Әбілқайыр баһадүр – қазақтың аға ханы (жалғасы)
Басы: Әбілқайыр баһадүр – қазақтың аға ханы
Қазақ еліне тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғар әскеріне Цеван Рабданның ұлдары Галдан Церен мен Лаузан Шоно жетекшілік еткен болатын. Жорыққа әскери жабдықтары жақсы, зеңбірек, оқ-дәрілі мылтық сынды қару-жарақтары мол, жауынгер аттары желдей ескен қалың қосындар қатысқан еді. Жеті тұстан сыналай кірген жүз мың жауынгері бар бес қаруы сай армия күрсілдетіп зеңбірек атып, мылтықтан оқ жаудырып, Шу және Талас өзендері аңғарынан бір-ақ шықты. Тасқын селдей тасып ағылған басқыншының атты әскеріне қарсы дәстүрлі қылыш-найзасымен батыл көтерілген қазақ жасақтары тосқауыл бола алмады. Тосын да жойқын соққыдан қатты шығынға ұшырады. Халыққа қорған бола алмай қалды. Қорқынышты қатыгездікпен астасқан шабуылдан ел есін жинай алмай, беті ауған жаққа үдере көшуге, тіпті үй-жайын, дүние-мүлкін, малдарын тастай қашуға мәжбүр болды. Жоңғарлар тез арада Ташкент, Сайрам, Түркістан, Созақ, Құмкент, Саудакент секілді қазақ шаһарларын, ұзын саны 25 қаланы басып алды. (Аңыздарда басқыншылардың талай руларды тұтасымен қырып жібергені айтылады. Қазақ халқының тағдырындағы осынау аса қасіретті кезең тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен таңбаланды. Ел аузында сақталған мынандай: «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Қарындастан айырылған қиын екен, Қара көзден мөлдіреп жас келеді. Мына заман қай заман, қысқан заман, Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман. Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды, Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман. Мына заман қай заман, бағы заман, Баяғыдай бола ма тағы заман. Қарындас пен қара орын қалғаннан соң, Көздің жасын көл қылып ағызамын», – деп келетін шексіз қайғыға тұнған сөздері бар «Елім-ай» атты реквием-әнмен бедерленді). Басқыншылық соғыс қазақтардың тоз-тозын шығарды. Ел тоналды. Жайылым мен егістік тапталып, босап қалды, қолөнершілер қаналды, сауда тоқырады, мал басы күрт кеміді. Жұрт бас сауғалап босып кетті. Қос ұлы су Әму мен Сыр арасындағы отырықшылар да айтып-жеткізгісіз күйзеліске ұшырады. Аштықтың жайлағаны сондай, шежірелерде сақталған хабарларға қарағанда, адамдар өліктерді жерлемей, жеуге мәжбүр болған. Байырғы Бұхара, Хиуа, Ферғана, Самарқан босап қалған. Әскерінің соғыс қимылдарын сәтті жүргізіп жатқаны хақында хабар тиісімен Цеван Рабдан Еділ бойындағы ойрат туысқандарына – Қалмақ хандығына жаушы аттандырады. Өзінің әскери жорығының нәтижесінде қазақтарды біржола жеңіп, алдағы уақытта Жайық пен Еділде Аюке ханмен бірге жайлауға шығудан дәмеленетінінен хабардар етеді...
Басқыншылардың қарақұрым әскері оңтүстік аудандарға төбеден жай түскендей баса-көктей кіріп, ел-жұртты көл-көсір қайғы қасіретке душар еткен «Ақтабан шұбырынды» трагедиясының алғашқы айларында қазақ әміршілері қатты есеңгіреп қалған. Дұшпан қазақтардың басты саяси орталығы Түркістан шаһарын басып алды. Жеңіліске ұшыраған ел билеушілері қанды шайқас барысында қаланы тастап кетуге мәжбүр болды. Астанада тұратын басқарушы элитаның көшіп үлгермеген отбастары, солардың ішінде аға хан Әбілқайыр баһадүрдің бәйбішесі, өгей шешесі, бауырларының әйелдері тұтқынға алынып, Жоңғарияның ішкі ұлыстарына әкетілді. Ет-жақындарынан айрылу өз алдына, күлліқазақ астанасы мен өлкедегі оған жапсарлас отырықшы елді мекендердің басқыншы ойраттардың бақылауына өтуі ел ағаларын қатты күйзелтті. Олардың жауға қарсылық күресті ұйымдастыру мүмкіндіктерін төмендетіп, жігерлерін жасытты. Міне осындай ауыр жағдайда солардың ішінен тез ес жиып, жағдайды айқын саралай білген және тиісінше мақсатты іс-әрекет ұйымдастыра алған жалғыз ғана тұлға қазақтың аға ханы Әбілқайыр баһадүр болды. Азаттық үшін арпалысудың алғашқы кезеңінде ол Арал маңындағы ру-тайпалардың намысын жанып, жоңғар агрессиясын қайткенде кері қағуды көздейтін ахуал туғызды. Өзін содан бір мүшелден астам уақыт бұрын хан көтерген құмды өңірді мекен еткен баршаны отан қорғау ісіне жұмылдыра алды. Сондағы ел-жұртының қолдауымен қысқа мерзім ішінде қазақ және қарақалпақ жігіттерінен жиырма мың сарбаздан тұратын қол ұйымдастырып, жарақтандырды. Әскери өнерге баулыды. Шешімтал жорыққа дайындады. Сосын жер қайысқан қалың жасақтың басына өзі тұрып, жауға аттанды. Бірақ оңтүстікті, оңтүстіктегі қазақ елінің бас қаласын басып алған жоңғарға емес, солтүстік-батыстағы қалмақ иеліктеріне қарай шапты.
