«Орыс әлемінің» келуі: Жермен-жексен болған Бахмут
Бұл бір жылдары тіршілігі қыз-қыз қайнап жататын Бахмут қаласының қазіргі құс ұшар биіктен қарағандағы кейпі. Бүкіл қала жермен-жексен болған. Қалада бірде-бір бүтін ғимарат қалмаған.
«Мынау тұрғын үйлерде өмір сүрген адамдар қазір барлығынан айырылған. Олардың туған қалалары жер бетінен жойылып кетті. Түк қалмады. Тек «Орыс әлемі» қалды...», - деп жазыпты төмендегі суреттердің авторлары Константин мен Влада Либеровалар...
Бахмут – Украинаның Донецк облысындағы шағын ғана қалашық. Бүгінгі қала орналасқан аумақта XVI ғасырдың орта шегінде алғаш рет Бахмут бекінісі бой түзеген. Атауын Бахмут өзенінен алған. Ал 1783 жылы қала статусын алған. Әрідегі тарихына терең үңілмесек те, орыс басқыншылығы кезіндегі бастан өткергендеріне аз-кем тоқтала кеткенді жөн көрдік.
Бахмут Донецк облысындағы индустриалдық қала. 2014 жылдың сәуірінде өздерін «ДХР» деп жариялаған сепаратистер Бахмутты басып алған. Ал 2014 жылдың шілдесінде Украина әскері Бахмутты басқыншылардан азат еткен.
2015-2016 жылы қала сепаратистік күштер тарабынан бірнеше мәрте шабуылға ұшыраған. 2022 жылдың мамыр айынан бері қала толық масщтабта соғысты бастан кешіруде. Былтыр тамыздан бастап Ресей Бахмутты алу үшін бар күшін салуда. 2023 жылдың мамыр айына дейін қаланың 85 пайызы басқыншылардың қолына өткен еді. Биыл мамырдан бері Украина әскері Бахмутта жауды кері шегіндіріп жатыр. Бахмутта негізінен «Вагнер» ЖЭК жендеттері шоғырланған.
Соғысқа дейін бұл қалада 70 мыңға жуық адам тіршілік кешкен. Қазір олар Бахмуттан көшірілген. Бүгінде Бахмут жермен-жексен болған, елес қалаға айналды. Десе де Бахмуттың байырғы тұрғындарынан қалада 1,5-3 мың аралығында қарапайым тұрғындар бар екені айтылады.
Abai.kz