Президент тапсырмасы: Радиорелелік байланыстың жаңа құралдары зерделенуде
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы қазан айының он бесінде «Қазақстан республикасының әскери докторинасын бекіту туралы Қазақстан республикасы президентінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №554 жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жарлыққа қол қойды. Онда әскери мақсаттағы ақпараттандырк объектілерінде ақпаратты қорғаудың қазіргі заманғы проактивті жүйесін қалыптастыруға бағытталған техникалық және кадрлық әлеуетті дамыту жөнінде жүйелі жұмыстар жүретіні анық жазылған.
Президент айтқан, докторинада көрсетілген сол жұмыстардың тиянақты қолға алынып, іске асып жатқанының нақты бір көрінісі – Десанттық-шабуылдау әскерлерінің байланыс полкінде Қарулы күштердің байланысшылары арасындағы жиын мәресіне жетті. Бұл жиынға «Бүркіт» жаңа цифрлық станцияларын зерделеу үшін Қазақстан әскерінің байланыс бөлімшелері қызметіне кіретін радиорелелік байланыстың 30-ға жуық маманы қатысты.
Төрт күн бойы офицерлер мен келісімшарт әскери қызметшілері теорияда және іс жүзінде әр түрлі мақсаттағы радиорелелік желілер мен байланыс арналарын ұйымдастыруға арналған «Бүркіт» Р-409МЦ станциясының тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерттеп, зерделеді.
Аталмыш байланыс машиналары Қарулы күштерге 2023 жылдың қаңтарында әкелінді. Мамандардың айтуынша, бұған дейін радиорелелік байланысты радиорелелік станциялардың көмегімен қамтамасыз еткен. Енді байланысшылар цифрлық жабдықтармен жұмыс істейтін болады.
– Жаңа цифрлық станция деректерді 40 шақырымға дейін қашықтыққа жіберу мүмкіндігіне ие. Оның өткізу қабілеттілігі шегінде E1 және Ethernet ағындарының трафигін икемді қайта бөлу мүмкіндігі бар. «Бүркіт» Р-409МЦ құралының басты артықшылықтарының бірі – бейнеконференция байланысын ұйымдастыру, сондай-ақ оның параметрлерін дербес компьютер арқылы бақылау және басқару мүмкіндігі, – деді станцияның қызметі жайлы Десанттық-шабуылдау әскерлері 16194 әскери бөлімі байланыс батальонының командирі подполковник Виктор Сенчилов.
«Бүркіт» Р-409МЦ цифрлық радиорелелік станциялары биыл наурыз айында өтетін «Батыл тойтарыс» оқу-жаттығуында іс жүзінде қолданылады. Оқу-жаттығу барысында байланысшылар сондай-ақ байланысты ұйымдастырудың жаңа үлгілерін де сынап көрмек.
Әскери саланы заманиластыру, сандықтехнологиямен қамтамасыз ету заман талабы екені анық. «Бүркіт» Р-409МЦ цифрлық радиорелелік станцияларын сатып алып, қолданысқа енгізу сондай қадамның басы екені белгілі. Алдағы уақытта Оның қолданыс аясын кеңейтіп, жаңа өрісін ашу жұмысы жалғасын тауып, жаңа үлгілермен толыға беретіні сөзсіз.
Abai.kz