Баһадүр хан ойраттардың екі қиырдағы мемлекеттері арасында жүріп жатқан байланыстардың түпкі мақсатын не өзінің түйсігімен болжап, не барлау ретімен жеткен түрлі хабарлар мен деректерді сараптау нәтижесінде, алдын-ала әбден біліп алған болатын. Қалмақ ханы Аюкенің жоңғар қонтайшысы боп отырған күйеу баласына көмектесуге тырысатыны күмәнсіз еді. Еділдің төменгі ағысындағы қалмақ пен оның Ертістің бастауындағы түп туысы жоңғар араларын алып жатқан қазақты бағындырып алуды Бошоқтудың сонау арнайы заңдар жинағын қабылдап алған заманынан армандайтын. Цеван Равданның балалары от-қарулы үлкен армиясымен тұтқиылдан басып кіріп, қазақ елін қансыратқан қазіргі жағдай көкейлерін тескен сол армандарын жүзеге асыруға әбден қолайлы сәт туғызған. Жоңғардың оңтүстіктегі жеңісін баянды ете түсу үшін терістіктен қалмақтың шабуылдауы ғана қалған. Ашық дұшпанымен бетпе-бет келген қазақтың ту сыртынан әне-міне соққы беруі ықтимал еді. Әбілқайыр хан соның алдын алуға ұмтылған.
Ол қателеспеген еді. Қыз беріп, қыз алысып тұрған бұл екі хандықтың әміршілері арасында жекжаттық алыс-беріс, әңгіме-сұқбаттар астарымен 1640 жылы барлық ойрат тұқымдары құрып тұрған хандықтардың өкілдері қабылдаған заңнамалық «Ики Цааджин Бичик» құжаты сөз болатын. Сонда негізделген ұлы жоспар еске алынып тұратын. Сол бойынша әскери-саяси одақ құру мәселесі қаралып жүрген. Ал 1723 жылы көктемгі сәтті соғыс соны тиянақтауды күн тәртібіне шығарды да, Цеван Равдан Аюкеге арнайы жаушы жіберіп, қазақтарға қарсы бірлесіп әскери қимыл жүргізуді ұсынды. Оны Аюке хан ықыласпен қабыл алды. Ізінше орыс патшалығына да қолайсыздық туғызып жүрген қазақтарға қарсы жорық жасау үшін үкіметтен өзіне от-қарулы жасақ бөлуін өтінген. Алайда жоңғарлардың қазақ жеріндегі әскери жеңісінен хабардар ресейлік билік оның бұл соғысқа араласуын қоштамады. Себебі Ресей үшін екі қиырдағы ойраттың тұтасып күшеюінен гөрі олардың арасында дербес күш ретінде қазақтардың сақтала тұруы тиімді-тін. Өткен жылы ғана Ұлы Петр қазақ даласының өздерін шығыс елдеріне шығаратын қақпа екенін, оны пайдаларына асыру қажеттігін айтқан. Егер сол қақпа зенгорлардың қоластына түссе – орыс үшін жабылғанмен парапар еді. Себебі сол шамада Цеван Равдан ордасынан оралған Унковский оның орыс бодандығын қабылдамайтынын, кытаймен шекарасына қамалдар да салғызбайтынын жеткізген. Демек, Аюкенің Цеван Равданға қосылуына жол беруге болмайды. Сондықтан да оған бұл соғысқа араласпағаны жөн деген сыпайы кеңес берілді. Алайда қалмақ ханы бәрібір алғашқы ниетінен бастарта қоймаған, өйткені ол қазіргі жоңғар соққысынан қансырап жатқан қазақ елін орыстың көмегінсіз-ақ жаулап алатын күш өзінде де бар деп білетін. Ойраттардың қанқұйлы басқыншылығы ұшыратқан «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жағдайында ол, шынында, Қазақ хандығына елеулі қауіп төндіріп тұрған. Осыны айқын ажыратқан Әбілқайыр хан жедел де ұшқыр жасақтарымен Сырдың орта ағысы тұсынан Еділ қалмақтарына қарай шұғыл аттанған еді.
Қазақ ханының үлкен қолмен Жайыққа қарай жасаған шешімді жорығы қалмақ әміршілерін әбігерге салды. Олар бітім жасау жолын іздеп, Әбілқайырдың алдынан елші аттандырады. Алайда Аюкенің сенімді өкіліне Әбілқайыр «қалмақтар мен орыстарға қарсы соғысуға келе жатқаны, жасағында қырық мың сарбазы бары» жайында ымырасыз мәлімдемесін жария етеді. Сонда, империяның түстіктегі қалқанының жағдайы мүшкілдігін парықтаған Астрахан губернаторы Аюке ханға көмекке артиллерия командасы мен алты эскадрон солдат жібереді. Бірақ онысы ахуалды жақсарта алмайды. Әбілқайыр ханның ірі әскери күші Жайыққа жеткен бетте қарсы шыққан қалмақтарды алғашқы шайқаста-ақ тас-талқан жеңеді де, терістікке қарай тереңдей береді. Қазақ жасақтары жеңісті шерулерін жалғастыра түседі. Патша үкіметі сол жылдың соңына қарай Аюкеге «император ұлылығы мәртебесімен арайланған біздің қалаларымыз бен сенің – біздің боданымыздың ұлыстарына келе жатқан» қазақтар мен қарақалпақтарға тосқауыл қойып, «қалаларымыз бен үйездерімізді талан-таражға түсіруге жол бермеуді» тапсырады. Әрине, тиісті әскери жәрдемі де болады. Нәтижесінде, қалмақтардың біріккен әскерлері қазақтардың Жайық бойын түгел тазалауға бет алған қозғалысын тоқтатады.
