Сенбі, 22 Тамыз 2026
46 - сөз 783 0 пікір 20 Тамыз, 2026 сағат 14:35

Қызай руының өркендеуіне үлес қосқан билер

Суреттер: jebeu.kz сайтынан алынды.

Қазақ тарихында елдің бірлігі мен жердің тұтастығын сақтауда, ру-тайпа арасындағы дау-дамайды шешуде, сыртқы елдермен дипломатиялық қатынас орнатуда билердің орны ерекше. Әсіресе XVIII–XIX ғасырларда қазақ қоғамындағы билер ел басқару ісіне белсене араласып, халықтың мұң-мұқтажын қорғаған. Солардың қатарында Найманның Матайынан шыққан Қара би, Есенкелді би, Байеке би, Сасан би, Боқаш би, Сәттібай би, Байболат би секілді тұлғалардың есімі айрықша аталады.

Бұл билердің өмірі мен қызметі қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығынан кейінгі тарихи тағдырымен, Іле өңіріне қоныстануымен, сондай-ақ Ресей мен Цин империялары арасындағы саяси шекаралардың қалыптасуымен тығыз байланысты.

1. Қара би

Қара би (Есіргеп Жаңғабылұлы, шамамен 1690–1780) – би, мемлекет және қоғам қайраткері. Абылай сұлтан заманында Орта жүздің Найман тайпасы Матай руынан шыққан атақты билердің бірі.

Есіргеп Жаңғабылұлы жастайынан ел ісіне араласып, руының сөзін ұстаған. Қара қылды қақ жарған әділдігімен, күрделі талас-тартыстардың қисынын тауып шешуімен, екі жақтың да уәжіне тоқтау салып, мәмілеге келтіре білетін тапқырлығы және шешендігімен елге танылған. Уақыт өте келе оның өз аты мен шыққан тегі ел арасында ескерусіз қалып, Қайып би, Ғайып би, Қара би деген аттармен аталып кеткені айтылады.

Бидің өнегелі әрі аңызға толы өмірі Қытай қазақтарынан шыққан әйгілі ақын Досбер Саурықұлының «Есенкелді» дастанында кеңінен суреттеледі. Дастанда Қара бидің аталас ағасы Тілеубердінің үш ұлының жаугершілік заманда нағашыларын паналап кеткені, кейін Қара бидің көмегімен елге оралғаны жырланады.

Қара би туралы тағы бір дерек 1742 жылғы 28 қыркүйекте Ресей жаяу әскер полкінің майоры К. Миллердің күнделігінде кездеседі. Онда Есіргеп Найман тайпасының сөз ұстар билерінің бірі ретінде көрсетілген.

1769 жылы Абылай сұлтан ұлы Уәлиді Пекинге елшілікке аттандырғанда, елшілік құрамында Бұқар жыраудың ұлы Жарылғап би мен Есіргеп би де ақылшы ретінде бірге барған. Бұл туралы Ж. Артықбаевтың «Абылай хан» атты еңбегінде мәлімет берілген (Нұр-Сұлтан, 2019, 236–237-бб.).

2002 жылы «Парасат» журналында жарияланған дерекке сүйенсек, Қара бидің сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Ол заманда Абылай ханның қасынан табылған билер мен батырлардың сүйегін осы қасиетті мекенге әкеліп жерлеу дәстүрі болғаны айтылады.

Қара би Тәуке хан мен Абылай хан дәуірінде ел ісіне араласып, атақ-даңқы аңызға айналған мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат ретінде тарихта қалды.

Қара бидің ұрпақтары қазіргі Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Іле Қазақ автономиялық облысының Тоғызтарау және Құлжа аудандарында өмір сүріп келеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін олардың бір бөлігі Алматы қаласына, Алматы және Жетісу облыстарына қоныс аударып, тұрақтап отыр.

2. Есенкелді би

Есенкелді би Қожаназарұлы (шамамен 1718–1800) – XVIII ғасырда өмір сүрген қазақтың атақты биі әрі Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғыста алдыңғы шепте жүрген қолбасшылардың бірі.

