Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 3453 20 пікір 4 Шілде, 2023 сағат 12:17

Атыраудағы апат сыртқы күштердің диверсиясы емес пе?

Сурет: ҚазТАГ

Кеше, 3-ші шілде, Атыраудың бірнеше ықшам ауданында электр жарығы сөніп, ауыз су тоқтады. Бұған Маңғыстау атом электр комбинатының (МАЭК) №1 блогындағы апат себеп болғаны айтылды.

Артынша әлеуметтік желіге Атырау мұнай өңдеу зауытының бір мұнарасынан өрт шыққаны бейнеленген видео тарады. Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі факелдегі өрт электр қуатын мәжбүрлі түрде азайтқандықтан болды деп мәлімдеді.

Кеше «ҚазМұнайГаздың» баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа көз жүгіртсек:

«3 шілдеде сағат 18:25-те (Астана қ. уақыты бойынша) сыртқы желіден келетін электр энергиясының өшуіне байланысты Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты.

Осыған байланысты кәсіпорынның сыртқы желілерден қуат алатын технологиялық қондырғыларының жұмысы тоқтады. ЭЛОУ-АТ-2 мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысы жұмысын жалғастыруда, өйткені ол кәсіпорынның жылу электр орталығында ішкі генерация есебінен электр қуатымен қамтамасыз етіледі.

Кәсіпорында мұнай өнімдерін өндіру жұмысы сыртқы желілерден келетін электр қуаты берілгеннен кейін және технологиялық қондырғылар қайта іске қосылғаннан кейін қалпына келеді. Электр қуаты берілген сәтте мұнай өнімдері зауыт қоймаларында сақталған қор есебінен жөнелтілетін болады. (автобензин – 26 000 тонна, дизель отыны – 33 000 тонна, сұйытылған мұнай газы – 1 200 тонна). Бұл көлем 7 күн бойы жөнелтуге жетеді.

Атырау мұнай өңдеу зауытының қысқа уақытқа тоқтауы нарықтағы жағдайға кері әсер етпейді, өйткені республикадағы АИ-92 және дизель отынының қазіргі қоры бір айға, ал АИ-95 қоры екі аптаға жеткілікті. Павлодар мұнай-химия зауытындағы жоспарлы жөндеуге және Шымкент мұнай өңдеу зауытының риформинг қондырғысындағы жұмыстарға байланысты ішінара тоқтауына қарамастан, кәсіпорындардан мұнай өнімдерін жөнелту жұмысы жалғасып жатыр», - делінген.

Сонымен қатар, Астана уақыты бойынша сағат 18:29-да МАЭК-тің 1-ші энергия блогындағы апат салдарынан «KUS» ЖШС-нің газ-турбиналы электр стансасында генерациялық қондырғылар апатты жағдайда тоқтаған. Мұның салдарынан «KPI Inc.» ЖШС-де электр энергиясы толық өшкен.

МАЭК Маңғыстау облысын ғана емес, БҚО мен Атырау облысын да ішінара электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Комбинаттағы апаттан Маңғыстау облысы Жылыой ауданында да ішінара жарық сөнгені айтылды.

Ал «Атырау-Жарық» мекемесінің баспасөз қызметі Атырау қаласының сол жағында толығымен және оң жағындағы Балауса, Ракуш, Лесхоз, Авангард және Нұрсая, Жерұйық сияқты шағын аудандарда апатқа байланысты уақытша электр жарығы болмайтынын мәлімдеді. Кейін біртіндеп үйлерде жарық беріле бастаған.

«Атырау мұнай өңдеу зауытының» баспасөз қызметі: «Апаттан қаза тапқандар мен жазаланғандар жоқ» деді.

Осыдан кейін, электр қуатын өшіру салдарынан бірнеше кен орнында мұнай өндіру жұмысы тоқтатылғаны хабарланды.

Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) энергия блогының ажыратылуына байланысты Маңғыстау және Атырау облыстарындағы «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ кен орындарында мұнай өндіру жұмысы жартылай және толық тоқтатылды.

Ал Үкімет жиынында сөз сөйлеген «ҚазМұнайГаз» басшылығы:

«Кеше түстен кейін сыртқы желілер тарапынан электр энергиясының өшуіне байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы тоқтатылды. Дәл осындай себеппен Қарабатандағы газ-химия кешені «KPI inc» ЖШС-нің де жұмысы апаттық жағдайда тоқтатылды. Электрмен жабдықтауды өшіру нәтижесінде Атырау мұнай өңдеу зауытының барлық технологиялық қондырғылары қауіпсіз тоқтатылды. Авариялық жағдайдың алдын алу және қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін апатты жою алгоритміне сәйкес барлық қондырғылардан көмірсутегі газы факелге жіберілді.