1723 жылдан 1724 жылға қарайғы қыс айларында елеулі әскери қимыл жасалған жоқ, бірақ, көктем келе (1724 жылғы ақпанда Аюке хан дүние салады), Әбілқайыр баһадүр мен оның Есет және басқа да батырлары бастаған жасақтар Еділ қалмақтарына шабуылдарын жаңғыртты. Қалмақтар Есет батырдың жасағын патша өкіметі берген зеңбіректерден атқылай отырып жеңді. Содан кейін Әбілқайыр ханның батырлары қалмақ-орыс жеріне одан әрі жорық жасауын доғарды. Дегенмен, екі жыл бойы орын алып тұрған ірілі-ұсақты әскери қақтығыстар өз жемісін берді.1724 жылдың ортасына қарай қалмақ хандығы бұдан әрі қазақ еліне бұрынғыдай қатер төндіруге қауқары жетпейтін күйге түскен еді. Осылай, солтүстік-батыс аймаққа жасаған жорығы нәтижесінде Әбілқайыр хан елдің терістік жақтағы шекарасын қауіпсіздендіріп алды да, шапшаң қимылдап дағдыланған жауынгер жасақтарын бірден Түркістан қаласы бағытына бұрды. Ұзақ шеруде жолшыбай кезіккен жоңғардың алғы шептегі бекеттерін бұзып-жара ұрыс салып, күзде Түркістанға жетті. Жау қолындағы қалаға бірден тікелей штурм жасап, тез азат етті. Қазақ әскерінің қуатты шабуылы барысында жоңғар қонтайшысының баласы, тәжірибелі қолбасшы Лаузан Шоно қаланы тастай қашып, Қаратау қойнауына шегінуге мәжбүр болды. Ал Әбілқайыр қазақ астанасын босатысымен, жеңісті шеруін күллі өңірде жалғастырды. Қаһарман сарбаздарымен Ташкентті және сол аймақтағы дұшпан басып алған өзге де қалаларды түгел азат етіп, жарты жылдан астам өз қарауында ұстап тұрды. Алайда қазақ жеріндегі жоңғар әскеріне көп ұзамай қосымша күш келіп қосылған. Сөйтіп өлкеде басқыншы күші басымдық еткен. Сол себепті, бірқатар қантөгісті шайқастардан соң, 1725 жылдың көктемінде Әбілқайыр баһадүр бұл аймақты тастап кетуге мәжбүр болды. Батырларымен бірге әуелі Бұхара хандығы аумағына, одан терістікке қарай ауысты. Ол шегінісімен, Сыр бойы қалаларын, Жетісуды жылдам жоңғарлар басып алды. Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс ханның иелігінде есептелетін өлке Цеван Равдан қонтайшының қоластына қайтадан түсті. Қазақтың Ұлы жүзінің халқы мекендейтін аймақ тәуелділік жағдайда, жоңғар нойондарының бақылауында қалды.
Бұл шақта терістіктегі жер-су қатынастары тағы да шиеленіскен еді. Соған байланысты Әбілқайыр хан 1726 жылы Орта жүз ханы Сәмекемен бірлесіп, он мың жігіттен құралған қарулы жасақпен жаңа жорыққа аттанды. Қалмақ тайшыларын ұлыстарымен Жайық бойынан күшпен қууға тырысты (жалпы, Әбілқайыр баһадүр қырық жылға тарта уақытқа созылған жауынгерлік, қолбасылық, ел билеушілік қызметінде қазақ мемлекетінің терістік-батыс шегін қорғауда жан аямай шайқасқан, орыс патшасы өкіметіне «қазақтар Жайықтан суы сарқылғанша айырылмайды» деп, еш бұлжымай, табанды түрде әлімдеген күрескер). Жайықтың сол жағалауында қазақ әскері жеңісті ұрыста жүргізген еді, алайда оң жағалауда саны да басым, қару-жарағы да озық қалмақтардың үш жақтан шүйліккен шабуылы астында қалды. Қоршауға түскен қазақ жасақтары төрт күн бойы жан алып, жан берісе шайқасты. Ақыры жағдаймен санасуға тура келді. Келіссөздер жүргізіліп, қос тарап өзара бітімге келісті. Әбілқайыр хан қалмақ жағына аманатқа Тама Есет батыр, Табын Бөкенбай батыр бастаған ондаған сарбазын берді. Рас, бітім алдағы уақыттарда екі жақтан да әлсін-әлсін бұзылып тұрады, кикілжіңді реттеу үшін одан кейінгі жылдарда Сәмеке хан қалмақтармен жаңа келісімдер жасайды. Дегенмен, тараптардың бұдан былай шекара бұзбай, бейбіт қатар өмір сүру жайында қол жеткізген алғашқы уағдаластығы арқасында қазақ әміршілері сол шақтағы жалпы ел жағдайына нақтырақ көңіл бөлуге мүмкіндік алды. Әбілқайыр баһадүр қалмақтармен екі арада 1726 жылғы келісімге қол жеткізісімен, Жайық аймағындағы әскери-саяси қызметін оңтүстікті жайлап алған басқыншы жоңғарларға қарсы күресу мәселесіне аударды. Отан қорғауға бүкіл халықты жұмылдыру қажет еді...
Әбілқайыр хан Цеван Рабданның қолбасшы ұлдары бастаған жоңғар әскерінің 1723 жылғы қанқұйлы шапқыншылығы екпініне төтеп бере алмағанын еске түсірді. Кескілескен шайқас барысында күллі оңтүстік жазираны қазақ елінің астанасы Түркістанмен, сол өңірдегі барша қалаларымен жау қолына қалдыруға мәжбүр болғанын, жасағының аман қалған бөлігімен Қарақұм аумағына ауысқанын есіне түсірді. Сол аймақтағы жігіттерден жаңа қол құрып, терістік-батысқа аттанғанын ойына алды. Қансырап жатқан қазақ елін терістіктен шабуға дайындалған, сонысымен оңтүстік аймақты басып алған жоңғар басқыншыларымен тұтасуы ықтимал қалмақ шабуылының алдын алғанын ойлады. Сол әскери шарасынан кейін, 1724 жылы Ұлы даланы түстік-шығыс бағытында ұшқыр жасағымен көктей кесіп өткенін, жолда бекет салып тастаған жоңғарлармен қиян-кескі ұрыс сала отырып оңтүстікке аймаққа жарып кіргенін есіне алды. Ол бір қаһармандыққа тұнған шақ еді. Аға хан болғалы ордасы төрт қыс төрінде орналасқан қазақ астанасын жауынгер жасақтарымен сонда жаудан бірден тазартқан. Өлкенің астана айналасындағы басқыншы аяғы астында қалған өзге қалаларын, барша жер-суды, ұзын саны отыз екі ұлысты азат еткен. Бірақ аймақтағы осынау жеңімпаз шеруін, өңірді қайтарып алған қанды шайқастардың салтанатты нәтижесін баянды ете алмады. Алты-жеті айдан кейін, 1725 жылы аймақты қайта тастап кетуге мәжбүр болды. Соларды еске түсіріп саралай келе, ордасы орналасқан Түркістан шаһарын, күллі қазақ жер-суын азат еткен қалпы тұрақты ұстап тұра алмауының себебін іздеді. Сол себепті жою жолын парықтады.