Руы – Орта жүз құрамындағы Найман тайпасының Матай руы, Қызай тармағы.

1723 жылы қыс қатты болып, қазақ даласында жұт орын алады. Осы жағдайды пайдаланған Жоңғар хандығы 70 мың қолмен қазақ жеріне басып кіріп, ел басына әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманы туады.

Осы соғыс кезінде атақты батыр Қожаназар өзіне ерген батырларды, оның ішінде он жеті жасар қызы Күланда да бар, ертіп, Қызылжар деген асуға бекініп, жаудың жолын бөгеп, ауған елдің амандығын күзетеді. Алайда соғыста батырлардың бәрі қаза тауып, Қожаназардың үш ұлы жетім қалады. Жесір әйел мен үш жетімнің тағдыры талқыға түсіп, ақыры олар нағашы жұрты Сары Үйсінді паналайды.

Үш жетімнің ортаншысы Есенкелді ат жалын тартып мініп, азамат бола бастағанда, Найман Матайдың Қара биі Сары Үйсін еліне кезекті жесір дауы, жер дауы және барымтаға байланысты даулармен барған сапарында ағайынды үш жетім мен олардың шешесін танып, дауласқан ісін доғарып, оларды өз еліне алып қайтады.

Еліне келген Есенкелді ағасы Қара бидің тәрбиесімен ел ісіне араласып, билік айта бастайды. Жаугершілік заманда қолына қару алып, жауға қарсы аттанып, Найманның даңқты батыры Қабанбайдың оң жағынан табылғаны айтылады.

Кейінгі жылдары Цин патшалығының орда күнделіктерінен табылған деректерде Абылай хан қалмақтардың тұтқынына түскен кезде сол елге барған қазақ елшілерінің құрамында Есенкелді бидің де болғаны жазылады.

1757 жылы Есенкелді батыр Дортуылдың Төбет биі бастаған 11 адамдық делегация құрамында Пекинге Абылай ханның атынан елшілікке барған. Бұл оқиғалар Қытай қазақтарынан шыққан ақын Досбер Саурықұлының «Есенкелді батыр» дастанында жан-жақты суреттеледі.

Тарихшы Құрбанғали Халидтің деректерінде 1750 жылғы Лайсу–Мамырсу келісімінің басы-қасында Есенкелді бидің болғаны, сондай-ақ кейін Қытаймен жүргізілген шекаралық келіссөздер барысында оның мықты мәмілегер ретінде көзге түскені айтылады.

Абылай ханның шығыс саясатындағы маңызды бағыттардың бірі – Жоңғардан азат етілген байырғы атамекенге қазақ көшін қайта бағыттау еді. Осы үдерісте Қабанбай батыр мен Есенкелді бидің ақыл-парасаты мен күш-жігері маңызды рөл атқарды.

Матай құрамындағы Қызай рулары Тәңіртаудың батыс және солтүстік алабына қоныстана бастаған кезде ұлысаралық және тайпааралық талас-тартыстарға тап болды. Көшпелі қоғамның «Ел төресіз, жер төбесіз болмайды» деген ежелгі қағидасы бойынша елдің басын қосып, жер мәселесін шешу қажеттілігі туындады.

Осы кезде Есенкелді би ел сөзін ұстайтын беделді 170 адамды бастап, Ресей ықпалына өтіп кеткен Әділ төренің ордасына арнайы барып, оның 12 жастағы Сама есімді ұлын төре етіп сұрап алады. Сөйтіп, Қызай елін біртұтас ел ретінде жаңа қонысқа көшіріп әкеледі.

Төресі бар, ел ісін жүргізетін беделді биі бар, бес қаруы сай батыры ат үстінде жүрген Қызай елі жаңа қоныста өсіп-өркендей бастайды.

3. Байеке би

Байеке Жазылбекұлы (1820–1890) – би, қоғам қайраткері. Орта жүз құрамындағы Найман тайпасының Матай руы, Қызай тармағынан шыққан.

