Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 6588 0 пікір 28 Наурыз, 2013 сағат 05:56

Ұлықбек Есдәулет: «Ұлттық мәдениет өнімі – туынды, бұқаралық мәдениет өнімі – тауар» (жалғасы)

Ақын Ұлықбек Есдәулет мырзамен сұхбатымыздың жалғасын беріп отырмыз.

«Дүниежүзінде тоғызыншы орын алатын ұлан-байтақ жеріміздің ата-бабадан мирасқа қалуының өзі тек тарихи бірліктің айғағы емес пе? Азаттық алғанда аспаннан түскен жер емес қой.  Жеріміздің аумағы соңғы жиырма жылда азаймаса көбейген жоқ. Біз тәуелсіздіктің жиырма жылын мемлекеттігіміздің тарихымен шатастырмайық» деді ақын әңгіме барысында.

Тарихшылар жалтақ екен деп, тарих жалтақтай қоймас

-   Қазақ қазақ болғалы бір-бірінен бөлініп-жарылған ел емес. Оған қазақтың даңқты тарихы куә. Бірақ соңғы кездері қазақ бірлігі туралы көп айтылатын болып жүр. Ол сөздерге қарасақ, қазақ осы күнге дейін алтыбақан алауыз болып келгенге ұқсайды. Басы құралмаған көрінеді. Енді ғана етек-жеңімізді жиып, ел болып жатыр екенбіз. Бұл сөздер қайдан шықты? Не үшін шықты? Сіз не дейсіз?

Ақын Ұлықбек Есдәулет мырзамен сұхбатымыздың жалғасын беріп отырмыз.

«Дүниежүзінде тоғызыншы орын алатын ұлан-байтақ жеріміздің ата-бабадан мирасқа қалуының өзі тек тарихи бірліктің айғағы емес пе? Азаттық алғанда аспаннан түскен жер емес қой.  Жеріміздің аумағы соңғы жиырма жылда азаймаса көбейген жоқ. Біз тәуелсіздіктің жиырма жылын мемлекеттігіміздің тарихымен шатастырмайық» деді ақын әңгіме барысында.

Тарихшылар жалтақ екен деп, тарих жалтақтай қоймас

-   Қазақ қазақ болғалы бір-бірінен бөлініп-жарылған ел емес. Оған қазақтың даңқты тарихы куә. Бірақ соңғы кездері қазақ бірлігі туралы көп айтылатын болып жүр. Ол сөздерге қарасақ, қазақ осы күнге дейін алтыбақан алауыз болып келгенге ұқсайды. Басы құралмаған көрінеді. Енді ғана етек-жеңімізді жиып, ел болып жатыр екенбіз. Бұл сөздер қайдан шықты? Не үшін шықты? Сіз не дейсіз?

