Жексенбі, 24 Қараша 2024
Әдебиет 3626 2 пікір 1 Сәуір, 2023 сағат 13:52

Ғасыр әлі ауыспаған сияқты

Қайшылық немесе саясат алаңындағы соңғы би

Айыра алмас жасандыдан жақұтты,
Қорқам елден түсінігі тар тіпті.
Жоғалтқанда мемлекеті іздейтін,
Ақынынан қылмыскері бақытты.

Айналаны басқандай ма марту шын,
Кітап ашпас надан қалай нар тусын?
Қазір аға қызметкерден ғылыми,
Дүкендегі сыйлы кіші сатушың.

Айтса бақа батпағына сай əнін,
Үнсіз тыңдар көп көкемді аядым.
Бірақ олар кешірмейді сені оңай,
Байқаусызда басып кетсең аяғын.

Алдарқатып шығай жұртын шайқымен,
Кернейлетіп тойға мінер бай күрең.
Бұл заманның қаһарманы болып жүр,
Топ кептерді үркіткендер тəйтімен.
Жас тоқалдай бұзылмаған бəдені,
Қимаймыз ғой билік деген бəлені.
Сахнадан сыйың барда кете біл,
Аяқталған би сияқты əдемі!..
КАЛИГУЛАНЫҢ СЕНАТОР АТЫ

Ежелгі Римде...
Ие болғасын тақпенен биік,
Тәжге өзі!
Мақтайтын бәрі тонын кисе де жаз кезі.
Күмбез салғанын –
Аспан салғандай дәріптер,
«Құдаймен аттас» императорлар аз ба еді?!

О, Калигула!
«Шәкірт ұлттарға» түсетін әркез шапағы,
Танымау сені «күнәға» үлкен жатады.
Жүйрік атыңды
Сенатор жасап,
Консул ғып,
Тараттың жалын алтыннан қымбат әр талы.

Үстемдік құру!
Әлемге әмір жүргізу қандай ләззат, бақ,
Құдай-ау, неге тарих өзені кері ақпақ?!
Адвокат болды
Беделді қанша ауыздар,
«Билеуші сөзі сарказм еді» деп ақтап.

Батыстың жұрты!
Жасытпақ болған сөзіңнің бәрін қайтып ал,
Эпостарымда ерлігім жатыр айтылар.
Батырлар мінген соғыс көлігі болып-ақ,
Тарихта қалды –
Тайбурыл менен Байшұбар!

Жер – «төртбұрышты»:
«Өркениет көші Еуропада ғой алаң кең,
Жаңалық ашу үндесу керек заманмен».
Тарихты «ғылым емес» дегенде таластым,
Ректор да болған, әкім де болған ағаммен.

Айтыңыз, аға!
Баябан далам,
Елімді қанша жау ұтты?
Рухымды жазар табамын қайдан тәуіпті?
Ағаштың жасын анықтай алар ғылым бар,
Қазақтың жасын анықтау неге қауіпті?!
АЯҚКИІМ САУДАСЫ

Сайласаңдар сеніммен «біріншіге»,
Сынаушы да табылар көзі алара.
Айналам да мен «бәрін білушіге»,
«Жаңа Бекжан» атанам тез арада.

Отырыңдар қол соғып, құптап асан,
Ұқсап бағам номадқа нар пішінді.
Бүтіндей боп көрінер сырт қарасаң,
Өзімніңкі деп айтам бар тісімді.

Қымыз емес, мақтасам айран күшiн,
Демеңіздер: «Не деген таяз ғалым?».
Жылыжайда өскендер қайдан бiлсiн,
«Ауа райы» айтпайтын аяз барын?

Табар анық жұбанар көңіл дәрі,
«Тәртіпсіздің» қоғамда тыйдық бәрін.
Өмірден соң белгілі өмір бары,
Биліктен соң кім білген билік барын?!
Электоратқа болмайын жаманатты,
Жас буынға үйрендім зерек қарап:
Әкелері қалдырған "аманатты",
Орындайтын алдымен редакциялап.

