Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 3218 14 пікір 26 Мамыр, 2023 сағат 21:34

Үкімет басшысына үшбу хат

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Мен сізге Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Қабанбай ауылынан хат жазып отырмын.

1991 жылы сол аудандағы Қарлығаш ауылында дүниеге келдім.

Жетім өстім, елге танымал ағалардың арқасында адам болдым. Қадыр Мырзәлі, Тұманбай Молдағалиев, Шерхан Мұртаза сияқты ұлы тұлғалардың алдын көріп тәрбиесін алдым.

Шер-Ағамның шекпенінен шыққан қаламгер қауымның барлығы біледі. Мемлекет басқарудың өзі оңай жұмыс емес, бірақ біз, журналист, қоғам белсенділері сол қалың бұқарамен билік арасына алтын көпіп болу парызымыз.

Журналист екенмін деп жаза, айта салу да оңай. Бүгінгі қазақ журналисткасы хайп қуып кеткелі қашан, менің айтапағым өз туған өлкем хақында болмақ.

Ауылда 7 мыңға жуық халық тұрады. Үш мектеп, бір аурухана, бір мәдениет үйі бар. Ауылдың басында кішкентай саябақ бар, сол жерге бүкіл ауыл келеді.

Жалғыз парк сол. Ал аудан орталығы Үшарал қаласында біршама саябақ, парк, спорт сарайлары бар. Жұтта қалған жалғыз мекен ол – Қабанбай ауылы. Бұрынғы Үйгентас ауданының орталығы. Халықтың да наразылығы сол ауылдағы қу жоқшылық.

Ең бірінші мәселе ол - таза ауыз су мәселесі. Ауылдың арғы-бергі басына жетпейді. Жеті көшеге су бармайды. Су құбырларының тозығы жеткен, әбден ескірген. Ал ауылды толық таза ауыз сумен қамтуға су мұнарасының күші жетпейді. Айтпаған адам, қақпаған есік қалмады. Өкінішке орай шешімі қиын, күрделі сұрақтың бірі болып тұр.

Қабанбай ауылы 9 ауылдық округтердің орталығы.  «Халыққа қызмет көрсету орталығының» Қабанбай ауылында бөлімшесі бар. Бірақ, маман жоқ. Ондағы отырған екі адам ғана. Не материалдық, не техникалық базалары жоқ. Ал миграция қызметі ауданнан өңірге бір мәрте келеді. Бұл жерде де кадр тапшы. Бүгінгі таңда өңір жұртшылығы бұрынғы Үйгентас ауданын ашып беру туралы түрлі наразылықтарын білдіріп, ол жағдай аймақтың қоғамдық саяси тұрақтылығына нұқсанын тигізуде.

Ал жалпы алып қарағанда, ол өңірді Алакөл ауданының құрамынан бөлу ол саяси әрі экономикалық тиімсіз шешім (бұл менің жеке ойым).

Бұл мәселені шешу жолдары қалай?

Ең алдымен алыстағы ағайынды аудан орталығына жүгіртпеудің тиімді бір тетігі, аудандағы барлық мекемелерден бір-бір маманнан сол Қабанбай ауылына отырғызып, мәселені оңтайлы шешуге болады. Өйткені халықтың талабы да сол.

Қоғамдық көлік мәселесіне жергілікті атқарушы билікке тапсырма беріп, қоғамдық көліктерді қаржыландыру тетіктерін тапса халықта шуламас еді.

Одан кейін ауруханаға мамандап жетіспейді. Бұл жердегі мәселе тұрғын үйдің жоқтығы. Бар үйлерге ешкім қақаған аязда от жағып, дірдектеп жүргісі келмейді. Себебі қысы қытымыр, аяз суық.

Қабанбай ауылында екі қабатты 10/15/20 пәтерлік үйлер қаншама жыл болды, аудан тараған соң қаңырап бос тұр. Сол үйлерді коммуналдық меншікке өткізіп, күрделі жөндеу жүргізіп, ауылға келген мамандарға берсе, бұл үлкен жеңіс болар еді. Әрі қазына қаржысы үнемделер еді. Ол үйлерге ағымды жөндеу жүргізіп, ауыл халқына берсе, бір жағы Президент Қ.К.Тоқаев тапсырған шекаралық аймақ нығайа түсер еді.

Ауылдағы жалғыз мәдени ошақта бүгінгі күні 14 штаттық бірлігі халыққа түрлі мәдени-сауықтыру шараларын өткіземіз. Айтпақшы (мен сол мәдениет үйінің директоры қызметін атқарамын), біздің басты мақсатымыз - халықтың мәдени сауатылығы және мемлекеттік бағдарламасын үнемі халыққа қоғам белсендісі, журналист ретінде жеткізіп тұрамын.

Мәдениет үйінің іргесі 1981 жылы, сол кездегі Андреев ауданының 1-ші хатшысы қызметін атқарған Жигулин мырзаның қолдауымен салынған. Бастапқыда 700 орындық бір типтегі және азаматтық қорғаныс ретінде салынып, жанынан спорт залымен қоса қолданысқа берілген.

Ал бүгінгі таңда мәдениет үйінің жылу жүйесі әбден тозығы жетіп, шіріп, қирап жатыр. Қанша жерден от жанса да жылу мәдениет үйінің жер төлесіне сіңіп, ол жақтан аяз бетіңді қариды.