-   Бұл сөздер қайдан шыққанын, неге шыққанын жобалап түсінуге болады. Бұл - қазақ тарихын оқымаған, білмейтін, білгісі де келмейтін, немесе оқыса да қасақана мойындамайтындардың аузынан шығатын сөз. Оларға өздері қатыспаған тарихтың құны бес тиын.  Көсем тұлғаларымыз қызыл империяның, Кеңес өкіметінің кезінде қазақтың мемлекеттігін 1917 жылдан бастайтын. «Қараңғы мешеу қазақта жазу-сызу, оқу-білім, тарих-мәдениет, өнер-өркениет, өндіріс-қала, мемлекет-астана, жер-шекара  болмаған, тағылықтан тәрбиелеп, адам қылып, оқытып, көзімізді ашқан тек қана Совет өкіметі» дегенді біз де естіп-көріп қалдық қой.  Бүгінгі бұл сөздер - сол сарынның сарқыны, салқыны. Билік басындағы түрлі тұлғалар тарихты тек өзінен бастағысы келуі мүмкін. Бірақ оған тарих көне қоя ме? Тарихты отыз жыл, елу жылмен кезең-кезеңге бөлуге болар, бірақ ешқашан қысқартып, шектеп немесе бұрмалап, иемдене алмаймыз ғой. Жамау-жасқауы бадырайып көрініп тұрады. Қанша бүркемелегенмен шындық ашылады. Біздің ұлтымызда бұрын бірлік болмаса қазақ халқы қайдан шықты, мемлекетіміз қайдан пайда болды? Дүниежүзінде тоғызыншы орын алатын ұлан-байтақ жеріміздің ата-бабадан мирасқа қалуының өзі тек тарихи бірліктің айғағы емес пе? Азаттық алғанда аспаннан түскен жер емес қой.  Жеріміздің аумағы соңғы жиырма жылда азаймаса көбейген жоқ. Біз тәуелсіздіктің жиырма жылын мемлекеттігіміздің тарихымен шатастырмайық.  Орыстар өз мемлекеттігін бұрын Киев Русінен бастаушы еді, оған украиндар ие болғалы бері қазіргі кезде «скиф пен гун арғы атамыз, Атилла хандығы мен Алтын Орда өз мемлекетіміз, Византия біздің тарихи-мәдени төркініміз» деп иемденуге кірісе бастады. Олар өз тарихымызды қайтсек тереңдетеміз деп жанталасуда. Соңғы жылдар басылымдарындағы ақпараттар осыны аңғартады. Туысқан қырғыз елі Қырғыз қағанатының құрылуынан бастап санап, осыдан бес-алты жыл бұрын өз мемлекетінің 2200 жылдығын дүркіретіп атап өткен. Ал біздің тұмсығынан арғыны көрмейтін «көрегендеріміз» әлі күнге дейін «ел болғанымызға 20 жыл болды» деуден танар емес. Сол да мақтан болып па? «Осы жылдар ішінде бұрын-соңды болмаған мемлекет құрдық» дегенді жиі естиміз. Бұл мемлекет тақыр жерге құрылған жоқ қой?  Бұл - «мені ата-бабам,  әке-шешем туған жоқ, өзімді өзім тудым» дегенмен парапар  емес пе? Біздің мемлекеттігіміздің тарихы таста қашаулы тұрған Түрік қағанатынан бастау алатынын ауыз толтырып айтудың орнына «жұмақтай жиырма жыл» деп күпсіне береміз. Өткенді мансұқтау, ауызды қу шөппен сүрту деген осы шығар? Тарихи тұрғыдан қарасақ, бұл не қылған кері кету? Тіпті француз Конституциясының атасы Наполеон да Франция тарихын өз тұсынан бастамаған. Бүйте берсек, бізге тесік астаудан басқа түк те қалмайды. Билікке мұның надандық екенін айтар ауыз болмаса қайда барып оңамыз? Тарихшылар жалтақ екен деп, тарих жалтақтай қоймас.

-   «Қазақ қазақ болғалы бір-бірінен бөлініп-жарылған ел емес» десекте бір таңқаларлығы қазақтың ішінде қазір ала-құлалық бар. Орыс тілді қазақ, қазақ тілді қазақ. Уахаббист қазақ, сопы қазақ. Оралман қазақ, жергілікті қазақ. Бай қазақ, кедей қазақ. Қазақтың өз ішінен осылай жіктелуі дұрыс па? Әлде бұл бүгінгі қоғамға лайық сипат па?

-   Тарихи бірлікті сақтай алмасақ  келешек бізді кешірмейді. «Кімнен таяқ жегендей біздің қазақ баласы, алдырып жүрген дұшпанға өз-өзінің аласы» деген бұрынғыдан қалған аталы сөзде ащы шындық жатыр! Алауыздық пен ала-құлалық, тілдік және діндік қайшылықтардың бәрі де жүйесіздіктен, біліксіздіктен, білімсіздік пен дүмшеліктен шығып отыр. Сондықтан қоғамның, әсіресе жас буынның білім деңгейін қазіргіден анағұрлым арттыру керек деп ойлаймын. Саясаткерлеріміз бен идеологтарымыз, ғалымдарымыз бен мамандарымыз, мәдениеттанушыларымыз бен дінтанушыларымыз  осы бағытта бас ауыртып, бағдарлама түзіп, оңтайлы тетігін жасап берсе қанеки?!.

Бізде кейде байланысшы инженер мәдениет саласын басқара кетеді, мылтық ұстап көрмеген кісі күллі әскерге әмір жүргізеді,  есепші денсаулық саласын шырқ үйіреді, цирктен шыққан адам сыртқы саясаттың тізгінін ұстап отырып, ішкі саясатқа  араласа береді, бұлардың бәрін гинеколог-генерал басқармақ болады. Бәрі де әртүрлі ғылымдардың докторлық дәрежелерін қаттап қалтаға басып алған.

