Сейсенбі, 11 Тамыз 2026
Абай мұрасы 835 0 пікір 10 Тамыз, 2026 сағат 14:05

Абай көрсеткен «толық адам» жолы

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Бүкіл әлем өмірі түрлі жан иелерінің жетіліп, белгілі бір мақсатқа жетуіне арналған. Қасиетті Құранда «Түбінде барлығы Маған қайтады»  [Құран, 21-93] деген аят бар. Хакім Абайдың да «Және Оған (Түп Иеге) қайтпақсың, оны ойламай, Өзге мақсат ақылға тола ма екен?» деген ғибратты сөзі бар. Барлық жан иелерін қамтитын бүкіл Болмыс өмірінің түпкі мақсаты осындай.

Абай өзінің отыз сегізінші сөзінде жер бетіндегі басқа жан иелерінің арасында Түп Иеге қайтуға тек қана адам баласының мүмкіндігі барын түсіндіреді. Себебі, оған басқа жан иелерінен бөлек ерекше ақыл берілген. Өзіне берілген ерекше ақылымен өмірдің осы түпкі мақсатына жету жолына түскенде ғана адам баласы өзінің негізгі адамдық борышын толық орындап, жетілудің шыңына жетеді. Бұл жолды Абай көрсеткен «толық адам» жолы десек артық болмайды.

Адамның жетілу жолы сенімнен басталады. Адам әлем көріністерін біліп, танығаннан кейін, олардың бір Жаратушысы барын сезініп, сенімі жетіліп толық иман дәрежесіне көтеріледі.

Абай ілімінде толық адам жолы «жарым адам», «адам» және «толық адам» деп үш сатыға бөлінетіні белгілі. Бұлар белгілі бір категориялар, яғни бір-бірінен бөлек нақты түсініктері мен сипаттары бар. Адамдардың рухани дәрежесін, қоғамдағы алатын орнын нақты айырып білу үшін бұл сатыларды жақсы білу керек.

«Жарым адам» сатысы. Құрсақ қамымен жүрген, өмірдің заттық бөлігіне ғана құныққандарды Абай жарым адам, ал оларды тәрбиелеп, оқытатындарды жарым молла десе, олардың өздерінің рухани деңгейін жарым мұсылман деп атайды. Бұлардың Алла тағалаға деген сенімі өте төмен, тіпті «жоқ» деуге болады. Жарым мұсылман – өзін мұсылман деп атап, бірақ мұсылмандық қағидаларды орындамайды. Керек болса ол Алла Тағалаға құлшылық жасау емес, керісінше, өзінің өміріне керегін сұрап, Оны өзінің қызметшісі қылып алғысы келеді. Олардың ұстаздары да өздеріне сәйкес жарым молла, яғни мұнафиқ (іші кәпір, сырты ғана мұсылман) болып келеді. Жарым адамдар имандылықты ұмытып, қоғамның моральдық-этикалық нормаларын елемей, тән құмарына толық беріледі.

Өмір толқынына берілген мұндай бейшараларды Абай «Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң, кімді көрсем мен сонан, бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» деп сипаттап, не болмаса «Ақыл да жоқ, ми да жоқ. Даладағы аңдарсың» деп аңмен теңейді. Өзінің шығармаларында «жарым адам» сипаты туралы Абай жеткілікті жазып, толық сипатын берген.

«Адам» сатысы. Бұл саты иманнан басталады. Иманды адам кінәрәтті істерден аулақ болуға ұмтылады. Адам мен жарым адамның негізгі айымашылығы осында жатыр: біріншісі күнәлі істерден қорқып, олардан аулақ болып, жетілу жолына ұмтылса, ал екіншісі олардан қорықпай, күнәлі істер жасап, өмір ағымына беріліп, құлдырай береді. Бірақ, «Адам» сатысындағылар тән құмарынан әлі шыға алмай жүргендер. Олар бірде өмірдің жарқылына қуанып, бірде қасыретінен зардап шегеді.

Абайдың негізгі ағартушылық еңбектері осы сатыдағыларға арналады.   Ол «Пендеге иман өзі ашады жол» деп адамды имандылыққа шақырады. Имандылықты қабылдаған адам жетілудің тура жолына түсіп, жетістікке жетеді. Мұндай адамның қасиетін  Абай «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп береді. Себебі, бұл қасиеттер рухани болмыстан шығады: қайрат тән қайраты емес, жан қайраты, сондықтан ол ыстық; ақыл мидан шығатын суық емес, жүректен шығатын рухани, сондықтан ол нұрлы; жүрек денеге қан жүгіртіп, оны басқаратын суық емес, ол көзі ашылып, Хақтың сәулесі түскен, сондықтан жылы жүрек.  Бұл қасиеттер ұлғая келе адамды «толық адам» деңгейіне көтереді.