Ал қасындағы жапсарлас салынған спорт залды белгілі кәсіпкер, меценат Бауыржан Кеңесбекұлы Оспанов ағамыз жасап берген. Бүгінгі таңда қалада жоқ жағдайымен қаңырап бос тұр. Себебі ол жердің де жылу жүйесі жасалмаған. Қыстағы 35-40 аязда соның ішінде ауыл балалары күртешемен дайындалып, бос уақыттарын өткізеді. Өкінішке орай, бюджет резеңке емес деген сөзбен қаңырап тұр.

Халықтың, сол өңірдегі қалың бұқараның бір өтініші арыз арманы осы.

Бірнеше мәрте облыс әкімінің орынбасары Р.Алиге келіп айтқан болатынмын. Бірақ шешімін таппай тұр.

Менің ұсынысым - ол спорт залды облыстық спорт басқармасы өз баланысарына алып, жылуын қалпына келтіріп, екі-үш штаттарын берсе, өгіз де өлмес еді, арба да сынбас еді. Бірақ, сол қу шарасыздық титықтатып бітті.

Сөзімнің басында айтқандай, аудан орталығында қаншама әлеуметтік нысандар бар, ал бізде ол жоқ.

Ауылдағы жалғыз орыс мектебінің де жағдайы сын көтермейді. Жөндеуді қажет етіп-ақ, тұр. Бірақ сол қаржы жоқтың қасы.

Бергі жағы айналасы қоршалған, бас көшеге жайғасқан үлкен алаң қаншама жыл болды, бос тұр. Сол жерге ауылдың жастарына арналған спорт алаңын салып берсе деген үмітіміз бар.

Ауылыдағы жалғыз «Достық» стадионына екі жыл бұрын өз қаражатыма жарық шамдарын қойдырып, шамам келгенше сылап-сипап, ел игілігіне беріп отырмын.

Ол үшін мен біреуге міндетсіп отырғаным жоқ. Аудандағы тұрған дүние неге бізге келмейді, сол менің жаныма батады.

Күрделі жөндеуді қажет ететін ерекше бір орын сол жер болып отыр. Қаңтардың қырғынынан кейін ойымыз сан саққа жоғалғаны анық. Оған ешкімді кінәламаймыз, барлығына өзіміз кінәліміз.

Мемлекеттік кадр саясатын қайта қарастырып, жұмысқа селқос қарайтын шенділерді қуудың уақыты келді. Сол аймақ бойынша «Үйгентас өңірінің өзекті мәселесі» деген топ құрып, сол жерде шамамыз жеткенше ашынған-жұлқынған, бұлқынған халықты сабырға шақырып, өз қотырымызды өзіміз қасып отырмыз.

Мен біреуге кінә тағудан аулақпын. Құдайға шүкір, ауданымыздың әкімі Алмас Сапарғалиұлы Абдинов өте тамаша азамат, қарапайым азамат. Сондай азаматтар көбірек болса деп ойлайсың.

Жасағысы-ақ, келеді. Бірақ, қаржы жоқ. Қуатты Алматы облысын екіге бөлдік. Бірақ тағы сол қаражат мәселесі облыстың әкімі Исабаев Бейбіт Өксікбайұлының да қабылдауында болдым. Ол кісі де әңгіменің тоқ етерін қаражатқа әкеліп тіреп отыр.

Бірақ 30 жыл шыдаған халыққа «қаражат жоқ» деп қалай айтамыз? Күнде еститініміз – «ұрлады», «жеді», «құртты». Осыдан кейін қай қараңғы мал баққан қазақ сенеді сөзімізге?..

Мемлекеттік қызметтің де мәні кетті. Таныс-тамырлық, құда-жекжаттық тендердің өзін тек таныстар алады. Оның барлығын халық көрмей отырған жоқ. Көйкейде жүрген тағы бір қыжыл Аружан Сайын ханымның бастамасымен ұсынылған сәтсіз бағдарлама «Арт Спорт». Бұл мемлекеттік деңгейдегі мәселе құр босқа мемлекет қаражатын шашу. Осы бадарламаның басталғанынан қаншама қаражат мақсатсыз жұмсалуда.

Балаларды баулып жатырмыз деген құр желеумен өңірлерде ебін тапқан пысықайлар қазына қаржысын жымқыруда. Өзіңізден үлкен өтініш осы мәселені тақтатсаңыз.

Оның орына сол қаражатты өңірдегі мәдениет үйлеріне штат ретінде берсеңіздер әрі ауыл адамы жұмыспен қамтылып, әрі балалар тегін үйірмелеріне келер еді.

Біздің мәдениет үйінде бүгінгі таңда 17 үйірме жұмыс жасайды. Ал мәдениет мамандарының айлығы 100 мыға әрең жетеді. Ал Арт Спорт бойынша бір маман қаншама миллиондаған қаржыны мақсатсыз алып отыр?! Бұл әділетсіз!

Аса қадірменді, Әлихан мырза!

Жоғарыдағы менің айтқан өтініштерімді назарға алып, Республика бюджетінен арнайы қаржы қарастырып, ықпал етсеңіз. Және жаңадан құрылған Жетісу облысына баса назар аударып, қаражат есебін ұлғайтсаңыз деген өтініш бар.

Ербол Ақшолақов,

Жетісу облысы, Алакөл ауданы

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2051