Кеткендеймiн бәрiңдi таныс көрiп,
Имиджбенен саяси күнелткелi.
Шаршасаңдар аяқпен дауыс берiп,
Аяқкиiм әперем брендтегi.
ҚОҒАМ ӨМІРІНЕ РЕВИЗИЯ

Ауыл қалды өркениеттен алыста,
Аузыңды ашсаң,
Айтқызбауға бәрі ұста.
Елде тұрар әкем газет оқиды,
Тақырыбы: «Өмір бар ма Марста?».

Көз алдыңда көріп тұрсың ақшыл не?
Жақыбай көп: бірде тойса, аш бірде.
Цензураны ресми түрде жойдық та,
Айналдырып алдық оны дәстүрге.

Астанамыз көз тартады шетелдей,
Жалғыз шәрі бар қазаққа жетердей.
Шаруаның жағдайын кім ойлайды,
Шөгіп кеткен шөпті сүйеу етердей?

Барымталар тұяқ басын құрасаң,
Елдің іші ұры-қары – сұрасаң.
Ғасыр әлі ауыспаған сияқты,
Алматыдан он шақырым ұзасаң.

Жағдай бар ма жабынатын нар кілем,
Набыт қылмай, етейік те барды үнем.
«Жиырма – отыз!»,
«Жиырма – елу!» демей-ақ,
«Тоқсан бірге» қайтайықшы алдымен.

Қолдан жасап алдық кімнің тұлғасын?
Бос уәде, бостекі сөз – бұл да сын.
Би-төрелер халыққа есеп береді,
Жасырғандай қырықтағы қыз жасын.

Құнан қойдың сорпасымен астанып,
Аз топ отыр бөкен жастық жастанып.
Ауызсуға бағдарлама жасалып,
Оны ауызша орындап та тастадық.

Жаңаөзенде рухың тулап жасыған,
Қоңыр күйді тұншықтырды тасыр ән.
Шыңырауға құлап кеткен шындықты,
Тартқыладық шығарам деп шашынан.

Бір айтасың, екі айтасың ел жайын,
Тыңдар құлақ табылмасы енді уайым.
«Сөздеріңнің көбі өтірік» десеңдер,
Әтеш болып шақыруға мен дайын!

Ханның сөзі кете бермей далаға,
Тұрмыс қашан түзеледі қарада?!
Қанша мәрте шаш қидырып Сәндібек,
Қанша сайлау өтер екен арада???
ЖАЛҒАН КУӘЛІК
Үйдеймін тұрған тіреумен,
Сенім күйреуі – күл тойы.
Көңілім қалса біреуден,
Сөйлеспей қоям жыл бойы.

Аяққа түсер қақпан қай,
Тағдырдың бәрі – құралай.
Аузыңды қолың тапқандай,
Бұл өмір емес тым оңай.

Адамда болмас аз арман,
Ай күзеткенше төбесін.
Құтылған кім бар ажалдан,
Көп болса жүзге келерсің.

Бітеді бірде барқыт түн,
Сезімді мөлдір тоғандап.
Дауысын салып бақыттың,
Шақырар кейде сор алдап.

Қоямыз білмей күнə ғып,
Алдаймыз елді аңғал деп.
«Дос» деген жалған куəлік
Жасатып алған жандар көп.
ӨЗ ДАУСЫҢА ЕГЕ БОЛ, ҮЙДЕ ЖАТПА!!!

Демократия – сенімнің тұғыр-күші,
Басқарудың халықты шын үлгісі.
Әділетсіз сайлау, ол – бір автордың
Халық әні атанған туындысы...
Бомждар бар саяси - түнде қалып,
Учаскеде келетін «жылынғысы».
Өз даусыңа еге бол, үйде жатпа,
Бақтың ұшып кетпесін бүгін құсы.
Аяғыңды тыңдатып, сайлауға бар,
Басқа жаққа келсе де бұрылғысы.

 

Бекжан Әшірбаев

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5550