Сондықтан да, құм басқан араб шөлінен әкеле жатқан кемелеріміз жағалауымызға жете алмай суға батып кетеді, көрші елден сатып алған пойыздарымыз рельске сай келмей, вагондары улы болып шығып, темір-терсекке лақтырылады, дәрігерлеріміз шиеттей балаларды шырылдатып, өз қолдарымен  СПИД егіп береді, шетелден қыруар қаржыға әкелген алпауыт сиырларымыздың мүсәпір халі анау... пышаққа да ілікпей өртеліп жатыр...  Шексіз шығын... ысырапшылдық... оған қылымыз қисая ма, бай елміз, бәрі де орнына келеді... ұмытылады... Бай елміз, мұнайымыз, газымыз, уранымыз, алтын-күміс, мысымыз,темір-көміріміз көп деп көпіреміз, солардың қызығын көріп жатқан қазақ жоқ.

Қызметтің жалына жармасқандардың бәрі шетінен өзін бесаспап санайды, қолымнан келмейді-ау, мамандығым сәйкеспейді-ау деген бір шіркін болсашы! Қайда отырғызсаң сонда қыбырлап, жыбырлап жұмыс істей береді. Суырып ап суға сал,  жұлып алып жерге ек, ойға отырғыз, қырға шығар: оған құм ба, тас па, тұз ба, сор ма, қара топырақ па - бәрібір, өне береді, өсе береді. Тек оңған жеміс бермейді. Түбін қырқып тастасаң бас жағынан да тамырлана беретін арамшөптен айнымайды.  Жүйесіздік пен біліксіздік деп отырғаным осы. Мұны қазіргі саяси тілде дилбертизм дейді. Карикатурист Скотт Адамстың комикстеріндегі Дилберт дейтін өзін бесаспап санайтын пысық әпенді кеңсе кейіпкеріне қатысты шыққан термин. Кеңсе тілінде тіпті «дилберттену» деген етістік пайда болыпты. Бізде осы дилбертизм індеті жұқпаған сала жоқ. Мұндай тағайындаулар - тек біздің мемлекетте ғана іске асуы мүмкін кереғарлықтар. Кезінде «Біз - дилберттер еліміз» деген сөзді айтқан мен емес, кәдімгі банкир Марченко. Бірақ, Гришаның  дилберттер деп  отырғаны таңертең - қаржы, түсте - астық, кешке - балет туралы жазатын, бірақ соның үшеуінің де мәніне түсініп, бойлай бермейтін әмбебап журналистер туралы болатын. Ал мен бар болғаны ол қозғаған  тақырыпты ары қарай дамыта қарастырып отырмын.

Тұтқалы, құзырлы орындарда көрінбейтін кранмен әлдеқайдан көтеріліп келіп, кез-келген босаған таққа қонжия қалатын қолдыаяқты ер-азаматтар көбейіп келеді. Олардың қолынан келмейтіні жоқ-мыс: от та жағып, егін де салып, мал да бағып, кілем де қағып, үй де салып, кен де қазып, министрлік, облысты да басқарып, тіпті қажет болып қалса «бала да тауып» жіберетін кейіптері бар.

Ең бастысы, көп тіл біледі, тек қазақ тілінен басқасын. Ең бастысы, атқармайтын жұмысы жоқ, тек ұлт шаруасынан басқасын.

Қазақстанда жиырма жылда қалыптасқан кадр саясаты осындай.

Осыларды көріп отырып, қазақ көшін кім тоқтатты деп аңыраямыз.

Осыларды көріп отырып, дініміздің діңгегі неге солқылдады деп таңырқаймыз.

Бізде әкімдер мен министрлерді тасқаяқтай қағыстырып ауыстырып жатады, бірінің бастаған ісін екіншісі жалғау деген жоқ, жаңа басшы бұрынғы  басшының бастаған ісін қолға алып,  аяқтап шығыпты дегенді естігенің бар ма? Керісінше, жаңа басшы өзін іскер реформатор  ретінде көрсету үшін, бұрынғы әріптесінің бітіріп үлгірмеген жұмысына жоламастан көме салып, келе-сала өзінің жаңа жобасына кіріседі. Бұл да биліктегі жүйесіздіктің айғағы, сабақтастықтың жетіспейтіндігінің көрінісі.

