Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2981 0 пікір 18 Маусым, 2013 сағат 14:19

Мешіттегі имам «интернет- имамға» төтеп бере ала ма?

Елдегі діни ахуал күрде­ле­ніп бара жатқан тұста Дін істері агенттігі құрылып, оның басшылығына Қайрат мырза Лама Шариф келгелі екі жылдың жүзі болыпты. Тізгінді қолға алысымен қоғамда кең талқыланған жаңа заңды қабылдатумен бастаған агенттік басшысы кеше осы жылдар ішінде атқарылған қызметін Мәжіліс алдында қорытты. Алдағы жұмыстардың жай-жапсарын да тарқатты. Айтпақшы, «сы­пайылық сақтамағаны» үшін Лама Шариф мырза мәжі­ліс­мен­дерден сөз естіп те қалды.

Елдегі діни ахуал күрде­ле­ніп бара жатқан тұста Дін істері агенттігі құрылып, оның басшылығына Қайрат мырза Лама Шариф келгелі екі жылдың жүзі болыпты. Тізгінді қолға алысымен қоғамда кең талқыланған жаңа заңды қабылдатумен бастаған агенттік басшысы кеше осы жылдар ішінде атқарылған қызметін Мәжіліс алдында қорытты. Алдағы жұмыстардың жай-жапсарын да тарқатты. Айтпақшы, «сы­пайылық сақтамағаны» үшін Лама Шариф мырза мәжі­ліс­мен­дерден сөз естіп те қалды.

Сыпайылықты кейінге ысырып, алдымен Дін істері агенттігінің қызметіне қатысты дүниені қаузасақ, 2011 жыл­дың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, елімізде 4551 діни бірлестік қызмет еткен болатын. Кейін Лама Ша­риф командасы әзірлеген жаңа заң қабылданып, соған  сәйкес қайта тіркеуден олардың 3088-і өткен. Сүзгіден өткендер қазір заң аясында қызметін жал­ғас­тыруда. Біздіңше, 17 миллион халық үшін осының өзі көп-ақ. Оның үстіне халқының басым бөлігі мұсылман жұрт­пыз. Қазақстандағы ғибадат үйлерінің саны 3244 бол­са, соның 2320-сы – мешіттер. Агенттік басшысы Қай­рат Лама Шариф Қазақстан халқы, оның ішінде дінге сенуші жамағат үшін ғибадат үйлерінің әбден жеткілікті екенін алға тартады. Ендеше, алдағы уақытта бейберекет ғибадатхана салуға еш жол берілмейді деген сөз. «Бұдан бы­лай ғибадат үйлерін салу туралы шешім жан-жақты ой­лас­тырылып, барлық қажетті факторлар ескеріліп ба­рып қабылданатын болады. Атап айтқанда, мұнда он­дағы халықтың сұранысы, басқа да ғибадат үйлерінің бар-жоқтығы, оларды қамтамасыз ету мүмкіндігі секілді мә­селелер ескеріледі», – дейді Лама Шариф. Бір сөзбен айт­қанда, мешіт салу үшін де  арнайы тексерулер жаса­ла­ды деген сөз. Сосын соңғы заңдағы норма әкімшілік ғи­мараттарындағы намазханалардың жаппай жа­былуына соқтырған еді. Үкімет осы олқылықты түзеткен, ғи­бадат үйлерінен тыс жерлерде діни жораларды өткізу үшін ғимарат орнына арнайы шешім шығарып, стан­дарт­ты бекіткен. Соның арқасында базарларда, дү­кен­дерде, қонақүйлер мен басқа да нысандарда намаз­ха­налар ашыла бастапты. Осылайша, діни қажеттіліктерді өтеп, діни жоралар мен рәсімдерді еркін атқаруға бола­тын орындарды әкімдіктер рәсімдеп жатқан көрінеді. Әзір­ше, Қазақстанда 507 мінажатхана бар болса, оның 492-сі – намазхана.

E-islam порталы ашылады

Агенттік басшысының сөзінен ұққаны­мыз – бүгінгі қоғамда діни әңгімелер бо­йын­ша ғаламтордағы шайқас қызып тұр. Шекарасыз, шектеусіз интернет әлемін сұр­қия мақсатқа пайдаланушылар да же­тіп-артылады. Мұндай мүмкіндікті жат пи­ғ­ыл­дылар қалай тәрк етсін? Осындай олқы­лыққа қарсы қарекетке көшкен агент­тік былтыр 1900-ден астам сайтқа талдау жасап, заңға қайшы идеяға жол берген 45 ғаламторды жауыпты. Оның бәрі дерлік шетелде тіркелгенге ұқсайды. Жыл ба­сынан бері 500 сайттың жұмысы талданып, 20-сының материалдары прокуратураға жолданыпты. Дегенмен талдау, бақылау, қадағалаумен іс бітпек емес. Агенттік әлеуметтік желіден ресми парақша ашып, енді е-islam порталын құруға да кіріскен. «Жас­тардың басым бөлігі кітап оқуды қой­ды, ғаламтор мағлұматтарына сүйенеді. Он­дағы дүниелердің ақ пен қарасын ажы­рат­пастан теріс ағымның жетегіне кетіп жат­қандары баршылық. Соған қарсы біз «элек­тронды ислам» порталын ашуды жөн деп санадық. Бұл – үкіметтік порталға жат­пай­ды, керісінше, үкіметтік емес ұйымдар­дың порталы», – дейді Қ. Лама Шариф.

