Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2771 4 пікір 6 Ақпан, 2023 сағат 12:49

Сайлау: «Ауыл» мен «Байтақтың» көзірі кімдер?

Сенбі күні Мәжіліс депутаттығына үміткер «Байтақ» жасылдар партиясының сиезі өтіп, жиынның арты дауға айналды. Азаттықтың мәліметінше, Атыраудан келген делегат Марал Көшенов кандидаттар тізімінен алынып тасталған. Оның орнына Мәжілістің бұрынғы депутаты Ирак Елекеевтің ұлы Еркін Елекеев қосылыпты. Бірақ үміткер өзінің өңірлерде өткізілген іріктеу кезінде ұсынылған кандидаттар тізімінде болғанын айтады.

«Бұл не деген масқара! Мен партияның атынан Мәжіліске барамын, Атыраудың экология мәселесін көтеремін деген үмітпен келдім. Мен кәсіпкер емеспін, қарапайым тұрғынмын. Атыраудың экологиялық жағдайы нашар. Бұл туралы аймақтың әрбір тұрғыны өте жақсы біледі. Егер мені тізімге қоспаса, «Байтақ» құрамынан кетемін», - деді Көшенов.

Партия төрағасы: «Олар ертерек ұсынуы керек еді, Көшеновті облыстық бюро тізімге енгізген болса, жағдай қаралады», - дегенді айтты. Азаматхан Әміртай мажоритар жүйе бойынша сайлауға түсетінін айтқан кезде, Алматы филиалының басшысы Москоммерцбанк директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Бейбіт Әпсенбетов орынан тұрып, жиыннан шығып кеткен.

«Байтақ» жасылдар партиясының тізімі бойынша 20 адам, мажоритарлы жүйе бойынша 4 адам Мәжіліс сайлауына қатысады.

Сондай-ақ 3 ақпан күні Астанада «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс XXII сиезі өтіп, Мәжіліс сайлауына қатысатын кандидаттар тізімі бекітілген болатын: партиялық тізіммен 25, мажоритарлы жүйе бойынша 9 адам үміткер болып отыр. Кандидаттар қатарында 2022 жылғы кезектен тыс президент сайлауына қатысқан Жигули Дайрабаев пен таяуда партия қатарына қосылған Қарақат Әбден, журналист Анна Данченко бар. Мәслихат сайлауына партияның 600-ден астам мүшесі қатыспақ.

«Ауылдың» төрағасы Әли Бектаев партияның Парламент сайлауына үшінші рет қатысқалы отырғанын айтты.

«2017 жылы алғаш қатысқанда көрсеткішіміз көңілден шықпады. Одан бері біздің партия бой түзеп жұмысты жандандыра түсті. Партияның толық құрылымын қалыптастырдық. Саяси ұйымға айналдық деп толық айта аламыз. 2021 жылғы сайлауда біз Парламент Мәжілісіне өте алмадық. Дегенмен 237 кандидатымыз жергілікті мәслихаттар депутаты атанды. Сонымен қатар ауыл әкімдері сайлауында біздің партияның 35 мүшесі ауыл әкімі болып сайланды», - деді ол.

Бұрын мәлім болғандай, еліміздегі Мәжіліс пен мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді. 18 ақпанда үміткерлерді ұсыну мен тіркеу тоқтатылады. Сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістерге сай, биыл Мәжіліске 69 депутат – партиялық тізім бойынша, 29 депутат – бірмандаттық аумақтық округтер бойынша сайланады. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен ел астанасы мәслихаттарының 50 пайызы мажоритар жүйемен, 50 пайызы партиялық тізіммен сайланады.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354