Абай «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деп адамдықтың белгісі өзің үшін емес, ең әуелі басқалардың қамы үшін еңбек ету екенін түсіндіреді. Ол әркімді адам сатысына көтеру үшін қоғам өмірін қамтитын, моральдық-этикалық нормаларға арналған көптеген ғибратты сөздерді қалдырған. «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз» дей келіп, олардың не екенін түсіндіреді.

Адам сатысының жоғары деңгейін Абай «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез, деген нәрселермен озбақ» деп береді.

Толық адам сатысы. Бұл сатыдағылардың сипатын Абай «Құдай тағаланың жолы деген жол Алла тағаланың Өзіндей ниһаятсыз (шексіз, өлшеусіз) болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді»  деп береді.  Бұл сөздер  «толық адам» болудың шарты, яғни ережесі болып табылады. «Адам» мен «толық адамды»  ажырата білу үшін бұл шартты естен шығармау керек. «Толық адам» болу үшін Алла тағаланың шексіз жолына шарт қылып қадам басу керек екен. «Бірақ бұл жол – бек шетін, бек нәзік жол» деп Абай бұл жолдың көпшіліктің қолы емес екенін ескертеді. Себебі, мұндай жолға түсу үшін фәни жалған өмірден бас тартып, мәңгілікті бақи әлемге толық бет бұру  керек. Бұл жол --көпшіліктің қолынан келмейтін сопылық жол.

«Адам» мен «толық адамның» айырмашылығы олардың иман деңгейімен анықталады. «Адамның» иманы әлі толық емес, сондықтан, ол нәпсі ықпалынан шыға алмайды, ал «Толық адамның» иманы кәміл, сондықтан  ол нәпсімен күресе біліп, жетілу барысында бұл заттық әлемнің ықпалынан толық шыға алады. «Адамның» мақсаты өмірдің бақыты болса, ал «Толық адамның» мақсаты -- Алла тағаланың махаббатына бөлену. Түп Иеге қайту дегеніміз осы. Бұл толық адам жолының шыңы болып табылады.

«Толық адамның» алғашқы деңгейі «кәміл мұсылман». Ол енді дүние қызығына алаңдамай, рухани жолға толық түсіп, рухани білімге ұмтылады. Осылай шариғатты баса көңіл бөліп зерттей бастайды. Сондықтан, бұл рухани білім алу деңгейін сопылар «Шариғат» деп атайды. Рухани білім аясында Аллаға құлшылық жолына түсіп, әрі қарай «Тариқат» деңгейіне көтеріледі. Нәтижесінде, Абай көрсеткен «Ынталы жүрек, шын көңіл» шыңдалып, рухани сезімдер пайда бола бастайды. Жаннан шыққан рухани сезімдердің әсерінен жан құмарына берілген адам фәни өмірдің жарқылына қызықпайды.  Ол Алла тағаланың шексіз хикметтерін сезіп, өзіне Болмыс сырларын кеңінен ашып, өмірдің мән-мағынасын толық түсіне бастайды. Бұл «мағрифат» деңгейі, Абай оларды «хакім» деп атайды.

Жетілу барысында адам шексіз ләззат сезімінде шомылуға мүмкіндік алады. Алланың Нұрымен тұрақты байланыс орнайды. Ләззатқа толы бұл рухани сезім Аллаға деген шексіз махаббатқа айналады. Бұл «Ақиқат» деңгейі, оларды Абай «әулие» деп атайды. Осылай жан Түп Иеге қайтады. Бұл рухани жетілудің шыңы, Болмыспен бірігіп, жан өзінің Алламен бірлігін толық сезінеді. Абай көрсеткен Түп Иеге қайтудың ең жоғарғы деңгейі осы. Абайдың «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деген үндеуі іске асады.

Абай «толық адамның» төртінші деңгейі «пайғамбар» туралы да жазады. Бірақ, бұл деңгейге әркім жете алмайды, себебі, бұл деңгей тек қана Алланың хұзырында.

Иманды бекіту үшін нәпсіден арылған ынталы жүрек, шын көңіл керек.  Фәни әлемге байланған көпшілік адамдар толық адам жолының шыңына жете алмайды. Бұл туралы Абай былай деп түсіндіреді:

Көңілде өзге махаббат тұрғанда, хақлықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпенен табылады...Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды.

Сонымен, рухани жетілудің жеті деңгейін көрсетуге болады. Олар: а) сезімдер арқылы ақпарат алу; ә) ақпарат арқылы тану; б) тану арқылы сенімге ие болу; в) сенім арқылы бір Жаратушы барына сеніп, иманға жету; г) Аллаға құлшылық етіп Жаратушымен байланыс орнату; д) байланыс арқылы Жаратушыға деген сүйіспеншілікке жету; е) сүйіспеншілік арқылы Түп Иеге қайту.

Осының барлығы Абай көрсеткен «толық адам» жолы адамның рухани жетілу жүйесі және бүкіл адамзатқа ортақ аса маңызды құндылық екенін көрсетеді.

Досым Омаров, абайтанушы, теолог

Abai.kz

0 пікір