар қоғам қайраткерлері Мәжіліс сайлауына түсу үшін құжат өткізгендерін хабарлады. Ал кейбір бұрынғы депутаттар орындарына мүлдем қайтып келмейтіндерін жеткізді.

Қазақстан халық партиясы атынан Мәжілісте депутат болған Ерлан Смайылов «Партия басшыларымен енді жұмыс істеу мүмкін емес деп есептеймін» деген пікірмен нүктесін қойып,  партиядан кететінін жазды. Оның әріптесі Ғазиз Құлахметов те  «Ресми түрде бүгін Қазақстан Халық партиясынан шығу туралы арыз түсірдім. Досым, әріптесім Ерлан Валерийұлы Смайлов екеуміз бірге келіп, бірге кетуді қош көрдік! Екі жыл бойы сенім білдірген әрбір қолдаушыма риясыз алғысымды білдіремін! Мезгілінде партия қатарына шақырған Айқын Ойратұлына деген ілтипатым ерекше. Партияның қазіргі басшылығына қатысты өз пікірім бар,- деп жазды ол әлеуметтік желіде.

Алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы Мәжіліс сайлауына түсу үшін өтінім берді. Ол бұрын Ақ жол партиясының мүшесі болған. Сонымен қатар, қоғам қайраткерлері Санжар Боқаев, Мұхтар Тайжан, Арман Шораев, экономист Мақсат Халық Мәжіліске үміткер ретінде құжаттарын тапсырды. Ал, журналист Думан Мұхаметкәрімге Мәжіліске кандидат болуына рұқсат берілмеді. Оған журналистің соңғы 10 жылда елде тұрмағаны себеп болған екен. Кандидаттыққа өтініш берген азамат бұл шешіммен келіспейді, өйткені «заң бойынша сайлауға үміткер 10 жыл бойы Қазақстанда тұрмаған болуы керек, мен мен еліміздің әртүрлі өңірінде тұрсам да, шетелге барып тұрмадым»,-деді ол.

Тіркелмеген демократиялық партияның мүшесі Инга Иманбай да Мәжіліс сайлауына түсетінін мәлімдеді. Ол алдағы уақытта кандидат ретінде құжат тапсырып, ресми түрде тіркеуден өтуге тырысатынын айтты.

 

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5299