«Ақтабан шұбырынды» салдарынан қалыптасқан жағдайда елді, жер-суды сақтау және қорғауға байланысты өзінің тарихи миссиясын Әбілқайыр хан адал атқарып келе жатқан. Қарамағындағы әскери күштің жаужүректігінде, соғысу өнеріне жақсы машықтанғанында, ондық, жүздік, мыңдық топтардан жасақталған құрылымының үйлесе әрекет ете алғанында күмәні жоқ. Ол жауынгер сарбаздары мен сардарларына кінә арта алмайды. Солармен бірге сауыт шешпей, аттан түспей, жалпақ қазақ даласын терістік-батысы мен оңтүстік-шығысы аралығында әрілі-берілі көктей өтіп әлденеше әскери жорықтар жасаған. Сол жеңісті жорықтары барысында ел-жұртқа өзінің аға хан мәртебесін іс жүзінде мойындатқан. Енді ол қазақ мемлекетінің басшысы, аға ханы ретінде, елді жаудан тұтастай азат ету шарасын жасауға тиіс болатын. Ал бұл шараны жүзеге асырудың кілті дүлей басқыншыға қарсы бүкіл халықты көтеруде жатыр еді. Жеңістерін баянды ете алмауының себебі мен сыры сол кілтті өзінің және өзімен қоса барша әміршілердің уақытында дұрыс пайдалана алмағандықтарында жатқан.
Демек, жауға қарсы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып шайқасу мәселесін тұңғыш рет халық ортасына салған, өзін ақ киізге отырғызып хан көтерген 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы іспетті жаңа басқосу ұйымдастыру кезек күттірмейтін шара болуға керек. Аға ханның мұндай көзқарасын батыс пен солтүстіктегі жер-су кикілжіңдерін өзімен бірге шешуге атсалысып жүрген Сәмеке хан бірден қолдайды. Алайда Қазақ хандығының оңтүстік аумағы және Жетісу өлкесі толығымен жоңғарлар қоластында жатқан. Сол басқыншы әкімшілікке бодан ретінде түрлі алым-салығын беріп, Ташкент сынды шаһарда тәуелділік ахуалда күн көріп отырған Ұлы жүз билеушісі Жолбарыс ханға осы тоқтамды тез жеткізу керек. Әбілқайыр баһадүр хан бекем шешім жасады. Жаңғыз оған емес, ең алдымен елдегі жүздер билеріне (ордабилерге), аймақтардағы барлық би, батыр, рубасы, бас адамдарға және ақсақалдарға шұғыл түрде жаушылар аттандырылды...
Әбілқайыр баһадүр елдің аға ханы лауазымымен қазақ астанасы Түркістанға орныққанында, батыс өлкедегі Кіші жүзге қарасты ел-жұрт ішінен көп ауыл оның ордасымен бірге сол аумаққа көшіп келіп қоныстанған. Жаз айларында аға ханның көшпелі ордасы солардың арасына – Арыс суының саласы Бадам өзенінің алқабына тігілетін. Сол себепті де сондағы Ордабасы аталатын жерді 1710 жылдан кейінгі жаңа бүкілхалықтық құрылтай өтетін орын етіп белгіледі. Сөйтіп, Әбілқайырдың жазғы ставкасы қоныс теуіп жүрген Ордабасы биігінде 18-ші ғасырдың алғашқы ширегінен өте бере, 1726 жылғы қара күзде, басқыншы жоңғарға қарсы күреспек халықтың ахлақи рухын нығайтқан, тиісінше, отан соғысын жеңіске жеткізу үшін үш жүздің біріккен қолын құруға бекем байлам жасаған әйгілі мәжіліс өтті.