Жоңғар хандығы жеңілгеннен кейін қазіргі Солтүстік Шыңжаң аумағындағы қазақтың байырғы жерлерінде көптеген жайлау босап қалды. Жәнібек батыр бастаған Керей тайпалары Алтайға келіп қоныстанса, Қабанбай мен Есенкелді батырлар бастаған Найманның Қаракерей және Матай руларының бір бөлігі Алакөлді жағалай, Тарбағатай тауларын айнала қоныстанды.

Соғыс аяқталып, елде тыныштық орнаған соң халықтың мал саны көбейіп, елдің саны артты. Кең далада шөптің шүйгінін, судың тұнығын іздеген көшпелі халық жаңа өріс пен қоныс қарастыра бастады.

Осылайша Қызайдың төрт баласы үш болыс ел болып, Байеке би, Сасан би, Бұқаш би, Сәттібай би бастаған төрт бидің басшылығымен Тәңіртаудың бірнеше асуын асып, жер жаннаты Іле өңіріне келіп қоныстанды.

1820 жылы Тоқта-Барлықта әулиелігімен алыс-жақынға аты шыққан Балапан деген кісінің немересі болып дүниеге келген Байеке Жазылбекұлы ықпалды әрі беделді әулеттің тәрбиесін көріп, 16 жасынан бастап билік айтып, ел көзіне түсе бастайды.

Аталас туысы Шөңке би қартайған кезде Байеке би отыз жас шамасында ел билігін толық қолына алады.

Бұл кезде Ресей мен Цин империялары бүкіл қазақ даласын өз ықпалдарына бөліп алған еді. Қазақтар өз еркінен тыс мемлекеттік шекаралармен бөлінген елге айналып, бұрынғы ағайын арасындағы жер дауы, жесір дауы, барымта секілді мәселелер халықаралық сипат ала бастады.

Шешендігі мен ұтқыр билігі арқылы айналасына ықпал еткен Байеке би Ресей мен Цин өкілдері қатысқан бірлескен съез-сотта екі рет төбе би болып, сот ісін жүргізген.

Бұл жағдайды ақын Таңжарық Жолдыұлы:

Николай ол кезде өзгермеген,
Жамекені кім біледі, көз көрмеген.
Үйсін-Найман қосылып съез ашса,
Байеке ешбір жанға сөз бермеген, – деп жырлаған.

Байеке би күрделі тарихи кезеңде өмір сүріп, ел мүддесі үшін күрес жүргізді. Қызайлар Іле өңіріне алғаш қоныс аударған кезде бұл аймақта өмір сүрген моңғол тайпаларының әскери күші әлсірегенімен, саяси, экономикалық және қоғамдық ықпалы әлі де күшті болатын.

Олардың тілін тауып, келісімге келе отырып, жайылымдық жерлерді кеңейту, соғыстан әлсіреген халықтың тұрмысын жақсарту, мал басын көбейту және Цин империясына төленетін алым-салықты азайту – Байеке бастаған төрт бидің және Сама төре ұрпақтарының негізгі мақсаттарының бірі болды.

Осы миссияны жалғастыру жолында Байеке би жетпіске таяған шағында Қытайдың дәстүрлі Жаңа жыл мерекесі қарсаңында тарту-таралғысын алып, Күре қаласындағы (қазіргі ҚХР ШҰАР Іле Қазақ автономиялық облысы Қорғас ауданы) генерал ордасына барады.

Би генералға елдің жағдайын айтып, арыз-талабын жеткізгенде, генерал ашуға мініп, оны жезден өрілген дырау қамшымен отыз дүре соғуға бұйрық береді. Жасы келіп, денсаулығы әлсіреген қарт би осы соққыдан кейін төсек тартып жатып қалады. Еліне әрең жетіп, көп ұзамай отбасының ортасында дүниеден өтеді.

Байеке бидің сүйегі қазіргі Іле Қазақ автономиялық облысының Құлжа ауданындағы қазақтан шыққан танымал ру басылары, билер, батырлар мен төрелер жерленетін Сұлтан Уәйіс мазарына қойылған.

(Тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқаметханұлы мен Таухидин Заманұлының зерттеулері мен жазбалары негіз етілді.)

