Жұма, 11 Қазан 2024
Айқай 2638 17 пікір 16 Ақпан, 2023 сағат 12:34

Авторитарлы биліктің сенері тек – қарулы күші!

Қазақстандық кәсіпкер және «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев украиннің танымал журналисі Дмитрий Гордонға сұхбат беріп, әңгіме барысында Украинадағы соғыс қашан аяқталаныны туралы ойын білдірді.

«Путин соғысқа бар күшін салып, жеңетін де шығар, бірақ нағыз жеңіске жете алмайды. Басып алған жерді ұстап тұру керек, ал ол ұстап тұра алмайды. Украина ешқашан күшпен басып ұстап тұруға көнбейді.

Мен Украина тәуелсіздігін сақтап қалады деп өте қатты үміттенемін. Қалай десек те, Батыстың Украинаға жіберіп жатқан қару-жарағы, ленд-лиз әсерін бермей қоймайды. Кезінде Наполеонға дейінгі адамдар «Соғыс – ақша, ақша және ақшаға тәуелді» деп айтып кеткен. Украинаға шетелдің көмегі болмаса, әрине, жағдайы қазіргі кезден мүшкіл болар еді. Не дегенмен Ресейдің артында ескі болса да әскери-өндіріс кешені бар ғой. Ескі қару да адам өлтіруге қауқарлы. Оның үстіне Ресейде адам ресурсы баршылық. Әрі 20-30 адам өлсе артынан сұрау салып, дау тудырып, жауапкершілікке тартатын демократиялы мемлекет те емес. Мұнда миллиондап адам өлсе де, Путинді ешкім жауапқа тартпайды. Сол миллиондаған адамның басына ақыл кіріп, ойланбайынша, олар соғысқа өз еркімен кете беретін болады», - деді Жәкішев.

Оның айтуынша, авторитарлы биліктің сенері тек – қарулы күші.

«Сол күштік құрылымдар, полиция:  Мен кімді, нені қорғап жүрмін? Өзімде жоқ яхталарды ма, зәулім сарайларды ма, әлде шетелдегі ақшаларды ма деп, ойланып, тек билікте отырғандарды қорғап жүргенін түсінген кезде, сондай ой басына келген кезде ғана, олар халықтың жағына шығады. Құқығын қорғаған көпшіліктің ішінде болады. Авторитар биліктің нағыз қорқынышы да – осы», - деді ол.

Жәкішев соғыстың қашан бітетінін болжау мүмкін емес, тек Ресейдің күш-қуаты сарқылғанда ғана аяқталатынын айтады.

«Мұндай жағдайда соғыстың қашанға созылатынын болжау қиын. Ресейдің әл-дәрмені кеткен кезде ғана бітетін шығар. Қазір мобилизациядан кейін қаншама білікті мамандар Ресейден кетті. Ресейдің қару мен техникасын басқаратын, шығаратын мамандар қалмады. Соғысқа керек танкілер мен қару-жарақтарды шығаратын кәсіпорындар тоқырайды деп үміттенемін. Сіздерге шын жүректен жеңіс тілеймін», - деді кәсіпкер.

Айжан Темірхан

Abai.kz

17 пікір