Қазақ халқының басқыншыға қарсы шешімді түрде отан соғысына шығуына байланысты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сынды үш ұлы биіміздің есімдері ерекше құрметпен айтылатыны мәлім. Олар барлық қазақ ру-тайпаларын жоңғарларға қарсы біріктіру мәселесін қарау үшін Ордабасы құрылтайын шақырды делінеді. Қалың бұқарамен тығыз байланыста болудың жолы ретінде, билікке қара қазақ өкілдерін тарту қажеттігі Есім ханның кезінен бастап мойындалғаны белгілі. Оның «Ескі жол» аталған заңнамасының түпкі мәні де сол болатын. Соны басшылыққа алған Тәуке ханның тұсында белгілі билер елді басқару және заңдарды сонау «Есім ханның Ескі жолы» үлгісімен жетілдіру жұмыстарына белсене қатыстырылды. Әйгілі «Жеті жарғы» осы үш жүз билерінің белсене атсалысуымен қабылданған. Міне солар ел басына күн туған күрделі тарихи кезеңде жоңғар шапқыншылығына ел боп бірігіп қарсы тұру ұранын көтерді. Ел санасына солай сіңген. Ұлы жүздегі он бір тайпаны, Орта жүздегі алты тайпаны, Кіші жүздегі жиырма бес тайпаны біріктіретін үш тайпалық одақты ортақ мүддеге ұйыстырудағы бұл аса көрнекті тұлғаларымыздың еңбегін жоғары бағалай отырып, олардың ұлы кеңесті өткізуде бас әміршінің бастамасына сай солай әрекет еткенін әділеттілік тұрғысынан қисынды көретінімізді біз жасырмаймыз. XVIII ғасырда содан бұрынғы кездердегідей дағдымен, бүкілхалықтық мәжілістер мен кеңестер аса жоғары дәрежелі билеушілердің ордаларында жүргізіліп жүргенін тарихшылар мойындайды. Мұндай жиындардағы билердің сөзі қашанда өтімді келетін, билер өзге шонжарлардан әрдайым басым түсетін. Есім хан заманынан бері хан билігінің өзі сол билер кеңесінің шешіміне тәуелді болатын. «Ақтабан шұбырынды» қасіреті кезінде әскер бастап қазақ елінің терістігіне де, түстігіне де азаттық жорықтарын жасаған Әбілқайыр ханның азаттық жолындағы күресті өрістету үшін күллі ел азаматтарын біріктіруді көздегенде, осынау атақты билердің көмегіне сүйенгені тарихи шындыққа әбден сай келеді. Жүздердің хандары, жекелеген ру-тайпалар мен қалаларды басқаратын кіші хандар, сұлтандар, рубасылар, аймақтардағы билер, ақсақалдар, өзге де бас адамдар және, әрине, батырлар бас қосқан құрылтай басқыншыдан отанды азат ету үшін жалпақ ел ішінен біріккен қол жиюды бірауыздан қолдады. Қазақ біріккен әскерінің бас қолбасшысы міндетін аға хан Әбілқайыр баһадүрге жүктеді.
Қазіргі қалыптасқан көзқарас бойынша – құрылтай Кіші жүз ханы Әбілқайырды аға хан лауазымына емес, бас қолбасшы етіп қана сайлады делінеді. Мұндай көзқарастағылар қазақтың бұл кездегі аға ханы Болат хан болатын деп санайды. Алайда байыпты ғылыми зерттеулер Болат ханның, біріншіден, аға хан емес, Орта жүз ханы болғанын, екіншіден, ол «Ақтабан шұбырынды» басталғанда дүние салғанын айтады. Демек, Бас қолбасшы ретінде таңдалған Әбілқайыр баһадүрді Ордабасы құрылтайында аға хан мәртебесіне сайлаудың қажеті жоқ еді, ол бұл мәртебеге Тәуке ханның ізбасары Қайып хан қаза тапқаннан бері, 1719 жылдан ие болатын. 1724 жылдан Орта жүз ханы Сәмеке мен 1720 жылдан Ұлы жүз ханы Жолбарыс оны өздерінен барлық жағынан жоғары болғандықтан да мойындаған, көне меритократиялық тәртіпті басшылыққа алған билер кеңесі қолдаған. Осылай ол жеті жылдан бері аға хан саналатын. Егер бұл бастапқы кезеңде заты емес, тек аты ғана бар лауазым саналса, сондықтан да оны жұрт тек Кіші жүз ханы деп қана қабылдаған болса да, жоңғардың жойқын шапқыншылығынан берменгі күллі қазақ даласын шарлап көрсеткен жауынгерлік, қолбасылық еңбегі мен ерлігі оның іс жүзінде аға хан екенін дәлелдеген еді. Қазақ хандығында тақта отырған әмірші әдетте әскердің де бас қолбасшысы болатын, демек, Әбілқайырға бас қолбасшылықты беру – оның аға хан екенін мойындағандықтан, ел үшін жанын отқа да, суға да салған жанқиярлығын бағалағандықтан жасалған шара. 1710 жылғы Қарақұм құрылтайында да, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайында да ол өзіне көрсетілген сенімді ақтап, хан дәрежесі міндеттейтін қолбасылықты адал атқарды.
***
Әбілқайыр хан үш жүзден жиналған әйгілі батырлармен әскери кеңес өткізіп, шұғыл сарбаз жинау, оларды соғыс өнеріне тездетіп үйрету, сосын елді біртіндеп дұшпан езгісінен азат ету жоспарын құрды. Бірінші кезекте былтырғы жеңісті шеруден кейін қайтадан жау қолында қалған астанадан бастап аймақтағы барлық қалаларды жоңғар билігінен құтқару мәселесі күн тәртібіне шықты. «Үлкен орда қонған», «Кіші орда қонған» деген жер атаулары Әбілқайыр баһадүр хан мен оның көмекшілерінің сол кездегі азаттық соғысын басқарғанда әрекет еткен орталықтарын аңғартса керек. Біріккен қазақ армиясы аталмыш ордаларда жасалған соғыс жоспарларына сай ұрыстар жүргізіп, оңтүстіктегі қалаларды бірінен соң бірін азат ете бастады. Отан үшін жан алып, жан беруге белді бекем буған сарбаздар азаттық соғысында талай жеңістерге жетті.