Тендер деген мал шықты. Оның жылма-жылғы қорытындысы қазанның құлағындағы шенеуніктердің ұпайы түгелденгенше  шығарылмайды. Оған дейін жарты жыл бойы сірескен  қаржы сеңі жүргенше ешкім тырп етіп жұмыс бастай алмайды. Өлдім-талдым дегенде, өлімсіреп мизам келгенде мердігердің қолына қазаншының ындынынан артылып қалған сарқыттай сауапты бүйрек-сирақтар тие бастайды. Қолға тимей, қоржынға түспей жатып жырымдалған сол қаржыға  қалған жарты жылда өл-тіріл, жыртыл, қайтсең де бір жылдың жұмысын тындыруың керек. Бұдан кейін САПА дегенің сандырақ, көз алдаған сағым болып шықпағанда қайтеді? Соңыра, жарты жылда жанталасып тұрғызып, кілтін сырнайлатып-кернейлетіп Көшбасшыға тапсыртқан салтанатты сарайдай тұрғын үйің бір-ақ сәтте жалп етіп құлап жатса, несіне таң қаласың? Астында қалмағаныңа шүкір айтып, аман шыққаныңды тойла. Қазіргідей  тендер жүйесінен бұдан басқадай нәтиже күту асылық.

Біздегі тағы бір жаңа салт-дәстүр - ел қазынасын есепсіз тонаған қарақшы шенеуніктер шекара асып, қарасын батырғанша күтіп отырып, «ұсталмайтын жерге жеттім» деген кезде іздеу жариялай бастайды. Баланың «тығылмақ» ойыны сияқты.

Астанаға барсаң, «Хабарды» қарасаң мерейің өседі, дүниенің бет-пердесін сыпырып қайта бір қарасаң жаның түршігеді. Қаладағы үйсіздер, даладағы күйсіздер. Ауызсусыз ауылдар, жолсыз шақырымдар, бір заманда ұшақтар ұшып-қонып жүретін, бұл күнде адыра қалған шалғай мекендер. Шекара бойлай қаңырап қалған қоныстар.  «Ертістің арнасы түсіп кетті» десең, өтірік айтпашы, «топан су» қаптап жатқан жоқ па деп сенбейді.  «Тотықұс  қанатына қарап түрленеді, аяғына қарап қорланады» - деген қанатты сөз тұп-тура бізге қаратып айтылған ба дейсің! Дилберттер басқарған елдің шын болмысын көретін көз керек.

Ал біз капиталистік қоғамды таңдаған екенбіз, онда таптық қарым-қатынас қайшылығына да дайын болуымыз қажет.  Әлеуметтік теңсіздікке ашынып алаңға шыққанның, немесе қарны ашып ақша сұрағанның бәрінің аузын оқпен жаппақ болу - ессіздік, үлкен қылмыс.  Табиғи байлық тең бөлінбей теңдік болмайды. Теңдік болмаған жерде ішкі тұрақтылыққа кепілдік қайдан болсын... Байлық пен билік қашан да ауыз жаласады, ал аузы аппақ болған қара халық қайтпек? Бір тілді болмай бірлік жоқ. Осыны ескеретін кез өтіп барады. Ертең көп ұзамай соның зардабын тартамыз ба деп қауіптенемін.

-   Ащы да болса анығын айттыңыз. Біздің қоғам расы керек, ел ағаларынан осындай  батыл әм байламды сөз күтіп отыр. Ойлы сөз қоғамның ойын да, бойын да өсіреді.

Ал, аға, енді мына әңгімеге келейік.Қазіргі кезде қоғамда әліппе ауыстыру жөнінде қызу талқылаулар жүріп жатыр. БАҚ-та жарияланған  М.Шаханов бастаған латын  қарпіне көшуге қарсы үндеуге қол қойғандар қатарынан сіздің аты-жөніңізді көре алмадық. Сіз қай жағындасыз?

