Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4838 0 пікір 27 Мамыр, 2013 сағат 14:55

Қолдан жасалған қиянат

Белгілі бір дәуірдің сыр-сипатын тереңірек түсінгісі келген жан әуелі сол кезеңде өмір сүрген жекелеген азаматтар тағдырына зер салса керек-ті. Әкем Үшбай Үркімбайұлы – Кеңес өкіметінің «бесігінде» тербеліп, тұтас ғұмыры соған байланған, атеистік қоғамда азамат болып қалыптасып, «советтік» жүйеге тән ауыртпалық атаулының барлығын да өз басынан өткерген жан. Әсіресе, ашаршылық зардаптарын…

«Малды болғаның – үлкен айып…»

Белгілі бір дәуірдің сыр-сипатын тереңірек түсінгісі келген жан әуелі сол кезеңде өмір сүрген жекелеген азаматтар тағдырына зер салса керек-ті. Әкем Үшбай Үркімбайұлы – Кеңес өкіметінің «бесігінде» тербеліп, тұтас ғұмыры соған байланған, атеистік қоғамда азамат болып қалыптасып, «советтік» жүйеге тән ауыртпалық атаулының барлығын да өз басынан өткерген жан. Әсіресе, ашаршылық зардаптарын…

«Малды болғаның – үлкен айып…»

