Бейсенбі, 20 Тамыз 2026
Абай мұрасы 500 0 пікір 19 Тамыз, 2026 сағат 14:58

Лай суға май бітпес қой өткенге...

Коллаж: Abai.kz

Данышпан Абай бабамыздың өмірдің терең сырын ашатын «Лай суға май бітпес қой өткенге» атты өлеңін түсіну оңай емес. Оның түпкі мәнін рухани деңгейде ғана қабылдауға болады. Ал кейбір оқырмандар оны қарапайым өмірлік көзқараспен түсініп, білгісі келеді. Рухани өмірге үңілуге мүмкіндік беретін терең мағынасы оларға ашылмай, түсініксіз болып қала береді.

Бұл өлең өмірдің түпкі мақсатын көрсетіп, Болмыстың ішкі сырын ашып қана қоймай, сонымен бірге, хакімнің жан дүниесіне үңілуге мүмкіндік беретін шығарманың бірі. Өлеңнің мазмұны үлкен шығарманы керек қылады. Бірақ, біз оны бір мақаланың аясына сиғызып көрелік.

Өлең өмір көрінісінен басталады. Оны былай суреттеуге болады. Кешкі іңірде дөң басында отырған хакім Абай төменде жайылған қойларды көреді. Олар бұлақтан су ішіп, әрі өтіп кетеді. Алыста жүрген қасқыр жүгіріп келіп лай суды жалай бастайды. Болмыстың әр көрінісінен өмір заңдылықтарын тани білетін данышпан бабамыз терең ойға шомылады.

Лай суға май бітпес қой өткенге,
Күлеміз қасқыр жалап, дәметкенге.
Сол қасқырша алақтап түк таппадым,
Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?

Қасқыр лай суды неге жалайды? Себебі – ол аш. Тамақ үшін күрес – табиғаттың бір көрінісі. Аш қасқыр да тамақ іздеп даланы шарлап жүріп жайылған қойларды көреді. Семіз қойлардың мұрын шүйіртетін иісін сезеді, бірақ оларға жақындай алмайды. Маңындағы қойшылардан, шәуілдеп үрген күзетші иттерден қорқады. Бұлақтан шөлдерін еркін қандырып, әрі өткенде қойлардың артында лайланған су қалады. Ашыққан байғұс  қасқыр қой өткен соң жүгіріп келіп лай суға бас салып, жалай бастайды. Не себептен ол лай суды жалайды? Себебі – су қандай лай болса да, бұл суда қойдан қалған өзінің аңсаған майлы тамағынан бірдеңе бар деп дәметеді. Бірақ, өкінішке орай, қасқырдың дәметкен майы жоқ. Себебі – лай суға май бітпес қой өткенге. Қойдың артында иісі қалуы мүмкін. Бірақ аш қасқырға қойдың иісі жеткіліксіз – тамағын тойдырып, құмарын қандыратын қойдың майы керек. Иіс қасқырға қанағат бере алмайды. Біз бұны білеміз, сондықтан «Күлеміз қасқыр жалап, дәметкенге».

Бұл көрініс ақынды терең ойға батырады. Ол фәни әлемді лай суммен балай отырып, суды жалап дәметкен қасқырдан өзін көргендей болады. «Сол қасқырша алақтап түк таппадым» деген тұжырымға келеді. Себебі, жүрек көзі ашылған адамға фәни әлем өмірдің былғанышымен былғанған лай су тәрізді. Жан құмары фәни әлемнен өзіне қанағат іздейді. Бірақ, таба алмайды.

Не себептен Абай өзін аш қасқырмен салыстырып отыр? Себебі – екеуінің жағдайы бірдей, екеуінің де құмарлығы қанағаттанбаған. Аш қасқырдікі – тән құмары. Ал Абайдікі – жан құмары. Қандай құмарлық болса да, ол қанағаттануы керек. Қанағат таппаған тән құмарлығы – тәнді, жан құмарлығы – жанды қинап, зардап әкеледі. Бақыт жоғалады. Жабайы қасқыр инстинктпен өмір сүретіндіктен өз жағдайын түсінбейді. Оның ойлау қабілеті жетілмеген. Ал адам баласына ерік пен ойлау қабілеті берілген, сондықтан ол түсініп, зардаптың себебін табуға ұмтылады. Осылай. жаны қиналған Абай ақыл-есін пайдаланып, зардаптың себебін іздеп, өзінің ішкі дүниесіне үңіледі. Адамның рухани байлығы сыртында емес, ішкі дүниесінде жатыр. Бірақ ол ішкі дүниесінен ештеңе таба алмай, «Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?» деп қайран қалады. Неге Абай ішкі дүниесін жайлаумен салыстырады? Себебі қазақ жазғытұры жайлауға шығады. Бұл  кезде ақын Абайдың өзі «Жазғытұры» өлеңінде суреттегендей «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы, Масатыдай құлпырар жердің жүзі» дейді. Масатыдай құлпырған жайлауда бүкіл табиғат гүлденіп, адам қуаныш-шаттыққа бөленіп, бақытты  сезінеді. Табиғат адаммен бірге гүлденіп, өмір жанданады. Осыған ұқсас, көңілдің жайлауы құлпыру үшін ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек тәрізді адами  қасиеттер керек. Табиғат жайлауын ел құлпыртса, ал көңілдің жайлауын осындай адами қасиеттер құлпыртады. Жан құмары түк таппаған соң, Абай өзінің көңіл жайлауынан бұл қасиеттерді таба алмағандай болады.