Дінді бизнеске айналдырған дүмшелер де баршылық

Агенттік халықтың имамдарға деген сенімін арттыру жұмысына да араласа бастағанға ұқсайды. Бұл үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына мешіттердің қаржылық-шаруашылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуді де ұсыныпты. Дегенмен агенттік басшысы республика имамдарының басым көпшілігінің жұмысына көңілі толмайтынын да аңғартты. «Еліміздегі 2,5 мың мешіттегі имамдардың жат ағымдарға қарсы тұрып, олардың дұрыс сөйлеп, дұрыс уағыз айтуына баса назар аударсақ-етті. Жұма күні айтылатын уағыздары, ой-пікірлері, негізінен, жат ағымдардың жетегіне қарсы бағытта болуы керек. Шындығын айталық, Қазақстанда 2320 мешіт болса, солардың көпшілігінде имамдардың діни сауатты­лы­ғы өте төмен. Басым бөлігі 90-жылдары үш айлық курстарды бітіріп-ақ имам бо­лып жүр. Бұл үш айдың ішінде имам бола­тын­дай қандай дінді насихаттауға болады? Исламды өмір бойы оқу керек. Сондықтан да өңірлердегі имамдардың біліктілігінің төмендігі жастарымыздың интернет, басқа да көздер арқылы сұрақтарға жауап іздеп кетуіне әкеп соғып жатыр», – деп түйіндей­ді төраға. Лама Шариф мырзаның мұнысы шындыққа жанасады. Өйткені «терроризм мен экстремизм уытына шалдыққандар білмегенін неге интернеттегі күмәнді идея­лардан алды» деген орынды сұрақ туары хақ.  Мешіттегі имам жөнді жол сілтесе, күмәнді сейілте алса, олай болар ма еді? Сондықтан да агенттік басшысы көп­шілік имамдардың жұмысы дұрыс деңгей­де болмай тұрғанына қынжылады. «Алдына келген жастардың көтерген, көлденең тастаған мәселесіне нақты, бұлтартпай жауап қату игі. Мешітте бес уақыт намазды өткізіп отыра беруге болмайды. Жалпы, дінді бизнеске айналдырған дүмшелер де жоқ емес», – деп қайырды Қайрат Лама Ша­риф. Айтқандай, лаңкестікке ұрынған жастарға қатысты пікірін білдірген ол мұнда, ең алдымен, ата-ана тәрбиесінің жауаптылығын меңзеген болатын. «Жаста­ры­мыздың терроризм мен экстремизмге ұры­нып жатқаны – ата-аналардың тәрбие­сінің жоқтығынан. Үкіметті бұған қатысты жаз­ғы­ра берудің қажеті шамалы. Шынды­ғын­да, қазіргі жағдайда кейбір ата-ана бала тәрбиесіне көңіл бөлуді мүлдем қойды. Мешітке барып жүргеніне қуанып отыра бермей, не үшін барып жүргенін, кімнен білім алып жүргенін, ұстазы кім екенін сұрап, қызығушылық білдіріп отырса, мәселе басқаша болатын еді ғой», – деп кейіді Лама Шариф.

Білім министрлігінің рұқсатынсыз бірде-бір студент Сауд Арабиясының университетіне түсе алмайды

Үкімет сағаты барысында депутат Елена Тарасенко шетелдік діни оқу орын­да­рынан тәлім алып жатқан қазақстандық жастарға алаңдаушылық танытып еді. Олардың бүгінгі һәм келешектегі қызметі мен тағдыры туралы мәселе көтеріп, сауал қойған болатын. Бұған жауап бере келе, агенттік басшысы Қайрат Лама Шариф қызметке кіріскен сәттен бастап, осы мәселені ең алдымен қолға алғанын айтып ақталды. Оның айтуынша, 2011 жылы шетелдік діни оқу орындарында оқып жатқан қазақстандық азаматтар саны 500 шамасында болса, қазір белсенді жұмыс­тың нәтижесінде олардың 130-ы елге оралған. Кейбірі шетелді тастап, «Нұр» Қазақ-Египет ислам университетінде, басқа медреселерде оқуын жалғастыруда. Қалған қазақстандық 392 студент Араб елдерінде білім алып жатқанға ұқсайды. Оның 200-ден астамы – Египетте, 59-ы – Сауд Арабиясында, 60-тан астамы Пәкістан мен басқа елдерде жүр. Бұл ретте Қ.Лама Шариф шетелдік діни оқу орын­да­рында білім алған студенттердің қызметіне тоқтала келе, оларға теологиялық біліммен қоса, Қазақстандағы діни жағдайды ұққан маңызды екеніне тоқталды. «Сондықтан да оларды аудандық мешіттердің наиб-имамы дәрежесінен бастап жұмысқа қабыл­дау орынды деп отырмыз. Бұл шын мәнінде маңызды. Өйткені имам 40-тан асқан, ақыл тоқтатқан, елдің дәстүрін терең білетін азамат болуы шарт. Бұл ретте шетелде білім алғандар елге оралғанда Қазақстан үшін қолайсыз білімдерін тарат­пағаны ләзім», – деді Қ.Лама Ша­риф. Оның айтуынша, жалпы, шетел универ­ситеттерінде діни оқу мәселесіне қатысты жұмыс жан-жақты жүргізілуде. Мәселен, ендігәрі Білім және ғылым министрлігінің арнайы рұқсатынсыз бірде-бір студент Сауд Арабиясының универ­ситет­теріне түсе алмайды. Мұндай жұмыс Түр­киямен де, басқа елдермен де жүргі­зіледі.