Әкеміз өздері куә болған кеңестік нәубеттер жайлы үйішілік ортада ғана әңгімелеуші еді. «Бай мен кедейді теңестіреміз», деп аласұрған: «Жазығың бай болғаның!» деп бар малдарын тартып алып, бай-болыс біткенді жер аударып тынған Кеңес өкіметі: «Қолыңда жеке меншік малың болғаны – социалистік келбетіңе айып!» деп жоқты соғып, енді келіп, кедей бейшаралардың бар малдарын тартып алып, ортаққа қостырған болатын. «Ортақ» сөзі «социалистік ортақ меншік» дегенді білдіреді. Оларға түк емес, қит еткенді «контра» деп, атып тастай салады. Үрейленген жұрт – үнсіз. Енді қайтсін-ай! Малдан гөрі жан тәтті дегендей… Бұл жағдайдың барлығын, бір кездері мыңғыртып мал айдаған Үркімбай байдың тәркілеуден кейін жетім қалған қос ұлы тікелей көздерімен көріп, куә боп жүрген еді.
Әне-міне дегенше, арада екі жылдай уақыт өтіп кеткен екен. Сөйтіп жүргенде, бір күндері Қарашеңгел алқабына шекелеріне қызыл жұлдыз таққан, қайыс белбеулілер сау ете түседі.
Жоғарыдан бұйрық келді. Совет халқының жаны да – ортақ, малы да – ортақ. Ана жақта бізден гөрі қиналып жатқан бауырларымыз бар екен. Соларға қарай малдарды айдаймыз, – де-е-еп, шімірікпестен соғып тұр дейді. «Ана жақтың» қай жақ екені де белгісіз. Айтылмайды. Құпия…
«Мал ашуы – жан ашуы» демекші, наразылы­ғын білдірген біраз кісі болған екен. Оларды пысқырсын ба?! Қайыс белбеулілер аспанға бірді-екі рет оқ атып, одан соң ауыл адамдарына кезенгеннен кейін бәрі де тынышталса керек. Сонымен, ата-бабаларынан бері қарай мал бағумен қатар, қызыл тары егуді кәсіп еткен Көкірек жұртының мал атаулысы мылтықтылардың алдында айдалып, астық біткені олардың арбасына тиеліп кете барады. Айтып-айтпай не керек, сонымен, айналасы екі-үш айдың ішінде құмды өңірдің тарыдай шашылған ауылдарын 1931-1934 жылдарғы ашаршылық ызғары толығымен жайлаған екен.
Әкеміз айтатын:
– Тігерге тұяғы қалмаған жұрт аң-құс аулап, оны да аз уақыт ішінде бітірген болатын. «Жұт –жеті ағайынды» демекші, әлде аң-құс біт­кен аштық жайлаған өңірлерден ауа көшіп кет­ті ме, кім білсін, әйтеуір, содан кейін ауыл­­­­дас­­­­тарымыздың ішінде қауқары барлары тұ­зақ құрып, тышқан аулауға көшкені есімде. Ал, он­дай тірлікке де жарамайтын кәрі-құртаң кі­сі­лер мен жас баласын құшақтаған әйелдер жағы жаужұмыр деген жабайы шөптің тамырын қазып жеуші еді. Оның өзін шамадан тыс көп жеп қо­йып, ісіп-кеуіп, көз жұмғандары қаншама… Үй­лі-жайлы деген ауылдастарымыздың жағдайы мы­­нандай болғанда, үйсіз-күйсіз жүрген біздің халіміздің бұдан да ауырлай берерін түсіндік те, Жетпісбай атаң екеуміз: «Шу қаласына жетсек, аштан өлмеспіз» деп бұдан екі жыл бұрын қа­шып келген ізімізбен кері қарай қайта жол тарт­тық.
Осылай деген әкем әңгімесінің осы тұсына келгенде: «Әй-әй-әй-ә-ә-әй!» деп, кейістікпен басын шайқап, бас бармағын тістеп, үнсіз отырып қалушы еді. Сөйтетін де, әңгімесін қайта жалғастыратын:
– Балам, Алла ондайдың бетін ұрпақтары­мыздан аулақ қылғай! Халықтың басына нәубет төнген кезде адамның құны сұраусыз, өмірі түкке алғысыз болып қалады екен. Өзің білесің, біздің ауыл мен Шу стансасының арасы 100 шақырымдай жер ғой. Жаяулатқан жұрт бо­сып келеміз. Біз сияқты бозбалалар сәл ши­рақ­тау қимылдайды. Егде кісілер аяқтарын әзер сүйретіседі. Әр-әр жерде теңкиіп жатқан мә­йіт­тер… «Бұл кім болды екен?» деп әлгі жазғанға қайырылып қарамақ түгілі ойлауға шамасы болмайды екен кісінің. «Аш адамда ес қалмайды», деуші еді қариялар. Сол рас болып шықты.