Себебі, фәни өмірдің қызығы жан құмарын қандыра алмайды. Жалықтырады. Жалығу туралы өзінің жиырмасыншы қара сөзінде «Пендеде бір іс бар жалығу деген... Оған егер бір іліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді... Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды» деп түсіндіріп кеткен. Жалығудың себебі неде?  Жанның қасиеті – мәңгілікті, санасы жоғары және ләззатты болса, ал тәннің қасиеті оған қарама-қарсы – уақытша, санасы жоқ және қасіретке толы. Жалған фәни әлем мәңгілікті жанды ұзақ уақыт қызықтыра алмайды, жалықтырып жібереді. Жалыққан көңіл барлық қызығынан айырылып, қаңырап бос қалған тәрізді.  Оған енді татымсыз фәни өмірдің қызығы емес, бақи әлемнің шексіз ләззаты керек. Соны аңсайды. Осылай Абай өзінің төрт жол өлеңімен фәни өмірдің шын сипатын ашып отыр. Данышпан бабамыз фәни өмірден бас тартып, бақи әлемге бет бұрғанын білдіргендей болады.

Жан құмарын іздеген данышпан болмыс сырына терең бойлап, Болмыстың түпкі мәніне үңіледі. Туған-туыс, қоршаған орта тәрізді өмір көріністері рухани жетілуге арналған құрал екенін түсіне бастады. Өмір заңдылықтары мен тіршілік көріністері барлық жан иелеріне бірдей, ортақ берілген. Үйлесімді өмір сүру үшін оларды дұрыс пайдалана білу керек. Ақын бұл ойын былай деп береді:

Берген бе, Тәңірім, саған өзге туыс?
Қыласың жер-жиһанды бір-ақ уыс.
Шарықтап шар тараптан көңіл сорлы
Таппаған бір тыянақ не еткен қуыс?

Осылай туыстық қатынастарды, басқадай өмір көріністерін дұрыс пайдалана алмай жүргенін түсініп, өзін сынға алады.

Әрі қарай ішкі дүниесіне үңіліп, данышпан өзінің ішкі сырын ашады. Жан дүниесін ол   былай деп суреттейді:

Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,
Өзіне құмар қылған Оның әмірі.
Халиққа[1] махлұқ ақылы жете алмайды,
Оймен білген нәрсенін бәрі – дәһрі.[2]

Өзгені ақыл ойға қондырады,
Біле алмай бір Тәңіріні болдырады.
Талып ұйықтап, көзіңді ашысымен,
Талпынып тағы да ойлап зор қылады.

Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын,
Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын.

Рухани жетілудің жоғары деңгейінде Болмыстың терең ашылуы адамның ынта-жігеріне ғана емес, ең әуелі Алла тағаланың шапағатына байланысты болады. Абай бабамыз осылай «Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі, Өзіне құмар қылған Оның әмірі» деп өзінің бұл деңгейі Алла тағаланың берген шапағаты екенін білдіреді.

Алла тағаланың сыр-сипатын ақылмен тауып, түсінуге болмайды. Себебі Абайдың өзі жазғандай «Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеусізді өлшеулімен түсінуге болмайды» (38-сөз). Сондықтан «Өзгені ақыл ойға қондырады, Біле алмай бір Тәңіріні болдырады» дейді. «Көңілге шек, шүбәлі ой алмаймын» деп иманның толығын білдіреді. Сонда да Жан құмары оған тыныштық бермей, ұйқысын бұзып, ойын шартарапқа жүгіртеді. Лай судан қанағат таппаған қасқырдай, ол да бұл фәни әлемнен түк таппай «Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын» дейді. Бұл сөздің терең мағынасы бар. Данышпанға рухани болмыс туралы ой жеткіліксіз, енді оған Жоғары Қуатпен байланысып, құмарлану керек. Оған шексіз жан құмары керек. Қасқыр қойдың иісінен оның қайда, қалай кеткенін сезгені тәрізді, Шыбын жан да енді жұпар иісінен Ғазиз Жанды сезініп, Түп Иенің өзіне ұмтылады. Бұл сопылық жолдағы «Мағрифат» деңгейі. Хакім Абай осы деңгейде болды деуге болады. Келесі деңгей – «Хақиқат», яғни, Түп Иемен бірігу. Бұл – әулиелік деңгей.

Осылай енді Абай өмірдің түпкі мақсаты не екенін түсінеді.