4. Сасан би

Сасан Киікбайұлы (1818–1893) Қазақстанда дүниеге келген. Кейбір деректерде оның туған жері Зайсан өңірі деп көрсетілсе, басқа деректерде қазіргі Жетісу Алатауының бөктері аталады. 1893 жылы Күнесте қайтыс болып, сүйегі қазіргі Құлжа ауданындағы Сұлтан Уәйіс мазарына жерленген.

Руы – Найман–Матай–Қызай–Бегімбет.

Әкесі Киікбай би Айтуғанұлы өз дәуірінде дәулетті әрі беделді адам болған. Атақты Біржан сал мен Сараның айтысында Біржан сал Арғынның игі жақсыларын мақтан еткенде, Сара Найманның белгілі тұлғаларын өлеңге қосып:

Ботабай, Сабырбек пен құт Баянбай,
Сасан би шапты кеше жауға аянбай.
Шынымен құлаш ұрып, самғай берсем,
Қаласың жетпек түгіл жер таянбай, – деген.

Сондай-ақ Мыңбосын мен Мәуен айтысында:

Құтырған Қоңтайжымен сайысқанда,
Болады Арғын, Торғай Алаш ұқты.
Қанғажар, ер Ботабай батырлармен,
Сасан би, Құрбанғали және шықты, – деген жолдар кездеседі.

Таңжарық Жолдыұлының бір өлеңінде де:

Қазақтың екі жүз жыл ар жағында,
Тоздырған бірден-бірі жауша шауып.
Жосыған үріккен қойдай тау мен тасқа,
Жан бағып, балдырған жеп, қайың сауып.
Қазақтың сол сергелдең дәуірінде,
Жоңғардан келген үркіп, Қызай ауып.
Байеке, Сасан, Бұқаш бастап келіп,
Іледен орын алған мекен тауып, – деп жырланады.

Ақындар шығармаларына арқау болған Сасан Киікбайұлы бала кезінен ел көзіне түсіп, жасынан зеректігімен, алғырлығымен болашағынан үлкен үміт күттірген. Ол 16 жасында би атанып, Ресей империясының генерал-губернаторының бекітуімен 1836 жылы, 18 жасында, би әрі болыс шенін алған.

Сасан Киікбайұлы өз дәуірінде Цин империясы мен Ресей арасындағы жер дауы, құн дауы, жесір дауы және басқа да дау-шарларға бірнеше рет қатысып, билік айтқан. Көп жағдайда төбе би болып, төрелік жасаған.

Оның ел арасындағы беделі мен қызметін ескерген Цин өкіметі оған «Дың дәй хуа лиң» деген мансап беріп, арнайы ұтыға – төбесіне тотықұс қауырсыны тағылған бас киім – тарту еткен. Осы ұтыға және өмір бойы пайдаланған күміс мөрлі жүзігі кейінгі кезге дейін сақталғаны айтылады.

1882 жылы Байеке, Бұқаш, Сасан, Сәттібай бастаған Қызайдың атқамінерлері Іле генералы Жін Шүнге жолығып, үш мыңнан астам қазақ отбасын Ілеге көшіріп, қоныстандыруды талап етеді. Олардың бұл талабы сол жылдың жетінші айында бекітіліп, Қызайлар үш бағыт бойынша ежелгі қонысы Іле өңіріне қарай көшеді.

Сол кездегі Іле генерал үкіметінің нұсқауы бойынша Күнесте алғаш рет ақалақшылық жүйесі енгізіліп, Сасан Бегімбет-Дербістің, Байеке Тәйірбердінің, Бұқаш Тәңірбердінің ақалақшысы болып сайланады.

Сасан би үш рет некеге тұрған. Бәйбішесі Мәликеден (Қаракерейдің қызы) Қасеке, Нүптеке, Әлімжан, Тергеусіз атты төрт ұлы және Ұлықан атты бір қызы дүниеге келген. Екінші әйелі Адастан (Құттымбет ауылының қызы) Нүптебек, Жайырбек, Еркінбек атты үш ұлы және Зинат, Изат атты екі қызы туған. Кіші әйелі Делгірден бір ұл дүниеге келгенімен, ол ерте қайтыс болып, кейін Делгір құрсақ көтермеген соң, Адастан туған Жайырбекті бауырына салып, ер жеткізеді.