Қазір ойлап отырсам, әңгімелеріне қарағанда, сол аштықтан қашқан сапарындағы көрген құқайлары әкелерімізді тез есейтіп жіберсе керек. Талай серіктері жолшыбай жүре алмастан, жеткен жерлерінде қисая кетіп, қала береді екен. «Сәл тынығып алайыншы», дейді екен, жарықтықтар. Одан кейін қанша жерден «тұр-тұрласаңыз» да тым болмаса еңбектеуге де шамалары жетпей қалатын көрінеді. Оның үстіне, өз көздерімен көрмесе де, әкелеріміздің талай-талай куәгерлерден небір жантүршігерлік әңгімелерге қанық болған жайы тағы бар. Сондай оқиғалардың бірі мына тақылеттес…
Әдетте, ел іші тыныш заманда, күш-қуаты бойындағы азаматтан қорқау қасқырлар тай­сақтай жүреді екен. Ал, қалың елді жаппай аштық буған кезде, ерлердің де қауқарсыз болып қалғанын ол қорқаулар бірден сезетін болса керек. Ер кісіден осылайша қаймығуды қойған «қасекеңдер» әйел затын бұйым құрлы көрсін бе?! Аштық тырнағынан қашып, балаларын жетектеп бара жатқан әйел адамды қасқырлар қамалап алады екен. Ондайда бейшара шеше, сасқалақтап жүріп, балаларын жасырып, етегімен жауып қоймай ма?! Соның өзінде, қорқаулар тайсалмастан келіп, анасы бейшараның етегінің астына бүрісе тығылған сәбилерді тартып жеп кеткен кездері де болған екен. Екі аяқты «қасқырлар» еш аяусыз күйде талап тастаған кеңестік қоғамдағы халықты түз тағысы аяп қайтсін?! Елден ерек қазақтың басына таудай боп құлаған бұл не қылған нәубет, тұтас жұртымыздың белін қайыстырған неткен қасірет еді, десеңізші! Айтып жеткізгісіздей, қолдан ұйымдастырылған қастандық…
Бір қайран қаларлық жағдай: қос бауыр тіске басар дым таппай, аштан бұратылғандарына қарамастан, осыдан екі жыл бұрын: «Балаларды шоқындырғалы жатыр екен», деген қауесеттен шошына өздері қашып шыққан сол баяғы «жетім балалар үйі», яғни интернат жаққа қарай, «мұсылмандығымыздан айырылып қалармыз» деген қауіпті ойлап, аяқтарын аттап баспаған екен. Ал енді, қос жетімектің сол бір қылықтарына имандылық тұрғысынан ой жіберіп көрейікші, ағайын. Айналасын аштық құрсаулаған, басар тау, барар жерлері, талшық етерге бір түйір нандары да қалмаған ағайынды жасөспірімдер атеистік қоғамның тасқын судай қаптап келе жатқан, имансыздыққа толы қатыгездіктерінен қолдарынан келгенінше имандарын осылайша қорғап қалуға тырысқан екен-ау!
Әкелеріміздің осы бір қылықтары сөз болған сайын ойыма ылғи, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында, бәзбір замандастарымыздың асыл дінімізді болмашы бір дүниелікке бола шімірікпестен сатуға дейін барған қадамдарының ойыма оралатыны бар. Рас, енді ғана қаз-қаз тұра бастаған дербес мемлекетімізде 1992-1996 жылдар аралығында тұрмыстық ауыртпалықтар біраз болды. Бірақ баспанасыз күйде, жапан түзде қаңғып қалған немесе аштықтан баудай түсіп жатқан ешкім болмаған еді ғой?! Дас­тарқанымызда нан болды, дәм болды. Сәл тапшы күйінде… Сонда деймін-ау, осындай уақытша қиындыққа бола мұсылманшылықтарын бір қап ұн немесе жарты қап құмшекерге айырбастап, Хақ жолдан өз еріктерімен бас тартып, басқа дінге өтіп кеткендер ертеңгі күнінің, яғни о дүниесінің жай-күйін ойлады ма екен десеңізші?!