-   Мысырдағы Александрия кітапханасында болғанымда еңселі ғимараттың қасбетіндегі маңдайшада дүниедегі барлық әліпбилер қашалып, бәдізделгенін көрдім.  Жуан ортасында біздің көне түркі жазуы көзіме оттай басылды. Сонда тұрып, шіркін-ай, мына таста қалған біздің ата-бабамыздың төл жазуын қуратып-өлтірмей, жан салып-тірілтер ме еді деп армандадым. Анау армян, грузин әліпбилерінен қай жері кем? Олардан біздің ұлтымыздың қай жері кем? Егер біз жүз жылдығымызды ойласақ - латынға көшейік, ал мың жылдығымызды ойласақ - көне түркі жазуына көшкеніміз жөн. Көнетүркі әліпбиін қолданысқа енгізу - бұл біздің қазақ ұлтының әлемдік өркениетке қосқан теңдессіз бірегей үлесі болып табылар еді. Қазаққа қажетті бірнеше әріпті қосып жетілдіру, «Майкрософт» арқылы компьютерлік нұсқасын жасау дегеннің оп-оңай шаруа екенін бүгінгі мектеп баласы да біледі. Егер біз бұл қадамға барсақ, түбі бір түркі жұрты түгелімен қазақтарға бағып, күндердің күнінде біртіндеп сол төл жазуымызға көшпесіне кім кепіл! Қазақтың төл әліпбиі - көне түркі жазуы! Қазір өз  алтынымызды бағаламай, басқаның бақырына жармасып отырғанымызды мойындайық.

-   Саясатты, поэзияны, қоғамды қоя тұрып, мынандай бір сұрақтарға келейік. Рүстемдей оғыланынан көз жазып қалған жұрт қатты қайғырды. Рүстем Есдәулет жұлдызды жігіт еді. Марқұм Рүстем ініңізбен өнер, театр туралы әңгімелесетін бе едіңіз? Оның кеудесінде қандай арман кетті?

-Рүстем Санкт-Петербургтегі театр институтын бітіретін жылы кенеттен қайтыс болды.  Даңқты режиссер, ұстазы Лев Додиннің эксперименттік театр бөлімін тамамдап, диплом жұмысын қоюға дайындалып жүрген. «Жақында шенген визасын алып, Европаның бүкіл атақты театрларын аралап, танысып шығатын болдық. Батыстың бір театрынан стажировкадан өтіп, дипломдық спектакль қоятын болдым» деп жүрген. Соған үлгірмеді. Бірақ оның көзі тірісінде қазақстандық театр мамандарын түгел мойындатқан «Атымды адам қойған соң» спектаклі Қазанда, Түркияда, Уфада өткен театр фестивальдарының бәрінде топ жарып, жүлде алды. Мәскеулік аса беделді театр маманы, «Театральная жизнь» журналының бас редакторы  Олег Пивоваровтың: «Қазақ режиссері Рүстем Есдәулеттің Абай өлеңдерін арқау еткен бұл спектаклін - шедевр, классика ретінде бүкіл дүние жүзіне көрсету керек» деген сөзінің видеокөшірмесі қолымда.  Қазір Өскеменде Рүстем өзі жасатып кеткен жоба бойынша жаңа қазақ драма театры салынып жатыр. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев былтырғы еске алу кешіне барғанымызда Рүстемнің ұстазы Асанәлі Әшімов екеумізге  театр құрылысын көрсетіп, оған Рүстем Есдәулеттің есімін беретінін айтып, көңілімізді көтеріп қойды.

-   Сіз композитор Төлеген Мұхаметжановтың әндеріне сөз жаздыңыз. Ол әндерді әу дейтін қазақтың көбі айтады. Өзіңіз ше? Сол әндерді өзіңіз де айтасыз ба, жоқ әлде тыңдаушысыз ба? Төлеген ағамен творчестволық одағыңыздың есте қалған бір  сәтін айтып беріңізші?

-   Құдай маған әу дейтін дауыс бермеген, мәу дейтін музыкаға да жоқпын. Негізі ән-күйді сүйетін отбасында өстім: үйде пианино, баян, домбыра, скрипка сияқты аспаптардың бәрі болды. Менен басқа балалар, ішінде Рүстем де бар, мектепте жүріп музыкалық білім алды. Ішімізден Бағдат апайымыз композитор болып шықты. Екеуміздің біраз жақсы әңдеріміз де бар. Ал Төлеген ағам сонау бір жылы бірде аяқ астынан алғашқы махаббат туралы өлең жазып беруімді өтінді. Опера-балет театрында Нұржамал Үсенбаеваны көріп, ғашық болып, әдемі ән шығарған екен. Музыкасын тыңдап ұнатып, «Ақ желкен» деген атпен өлеңін он бес минутта жазып бердім. Төлеген ағам сол әнімен Нұржамал арудың жүрегін жаулады ғой...

-   Опера демекші, жақында Астананың  «Конгресс-Холл» сарайында қойылған «Бейбарыс сұлтан» операсының либреттосының авторы екеніңізді оқып білдік. Күнде немесе жылда туа бермейтін мұндай күрделі шығарма  қалай жазылғанын айтып берсеңіз?

