Адам саудасымен күрес – Қазақстан билігінің жіті назарында
Адам саудасы бүкіл әлем бойынша тұсау салуы қиын аса ауыр қылмыс. Адам саудасы заңның күшін әлсіретіп, халықаралық шиеленіс туғызып, тұрақсыздыққа алып келуі мүмкін. Онымен қоса, адам саудасымен айналысатын трансұлттық қылмыстық ұйымдардың қазынасын толтырады.
Адам өмірінің күл-талқанын шығарып, моральды түрде жойып тынатын, тіпті өлімге апаратын қылмыс – адам саудасы әлемдегі заңсыз бизнестің ішінде үшінші орында тұр. Бірінші орында – қару-жарақ сату, екінші орында – есірткі сату және үшінші орынға адам саудасы шыққан. БҰҰ көші-қон комитетінің есебі бойынша адам саудасымен айналысатындар жылына 150 млрд доллар табысқа кенеледі екен.
Қазақстан да әлемнің өзге елдері секілді адам саудасымен күресті жүргізуге күш салып жатыр. Осыған қарамастан адамды саудалау, оны ұрлау, еркінен тыс жұмысқа салу қылмыстары толастаған емес.
Әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайыздан астамы – қоғамның әлсіз тобы – әйелдер, жасөспірім қыздар. Жалпы құрбандардың үштен бірін балалар құрайды. Адам саудасына қатысты кең тараған қылмыс – әйелдерді жезөкшелікке салу. Қазақстаннан ұрланған әйел адамдар Ресей, Түркия және Сауд Арабиясы секілді елдерге жөнелтіледі. Аталған елдерге Қазақстан азаматтары үшін визалық жеңілдіктердің болуымен де байланысты. Жұмыс істеу мақсатында шетелге барып, алданып, құлдыққа түсіп қалатын отандастар да аз емес.
Сонымен қатар, көршілес Орталық Азия елдерінен Қазақстанға келіп, тәнін саудалайтындар да баршылық. Қазақстанға құрылыс, ауыл шаруашылығы және сауда-саттық саласында еңбек етуге келіп, құлдыққа ұшырап жататын ер азаматтар да бар. Адам саудасы фактілерінің көші-қон үдерістерімен бірге өсетінін мониторинг жұмыстары дәлелдейді.
Қазақстанда 2018-2020 жылдар аралығында адам саудасына байланысты 1 100-ге жуық қылмыс тіркелген.
Globalslaveryindex-тің 2016 жылғы дерегі бойынша, Қазақстан адамды құлдықта ұстау қылмысының болжамды таралуы жөнінен Еуропа мен Орталық Азия өңірлеріне кіретін 50 елдің ішінде 21-ші орында тұр, 75 мың адам құлдықта деп көрсетілген. Дегенмен деректердің нақтылығына ешкім кепіл бола алмайды. Себебі: шетелден келетін мигранттардың құлдыққа түсуіне қатысты мәліметтер анық емес. Оның үстіне құлдыққа түскендер босағаннан кейін кек алушылар болуы мүмкін екенінен қауіптеніп, шағым айтпайды.
Сондықтан ресми қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарды есептемесек құлдыққа түсіп, адам саудасының құрбанына айналғандар туралы тап басып айту қиын. Жоғарыда аталған ұйым сияқты тәуелсіз институттар мониторинг нәтижесін, зерттеулерді негізге алып болжам жасайды.
Қазақстан соңғы жылдары адам саудасымен күрес бағытындағы заңнамалық базаны күшейтті. 2006 жылы адам саудасына қатысты қылмыстық жауапкершілік іске қосты. Осылайша жайлап жауапкершілік деңгейі қатаңдатылды. Қазақстан 2008 жылы БҰҰ Палерм хаттамасына қол қойды.
Бірақ АҚШ Мемлекеттік департаменті 2019 жылғы есебінде Қазақстанды адам саудасымен күресте «бақылаудағы елдер» қатарына енгізіп, елдегі заңнамалық жауапкершілікті әлсіз деп таныды. Осыған байланысты бұл бағыттағы қылмыс саны да азаймай отыр деп дабыл қақты.