Мекен берген, халық қылған Ол ләмәкан[3]
Түп Иесін көксемей бола ма екен?
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

Данышпан Абай өзінің жүрегінен шыққан ақиқатты осылай өрнектеп отыр. Ол өмірдің түпкі мақсатын түсінді. Бұл мақсатты ол Қасиетті кітаптардан біліп, не болмаса біреуден естігенін айтып отырған жоқ, жүрегіне терең бойлап, ішкі дүниесінен тауып отыр.

Сонымен, Абайша Түп Иені көксеуіміз керек екен. Неге? Себебі, Түп Иеге қайту идеясы – Абайдың жүрегінде ғана емес, данышпандардың айтып, қасиетті жазбаларда расталған ақиқат. Қай дінді алсақ та бұл тұжырымға қарсы емес. Сондықтан, көңілде өзге мақсат болмауы керек екенін Абай нықтап айтады. «Толық адам» дегеніміз осы. Қарапайым адамдар бұл мақсатты толық қабылдай алмайды. Осылай Абай тіршіліктің түпкі мәнін көрсетедi. Ол мән – Түп Иеге қайту. Қазақ халқының адам өлгенде оны «өлді» демей «қайтты» деуі де бұл ақиқатты білгенінен болса керек.

Ойшыл сонымен бiрге, Түп Иеге қайтудың адамға неге негiзгi мақсат екенiне дәлел келтіреді: Ол «мекен берген, халық қылған» Жаратушы, және адам өмiрiне қажеттiнiң барлығын берген Түп Ие. «Өзге мақсат ақылға тола ма екен?» деп басқа мақсатты iздеу білімсіздік екенін бiлдiредi. Сонымен бiрге, Жаратушы барлық жаратқандарына мекен берсе де, өзі мекенсіз (ләмәкән) деп, Абай Түп Иенiң басқа жандардан айырмашылығын көрсетеді.

Түпкі мақсатқа өмір жолы жеткізеді. Өмір жолын дұрыс пайдалану үшін, өмірдің не екенін білу керек. Өмірдің не екенін Абай төрт жолмен былай деп түсіндіреді:

Өмір жолы – тар соқпақ, бір иген жақ,
Иілтіп екі басын ұстаған Хақ.
Имек жолда тыянақ, тегістік жоқ,
Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ.

Данышпанның бұл төрт жол өлеңін түсінген адам өмірдің түпкі сырын да түсіне біледі. Бұл жолдарда өмірдің не екені, оны Кімнің және қалай жасайтыны, ол жолдың қасиеті мен мақсаты қысқаша осылай тезисті түрде берілген. Терең философиялық қабаттарды қамтитын бұл ғибратты жолдарды түсіну үшін  олардың әрбір сөзіне терең бойлап, жүрекпен сезініп, түсіне білейік.

Өмір жолы – Абайдың өзі айтқандай, соқтықпалы, соқпақсыз күрделі жол. Хақтың Өзі осылай жаратқан. Өмір жолы иген жақ (садақ) тәрізді тыянақсыз, тегістік жоқ. Және жақтың екі жағын ұстап, иілтіп тұрған Хақтың Өзі. Яғни, адам өмірін Хақтың Өзі басқарады. Өмір жолын қалай иілту – Хақтың құзырында. Іс-әрекеттің жақсы, не жаман болуына байланысты өмір жолы әртүрлі иіліп, тиянақсыз болады. Өмірдің әділеттігін сақтайтын қарымта заңдылығы бойынша әркім өзінің қадір-қасиетіне сай тиесілі үлесін алады. Қоғам да сол. Артық та емес, кем де емес. Әлемдік әділет заңдылығы бүкіл әлем өмірін басқарады. Не ексең – соны орасың. Осылай Жаратқан Ие әркімге өзінің тиесілі несібесін береді. Жақсылығың үшін – жақсылық, жамандығың үшін – қайғы-қасірет. Бұл табиғи заңдылық. Осылай тар соқпақта, қуаныш-қайғы арқылы адам өзінің қателіктерінен сабақ алып, шыңдалып, жетіліп, дұрыс өмір сүруге үйренеді.

Мұндай тар соқпақпен жүрудің өзі қауіпті. Ұлы Абай «Құлап кетпе, тура шық, көзіңе бақ» деп өмірді дұрыс түсінуге, жауапкершілікке үйретеді.

Осылай, хакім Абай лай су тәрізді көрінетін бұл тіршіліктен дұрыс сабақ ала біліп, өмірдің түпкі мақсатына жету керек екенін түсіндіріп, оған жету жолын да береді.

[1] Халиқ (арабша) – жаратушы деген мағынада.

[2] Дәһри (арабша) – ақыретке сенбейтін құдайсыз, дінсіз. Бұл жерде сенімсіз, күдікті деген мағынада.

[3] Ләмәкән (арабша) – мекенсіз.

Досым Омаров, абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

0 пікір