Құны жарты нанға да татымаған қайран қазақ

…Сонымен, қос бауыр Шу бекетіне де жетеді. Мұнда да қазақ үшін жүрек жалғар жағдай қайдан болсын? Шу қаласында оңтүстікті солтүстікпен, батысты шығыспен жалғастыратын пойыз жолдары қиылысады. «Тоғыз жолдың торабы» деп аталуы сондықтан. Осының салдарынан, сол жылдардың өзінде, қалада басқа ұлт өкілдері, әсіресе, басқа ұлттар көптеп қоныстанған екен. Мұнда мынандай қасіретті көріністер көзге бадырая ұрып тұрған көрінеді. Көше тола аштықтан бұратылған, киімдері алба-жұлба ауыл қазақтары. Бұлар – Шу өзенінің орта және төменгі ағыстарын бойлай орналасқан ауылдардан кеуделерін сүйрей жеткен ішіндегі «ширақтары» ғана… (Ал, жете алмастан, өз үйлерін немесе ашық даланы қабірханаға айналдырып, жантәсілім еткендері қаншама, десеңізші…) Осы айтылғандарға Шу қаласындағы кереғар келесі көрініс – өзге ұлт өкілдерінің жайы-тын. Олардың қарыны тоқ, көйлектері – «көк». Қолын созып, қайыр сұраған қазақтарға жиіркенішпен қарасады. Қадам са­йын: «Осылар-ақ басымызға пәле болды-ау!» – деген кейістіктерін балағат сөздерімен аралас­тыра төгіп жатқандары. «Ана өлген қазақтардың мәйіттерін сасытпай, қаладан тезірек шығарып тастасаңдаршы!», деп көкірек керетіндері қанша­ма еді, десеңізші…
Қала базары тола қайыр сұраған қазақтар. Кенет ашқұрсақ жасөспірім баланың бірі базаршының жарты бөлке нанын ала қашқан екен. Нан иесі қуып жетіп, желкесінен бір-ақ түйгенде әлгі бейшара табанда жантәсілім еткен көрінеді. Сонда: «Ау, жолдас, мұның қалай? Біреудің ер жетіп қалған баласын өлтірдің ғой? Кәне, құнын төле немесе заң алдында жауап бер!» деген бір ауыз сөз айтылмапты. Себебі, Сталин «жолдастың» нұсқауымен, Голощекиндей қандықол қарақшының аса белсенділігімен, Орталық жүргізген осы бір сұрқия саясат кесірі­нен қазақ баласының құны, жасөспірімнің өмірі жарты бөлке нанға да татымай қалған заман еді. Әттең дүние-ай!…

