Президент БҰҰ делегациясын қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ делегациясымен – БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Атқарушы хатшысы Армида Алисджабанмен, Бас хатшының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчимен және БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі – БҰҰ Даму бағдарламасы әкімшісінің көмекшісі Ивана Живковичпен кездесу өткізді.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен БҰҰ институттары арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Президент Астана халықаралық форумына белсенді қатысқаны үшін дипломаттарға ризашылығын білдіріп, олардың БҰҰ аясындағы ұсыныстары форум жұмысының мазмұнын байытуға үлес қосқанын айтты.
Мемлекет басшысы БҰҰ-ның бейбітшілікті нығайту, қауіпсіздік пен жаһандық дамуды қамтамасыз ету ісіндегі айрықша рөліне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін жан-жақты реформа жүргізу қажеттігіне және осы органның өкілдігін кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.
Президент осы әмбебап ұйымның рөлін нығайту мақсатында Қазақстан БҰҰ-мен күш біріктіруге ниетті екенін растады.
Қазақстанда БҰҰ-ның 20-дан астам бөлімшесі табысты жұмыс істеп жатыр. Осы ретте Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық құру маңызды екені атап өтілді. Бұл орталықтың қызметі 2030 жылға дейінгі күн тәртібін ілгерілету үшін кешенді шаралар қабылдау арқылы БҰҰ агенттіктерінің өңірдегі елдер үкіметтерімен арадағы үйлесімділікті нығайтуға бағытталады.
Өз кезегінде жоғары лауазымды дипломаттар Астана халықаралық форумы туралы өздерінің әсерін ортаға салып, қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін шешу тәсілдерін әзірлеуде осы алаң стратегиялық тұрғыда маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ кездесуде көлік-логистика әлеуеті мен цифрландыру процесі тұрғысынан Орталық Азияның стратегиялық рөліне назар аударылды.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке жүрекжарды сәлемін жолдады.
Abai.kz