Жалған ақпараттың жетегінде кетпейік!
Бұған дейін қытай сайтында жарияланған Қазақстанның ауылшаруашылыққа арналған жері сатылымға шыққаны туралы ақпараттың әлеуметтік желіде желдей ескенін жаздық. Сондай-ақ мұны терістеп, жалған ақпарат таратпауға үндеген ҚР Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржановтың мәлімдемесін де назарларыңызға ұсындық. Қайыр-хош!
Жер сатылатыны туралы жарнама берген сайттың сілтемесін ашып көрдік. Сайтта сатылатын жердің Қазақстанның қай қиыры екені, оны кім сатып жатқаны, сатып алу үшін қандай шарттарды орындау қажет екені туралы ақпарат қолжетімсіз. Демек, бұл – жалған.
Осы ақпарат тарағанда да әлеуметтік желідегі ағайын шыр-пыр боп анық-қанығын сұраған. Жер – біздікі, сатылмайды, сатпаймыз, деген олар. Көп ұзамай жер комитеті мұның жалған ақпарат екенін айтып, сан-саққа жүгірген ойымызға тоқтам айтты. Көңіліміз орнына түсті.
Қоғам назар аударған іске жауапты қызметкерлер дер кезінде үн қатып отырса, қоғамда ешқандай дүрбелең тумасы анық.
Abai.kz