Қазаққа табылмаған ұн – көрші елдің мал жемі

Жүректі сыздатқан жоғарыдағыдай көрініс­­терден секем алған әкелеріміз шекаралас Қырғыз жеріне қарай жылжи беруді жөн көрсе керек. Ол үшін жүк таситын «товарняк» пойыздарға жармасуға тура келген. Ондай жүк пойыз­дарына жармасқандар саны едәуір болған деседі. Алайда, солардың ішінде Алланың қол­дауымен, кеуделеріндегі жандары аманат болып, аман жеткендері санаулы-ақ көрінеді. Сөйтіп, олар «Камышиновка» деген қырғыз ауы­лына жетеді. Өздері «Камшенке» деп айтушы еді, естелік әңгімелерінде. Ішер астары болмаса да, ас құйып алар ыдыстары үнемі өздерімен болған. Өз сөздерімен айтқанда, бір-бір темір «кәтөлөк», яғни отқа ілуге арналған тұтқасы бар шағын темір ыдыс, бір қасық, бәкі, сіріңке сияқты ең керекті жабдықтары белдерінде байлаулы жүретін.
Ағайынды екеу, сөйтіп, ауыл үйлерді жағалап жүріп, «Камышиновка» колхозының мал бор­дақылау қорасына тап келіпті. Сөйтсе, жұмыскерлер үлкен кеспекке су құйып, оған ұн салып шылап, шикі аталаны астауларға құйып, малға береді екен. «О, тоба! – деп таң қалысыпты қос жетімек ағаш шарбақтың жігінен сығалап тұрып, – біздің жақта мынандай ұнның тым болмаса бір табағына қол жеткізе алмай адамдар аштан қатып жатыр. Ал, мыналардың қап-қап ұнды малға беріп жатқаны несі?!». Мұндай наразылық сауалдарын сыртқа шығарып айта алмады олар. Іштерінде тұншықтырды. Осыншалықты әділетсіздікке толы кереғарлық олардың балаң түсініктеріне, көңілдеріне сияр емес. Сонымен не керек, қос бала шарбақтан сығалай бақылап біраз отырысады да, жұмыскерлер басқа бір шаруаларымен кеспек қасынан алыстап кеткен кезде, жүгіріп барып, әлгі аталаға «кәтөлөктерін» бір-бір батырып алған күйлері тұра қашысады екен.
– Біздің соңымызға түсе қуалаған ешкім бола қоймады. Шамасы, «қазақтың аш балалары ғой», деп аяса керек. Содан қашқаннан қашып отырып, бағана бір әзірде тауып қойған «мекенімізге» келдік. Ол кездері кірпіш күйдіру деген қарапайым тәсілмен жасалатын еді ғой. Кепкен кірпіштерді дөңгелете биік етіп қалап, ортасына от жағады. Сондай күйдірілген кірпіш пешінің бірі қаңырап босқа тұр екен. Дереу от жағып, быламығымызды пісіріп жедік. Не тұз, не май қосылмаса да быламықтың осыншалықты дәмді болатынын бірінші рет сезінуім… Сөйтіп, күнде бір «кәтөлөк» быламық жеп жүріп жат­тық. Ауыл арасын аралай жүріп, артынша Омарбек деген бір қазақпен танысып алғанымыз мұндай оңды болар ма?! Ол өзі мына бізге көрші «Көктерек» ауылынан екен. Картөшке қой­масының қарауылы болатын. Келісім бойынша, түн қараңғысында жасырынып барамыз. Ол бізге бір шелектей майда қартөшке береді. Соны бір аптаға жеткізуіміз керек. Сөйтіп жүріп 1932-ден 33-жылға қараған қатал қыстан да шықтық-ау аман. Бұл қыс қатал жұт жылы болып санамызда қалып қойды. Келер көктемнің күні жылт етісімен: «Енді Мойынқұмға жетейік», десіп, келген ізімізбен кері қайттық. Жолдағы көрген азаптарымызды санамалап айтпай-ақ қояйын. Әйтеуір, аман қалған жанымызды олжа көріп, «өлмеген құлға болды жаз» деп Қарашеңгелге де жеттік.
Әкеміздің әңгімесі одан әрі былайша жалғаса­тын. Елге келсе, «Қызыл отау» ауылы жартылай қаңырап қалған екен. Алғашқы болып орал­ғандардың бірі біздің әкелеріміз болады. Бас сауғалап, жан-жаққа босып кеткен жұрт күн жылысымен біртіндеп жиыла келе, Қарашеңгел төсінде аздаған ауылдастары қайта түтін түтете бастаса керек.
– Ашаршылықтың халыққа ең ауыр тиген тұсы – біз Қырғызстанда қыстаған сол 1932-ден 33-жылға қараған қыс айы болатын. Негізі ашаршылық 1931 жылы басталды ғой. Сол 1933 жылдың соңына қарай Қазақстанға басшылыққа Мырзажан (Мирзоян) келіп, қазақ ауылдарына аздап мал тарата бастаған еді. Соның арқасында, 1934 жылдың аштығын аса қатты сезіне қоймадық. Ей, балам-ай, «Аштықта жеген құйқаның дәмі естен кетпес», дейді атам қазақ. Баяғы бізге картөшкемен қарайласқан Омарбек деген кісі есімнен ешқашан шыққан емес. Сырттай ылғи алғысымды айтып отырамын. Қазақ атамыз не нәрсені де дөп баса айта білген ғой, балам, «Аш адамнан ақыл сұрама!» деп. Сол рас сөз. Аштық жылдары 14-16 жас аралығындағы бала едім ғой. Бәрі де әлі күнге дейін көкірегімде сайрап тұр. «Кәмпескеге» дейін байың байдай, кедейің кедейдей бір-біріне мейірімді еді. Кәзір кәзиттеріңе «тәркілеу» деп жазып жүрсіңдер ғой. Сол тәркілеуден кейін кедейлердің жүрегінде байлардың тұқымына деген кек пайда болды. Сөйтіп жүргенде, «ол аз» дегендей, «сәбет» өкіметі сол кедейлеріңіздің қолдарындағы малдарын да тартып алып, ортақ қазанға қосқаннан кейін не жорық?! Әйтпесе, сол «ортағыңызға» дейін кедейдің ең жоқ дегенінде екі сиыр, бір жылқы, жиырма шақты ұсақ малдары болатын. Өкімет сол арына ауыз салмағанда, халық бұлайша қырылмас еді. Біз ол кезде аштықтың анық мәнін, себебін түсінбедік. Түсінгендерінің өзі өкіметті кінәлаудан қорқатын. Дербестігімізді алғалы бері ашық жазып жатсыңдар ғой. Ол кезде қайда-а-а… Аштық туралы жақ ашу деген болмайтын. Үйішілік дастарқан басында ғана сыбырласа еске алатынбыз. Өздеріңе де сөйтіп әңгімелеуші ек қой?! Сол аштықтың кесірінен халқымыздың кең пиғылы едәуір тарылды, мінезі өзгерді, табиғаты бұзылды деп ойлаймын. Алла ондай сұмдықтардың бетін ұрпақтарымыздан алыс еткей, деп, әкеміз марқұм әжептәуір толқып қалатын.

