Латын әліпбиі: Ешкімге ұнамайтын пікір...
Әлеуметтік желілердің біріндегі «Қаптағай» тобындағы «Белгісіз жанның» жазбасын «Abai.kz» оқырмдарына ұсынуды жөн көрдік. Сонымен:
«Латынға өтеміз» деп жінігіп жүргендерге: «Алдымен, халықтың кем дегенде тоқсан пайызын қазақша сөйлетіп алыңдар», - деп ақырғым келеді. Себебі, әліпбиді (алфавитті) өзгерту деген – онсыз да тоқырап тұрған қазақша сауаттылық мәселесін көрге тығып тынуы мүмкін. Меніңше, бұл да біреулердің ақша жасау жолы секілді. Қазіргі таңда халықтың тұрмыс тіршілігі мен әл-ауқатын жақсарту ісі - бірінші орында тұруы тиіс! Егер алда-жалда латын әліпбиіне көше қалсақ, онда қазағы да, орысы да оған жаппай көшуі қажет. Ал бұлай болмаса, қазақ тілді қазақтар мен орыс тілді қазақтар болашақта бірін-бірі оқи алмайтын, түсінбейтін тобырға бөлініп кетеді. Оның соңы озбыр орыстың «бөліп ал да, билей бер» саясатына айналады. Бір мемелекетте екі түрлі әліпбимен сауат ашу деген - мемелекетті көпекөрнеу ыдырату мақсатына бағытталған өте қауіпті әрекет. Бұған еш уақытта жол бермеуіміз керек. Әйтпесе, империялистік-шовинистік Ресеймен және Қазақстанның орысқұл билігімен жағаласып ұзақ жылдар өмір сүруге мәжбүр боламыз. Сондықтан, әзірше, латын әліпбиіне көшуді тоқтата тұрған жөн деп ойлаймын.
Жалпы Қазақстанда латынша әліпбиді дұрыс енгізіп, дұрыс қадағалап, оны қазақ тілінің, қазақтардың пайдасына жарататын, соған кепіл болатын механизмдер жоқ. Кезінде кирил әліпбиін енгізіп, дамытуға себеп болған көмекші факторлар мен тоталитарлық тетіктер қазір - жоқ. Әліпби ауыстыру бастамасының ешқандай технологиялық, лингвистикалық негізі жоқ. Бұл — тек саяси шешім ғана. Және саяси шешім болғанда да барынша бейконструктив, қысқамерзімдік, жеме- жемге келгенде өзін-өзі ақтамайтын, өзектілік мерзімі AI, VR, AR заманы қарсаңында ғана емес, интернет пайда болмай тұрып өтіп кеткен шешім. Сөйте тұра қауіп-қатері (саяси емес, сауат, қаржы тұрғысында) көп шешім:
1) Қазақша білмейтіндер латын әліпбиіне өткеннен қазақша біліп кетпейді.
2) Қазақша білетіндер бірақ ештеңе оқымайиындар кенет қазақша оқымысты болып кетпейді.
3) Есесіне қазақша жазып, сызып , оқитын тілді жақсы менгерген тірі адамдарға қосымша жүктеме көбейеді. Оны табанға тас қойып қадағалайтын жүйе жоқ.
4) Қостілділер басымдықты басқа ағылшын, т.б. тілдеріне беріп, ағылшынша еркін білметіндер (қазақша жазылған латын қарпінен сәл қолайсыздық көрсе болды), кирилше жазылған орысша мәтіндерді жиірек тұтына бастайды. Яғни кирилше (славян) әліпбиден қашып, латынға өту емес, жаппай орыс тіліне тығылғанның көкесін көреміз. Халқымыздың 80 пайызы орысша білетінін ескерсек, жаңа әліпбимен бас ауыртқанша - орысша жаза салу, орысшасын оқи салу ыңғайлырақ болады. Қазірдің өзінде тілі қиындау мәтін көрсе, орысшасы бар ма дейтіндер көп. Әрине, тілге патриоттық, ұлтшылдық сияқты сезімдерді алға тартуға болады. Бірақ риск-менеджмент заңы бойынша, бұлар есепке алынбайтын, алуға тұрмайтын факторлар.