Жоңғарлар қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды және Сырдарияның орта ағысы өңірін басып алғаннан соң Ұлытауға қарай бет бұрған. Ордабасы құрылтайы жігерлендірген біріккен қазақ әскерлері Әбілқайыр ханның қолбасшылығымен Түркістан–Ташкент алқабындағы ондаған қазақ қаласын қайтадан жаудан тазартып, елдің орталық аймағына беттеген жоңғар қолына шешуші соққы беруге әзірленді. Қазақ батырлары 1726 жылдың соңында және 1727 жылы әскери қимылдарды үйлесімді әрі ұтымды жүргізе отырып, Торғай даласының оңтүстік-шығыс бөлігінде Бас қолбасшы Әбілқайыр ханның басшылығымен ірі жеңістерге қол жеткізді. Ұлытау маңындағы Бұланты мен Білеуті өзендерінің жағаларында өткен шайқас ел айбынын ерекше асқақтатты. Қазақ жасақтары жоңғарлармен әуелі Қарсақпай қыраттарынан басталатын сол қос өзен құйып жатқан Шұбар-Теңіз көлі маңайында соғысқан. Талқандалған басқыншылар көлден әрмен қашқанда, аталған екі өзен аралығындағы Қарасиыр (оны «шоқы» мағынасын беретін Қарасире деп те атайды) жазығында оларға қатты соққы беріп, тамаша жеңіске жетті. Дұшпан ойсырай ұтылған бұл ұрыс тарихқа Бұланты-Білеуті шайқасы деген атпен енді. Осы ірі жеңіс нәтижесінде қазақ жасақтары жоңғар күшін Ұлытауға жеткізбей тоқтатты. Шайқаста Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты Байғозы, Тайлақ, Саңырық, Қабанбай, Дербісалы, Сатай, Есет, Жәнібек, Тілеулі сынды көрнекті қолбасшылар мен көптеген батырлар, барша сарбаздар көзсіз ерлік көрсетті. Жоңғарлар зор шығынға ұшырап, кері қашты.
Бұланты-Білеуті шайқасының тарихтағы маңызы ерекше. Өйткені ата жауды талқандаған осынау ұрыс халықтың еңсесін көтеріп, азаттық үшін, отан үшін күреске бір жағадан бас, бір жеңнен білек шығарып көтерілуге жігерлендіре түсті. Қазақ сарбаздары бұдан кейін ахлақи және рухани үстемдікке ие болып, жоңғарлар басып алған жер-суларын бірінен соң бірін азат ете бастады. Бұл 1727 жыл еді. (Сол жеңістен кейін жазықтың орталығындағы майдан кіндігі болған төбе «Қалмақ қырылған» деп аталып кетті. Бұланты алқабындағы бүгінде «Үйтас» деп аталатын, қабырғаларының қалыңдығы қос құлаштай, күмбездеп өрілген төбесі құлаған құрылыс осы айтулы жеңіс құрметіне кезінде салынған ескерткіш болған деседі.) Осы жылы кенеттен қонтайшы Цеван Рабдан (Сыбан Раптан) дүние салды да, жоңғарлардың қазақ жеріндегі күштеріне арттарынан қосымша көмек келмей қалды. Бұл жағдай белгілі дәрежеде рухы күшейе түскен қазақ жасақтарының жеңісті шеруінің сәтімен жалғаса беруіне қолайлы жағдай туғызған болатын.
Цеван Рабданның өлімі хандық ішінде дүрбелең туғызды. Таққа оның үлкен ұлы Галдан Церен (Қалдан Серен) отырған. Ол әкесінің ойда жоқта дүниеден кетуін өгей шешесі – хан тағына таласуы ықтимал інісі Лаузан Шононың туған анасы Сетержаб пен сол шақта Қалмақ хандығынан келген елшілерден көрді. Қатыгездікпен жазалаулар жүргізді. Сосын хандықтың шығыс шекарасына назар аударуға мәжбүр болды. Онда Цин-Қытай әміршілері боғдыхан ауысқан (император Канси қайтыс болып, таққа Юнчжен отырған) кездегі уағдаластықты жиып қойып, елге қайтадан қауіп төндіре бастаған еді. Соған байланысты Галдан Церен әскерінің негізгі күшін сол жаққа шоғырландыруға кірісті. Содан көп ұзамай қытайлықтармен қарым-қатынас шиеленісті де, жоңғарлар олармен жаңа соғысты бастады. Осындай жағдайда Галдан Церен қазақ жеріндегі жасақтарының біраз бөлігін жоңғар елінің шығысындағы майданға салу үшін кері шақырып алған. Бұл ахуалды қазақ елінің Қаратау өңірі мен оңтүстігіндегі жер-суды басқыншыдан тазарту күресінде жүрген Әбілқайыр хан мұқият саралаған да, 1730 жылдың көктемінде жауға Аңырақай даласында шешуші соққы берген болатын. Аңырақай шайқасы қазақ халқының XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізген Отан соғысының ең елеулі белесі, рухты көтеріп, болашаққа деген сенімді бекіткен жеңісті шыңы ретінде өте орынды түрде мақтан тұтылады.
Жұртшылық санасына сіңірілген мәлімет бойынша – шартараптан жиналған сарбаздардан біріккен отыз мыңдық қазақ қолы қырық мыңдық жау әскерімен бір-бір жарым айдай уақыт бойы соғысып жеңіске жеткен. Алайда жеңімпаз қазақ жасақтары жүргізген шайқастар сонымен доғарылған, қазақтар бұл соғысты әрі қарай дамыта алмаған, себебі «шайқас соңында Болат хан жараланып, қайтыс болғаннан кейін» (тағы бір көп таралған қисын бойынша – «дімкәс Болат хан науқасынан дүние салған соң») басталған «тақ үшін талас» оған кедергі келтіріпті-міс, көпшілік «Болат ханның баласы жас Әбілмәмбетті қолдаған» да, «бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын батысқа, Орта жүз қолын Сәмеке хан солтүстікке» алып кетіпті-міс. Ғылыми зерттеулер бұл ұйғарымдардың жаңсақтығын көрсетеді. Біріншіден, жоғарыда айтқанымыздай, Болат хан 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» басталған кезеңде өмірден өткен. Аңырақай шайқасынан кейін (1730) хан сайлауын жасауға қажеттілік туған жоқ. Өйткені соғысты жеңісті шыңына жеткізген бас қолбасшы Әбілқайыр баһадүр әрі аға хан да болатын, оның үстіне, Әбілқайырмен тақ таласына түсіп бәсекелесетіндей дәреже жас жағынан да, бедел жағынан да ешбір кіші ханда болған емес. Екіншіден, «Әбілқайыр мен Сәмекенің майдан даласын тастап» кетуі мүлдем өзге сипатта және басқа жағдайға байланысты орын алған.