«Аш қазаққа дәрігерлік көмек көрсетілмесін!»

Тарихшыларымыздың жазуынша, Голоще­кин­нің қанды қолы арқылы әдейі ұйымдастырылған бұл нәубеттің мақсаты – қазақ жерін біз сияқты «бұратана» халықтан «босатып алу» еді. Бұл ойымызға Роберт Конквестің «Жатва скорби» атты кітабынан келтірілген мына бір деректің дәлел болары анық: «Аштық жылдары Қазақстанда басшылық қызметте болған Голощекиннің аштан қырылып жатқан қазақтарға дәрігерлік көмек көрсетуге қатаң тыйым салған жасырын нұсқауы болған екен». Тұтас бір халыққа қарсы бағытталған зұлымдықтың нағыз дәлелі емес пе, бұл сөйлем?! Айта берсе, мұндай деректер жетерлік.
Журналист Нұрбек Бекбау «Jaqsy.kz» сайтында жарияланған «Қазақты жою жобасы» деген мақаласының «Қазақтың соңғы тұяқ серпуі» атты бөлімінде нақты деректер арқылы халқымыздың басына ала-бөтен түскен сол бір зұлмат жөнінде былайша ой толғайды: «Шыдамның да шегі бар. «Малым жанымның садағасы», – дейтін қазақ төрт түлігін тартып алғанда «сабыр» деді. Соңынан жан дүниесіне дүрбелең салғанда, қауқары бары қолға қару алды. 1928-1930 жылдары республиканың түгел аумағын қамтыған 372 көтеріліс болып өтті. Оған 80 мың адам қатысты. Коммунистер пулемет, ұшақ, атты әскерді қарсы қолданды. Алайда, әбден ашынған халық ажалға тура шапты. Іс насырға шапқан соң, «бәлшебектер» келісімге келуге мәжбүр болды. Араға адам салып: «қаруын тапсырсын, талабын орындаймыз, жазалау болмайды», деп сендіріп бақты. Екі тарапты табыстыру Елтай Ерназаров, Әліби Жангелдинге жүктелді. Бас көтерген қазақтардың талабы мынау еді:
1. Дін бостандығын беру, мешіттерді қайтару, діни салттар мен шараларға кедергі жасамау;
2. Ірі байлар тәркіленгеннен кейін, енді тәркілеу болмайтындығы жөнінде декрет шыққан еді, бірақ бұл іс орта шаруаға қарсы әлі жасалуда;
3. Колхоздарға зорлап кіргізу тоқтатылсын. Олар тек ерікті негізде қабылдансын;
4. Қазақ даласында тапқа бөліп, жіктеуді қою керек. Істі шешуге комсомолдарды жібермеу, оны ауылдың жалпы жиналысында шешу қажет;
5. Салықтарды мал-мүліктің санына қарай салу керек. Егін екпейтіндерге астық салығы салынбасын…»
Алайда, бұл – (Елтай Ерназаров пен Әліби Жангелдинді арағайын етіп, уәде беру – Н.Ү.) барып тұрған алдаусырату еді. Халық мылтығын тапсырып болысымен, қызыл армия оларды «басмашы» деп айыптап, жаппай атып-асуды бастады. Ауылдарды шапты. Малын айдап кетті. Қазақтың соңғы демі үзілді. Соңғы рет тұяқ серпіді».
Аталған үзіндіде журналист Нұрбек Бекбау нақты деректерге сүйене баяндап отырғандай, халқымыз жайдан-жай қасірет қамытына мо­йын­сұна салмаған екен. Кеңестік мылтықтың үңірейген ұңғысына қасқая қарап тұрып-ақ, наразылығын білдірген, нақты талаптарын қойып, шарттарын көлденең тартқан. «Дін бостандығын беру» атты алғашқы бапты оқыған сәтте сол баяғы 1929 жылы «шоқындырып жіберуі мүмкін»,  деп, дінінің амандығы үшін жанұшыра қашқан қос жетімек әкелеріміздің ашаршылық кезінде де әлгі «Жетім балалар» үйін айналып өткен талпыныстары тағы да оралып отыр есіме.
Бес томдық «Қазақстан тарихы» еңбегінің 4-томында көрсетілгеніндей, біз тілге тиек етіп отырған ашаршылық жылдары қазақ халқының 42 пайыздайы шейіт болған немесе жер ауып кеткен. Аталған нәубет Қазақстанда жүргізілген қос халық санағының, уақыт жағынан, шамамен орта тұсына сәйкес келген екен. Әрине, жалпы, халықтық бұл қасірет санақ мәліметтерінде тиісінше көрініс берген болатын. «Санақ жүргізушілер бұлтартпас сандарды көрсету арқылы, біздің қазаққа қарсы аштық ұйымдастырған қылмысымызды әдейі әшкерелеуге тырысты», деп секемденді ме екен, кім білсін?!
Әйтеуір, өз көлеңкелерінен өздері қорық­қан сталиншіл қоғам сол халық санағын жүр­гізуге басшылық жасаған қазақтың небір марқас­қаларын 1937 жылы басталған, тағы да қолдан ұйымдастырылған келесі қырғын кезінде, «халық жауы» деген жаламен атып тастаған екен. Ел ішіндегі бас көтерер бригадирден бастап, мемлекет басшысына дейінгі аралықтағы «елім» деп еңіреген азаматтарды жаппай қырып-жойған қуғын-сүргін науқаны шағын ғана «Қызыл отау» ауылын да айналып өтпеген еді. Нақтырақ айтқанда, аштық қырғынынан естерін жия бастағанына екі жылдай өтер-өтпестен халықтың басына 1937-1938 жылдарғы саяси қуғын-сүргін ауыртпалықтары келіп түскен болатын. Халық байғұстың: «Бұ бәледен де құтылдық-ау!» деп ойлап үлгергендеріне үш жыл толар-толмаста Екінші дүниежүзілік соғыс келіп киліккені тағы белгілі. «Апыр-ау, туған халқын ес жиғызбастан, әрбір екі-үш жыл сайын қырып отырған, бұл не қылған жауыз мемлекет еді?» деп ойға қаламын кейде.
Нұрлытай ҮРКІМБАЙ.
АЛМАТЫ.

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5354