Жуан жалаңаш сымды ақыл-есі бар адам жалаң қолымен ұстамайды ғой. деп аңқау долбарға сүйеніп, 300 вольттық кабельді аршып, көпшілік жерге қоя бергенмен тең әрекет бұл. Әліпби мен тілдегі кез-келген түбегейлі реформа қазір қазақ тілінің даму қарқынына балта шабу қаупі бар. Егер қазақ тілі Қазақстанда өз саяси, ресми, экономикалық және ғылыми тұғырында нық отыратындай, қазақ тілінде ғана білім беретін, әрі Стенфорд, Гарвард, Йель, Оксфорд оқу орындарымен деңгейлес, әлемдік деңгейде жоғары білім беретін, алайда олардан арзан болатын, сол себепті әлемнің әр тарабындағы ақшасы жетпеген талантты балалар мықты білім үшін қазақша үйренуге талпынатын жағдайда болсақ, тілдің қазіргі күйін тәуекелге салуға болар еді. Немесе керісінше, қазақтардың көбі әріп танымайтын сауатсыз болып, айрылудан қорқатындай дәнеңеміз жоқ болса (осыдан жүз жыл бұрынғыдай).
Латын деп қақсап жүргендердің көбі әлемге өз деңгейінен қарайтын көптілді азаматтар.
Олардың түгі кетпейді. Себебі олар қазақ тілінде жаза білгенімен, ақпараттану, таным арттыру тұрғысында қазақ тіліне тәуелді емес.
Мен де көптілдімін, маған да латын қиын болмайды. Бірақ қазақ тілі сайқал саясаттың кесірінен әліпбиін қайта-қайта өзгертіп келді. Ақыры - "төтеше жазатын қазақ", "латынша жазатын қазақ", "кирилше жазатын қазақ" боп бөлініп қалдық та, одан ес жиғанша ондаған жылдар өте шықты.
Осы тілімізгн тыныштық берейікші. Тілінің мәртебесі мен жазу демографиясы мықты тілдер — жазуы бірнеше ғасыр тұрақты болған елдер. Жапония, Қытай, Араб, Ағылшын, Хинди т.б.
Сәл күтсек, жасанды интеллект тілімізді зерттеп, үйреніп, ең тиімді таңбалау тәсілін сараптап, өзі-ақ есептеп береді.
Кез келген нартәуекел тіл жағдайын артқа сүйреуі мүмкін. Бірақ көптілдіге бәрібір. Ол тілді латынға престиж үшін ауыстырғысы келеді. "Гүл болмаса күл болсын, не жоқ болып жоғалсын, не батыс елдері сияқты латынша болсын" деп талтаюға ыңғайы бар.
Ал қарым-қатынаста тек қазақшаға мөлиіп отырған, қазақшаның өміршеңдігіне өзінің өмір-деңгейі тікелей тәуелді адамға ондай жайбарақаттық бұйырмаған.
Қазақшадан басқа тіл білмей қиналған бұқара халық енді кирилше сауатын ысырып тастап, әліпбидіі ежіктеуге алтын уақытын сарп етуі қиын.
Қазіргі қазақ тілінің статусы тәуекел көтеретін жағдайда емес.
Қорыта айтсам, онсыз да қазақша сайрап жүрген қалың бұқара халықтың күнделікті өмірінің сапасын, әлеуетін өзгерте алмасаңдар, тіліне реформа жасап әуре болмаңдаршы.
Тәуекелге қолдарыңыз қышып тұрса, жеке табысыңызға латынша жазатын корпус ашып, сонда кибернетикадан сабақ беріңіздер, сол әліпбимен мемлекеттен көмек сұрап, елден қолдау күтпей дәлелдеңіз. Латынша жазатын қазақтардың ағылшын тілін білмей-ақ ғылымда, технологияда қарақұлақ кирилше қазақтан оза шабатынын. Сонда сізді мысал етеміз. Ал әзірге латын әліпбиі әлеуметтік маңызы бар жоба емес.
Гуманитарлық мәселеде идеяны лабораториялық вакуумда қарастырып, соның негізінде шешім жасау - қауіпті. Тіл емес, қазіргі қазақ тілінің мүмкіндіктері мен әлеуетін басқадан кем санайтын миға реформа жасау керек!
Abai.kz