Лама Шариф Мырзахметовтен не үшін кешірім сұрады?

«Құрметті Қайрат бауырым! Агенттіктің жұмысын төкпей-шашпай таныстырғаны­ңыз­ға ризашылығымды білдіре отырып, бір ағалық назымды айтсам», – деп бас­тады сөзін депутат Шалатай Мырзахметов. Сосын депутат кез келген дін адамды па­ра­саттылыққа, қарапайымдылыққа, сы­па­йы­лыққа, кішіпейілділікке тәрбиелей­ті­нін айта келе, Қайрат Лама Шарифтің бойы­нан осының барлығын көргісі келе­тінін жеткізді. Ары қарай Шалатай Мыр­зах­­мет­ов: «Жаңа сіз баяндамаңызды «Құр­мет­ті депутаттар!» деп бастадыңыз. Сіздің ор­ныңызда нағыз діндар адам бол­ған­да, «Құр­метті депутаттар! Депутат мыр­за­лар мен ханымдар» деп бастаушы еді! Ал­дағы уа­қытта осындай кішіпейіл­ділікті ұмыт­па­ңыз», – деп қойып қалды. Шын­­­ды­ғын ай­та­лық, журналистер қауымы мұндай «де­­пу­таттық һәм ағалық наздан» ештеңе ұға алмадық. Алайда агенттік бас­шы­сы бір­­ден ұққан тәрізді: «Сөзден мүлт кет­к­енім үшін кешірім сұрай­мын, бұл – ме­нің кем­шілігім, енді қай­­та­ланбайды», – деп құ­тыл­ды. 

Жастарға салафизмнің бізге жат ағым екенін тайға таңба басқандай ұғындырып беруге тиіспіз

Агенттік басшысынан соң Мәжілістің Ха­лық­аралық істер, қорғаныс және қауіп­сіз­дік комитетінің төрағасы Мәулен Әшім­ба­ев та қосымша баяндама жасаған еді. Екі жыл­дағы агенттік қызметін жоғары баға­ла­ған Мәулен Сағатханұлы алдағы жұмыс­та назар аударуға тұрарлық мәселелерді көл­денең тартты. Оның айтуынша, елімізде белең алған діни радикализмнің алдын алу үшін жүйелі түрдегі үгіт-насихат жұ­мыс­тары белсенді болуы қажет. Бұл ретте де­путат экстремистермен күресті ең алды­мен идеялы түрде жүргізуді ұсынады. Өйт­кені, оның пайымынша, идеологиялық жұ­мыс тиісті деңгейде атқарылмаса, онда күш қолдану шаралары да оң нәтиже бе­р­мейтіні анық.

Мәулен ӘШІМБАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Елбасы Н. Назарбаев: «Біздің түбіміз – түрік, дініміз – ислам, қасиетті кітабымыз – Құран» деп айтқан еді. Ата-бабаларымыз Ханафи мәзһабын ұстанған. Ендеше, мұның басқа мәзһабтардан ерекшеліктерін көбірек айтып, халыққа түсіндіруді кеңінен жүргізген абзал. Салафизмнің бізге жат ағым екенін тайға таңба басқандай ұғындырып беруге тиіспіз. Сондай-ақ кез келген дәстүрлі діннің бейбіт мақсатқа, рухани дамуға бағытталғанын ұғындыру қажет. Біз өз позициямызды жұртшылыққа нақты түсіндіруге тиіспіз

Қайрат ЛАМА ШАРИФ, ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы:

– Біз алдағы уақытта үгіт-насихат жұ­мыс­тарын жан-жақты жүргізетін боламыз. Кон­ференциялар, жиындар тек сөйлеп қалу, айтып кету үшін ғана жасалмайды. Он­дай басқосуларда отандық және шетел­д­ік мықты ғалымдарды тарта отырып, теріс ағым­ға түсіп кеткен сақалды, балағы шо­лақ жастармен сөйлесе отырып, оларды ра­йы­нан қайтару жұмыстарына баса көңіл бөлеміз.

Автор: Қанат ҚАЗЫ

"Алаш айнасы" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373