Жемқорлықпен сотталып жатқандардың әрбір төртіншісі - полиция қызметкері
Биыл үш айда сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар 414 адам анықталды. Күдіктілер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға аз. Атап айтқанда былтыр ұқсас кезеңінде 450 адам анықталған болатын, деп жазды Finprom.kz.
Finprom.kz дерегінше, 414 күдіктінің ішінде 307 адамға қатысты іс – ауыр, 88 күдіктінің әрекеті - орташа ауыр, 16 адам - аса ауыр және тағы үшеуінің ісі ауыр емес қылмыстар санатына жатқызылған.
Жемқорлық бойынша айыпталғандардың көбі Астанада тіркелді - 64 адам. Былтырмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 14,3%-ға көп. Сонымен қатар, мұндай қылмыстар Алматы (55 адам) мен Түркістан облысы (37 адам), Шымкент қаласы (29 адам) және Ақтөбе облысында (27 адам) жиі анықталған.
Ал, аталған қылмыстар ең аз анықталған өңірлер – Ұлытау (2 адам), Абай (2 адам), Павлодар (6 адам) және Қызылорда (8 адам) облыстары.
Күдіктілердің ішінде 155 адамға пара берді деген айып тағылды. Тағы 124 адам пара алды, 58 адам сыбайлас жемқорлықпен байланысты алаяқтық жасады, 19 адам сеніп тапсырылған өзгенің мүлікін иемденді немесе ысырап етті, 18 адам лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілікті.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотқа жолданған қылмыстық істердің 26,1%-ы (61 адам) ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты. Сондай-ақ, 39 күдікті әкімдіктер мен оған қарасты құрылымдық бөлімшелерде еңбек еткен. Бұған қоса, аталған тізімде Қаржы министрлігінің 7 қызметкері, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 6 жұмыскері мен ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің 4 маманы бар.
Abai.kz