Жұма, 11 Қыркүйек 2026
Бүгінгі сатира 4046 3 пікір 15 Мамыр, 2023 сағат 13:04

Алматыда Абай Құнанбаев жүр!

Құдайым-ау, құлдыраңдап, құрылтайға бара қалмайын ба? Алматыда өткен жазушылардың құрылтайын айтамын. Бір кезде, ұлы ақын Абай Құнанбаевты көріп қалдым. Темекі шегіп, шіреніп тұр екен. Жанында Шекспир. Шекспир неғып жүр десеңші?

– Абай Құнанбаевты көрдің бе? - дедім досыма.

– Абайы несі? - деп сұрады ол бетінде бегемот шалқасынан жатқандай таңырқап.

– Ұлы Абай атамыз сияқты сезінетін, бірақ, өлеңдерін өзінен басқа ешкім оқымайтын Жантақбай Түйебайұлын айтамын! «Жантақ» деген кітабы шыққан.

Шынында, құрылтайға келгендердің арасында өздерін Мұқағалидай сезінетін сорлылар да, Оралхан Бөкеев, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезовтен асып түсетіндей, ісініп-кеуіп жүргендер жетерлік екен. Амандаса қалсаң, қолының ұшын ғана тигізеді. Немесе, қарамайды да. Сақалы сапсиып, Чехов тұр талтайып. Сырбай Мәуленов, Тұманбай Молдағалиев, Ілияс Есенберлин, Бердібек Соқпақбаевтар ұшып жүр! Аяқтары жерге тимейді. Кірпіктерін әрең қозғалтады. Ойбай, әне, Әзиз Несин келе жатыр! Өзін сатирикпін деп топшылайтын, таныстықпен алған атағы бар, көңілін таппасаң, газетіне жолатпайтын шатағы бар Дарынсыз Дүмбілезұлы өзін Әзиз Несиндей ұлы санайды! Мұнда келгендердің көбісі ұлы! Шымкенттен де шыртиып алып, бір-екі көң сасыған кітабын шығарып, жазушылар одағына мүшелікке өтіп алып, өті жарылып кетердей тырсиып, өтірік ыржиып, Маркес, Теодер Драйзер, Эрих Мария Ремарк, Чарльз Диккенстер болып жүр! Бірін-бірі мойындамайды ғой! Қарапайымдылықты қақыратып тастаған.

– Ооо, Мұхтар Әуезов келе жатыр!

– Ол кісі не жазады?

– Бас жазады.

Өзін Әуезовтей сезініп жүрген жуан қарын жазушысымақ қасымыздан өте берді. Екпінінің күштілігі соншалық, құлап қалдық. Үстімізден толыспаған Толстойлар, шала Шекспирлер таптап өтіп жатты...

Мұхтар Шерім

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1069
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2619
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 744
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 710