Жексенбі, 24 Қараша 2024
Бір сауал 1601 1 пікір 20 Сәуір, 2023 сағат 14:25

Еңбек дауы: Мұнайшылар мәселесі қашан шешіледі?

20 сәуір сағат 11-ге белгіленген «ҚазМұнайГаз» бен жаңаөзендік мұнайшылар арасындағы келіссөз өтпей қалды. ҚМГ мұнайшыларға әлдебір «комиссия» құрылып, Жаңаөзенге аттанғанын хабарлаған. Ол комиссияның құрамына кімдер кіргені белгісіз, дейді мұнайшылар. Олар бір күн бұрын «мұнайшыларға тендер ұтқан мекемелерден тұрақты жұмыс ұсындық, бірақ бас тартты» деген ҚМГ төрағасының сөзін терістеп, наразы болды. Бұл туралы «Азаттық радиосы» жазды.

«ҚМГ басшысы тұрақты жұмыс ұсынғанмен бізді бас тартқандай келтіріп отыр. Біз «Өзенмұнайгазға» еншілес мекемелердегі жағдайды жақсы білеміз. Ондағы еңбек жағдайы, техника қауіпсіздігі сақталмайды. Техника, құрал-жабдықтар ескіріп кеткен. Былтыр «Кезбиде» еңбек қауіпсіздігі сақталмағандықтан бір машинист жанып кетті. Біз сол мекемелерде еңбек стандарты сақталғанын талап етеміз. Екіншіден, бірыңғай еңбекақы жүйесін енгізу. «ӨМГ-ға еншілес мекемелердегі жұмысшылар бір жұмыс атқарғанмен әртүрлі жалақы алады. Біз «бір жұмыс – бір жалақы» болғанын талап етіп отырмыз», - деді мұнайшылардың бірі.

Маңғыстау облысында 2022 жылдан бері 134 еңбек дауы болған. Бұл туралы 19 сәуірде Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев президенттің қатысуымен өткен әлеуметтік-экономикалық мәселелер жөніндегі жиында мәлімдеді.

Әкімнің сөзінше, 2022 жылы болған 117 еңбек дауының 112-сі «шешілген», 49 еңбек дауында жұмысшылар жұмысты үш сағаттан көп уақытқа тоқтатқан.

Ноғаев 2023 жыл басталғалы 17 еңбек дауы болып, төрт ереуілде жұмыс үш сағаттан ұзақ уақытқа тоқтағанын айтты. Әкімнің айтуынша, бес еңбек дауы шешілген, 12 дау «мониторингіде».

Ноғаев биыл Маңғыстауда 39 мың жұмыс орны ашылатынын, оның ішінде 32 мыңы тұрақты жұмыс болатынын жеткізді. Сөзінше, жыл басынан бері 9 мың жұмыс орны ашылған, халықты жұмыспен қамту үшін 1,4 миллиард теңге бөлінген.

Ноғаевтың есебін тыңдаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңаөзен мұнай-газ секторына қарап отырғанын» айтып, қалада «қабылданған кешенді даму жоспарын орындау керек», - деді.

«Үкімет жауапты болады. Батыстағы жастардың көбі мұнайшы болғысы келеді, бұл дұрыс емес. Мұнай таусылған кезде жағдай қиындауы мүмкін. Сондықтан жастар басқа мамандықтарды игеруі үшін жағдай жасауымыз керек. Мысалы, қазір сұранысқа ие саланың бірі – ақпараттық технология, осы саланы Маңғыстауда дамытуға болады. Біз білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек», – деді Тоқаев.

Премьердің орынбасары Алтай Көлгінов жиында берген есебінде мұнай өндіретін компанияларға қызмет көрсететін сервистік мекемелердегі келісімшартты бір жылдан үш жылға ұзартуымыз мүмкін деді.

Биліктен жұмыс талап еткен жаңаөзендіктер сервистік мекемелерде келісімшарт қысқа болатынын, мекеме тендерде жеңілсе, қызметкерлер жұмыссыз қалатынын айтып, тұрақты жұмыс талап еткен еді.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Жаңаөзенде жылдық қуаты 900 миллион текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы басталады деп мәлімдеді. Оның сөзінше, құрылыс 2025 жылы аяқталуға тиіс.

Жұмыссыз қалған Жаңаөзен мұнайшылары Астанаға келіп, биліктен тұрақты жұмыс талап еткен еді. Оларды арнайы жасақ күштеп ұстап, пойызбен Жаңаөзенге қайтарған. Билік жұмыссыз қалғандардың мәселесін шешеміз деп уәде еткенімен, қазірге дейін екі тарап нақты бір мәмілеге келген жоқ.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1493
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3262
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5587