-   Операның музыкасын жазған әкелі-балалы композиторлар Айтқали және Арман Жайымовтар. Осыдан он жыл бұрын атақты опера әншісі Ғафиз Есімов сол Айтқалидың «Бейбарыстың толғауы» деген әнін орындап жүріп, осы тақырыпқа опера жазылса деп армандайды. Екеуі операның фабуласын құрып, Айтқали музыкасын шығарып, енді либреттосын жазатын ақын іздеп, ақыры маған тоқталыпты. Содан осы операның арияларын жазуға бір жылдай уақыт жұмсадым. 2003 жылы «Бейбарыс сұлтан» операсының либреттосы «Жалын» журналында жарияланған. Келесі жылында елу жылдық мерейтойыма орай өткізілген шығармашылық кешімде осы операның үш ариясы орындалып, жұртшылық жылы қабылдаған. Содан бірнеше жыл өткенде Айтқалидың музыкант баласы Арман консерваторияның композиторлық бөлімін бітіріп шығып, осы операны қайта қолға алды. Сюжетіне, арияларына  өзгерістер енгізіп қайта жазып шықты. Астанада концерттік нұсқа ретінде қойылған осы соңғысы. Либреттосында менің тарапымнан әлі қайта қарайтын, қосатын, алатын, қырнап-жонатын, ширататын тұстарым бар.

-   Бильярдты шебер ойнайтыныңызды білеміз. Басқа қандай өнеріңіз бар? Үнемі спорттық бабында жүретін  адамға ұқсайсыз. Спортпен шұғылданасыз ба?

-   Сырғақсып жүріп байқамай спорттан сырттап қалыппыз. Кезінде біраз қызығып, айналысып көрдік. Бір кездерде сальто, шпагат болып еді дегенді айтуға да ендігі ауыз бара бермейтін болды.  Ал өнерден мақұрыммын. Биллиард ойнау біз сияқты отырықшы жазу адамына қозғалыс, сергектік үшін, көбірек жаяу жүру үшін  керек.

-   Жылдың қай мезгілінде, қандай уақытта шабыт келеді? Өлеңді қалай жазасыз?

-   Бұрын көктем, күз айларында өндіріп жазатын едім. Қазір ондай ағыл-тегіл шабыт жоқ. Шабыт келсе мезгіл таңдамайтын болдық қой.

-   Еңбек демалысыңызды қайда, қалай өткізгенді ұнатасыз? -- Өзім туып-өскен Шығыс өңірінде демалатын жер аз емес. Алтайға, Зайсанға жылда баруға тырысамын. Өскемендегі «Көгілдір бұғаз», Сібе көлдері нағыз керемет, Бурабай мен Жасыбайға қатты ұқсайды. Ыңғайы келіп жатса жаз кезінде Алакөлге немесе Ыстықкөлге төрт-бес күнге  барып, шомылып қайтуға не жетеді? Былтыр қыста ұлым өзінің  тапқан табысына Дубайға апарып демалдырды. Кейінгі бірнеше жыл бойы Марқакөлге жолым түспей, жете алмай жүрмін.

- Сіз өз қатарыңыздың ішінде бүгінгі ақпараттық технологиялардың тілін тәп-тәуір меңгеріп алған адамсыз. Қазақ сайттарын жиі қарап тұрасыз ба? «Abai.kz» ақпараттық порталымен таныссыз ба?

- Әрине, компьютер қоссам бісмілласын «Abai.kz», «Ult.kz», порталдарынан бастап, белгілі қазақ сайттарына көз жүгіртіп өтемін. Мұршам болса «Азаттық», «BAQ.kz», «Серкеге» қоса кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының сайттарын да шолып шығуға тырысамын. Анда-санда тіпті «Баян-өлгейдің» сайтына да кіріп, жақсы шығарма іздейтінім бар. Қазір қазақ сайттары күрт көбейіп келеді. Бұл қуанарлық-ақ жағдай, әттең, бірақ бәрін қарай беруге уақыт тапшы.

«Феодолизмді» аңсау

- Аға буын өкілдері туралы, өзіңізбен тұрғылас қаламгерлер туралы ғибратты әңгімелер айтуға ұстасыз. Соның бірін біздің оқырманның да білгісі келеді...