Құрамына тарихшы, геолог-геоморфолог, этнограф, археограф, палеоклиматолог, шығыстанушы, палинолог, географ ғалымдар енген зерттеушілер тобы 2005–2007 жылдары Шу-Іле аймағының ортаңғы бөлігіне бірнеше рет экспедицияға шыққан. Жасаған далалық зерттеулері мен ізденістерінің нәтижелерін бірнеше салалық ғылыми институт қызметкерлері қатысуымен өңдеген. Сөйтіп, атақты шайқас өткен Аңырақай өңіріне кешенді түрде жүргізген арнайы зерттеу нәтижелерін сындарлы ғылыми тілмен еңбектерінде баян қылып, кейбір қалыптасқан пікірлерге сын көзбен қарауға мәжбүр ететін қорытындылар жасаған болатын. Экспедициялар кезінде тарихи оқиға аймағы жер бетінен, сондай-ақ биіктен (ұшақтан) суретке түсірілді, аумақтағы негізгі табиғи және әлеуметтік-экономикалық объектілерді географиялық, геометриялық тұрғыда көрсететін ғылыми сызбалар жасалды. Жер бедері мен су көздерінің қазіргі сырт кескініне ғылыми зерттеулер мен есептеулер жүргізіліп, олардың үш ғасырға жете-ғабыл уақыт ұшыратқан өзгерістерден бұрынғы кейпі елестетілді. Жер мен мекен-жайдың тарихи атаулары, әр кезгі географиялық карталар, өлкені мекендеген тайпалардың тұрмыстық және мәдени ерекшеліктері, олардың тіршілігі мен қызметінің біздің заманымызға жеткен материалдық қалдықтары, бұрынғы Аңырақай ауылы тұрғындарының экспедиция мүшелеріне берген ақпараттары қарастырылды. Солардың бәрін өлкенің әскери-саяси тарихымен тығыз байланыста зерттей отырып, аймақтың 1730 жылғы табиғаты мен жорымалы бейнесін және тарихи шайқастың бас-аяғы мен өту ретін ғылыми әдіспен қалпына келтіру әрекеті жасалды.
Қысқасы, ғалымдар зерттеуге алынған өңірдің топографиясын, геоморфологиясын, ландшафын, палеоклиматын, археологиясын, тарихи топонимикасын, картографиясы мен этнографиясын, сол тұста орын алған саясат пен жаугершіліктер шежіресін жан-жақты талдап, зерттей келе, алынған деректердің пәнаралық синтезі негізінде, Аңырақай шайқасының нақты болған жерін, дәл уақытын және сондағы оқиғалардың қандай ретпен өткенін, қазақ әскери жасақтарының Аңырақай тауы ауданында жоңғарларға қарсы ұстанған шабуылдау стратегиясы мен тактикасының өзіндік ерекшеліктерін анықтаған. Іргелес ғылымдар өкілдерін тарта отырып үйлесімді сипатта жасалған зерттеулер нәтижесінде отан тарихын білуге құмартушылар танымының көкжиегін кеңейте түсетін тың жаңалықтар ашылды, солардың ішіндегі бірегейі Аңырақай шайқасына қатысты еді. Фольклорлық дерек көздеріне қарағанда, Отан соғысының шешуші шайқасы болған тарихи майдан даласы Аңырақай жоталары мен Алакөл жазығы аралығында, яғни, Аңырақай алқабының солтүстік-шығыс бөлігінде жатыр. Осыны негізге алған зерттеушілер Аңырақай шайқасының табиғи шекарасы оңтүстік-батыста – су бөлетін сала мен Аңырақай (көне карталарда – Күмісті) жоталарының солтүстік-шығыс шоқыларын, батысында – Қопалы өзені мен Қаракемердің тармақтарын, солтүстік-шығыста – Бескөл алқабын, ал шығыста – Сарыбұлақ өзенінің аңғарын алып жатқан 210 шаршы шақырымдық аумақ деп тапты. Қазақтардың жоңғар басқыншыларына көрсеткен жалпыхалықтық қарсылығының қорытынды кезеңіндегі басты әскери қимылдар осы ауданда өтті. Әйгілі шайқас даласы айқын үшбұрыш түрін елестететіні анықталған. Үшбұрыштың табанында Аңырақай қырқаларының солтүстік-шығыс баурайы, ал қос қанатында – биік жарқабақты Қопалы және Сарыбұлақ өзендері жатыр. Екі су ортасындағы Бескөл алқабында барлық қорғаныс шаралары ескеріліп салынған мықты бекіністі қамал (қазіргі Қалмақтөбе) бой көтерген. (Жетісудағы осы Қалмақтөбе кешені ондағы қорғаныс қамалы мен өз әскерінің ұрыс жүргізуін жеңілдетуді, ал дұшпанның әрекетін қиындатуды көздейтін барлық фортификациялық құрылысымен және оған жәрдемін тигізетін нысандарымен бірге тұңғыш рет 2005–2007 жылдары тарихшы Ирина Ерофееваның басшылығымен ашылып, ішінара зерттелді). «Қалмақтөбе» жоңғардың оңтүстік-шығыс шекарадағы ең ірі қарауыл бекеті еді. Оны 1653–1666 жылдары белгілі ойрат нойоны (Салқам Жәңгірді жекпе-жекте жеңген делінетін) Галдамба салдырған болатын. Осы бекініс пен үш тараптағы табиғи шекаралар сол аумақты мекендеуші басқыншыларды қазақтардың ықтимал шабуылынан сенімді түрде қорғап тұрған. Тек солтүстік-шығыс жағы (Қопалы, Қаракемер және Сарыбұлақ алқаптарының ең төмен әрі жазық бөліктері ғана) біршама ашық, яғни сыртқы қарулы жасақтардың сол жерден ғана кіре алуы ықтимал еді. Бекіністің шығысынан 8–10 шақырымдай жерден Үлкен Қалмақ жолы өтетін. Осынау көш және керуен жолы Шу-Іле аймағының оңтүстік бөлігінен Қазақ даласының батыс аймағы мен солтүстік-батысына қарай созылып, Жоңғарияны Еділ-Жайық аралығындағы Қалмақ хандығымен байланыстырып жататын. Сондықтан да оның қазақ үшін де, қалмақ үшін де үлкен әскери-стратегиялық маңызы бар болатын.