3 шілдеге қараған түні электр қуатын беру қайта басталғаннан кейін зауыт қолда бар қорлардан мұнай өнімдерін жөнелтуді қайта бастады. Атырау мұнай өңдеу зауыты резервуарларында бүгінгі таңда 26 мың тонна автобензин, 34 мың тонна дизель отыны, 1500 тонна сұйытылған мұнай газы, 6 мың тонна авиакеросины бар. Бұл көлемдер жеті күндік тұрақты жөнелтуге жеткілікті. Жалпы, еліміз бойынша бір айлық тұтынуға жеткілікті көлемде АИ 92 маркалы бензині мен дизель отынының қоры бар, ал АИ 95 маркалы бензиннің қоры екі аптаға жетеді.

Павлодар мұнай-химия зауыты 20 шілдеге дейін жоспарлы жөндеуге тоқтатылғанын және Шымкент мұнай өңдеу зауыты каталитикалық риформинг қондырғысында жұмыс істеу үшін 3 шілдеде ішінара тоқтатылғанын ескерсек те, зауыттардан мұнай өнімдерін жөнелту тоқтатылмайды.

Сыртқы желілер тарапынан электр энергиясын беру тұрақтануына қарай зауыттың технологиялық қондырғыларын тұрақты режимге шығару басталды. Аптаның соңына дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты мұнай өнімдерін өндірудің бұрынғы көлеміне шығуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, «МАЭК» энергия блогының апаттық жағдайда тоқтауы кеше «ҚазМұнайгаздың» кәсіпорындарында ішінара немесе толық тоқтауға алып келді.

«ҚазТрансОйл» желісі бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарындағы 11 мұнай айдау станциясының жұмысы тоқтатылды.

«Магистральды су құбыры» желісі бойынша 3 су сорғы станциясында су айдау тоқтатылды.

«Қаражанбасмұнай» АҚ бойынша - 2400-ден астам ұңғыма тоқтатылды.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның «Қаламқас» және «Жетібай» кен орындарында 1131 ұңғыма тоқтады.

Атыраудағы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның кен орындарында 1809 ұңғыма тоқтатылды.

«Өзенмұнайгаз» АҚ-ның кен орындарында 30 жерастына су айдау сораптары тоқтатылды.

Осының әсерінен өткен тәулікте шамамен 10 мың тонна мұнай өндірілмей қалды.

Қазіргі уақытта Маңғыстау облысының кәсіпорындары бойынша шектеулер шамамен 30% немесе 45 мВт құрайды. Жалпы, соңғы жылдары ҚМГ кен орындарында электр энергиясын авариялық ажырату санының тұрақты өсу серпіні байқалады. Мәселен, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 153 ажырату тіркелді, ал мұнайдың жалпы тапшылығы 74 мың тоннаны құрады. 2022 жылы ажырату саны 217-ні құрады.

Жалпы, соңғы 2,5 жылда электр энергиясын берудегі шектеулерге байланысты мұнайдың жалпы тапшылығы шамамен 280 мың тоннаны құрады, жоғалтылған пайда 60 млрд. тенгеден асты.

Шымкент зауытындағы жағдай бойынша қазіргі уақытта зауыттың бір бөлігі ғана тоқтатылды, АИ 92 бензинінің өндірісі тәулігіне 2,5 мың тонна деңгейінде сақталып отыр. Дизель отыны мен авиаотынды жөнелту Шымкент мұнай өңдеу зауытында бұған дейін жиналған қорлардың есебінен штаттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Жоғарыда аталған барлық мәселелер тұрақты бақылауда тұр», - делінген.

Ал президент Тоқаев апаттардың себебін анықтау үшін мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.

Президенттің баспасөз қызметі: «Президент апаттардан кейін Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында туындаған жағдайды ұдайы бақылауда ұстап отыр.

Президент апаттардың себебін анықтау үшін мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Кінәлілер заңға сәйкес жауапқа тартылады.

Үкіметке аталған кәсіпорындарды қысқа мерзімде жұмыс жағдайына келтіру туралы тапсырма берілді», - деп жазды.

Әлеуметтік желіде Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысының тоқтатылуына қатысты алып-қашпы әңгімелер көп. Сондай болжамды пікірлердің бірі – «Сыртқы күштердің диверсиялық әрекеті болуы мүмкін бе?», деген сұрақ. Әзірге бұл сұраққа нақты жауап берген ешбір құзырлы орган жоқ. Десе де, бұл сұрақ қоғам белсенділерінің ашық талқауында.

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2050