-  Сонау бір жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне ақын Кеңшілік Мырзабековты іздеп барып, Ақселеу Сейдімбеков ағаға жолығып қалдым. Күректей алақанында жоғалып кеткен менің кішірек қолымды салалы саусақтарымен қысып тұрып:

- Осы күнгі кейбір жастар қол алысып, сәлемдесудің жөнін білмейді. Амандық жоқ, саулық жоқ, өлген балық ұстатқандай қолын бере салады. Ондай сүлесоқ сәлемді алғың да келмейді. Сенің сәлемің, міне, білетін адамның берген қарапайым  ілтипатты сәлемі. Осылай, кісінің көзіне тура қарап, ықыласпен қол қысыса амандасу керек. Қолың мен көзің сәлемдескен адамға деген сенің шын ниетіңді білдірмек. Дұрыс,-деп бір қойды. Сосын:

- Кеңшілік  қазір келеді, отыра тұр,-деп орын ұсынды.

Аядай кабинеттің босаға жағындағы қабырғада тарқатылған ұзын қалың қара шашы иығынан аса төгіліп, тірсегін көмген бір сымбатты бойжеткеннің үлкен суреті ілулі тұр екен. Қап-қара қолаң шашы қара дариядай болып, тасып, толқып, төгіліп жатыр. Соған менің назарым ауғанын байқап:

- Міне, қазақ қыздары осындай болуы керек. Бұл суретті Қарағанды облысында тілші болып жүргенде түсірген едім,-деді.

Сәлден кейін Ақаң бұрышта тұрған қоқыс шелегінен шеті қылтиып жатқан  әлдебір қағазды саусақ ұшымен іліп алып шықты. Екі-үш параққа ұсақ әріптермен толтыра жазылған мақала ма дедім. Маған соны  көрсете отырып, бір әңгіме бастады.

- Әлгінде ғана осында Сәду Машақов деген ақсақал келіп, мына жазған дүниесін газетке басуды сұрады. Байқасам, сын мақала екен. Сын болғанда да басқа емес, бір әннің сөзіне жазылған солақай сын. Қазір көп айтылып жүрген Теміржан Базарбаевтың «Ауылым» дейтін тамаша әні бар ғой. «Кіндігімнің жас қаны тамған жерім- ауылым» деп басталатын өрелі өлеңін Жабайыл Бейсенов деген ауылдық ақын жазған. Сәду ақсақал сол әннің сөзін тас-талқан сынапты. «Бұл деген ескілікті көксеу, феодализмді сағыну, баяғы киіз үйде тұратын қараңғы, надан, тұрпайы тұрмысты аңсау, қазіргі техникалық прогресс, советтік социалистік  өрлеу заманында мұндай кертартпа әнмен қайда бармақпыз? Гүлденген дәуірде жусан мен жуаны жоқтап жүрген не қылған бейшаралық?  Сондықтан бұл ән эфирден алынуы керек» деп жазыпты. Содан мен ол кісінің бетіне қарап отырып, жаймен ғана:

-  Ақсақал, сіз осы күнде лимонад, фанта ішесіз бе, әлде қымыз, шұбатты тәуір көресіз бе?- деп сұрақ қойдым.

-  Әрине, қымыз бен шұбатқа не жетсін, дәм-татусыз көк суды кім ішеді?- деді ол күлімсіреп. Шамасы, мен өзіне ұсынуға сусын таңдатып  отыр деп қалған болуы керек.  Ойында  басқа түк те жоқ сияқты..

-  Ал, сосиска мен қолбаса жегенді жақтырасыз ба, әлде қазы-қарта, жал-жая жаға ма?- дедім.

-  Қарағым Ақселеу, баланың сұрағын қоймасаңшы, туырылған қазы-қарта тұрағанда былжыраған сәсиске жеп жын ұрып па?-деді ол, енді ғана әлденеден күдіктенгендей болып.

-  Ендеше, ақсақал, мына мақалаңызды ешкімге көрсетпестен алып кете қойыңыз. Сіз жазған жоқсыз, мен оқыған жоқпын,-деп қолына ұстата беріп едім, сілейіп, қалың көзілдірік ішінде көзі жыпылықтап біраз тұрды да, сөзімнің төркіні миына жеткен кезде мына мақаласын өз қолымен қоқыс шелегіне лақтырып кетті,-деп Ақселеу аға бар денесімен селкілдей күліп, әлгі «туындыны» шелектегі жылы орнына қайтадан атып ұрды.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Біләл Қуаныш.

«Abai.kz»

(Соңы)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282