Сасанның жеті ұлы да өз дәуірінің елге танымал азаматтары болып, билік жүргізіп, дәулет жинаған. Сонымен бірге Кеңес Одағы кезіндегі ашаршылық пен қуғын-сүргіннен қашқан қазақтарға пана болған.

1894 жылы Бегімбет руының болысы Сасан Киікбайұлының асы Күнестің Ақөзен жайлауында берілген. Асқа бүкіл Қызай елі шақырылып, жүзден астам үй тігіліп, қонақтар күтіліп, ат шаптырылған.

Ал 1924 жылы Нүптебек Сасанұлының асы Шығыс Түркістандағы Қызай елі берген ірі төрт астың бірі болған. Ол ас Қоңыр Құлжа, Бұлғыншы және Тойекен астарымен қатар аталады.

(Биология ғылымдарының докторы (PhD) Әлібек Ыдырысұлының жазбасы негіз етілді.)

5. Боқаш би

Есенкелді батыр қайтыс болған соң, ол кісінің орнына баласы Косет би болады. Косет би дүние салған соң, аталас туысы Бердіке (руы Құттымбет) билік жүргізеді. Бұл жылдарда Ресей империясы Қазақ елін толықтай отарына айналдырып, Хандық, Сұлтандық түзімді жойып, болыстық басқару тәртібін енгізгенде, Косет бидің ұлы Боқаш он сегіз жасқа толып, алғашқы болыстық билікті өз қолына алады. Осы аралықта Қызай руының мал басы көбейіп, түтін саны да еселеп артады да, Қызай ананың екінші жарынан сүйген кіші ұлдары Бегімбет пен Дербістің ұрпақтары бірігіп бір болыс ел болса, Қызай ананың екінші ұлы Меңістен тараған Тілеубердінің ұрпақтары да өз алдына бір болыс ел болып бөлініп шығады да, осы үш болыс ел біртіндеп қазіргі ҚХР-ның Тарбағатай өңіріне қарай көш бағытын бұрады. Есенкелді батырдың ұрпағы, іргелі, өскен елдің жас болысы ретінде Боқаш бүкіл Қызай руының береке-бірлігіне айырықша назар аудара отырып, Ілеге бет алған үлкен көштің басы-қасында жүреді. Боқаш бидің би ретінде атқарған жұмысы, тайпалар арасындағы рөлі туралы бізге жеткен дерек пен шежіреге түскен аңыз-әңгімелер қазірше тапшы болғандықтан, әңгімені осымен аяқтаймыз.

6. Сәттібай би

Сәттібай Қуандықұлы (шамамен 1824–1909) – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген би, қоғам қайраткері.

Қазіргі Қазақстан аумағындағы Аякөз–Алакөл өңірінде дүниеге келіп, сексеннен асқан шағында қазіргі ҚХР ШҰАР Іле Қазақ автономиялық облысының Тоғызтарау ауданындағы Ағарсын ауылының Науа жайлауында қайтыс болған. Сүйегі Сұлтан Уәйіс мазарына жерленген.

Сәттібай Қуандықұлы Найман тайпасының әйгілі биі Есіргептің (Қара бидің) кіндігінен тараған бесінші ұрпағы ретінде жастайынан атқа мініп, ел ішіндегі ірілі-ұсақты дау-дамайларға әділ төрелік айтып, халыққа танылған.

Қызайлар Еміл өзенінің жағасынан Іле өңіріне қарай көшкен кезде ел арасында беделді болған, көштің бағытын анықтап, барысын ұйымдастырған төрт бидің бірі ретінде халық жадында сақталған. Қара бидің ұрпағы болғандықтан да билер арасында сөзі өтімді, беделі жоғары болған.

Ілеге келгеннен кейін Қызайдың төресі Сама ауылымен қанаттас, іргелес қоныстанып, Ақтас жайлауында ірге тебеді. Кейін Сама төре ауылымен құдандалы болып, немересі Әділбек Әбенұлына Ауаш төренің қызы Ажар бикені алып береді. Ол заманда төрелер кез келген адамға қыз бере бермегені белгілі.

