Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3829 0 пікір 2 Мамыр, 2013 сағат 12:26

ШЫНДЫҚТЫҢ ШЫРАҒЫ СӨНБЕЙДІ

 

 

Осыдан 34 жыл бұрын Целиноград, қазір Астана деп аталған қалада жастар ұйымдасқан түрде көшеге шықты. Наразылық шеруін өткізді. Қазақ жерінде неміс автономиясын құру керек деген Кремль шешіміне қарсылық көрсетті.
Коммунистік партияның қылышынан қан тамған сол бір заманда осы төтенше оқиға туралы билік тарапынан жұртшылыққа арналып ешқандай түсінік жасалмады, хабар-ошар берілмеді, ақиқаты жасырылды, айтылмады. Тіпті біраз уақыт өткен соң кейінгі кезде жарық көрген ғылыми еңбектердің өзінде «Республиканың саяси тарихындағы «ақтаңдақтардың» бірі деп бағаланды (История Казахстана. - Алматы, «Дәуір», 1993, 378-б.)

1979 жылы Целиноград қаласында болған төтенше оқиға жергілікті халықтың мұң-мұқтажымен, талап-ұсынысымен есептеспей ұлтаралық қатынастарды бұрынғы қалыптасып қалған әкімшілік-әміршілдік жолмен реттеудің күні өткенін көрсетті.
Сол жылдың 16-19 маусымы аралығында қала жұртшылығы алда не болар екен деп сарыла күтті. Мыңдаған адам қатысқан шеру бір жағынан төрде отырған билікті шошындырып, үрей тудырса, екіншіден тұрғылықты халықтың сана-сезімін күшейтіп, елге, атамекенге деген ыстық ықыласын нығайта түсті.
Осыған байланысты көп сұрақтар туындайды.
Еділ жағалауында соғысқа дейін немістердің республикасы болатын. Неге ол қалпына келтірілмеді? Аталмыш құрылымның тек Қазақстанда ұйымдастырылуы қандай қажеттіліктен туындады? Мұндай шешімді КОКП Орталық комитетінің саяси бюросы не себептен қабылдады? Ел басшысы Д. Қонаев қандай позиция ұстанды? Қазақтар орталық шешімін неге қолдамады?
Белгілі қаламгер Амантай Кәкен осы мәселенің түйінін тарқатумен көптен бері айналысып келеді. Әуелде орыс тілінде Алматының «әл-Фараби» баспасынан «Познание себя. К вопросу о несостоявшейся немецкой автономии» (М. Омаровпен бірігіп жазған) деген кітабы шықты (1998). Арада біраз уақыт өткен соң 2011 жылы «Шырғалаң немесе тағы да неміс автономиясы туралы» деген еңбегі жарық көрді. Жуырда осы кітаптың орысша нұсқасы «Кремлевский колоброд, или Как немцам создавали автономию» деген деректі толғамы қолымызға тиді.
Отыз жылдан астам бұрын болған сол бір төтенше оқиғаны білетіндер қазір некен-саяқ. Әсіресе жастар. «Қазақ жерін бөлшектетпейік, ұлттық намысымызды аяққа таптатпайық деп қарсылық білдірген шеру күні кеше Сарыарқаның дәл төрінде етіп еді ғой. Кеңес заманында мұны айтуға тыйым салынған деп жұмған аузымызды ашпауымыз керек пе?» Жоқ! Олай болса оны көз алдымызға елестетіп, өткеннен тағылым алып, ұлттың қайнар бұлағы, түп-тамыры мен құндылығын анықтап, әспеттей білуіміз керек. Бұл бұрын осы салада, әсіресе ұлтаралық қатынаста жіберілген кемшіліктерді, қоғамда туындап жататын қайшылықтарды талдап-сараптау үшін, өткеннен сабақ алу үшін қажет. Осыған орай ұлттарды жақындастырып, достық пен ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал жасайтын барлық мүмкіндіктің көзі ашылғаны жөн. Жаңа туынды, міне, осындай ізгілікті мақсатқа арналған.
Автордың неміс проблемасына байланысты «Кремлевский колоброд, или Как немцам создавали автономию» («Кремль шырғалаңы немесе немістерге қалай автономия жасалды») деп орыс тілінде жазылған соңғы кітабы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты Егор Каппель мырзаның «Өткеннен сабақ алайық» деген мақаласымен ашылған. Осы туындыға енген, бірақ шығарманы қолжазбадан оқып, жүрекжарды ой-толғамын алдын ала «Дойче Альгемайне Цайтунг» газеті мен «Нива» журналына жариялап үлгерген көрнекті жазушы Герольд Бельгердің пікірі де оқушылар назарынан тыс қалмайды деп ойлаймыз.
Мәселен, Герольд Карлович «Амантай Кәкен тезірек жарық көруге тиісті байсалды, мәнді дүниені баспаға да­йындады. Бұл еңбек, сөз жоқ, өзінің мол мағлұматымен, шыншылдығымен, мұқият тыңғылықтығымен ресей-неміс этносының ерекшелігіне тән аса маңызды келелі мәселелерге жанашырлық танытып, аяушылық білдіруімен ерекше қымбат. Бұл кітап - түсініп-сезінуге қиындау болып жүрген ТМД мен Қазақстан деңгейіндегі тұтас бір халықты танып-білуге қосылған баға жетпес үлес», - деп жазған.
Шындығында, кітапта немістердің орыс­тың сонау замандағы әйел патшасы II Екатерина кезінен бастап Ресейге, одан соң Қазақстанға қалай келгендігі, олардың күні кешеге дейін басынан өткен сан түрлі хикаяттары тиісті құжаттарға сілтеме жасай отырып нақты деректермен кеңінен баяндалады. Кеңес заманында коммунистердің ұлыдержавалық саясат жүргізуінің салдарынан болған зардаптар сөз болады. Қазақ жерінде неміс автономиясын құруға байланысты қарсылық акциясының себеп-салдары, осы мәселеге орай жергілікті, республикалық және орталық биліктің іс-әрекеттері туралы оқушыға мол мағылұмат берілген.
Шындықтың шырағы сөнбейді. Автор бұл туындысында бұрын жүйелі түрде зерттеле қоймаған, көпшілік жұртшылыққа белгісіздеу, бірақ төл тарихымыз үшін аса қажет дүниенің ақиқатын білейін деп біраз тер төккені көрініп тұр. Соның нәтижесінде оқушы қауым ұзақ уақыт «ақтаңдақ» болып саналған біраз дүниенің қыры мен сырын білуге мүмкіндік алады деп ойлаймыз. Кітап осынысымен құнды.

Дәулет ӘШІМХАН,
журналист

"Түркістан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383