Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2024
Өз сөзім... 3304 32 пікір 11 Мамыр, 2023 сағат 14:23

Ақылға салайық, ағайын!

Кешегі 9 мамыр мерекесі жайлы әңгіме есімнен кетпей тұр. Әсіресе, президентіміз Тоқаевтың Мәскеудегі әскери шеруге барғандығы жайлы. Мұны біраз оқырмандар дұрыс болған деп есептемейді. Тіпті Қасекеңді Путиннің қолбаласына балап, біраз жерге апарып тастады. Меніңше, бұл тым асығыс жасалған қорытынды секілді.

Бұл үлкен саясат. Ресей әлі де күшті мемлекет. Қазақта "жыланды үш кессең де, кесірткелік әлі бар" деген бекер айтылмаса керек.

Оның үстіне, ұзақтығы 7,5 мың шақырымға жететін ашық-шашық шекарамыз бар. Әскери қауқарымыз да шамалы. Сондықтан "жеті өлшеп, бір кесуге" мәжбүрміз. Оның үстіне ол бұл шеруге жалғыз барған жоқ. Алдымен жұрттан бұрын желпілдеп қырғыздың Жапаровы жетті Мәскеуге. Армянның Ресейге деген өкпесі қара қазандай Пашиняны да шет қалуды жөн көрмепті. Әншейінде шіреніп жүретін өзбектердің мәңгілік президенті Мирзиев те Путиннің жанынан табылыпты.

Енді осылардан бөлініп, "Жоқ, мен бармаймын!" деп жөнсіз қисайып қалу қалай болар екен? Олай етсе, ертең Путиннің қаһарынан осы көршілеріміз қорғап қалады деп ойлаудың өзі күлкілі.

Тағы бір жай, Тоқаев тек Мәскеумен шектелген жоқ. Ол Ресейдегі сол соғыста шейіт болған қазақстандық жауынгерлердің бейіттерінің басына барып, тағзым етіп қайтты. Сөйтіп, президенттік қана емес, азаматтық парызын да өтеді.

Ал ең бастысы, қазір осы Путиннің жанында жапырылып жүрген ТМД басшыларының ішінде қайсысы кезінде сол Путинге қарсы қарап тұрып, еш тайсалмастан "Біз ЛХР, ДХР деген жасанды мемлекеттердің ешқайсысын да мойындамамаймыз!" деп айтуға кімнің дәті барып еді?

Осылай деген адамды Путиннің айтқанынан шыға алмайды деп кінә артуға ешкімнің де моральдық құқы жоқ деп санаймын.

Менің осы мәселе жайлы қысқаша ойым осы. Қысқасы, ақылға салайық, ағайын!


Жайберген Болатов

Abai.kz 

32 пікір