Кейін Тілеубердінің Жаңғабылдан тараған ұрпақтары көбейіп, бір болыс ел болған кезде ақалақшы Дарубай Сөртіұлы Сәттібай бидің абыройы мен беделін ескеріп, оны өз руының ішінде болсын деген ниетпен отыз сайлауыт жігітті ертіп барып, Нылқыдан Тоғызтарауға көшіріп әкеледі.

Сол кездегі беделді ақалақшы Дарубай Іле өзенінің сағасынан қыстау, Қожағұл жерінен көктеу мен жайлау бөліп береді.

Бірде Күнестен арнайы келген Сасан би Сәттібай бидің ауылына ат басын тірейді. Күздің соңында кержайлауға жіберілген малдың бәрі әлі келмегендіктен, қонақасыға қолда бар айғыр сойылады.

Қонақтар айғырды малдың басы деп сойғызуға қарсылық білдіргенімен, «Өлімнен ұят күшті» деп санаған Сәттібай би айтқанынан қайтпай, айғырды сойғызады. Осыдан кейін ел арасында бұл ауыл «қонағасыға айғыр сойған Сәттібай бидің ауылы» атанып кеткен екен.

Сәттібай бидің өзі және оның ауылы жөнінде көптеген аңыз-әңгімелер ел арасында бүгінге дейін айтылып келеді.

7. Байболат би

Байболат Көтебайұлы (1816–1885) – би, қоғам қайраткері. Қазіргі ҚХР-ның Тарбағатай ауданында дүниеге келген. Әкесінен жастай жетім қалып, бардам нағашысының малын бағып, отбасын асырайды. Осы барыста адал еңбек, қажымас қажыр-қайратымен көзге түседі. Нағашы жұрты жасаған дабыралы тойда моңғолдың «шынжырлы балуаны» келіп, майданға шыққан қазақ балуандарын жығып, тоқтатпайды. Осы кезде дөненін мініп, нағашы атасының алдына келген Байболат атасынан бата сұрап, шаршы алаңға шығуға өтініш білдіреді де, әлгі моңғол балуанын жеңіп, алыс-жақынға даңқы кетеді.

1861 жылы Байболат Көтебайұлы қасына Құттыбай, Қылыш деген батырларды ертіп, Іле өңіріне келіп қоныс шолып қайтады. Ол заманда Іле, Тарбағатай өңірінде көтеріліс шығып, Цин патшалығының жергілікті жердегі билігі әлсіреп, Іленің біраз жерін Әлахан (халық Қара сұлтан атап кеткен) деген кісі билеп тұрған болатын. Байболат сол кісінің алдына барып, елін бастап көшіп келуге өріс-қоныс сұрайды. Қара сұлтан рұқсатын беріп, Байболат Көтебайұлын бастап келген руының болысы етіп тағайындап, көшінің алды-артын жинап келуі үшін 25 әскер қосып береді.

Кейін Қара сұлтанның алым-салығы көбейіп, жаңадан көшіп келген руларға тізесін батырады. Салық төлеуден бас тартқан аталас Оразай, Есенғұл рулары шабуылға ұшырайды. Осы оқиғадан кейін Байеке, Байболат, Әбіті қатарлы рубасылары кеңесе келе, қайтадан Ресей қармағына көшуге қамданады. 1881 жылдары жетпіс пайызы Қазымбет руынан құралған жүз түтінді бастап, Байболат би қазіргі Қазақстанның Жетісу облысының Қапал деген жеріне келіп орнығады.

Қаптағай руының батыры Тәнекенің ұлы Есімбек болыс өз қызын Байболаттың ұлы Күнболатқа алып беріп, құдандалы болады. Ол заманда кезекті болыс сайлауларында жүз түтін Қызайдың даусы қай руға берілсе, сол ру сайлауда жеңіп шығатын жағдай қалыптасады. Босқын болып біраз қиындықты бастан өткерген жүз түтін Қызай тыныштыққа қолы жетіп, шұрайлы жерге қоныс тепкен соң мал-басы артып, дәулеті тасиды.