Қазақстан мен АҚШ арасында кеңейтілген серіктестік туралы комиссия бар. 2019 жылдың қарашасында осы комиссияның мұрындық болуымен адам құқықтары жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына ҚР Әділет министрлігі мен Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі жетекшілік етті.
«Бақылаудағы елдер» 4 санатқа бөлінеді. Қазақстан аталған есепте үшінші санаттағы елдердің қатарына қосылған. Бұл санатқа қосылған елге халықаралық деңгейде шектеулер (халықаралық қаржы институттарының көмегін шектеу, гуманитарлық емес көмек түрлерін тоқтату т.б.) немесе АҚШ бастаған кейбір елдердің санкциясы салынуы мүмкін екенін айта кету керек.
Қазақстанда қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіліп, адам саудасына байланысты кінәлі тұлғаларға жауапкершілік күшейтілді. Атап айтсақ, 2014 жылғы 3 шiлдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 128 бабының 1-тармағында «Адамды сатып алу-сату немесе оған қатысты өзге де мәмiлелер жасасу, сол сияқты оны қанау не азғырып көндiру, тасымалдау, беру, жасыру, алу, сондай-ақ қанау мақсатында өзге де іс-әрекеттер жасау – мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп жазылған.
Бұрын жаза 3 жыл болатын. Ал адам саудасына қатысты топтық түрде жасалған қылмыс болған жағдайда қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Жәбірленушімен алдын жазбаша келісім, ала сөз байласу, психикалық алдап-арбау, материалдық тәуелділік жағдайын пайдалану сияқты жағдайлардар да қылмыстық жауапкершіліктен қашуға мүмкіндік бермейді.
Биыл елімізде алғаш рет адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы қолға алынды. Заң жобасы 2023 жылғы қаңтар – Әділет министрлігіне, 2023 жылғы ақпан – Үкіметке, ал 2023 жылғы сәуір – Парламентке жолданады.
Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің сөзінше, заң жобасында шетелдік мигранттардың еңбек қатынастарын реттеу мәселесі қарастырылған және басқа да маңызды бағыттар қамтылған.
Заң қолданысқа енгізілсе, адам құқығы туралы ережелер халықаралық стандарттарға сай болады.
Елімізде 2016 жылдан бері адам саудасының құрбандарына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Алайда бұл көмекті тек Қазақстан азаматтары, елімізде тұрғылықты тұрып жатқан шетелдік азаматтар мен қандастар ала алады. Ал түрлі себептермен Қазақстанға уақытша келген еңбек мигранттары адам саудасының құрбаны болғанда атаулы әлеуметтік көмек ала алмайды. Осы мәселені халықаралық сарапшылар көп көтерді. Осы бағыттағы заңнамалық құжаттардың болмауы Қазақстанның кейбір халықаралық рейтингтерде нашар көрсеткішке ие болуына себеп.
Білікті мамандардың күшімен әзірленіп жатқан заң жобасы осы сияқты түйткілдерді мәселелерді шешеді деген сенім бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында адам саудасы проблемасының өзектілігін, мұндай қылмыстарды тергеу және кінәлілерді сот тәртібімен жазалау рәсімін жақсарту қажеттігін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Осыны негізге ала отырып, бүгінде уәкілетті органдар дәйекті жұмыс жүргізуде. Ішкі істер министрлігі жүйелі негізде осындай факторларды анықтауға бағытталған республикалық жедел алдын алу іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Адам саудасының алдын алу және аталған қылмысқа қарсы ымырасыз күрес кез келген елдің, жеке азаматтардың назарындағы басты мәселелердің бірі болуы керек. Өйткені бұл адамның тағдыры, денсаулығы, өмірі, оның құқығының қорғалуы деген сөз. Адам баласы үшін бұлар ең басты құндылық.
Abai.kz