Дайрабаев: Мен не үшін Мәжілістен кетуім керек?
Бүгін Жигули Дайрабаев Мәжіліс отырысында сотталған ұлдары туралы мәлімдеме жасады. Депутат балаларын кінәсіз деп санайды.
«Ардақты әріптестер! Алдымен сіздерге ризашылығымды білдіргім келеді. Балаларыма байланысты туындаған мәселе бойынша көбіңіз депутат, әріптес ретінде қолдау көрсетіп жатырсыздар. Моральдық жағынан әділдік танытып, құқықтық жағынан сауаттылық білдіргендеріңізді жоғары бағалаймын. Балаларымды кінәлі деп есептемеймін. Олар әділдік үшін күреседі. Апелляциялық сотқа жүгініп, абыройын қорғауға мүдделі. Ендеше мен не үшін Мәжілістен кетуім керек? Ауыл тұрғындары, шаруалар, өзімді сайлаған «Ауыл» партиясы маған үлкен үміт артып отыр. Көптеген өткір мәселелерді қолға алып, жұмыс істеуім керек», – деді депутат.
Былтыр президент сайлауына түскен Жигули Дайрабаевтың екі ұлына қатысты алаяқтық бабымен іс қозғалған. Тараз қаласы №2 соты субсидияларды ұрлау туралы іс бойынша үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы алаяқтық, яғни адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша 4 адамға қатысты қылмыстық іс қаралған. Оның екеуі Дайрабаевтың ұлдары – кәсіпкерлер Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық.
Олар Мемлекетке 550 миллион теңгеден шығын келтірілді. Дайрабаевтың екі ұлы шартты түрде 5 жылға сотталды.
«Ауыл» партиясының төрағасы Оралмов Мейрамбай Әскербайұлы партияласының сүттен ақ, судан таза екенін, сондай-ақ мықты маман екенін айтып, аталған жайт оны депутаттық мандаттан айыруға негіз бола алмайтынын алға тартты. Ж.Дайрабаев болса, ұлдарын ес білетін азаматтар деп, қоғамдағы наразылықты әркімнің жеке пікірі деп білетінін жеткізді.
«Оған мін таға алмаймыз.. Ол мандатын тапсырмайды. Мен фракцияның мәлімдемесін айтып отырмын. Оның абыройы бар, ары таза. Біздің партиямыздың фронтмені. Сондықтан, фракция ретінде позициямыз осындай», - деді Анас Бақтықожаев Мәжілістің кулуарында.
Айжан Темірхан
Abai.kz