Жұма, 22 Қараша 2024
Қайнайды қаның... 2362 7 пікір 23 Ақпан, 2023 сағат 13:59

Адвокат пен Әскери соттың тартысы...

21 ақпанда Қазақстаның бас әскери прокуратурасы Жамбыл облысындағы Шөлдала шекара заставасында асылып қайтыс болған Бекбол Мираштың сексуалды зорлық көргені туралы мәлімет расталмағанын хабарлады. Әскери прокуратураның хабарында «сарбазды өз-өзіне қол салуға дейін жеткізді» деген күдікпен аталған заставаның әскери қызметкері тергеліп жатқаны, күдіктінің Бекбол Мирашты да, басқа сарбаздарды да үнемі ұрып-соғып, қорлағаны айтылды.

Өткен айда қамаудағы күдіктінің адвакаты Пірәлиев «өлген шекарашы сексуалды зорлық пен бопсаға ұшыраған» деп мәлімдеген еді. Сараптама нәтижесін алға тартқан адвокат сарбаздың аузы мен ішкиімінен бірнеше ер адамның биоматериалы табылғанын хабарлаған. Осыдан кейін ішкі істер министрлігі «адвокат этиканы бұзды», «шындыққа сай келмейтін тұжырым ойлап тапты» деп айыптады. Қазақстаның бас әскери прокуратурасы адвокат Сержан Пірәлиевтің әрекетін арнайы қарастыратынын мәлімдеді.

Пірәлиевке болысқан танымал адвокат Абзал Құспан әскери соттың – Қазақстандағы ең әділетсіз сот екенін алға тартып, бармақ басты, көз қыстылықпен қозғалған істі қалай жабатынын жайып салған еді. Абзалдың айтқаны айдай келгендей.

Әскери саладағы жыныстық зорлық дауы бір бұл емес, былтыр бір әйел азаматша өзі әскери міндет өтеген мезгілде жетекшілерінен жыныстық зәбір көргенін айтып шағынған. Ол іс те осы жолғыдай «факты расталмады» делініп, жылы жабылған. Қазақстанда жасөспірімдердің жыныстық зорлық құрбанына айналғанына көз көріп, құлақ үйренгелі қашан. Алматыда жеке меншік гимназияда компютермен білім игерудің орнына порно видео көруді әдетке айналдырған оқушылардың әрекеті жұрттың жағасын ұстатса, күні кеше Жаркентте оқушы қызды зорлап, артынан жүрегіне үш рет пышақ сұғып, мәйітін өртеп қылмысын жасырмақ болған дәніккен азғын өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Жыныстық зорлық көптен бері депутаттар мен қоғам белсенділерінің ең көп қаузайтын тақырыбына айналды. Белгілі композитор Қалдыбек Құрманалі: «Эстрада да жүрген қыздардың 90 пайызы жезөкше» деп қойып қалғанда үнсіз қалғанбыз. Көгілдір экраннан түспейтін психолог Аида ханым: «Абай да суық жүріске салынған», депті деген қаңқу сөзді естігенде кірерге тесік таппай қынжылғанбыз. Адвокат Пірәлиев жария еткен сұмдықтың қасында олардың сөздері «Қыз Жібек сонда көйлегін, белден жоғары түреді» деген сияқты жай эротика, қызыл тілдің қылмыңы болып қалды.

Адвокат Сержан Пірәлиев прокуратураның қортындысымен мүлде келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, «сексуалды зорлық көргені расталмады» деу үшін молекулалық-генетикалық сараптама қорытындысы толық шығуы керек, тергеу бітуі керек. Бірақ әлі ешқайсысы аяғына жетпеген.

«Бұған дейін жасалған молекулалық-генетикалық төрт сараптама қорытындысын қайда жібереді? Сонда шұлғауы мен аяқкиімінен басқа жерінің бәрінен (аузы, ішкиімі) табылған шәуетті қайда жіберді? Екі не одан да көп ер адамның ДНҚ-сы табылды, соның кімге тиесілі екенін іздеп жатыр. Шекара заставасында 88 әскери қызметкер болған. Оларға да сараптама тағайындады. 17 ақпанда сол заставада тағы инженерлік сапер ротасының 42 жауынгері жатқанын білдім. Оларға да молекулалық-генетикалық сараптама жасалып жатыр», - депті Пірәлиев Азаттыққа.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Айман Омарова да бас әскери прокуратураның мәлімдемесімен келіспейді.

- [Әскери прокуратура] сот сараптамасының ешқандай қорытындысы шықпай жатып «зорлық-зомбылық болған жоқ» деп тұр. Сонда оларға қалай сенеміз? [Әскери прокуратура] объективті болуы керек, тергеу де әділ болуы керек. Олар тергеу бітпей жатып осылай деп отыр. Енді олар істі сотқа «зорлық-зомбылық болмады» деп жаздырып жібереді деп ойлаймын, - дейді Омарова.

Көптің қолдауына ие болған әйгілі адвокаттар антына адал болып, қоғам назарын аударған істі соңына дейін жеткізеді деген сенім бар. Өйтпегенде қоғамды жайлаған сексуалдық індеттің тамыры тереңге тарта берері сөзсіз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290