Баку мен Мәскеу біржола кетісе ме?
Әзірбайжан мен Ресей арасы суыса бастады. Қараңыз:
Әуелі Ресей билігі Мәскеудегі әзірбайжан диаспорасының басшысы Бахтияр Гасановты Ресейден депортациялады...
Мәскеудегі Әзірбайжан Ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Гасановты бұған дейін Ресей азаматтығынан айырыған болатын.
Маусым айынан бері Гасанов шетел азаматтарын уақытша ұстау орталығында болған.
Бұған Әзірбайжаннаң жауабы көп күттірмеді...
Әзірбайжан бір дегенде үш бірдей ресейлікке халықаралық іздеу жариялады.
Атап айтқанда: Баку РФ Көлік министрінің кеңесшісі Алексей Чадаев, "Москва 24" телеарнасының жүргізушісі Иван Князев және саяси консультант Семен Ураловқа халықаралық іздеу жариялады.
Әзірбайжан Бас прокуратурасы оларға "терроризмге шақыру", "елдің аумақтық тұтастығын бұзу" және "ұлттық араздықты қоздыру" айыптарын тағып отыр.
Оларға сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Қазір Ресей мен Әзірбайжан арасы шынымен де күрделі дағдарысқа тап болған.
Бұл даудың басы — ұшақ апатынан басталады. "Әзірбайжан әуежолдарына" тиесілі "Embraer E190" ұшағына Грозный аспанында Ресейдің оғы тиіп, Ақтаудың дәл түбіне жетер-жетпей құлағаннан соң, Баку Мәскеуді қатаң айыптады. Арнайы комиссия құрылды. Апаттан адамдар қаза тапты. Ақыры Путиннің өзі айыпты мойындауға мәжбүр болды.
Бұған қоса, 2020 жылғы Қарабақ соғысындағы жеңістен соң Бакудің Мәскеудің бәлелі-жалалы әрекеттеріне қарсы батыл мәлімдемелері көбейгені және факт.
Осыдан бастап екі елдің күштік құрылымдары мен дипломаттарының өзара сөзқағыстары жиіледі...
Екеудің арасын суытқан тағы бір оқиға - Әзірбайжан арнайы қызметі Бакуде орналасқан Ресейдің бақылауындағы "Sputnik Әзірбайжан" редакциясы мен кеңсесіне жүргізілген тінту болды.
Ақырында Ресейдің пропагандалық агенттігінің қызметкерлері "тыңшылықпен айналысты" деп ұсталды.
Ал Ресей Оралдағы әзірбайжан диаспорасының басшысы Шахин Шихлинскийді тұтқындады (2025 жыл).
Ресей күштік құрылымдары Шихлинскийді Мәскеуде арнайы операция жасап ұстаған. Кейін Екатеринбург соты (Киров аудандық соты) оған "аса ауыр қылмыстар жасады" деген айыппен үкім шығарып, әртүрлі эпизодтар бойынша қатаң режимдегі колонияға жіберіп, 24 жыл жаза кесті.
Әлиевтің күтпеген соққысы...
Екіара осылай ушығып тұрған-ды. Өткенде Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев кезекті рет Мәскеуге ұнамайтын мәлімдемелер жасады. Кеңес Одағы дәуірін ашық сынға алды. КСРО билігін "отаршы" деп атады. Әзірбайжанның КСРО құрамында болған кезеңін ресми түрде "отаршылық" деп атады. Онымен қоймай, Мәскеудің еркін ой, азат пікірден өлердей қорқатынын айтып, әжуа етті...
Тағы бір факті...
Соңғы жылдары Әзірбайжан АҚШ пен Батысқа қарай батыл қадамдар жасай бастады. Бұл өзкезегінде Ресейдің Оңтүстік Қапқаздағы ықпалының айтарлықтай әлсірей бастағанын аңғартады.
Мысалы, 2025 жылғы 7-8 тамызда Әлиев Уашингтонға ресми сапармен барды. Онда АҚШ лидері Трамп пен Армения премьері Пашинян және Әзірбайжан лидері Әлиев арасында тарихи үшжақты кездесу өтті. Түпкілікті бітімге қол қойылды.
Осылайша Армения мен Әзірбайжанның демаршы - Ресейдің Оңтүстік Қапқаздағы ықпалын айтарлықтай әлсіретуде...
Abai.kz