Алмақтың да салмағы бар дегендей, Ресей-түрік соғысы кезінде жәрдем ретінде 1000 қой атаған Байболат би император жағынан наградталып, фотосы Патша сарайына ілінеді. Сонымен бірге Жалелдин деген татар оқымыстыны ауылына алдырып, киіз үй тігіп, балаларын оқытады. Олардың ішінен суырылып алға шыққандарын Орынбор, Омбыға жіберіп, жалғастырып оқытады. Малдарын жармеңкеге жіберіп сатып, ағашшылық, теміршілік кәсіптер ашып, руластарын егін егуге үйретіп, отырықшылыққа ұмтылады. Жыл сайын Ілеге адам жіберіп, ол жақтың жағдайын жіті қадағалап тұрады.

Қызай төресі Құдайменде Байболат биге былайша өлеңдетіп хат жазады:

«Үшбу хат Байболаттай қара көкке,
Арналды алыс кеткен асыл текке.
Мұндағы Қызай-Сама тегіс аман,
Жасаған бұл жақтағы бергі бетте.

Ауылың қатарымнан көшіп еді,
Қайтып кел, тең берейік несібені.
Хат жазып Құдайменде шақыртты, – деп,
Айтып қой көз көргенге осыны енді».

Төренің сәлеміне Байболат би былайша жауап қайтарады:

«Сәлем де, Құдайменде төремізге,
Бұл жаққа дәм тартпаса келеміз бе?
Өскен жер, құтты өрісін кім қияды?
Еліңнен бұл жақтағы күдер үзбе.
Бас аман, жан ұяда тұрар болса,
Сізбенен қауышармыз келер күзде».

Дегенмен, Байболат бидің бұл арманы орындалмай, мерзімі толып, бақилық болады да, өсіп-өніп, шашауы шықпай 130 түтіннен асқан рулы елді ұябасар ұлы Күнболат Ілеге қайта көшіруге қамданады. Бұл көшті барынша құпия ұстап, ел жайлауға қотарыла көшкенде бұлар да қозғала бастайды. Көш ақырын жылжып, Қорғас шекарасына жеткенде күзеттегі орыс солдаттары бөгейді.

Солдаттар рұқсатсыз көшкен елді Генерал Алатаудың қырғыз бетіне апарып қоныстандыруды бұйырғанын айтады. Бұл елдің болысы көшкен елдің рубасымен жиын-тойда сөз қағысып, жеңіліп, араз болып жүрген Шабдан деген манап екен. Алдына келген соң аясын ба? Жүйрік ат, семіз жылқысы жоғалып, мазасы кетеді.

Сонымен жас болса да көзі ашық, көргені мол Күнболат Байболатұлы жүз бас жұтынып тұрған сайшүлікті елінен жиып алып сауда істейміз деген сылтаумен Ресей Астанасына тартады. Жол бойы жүз жылқыны алтын-күміс пен қымбат заттарға айырбастап Патшаға мол сауғамен барады. Кезінде соғысқа көмек ретінде

Мың қой атаған әкесінің суретін көрсетіп императорға дат айтады. Патша рухсатын беріп, көшкен елді шекарадан өткізуге арнайы  солдат бөліп жарлық шығарады. 1892 жылы 130 түтіннің мал-жанының шашауын шығармай толық бастап Бұраталаның Кайкен асуынан асып түсіп сонда қоныстанады.  1893 жылы жазда Ілеге жетеді. Құдайменде төре бастаған Қызайдың игі-жақсылары Байболат Көтебайұлының қара шаңырағына келіп аруаққа арнап бата оқып, құран бағыштайды. Бодандыққа түсіп, басымыздан бақ тайған заманда қазақ

Билері өз ақыл-парасатымен өктем имрериялардың басқа да ұлыстардың тілін тауып , қарапайм халықтың мал -жанын , өріс-қонысын осылай қорғай білген. Бұл үрдістен әлі де ғибырат алуымызға болады.

(Қазымбет руының шежіресі ндегі деректер негіз етілді).

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

0 пікір