Жалпы, Шу мен Талас өзендері алабынан Шу-Іле таулары ауданына дейінгі географиялық кеңістікте ойраттардың 19 әскери-қорғаныс бекеті орналасқан, олар XVII ғасырдың екінші жартысынан XVIIІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Жоңғар хандығының шекаралық аймағын белгілеп, ойрат көштерінің негізгі бөлігін Қазақ хандығының халқы орналасқан аумақтардан қорғап тұрған. (Әбілқайыр хан басқарған азаттық шайқастары нәтижесінде жоңғарлардың алғы шептеріндегі әскери-қорғаныс бекеттері алынып, өңірлер дұшпаннан тазартылған, алғыс сезіміне бөленген қазақ халқы елді азат етуші бас қолбасшыға ризашылық білдіріп, осы өңірлердегі талай жер-су аттарын Әбілқайыр есімімен атап кетті). Қазақ жеріне салынған жоңғар бекіністеріндегі қарулы жасақтарға әскербасы етіп қонтайшы Галдан Церен өзінің күйеу баласы Лацзан Церенді 1728 жылдың ортасында тағайындаған. Біріккен қазақ әскері Отан соғысының Аңырақай майданында сол тәжірибелі жоңғар қолбасшысы басқарған басқыншыларға қарсы шешуші шайқасқа шықты. Жоғарыда айтқанымыздай, қытай-жоңғар қатынасы қайта шиеленісіп, 1729 жылы Цин империясы Жоңғар хандығына қарсы жаңа соғыс ашқан. Сондықтан хандықтың әміршісі Галдан Церен (Қалдан Серен) қонтайшы 1730 жылдың басында қазақ аймағын мекен еткен халқы ішінен соғысуға қабілетті ойраттардың көбін асығыс түрде оңтүстік майданға шақыруға мәжбүр болды. Жетісудағы әскери-қорғаныс бекеттерінде саны шағын қарауыл жасақтарын ғана қалдырды. Осыншама қолайлы ахуалды қазақ елінің оңтүстігінде азаттық күресін жүргізіп жүрген Әбілқайыр хан пайдаланып қалуға тырысты. Аялдамастан, әскери күштерін Шу-Талас өзендері аралығынан Оңтүстік-Батыс Балқаш маңы ауданына бағыттады. Сөйтіп, 1730 жылғы сәуірдің басында, жоңғардың қазақ жеріндегі әскери-саяси жүйесінің Бескөл (Қалмақтөбе) форпостына қазақтардың біріккен қолы сол кезгі әскери ілім-білімнің озық тәсілін қолдана отырып шабуыл жасады.
Қазақ жасақтары Аңырақай үшбұрышына солтүстіктегі басты даңғыл болып табылатын Үлкен қалмақ жолымен емес, қарама-қарсы екі бағыттан (Балқаштың оңтүстік-батыс жағасы мен Шу алқабынан) келді. Шабуылдың негізгі мақсаты Аңырақайдың солтүстік-шығыс бұрышындағы Қалмақтөбе бекінісіне шоғырланған 5-6 мыңдық жоңғар әскерін қоршап алып, жойып жіберу болатын. Бас қолбасшы Әбілқайыр хан шешуші шабуылда қолданған әдісінде халықтың көпғасырлық дәстүрі бар «дала соғысы» орайындағы әскери ойға, оның «аңды жан-жағынан қаумалап аулау» тәсіліне сүйенген-тін. Жауынгерлік соғыс қимылдарын әйгілі қазақ қолбасылары мен батырлары қатысқан үш атты жасақ жүзеге асырды. Олардың екеуі Сарыбұлақ пен Қопалыдағы жауға өткел болуы ықтимал жазық тұстарды торыды әрі Қалмақтөбе бекінісін шабуылдады. Шақпақты, білтелі мылтықтармен атқылай отырып, әуелі дұшпанның қамалын басып алды, сосын бекіністің маңына топтасқан және оны тастап шыққан ойраттарды тықсыра қуып, тауға қашуға мәжбүр етті. Қашқан жауды Аңырақайдың орталық шатқалдарына бекінген садақшылар қарсы алды...
Бұл 1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыға» ұрындырған жойқын шапқыншылықтан бері тынымсыз жүріп келе жатқан, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайынан кейін айрықша серпін алған Отан соғысындағы шешуші шайқас болды. Осы аумақта қазақ халқы, қазақтың үш жүзінің сарбаздарынан құралған халық жасағы басқыншы-жоңғарларды біржолата жеңді. Байырғы күшті де қаһарлы қарсыласын осыған дейін жаулап алған қазақ жерінен қуып шықты. Сөйтіп, азаттық жолындағы қиындығы мол күрделі қаһармандық дастанды іс жүзінде салтанатты жеңіспен аяқтады. Ірі жеңісті баянды ету үшін біріккен қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілқайыр хан 1730 жылғы сәуірдің соңында жоңғар қонтайшысы Галдан Церенмен бейбіт келісімшарт жасады. Сол актімен «Ақтабан шұбырынды» қасіретінен бері өрши үскен қантөгісті азаттық күресінің шырқау шыңына айналған Аңырақай шайқасын қорытындылап, 1723–1730 жылдарғы Отан соғысына жеңісті нүкте қойды. Бұл жеңіс қазақ халқының жауынгерлік рухын нығайтты, халықтың этностық бірлігін, тұтастық сезімін және өз еліне деген сүйіспеншілігін, жүздер, ру-тайпалар арасындағы ауызбіршіліктің маңызын арттырды.
Жалғасы бар...
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz