Автор бәйгені емес, бәйге авторды іздегені жөн...
Біздің тілшіміз қазақ қаламгерлері арасындағы ақсақалдың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кәдірбек Сегізбайдан «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсына қатысты ойларын сұраған еді.
– Кәдірбек Саурықұлы, естіп жатқан боларсыз, жеті қаламдас ініңіз бен бір талапты қызыңыз «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсының үшінші сатысына өтіп, әрбірі 3 миллион теңгеден сыйақы алатыны анық болды. Енді олар бас жүлде – 15 миллион теңгеге лайық болатын роман жазу үстінде.
– Қарағым, бұл оқиғадан толық хабардармын. Әлі күнге газет оқимын ғой. Сонда «Қазақ әдебиеті» апталығынан «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсының барысы туралы оқып алғанмын. Бәйгенің демеушісі Шухрат Ибрагимов деген азамат екенін де сонда білдім.
– Кәдірбек Саурықұлы, Сіздің жазушы ретіндегі өмірбаяныңыз өте өрнекті. Оны өрнектеп тұрған әр жылдары жазылған туындыларыңыз бен соларға берілген сыйлықтар ғой. Бұдан қырық жыл бұрын «Біз қалада тұрамыз» атты кітабыныз Қазақстан Жазушылар одағының Мұхтар Әуезов атындағы сыйлығына лайық деп табылды. Одан соң «Жалын» альманахы өткізетін жабық конкурста «Жап-жасыл әлем» повесіңіз арқылы жеңімпаз болдыңыз. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай жариялаған жабық бәйгеде «Арасан» повесіңіз үшін жүлдегерлер қатарына тұрдыңыз. Ал, 2022 жыл Сіз үшін тіпті, табысты болды. «Тағдыр толқыны» романыңызға Қазақстан Республикасының Абай атындағы мемлекеттік әдебиет сыйлығы берілді. Қаулыға Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың өзі қол қойды. Осы сыйлықтардың қалай бұйырғанын айтып беріңізші.
– Айтайын, қарағым. Менің өмір жолымда, қаламгерлік қадамымда астыртын астарлар, жасырын жәйттер жоқ. Бәрі халқымның, оның ішінде оқырмандарымның көз алдында өтіп келеді. Ешқашан сыйлық ала қалайын деп қалам ұстаған емеспін. Мәселен, «Біз қалада тұрамыз» кітабым жазылды, жарыққа шықты. Баспа да риза, мен де риза едім. Кітап кең тарап, басылымдарда тәуір рецензиялар шыққан соң Қазақстан Жазушылар одағы өздерінің сыйлығына лайық деп есептепті. Мені Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атандырған «Тағдыр толқыны» романым жазылды, баспадан шықты. Содан кейін оны өзім емес, өзгелер сыйлыққа лайық деп ұсынды. «Жалынның» жабық конкурсында жүлдегер болған «Жап-жасыл әлем» повесім жазылған соң ешқайда ұсынбай, алдымен бағын сынамақ болдым. Ол үшін өзім қызмет атқарып отырған «Жалын» альманахынан кеттім. Содан соң оны бүркеншік атпен альманах өткізетін бәйгеге жібердім.
Ешбір шығармамды, ол әңгіме, повест, мейлі роман болсын маған атақ пен ақша әкелсін деп жазған емеспін. Ойымда жүреді, піседі, содан соң ғана қағазға түседі.
Мына сендердің өткізіп жатқан бәйгелеріңге қатысушылардың әрбірінің романы да ойында әлдеқашан пісіп қойған деп санаймын. Ендігісі соны қағазға түсіріп үлгеру ғана.
– Үшінші кезеңге өткен сегіз қаламгердің әу-баста жіберген жобаларында романның неден басталып, немен аяқталатыны көрсетілген. Расында, олар Сіз айтқандай бәрін бұрыннан мида пісіріп қойған сияқты. Жалпы, романның өмірдегі оқиғалардан алынғаны жөн бе, әлде ешқашан болмаған жәйттері қиыстырып жаза бергені жарай ма?
– Қарағым, мен біреуге былай жаз деп айтқан емеспін, Әркім өз қалауымен жазады. Саған өзімнің тәжірибемді ғана айтып беруге жараймын.
– Айтыңыз, Кәдірбек Саурықұлы!
– Мен барлық роман мен хикаяларымды өмірден алдым. Көркем роман жазған соң ондағы кейіпкерлердің аты-жөні өзгеруі керек. Ал, деректі хикая болса, тіпті адамдардың өмірдегі аттары сақталғаны ләзім.
Мәселен, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында «Жол» деген романды аяқтадым. Оған сонау 1920 жылдары Аягөзден білім аламыз деп аттанған бес жас азаматтардың бастан кешкен оқиғасы өзек болды. Ол кезде әлі Түрксиб теміржолы тартылмаған. Олар атпен шығып, Мәскеуге дейін жетуді мақсат еткен. Әрине, жол-жөнекейдегі түрлі жәйттерді қостым. Бірақ, негізгі өзегінде өмірде болған оқиға жатты.
Сол сияқты «Беласқан» романымда екі жарым ғасыр бұрын Қытаймен іргелес жатқан қазақтардың төресінің ел басқарған шағын баяндадым. Сондай көреген тұлғалар болмағанда біздің ел болып сақталып қалуымыз қиын еді. Бұрынғы қалмақпен, кейінгі қытаймен тең дәрежеде сөйлесе алған Қамбар төре сияқтыларды насихаттау керек болды.
– Романдарыңызға материалды қайдан жинайсыз? Біздің конкурсқа қатысып жатқандарға осы тәжирибеңізді айта кетсеңіз.
– Мен көп жыл газетте журналист болдым. Ол «Лениншіл жас» деген тамаша басылым болатын. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов сынды редакторлар басқарды. Ақселеу Сейдімбек, Оралхан Бөкей, Серік Әбдірайымов, тағы басқа әріптестерім болды. Біз іссапарға шығуға таласып тұратынбыз. Сонда ел мен жердің жағдайын газетке очерк, репортаж етіп жазсақ та, кесек кейіпкерлерді, іргелі оқиғаларды кейін көркем прозаға айналдыра алдық. Демек, жеткілікті материал жинап алмай романға отыруға болмайды.
– Жаңа сөзіңізде «Қамбар төре сияқтыларды насихаттау» деп қалдыңыз, Кәдірбек Саурықұлы! Бұл сонда билікті насихаттау ма?
– Мені дұрыс түсінбей қалдың-ау деймін, қарағым. Қамбар төре – мен жазардан екі жарым ғасыр бұрын өмір сүрген адам. Оның қарамағында тұрған жоқпын ғой. Мен Қамбар төренің өмірін көрсету арқылы туған жердің әр шаршы метрін жат табанынан сақтау қажеттігін айттым. Соған үлгі етер кейіпкер таптым. Оның егін егу, тоған тарту, малға алдын ала қыстық жем-шөп дайындап алу сияқты халыққа қойған талаптарына тоқталдым. Қазақтың кезіндегі дәстүр-салтын, тілдегі құндылықтарын, сақтап қалуға жарайтын әдет-ғұрыптарын суреттедім.
Жалпы билікке жалтақтап немесе жағынып роман жазуға болмайды. Ондай еңбегін сол билікпен бірге ұмыт қалатынын ұмытпа.
– Сіздің осы «Мерген» романыңыз да өмірден алынды ғой. Өзін әлгі коронавирус кезінде шығардыңыз емес пе.
– «Мерген» де жазылды, шықты. Ол Мемлекеттік сыйлықты әперген «Тағдыр толқыны» романыма дейінгі кезекті баспалдақ болатын. Жалпы мен баспалдақ санап өсіп отырдым. Бір кітабымен классик болып кеткендер тым сирек ғой. Ендеше мына конкурстарыңа қатысып жатқандар да өсу сатысындағы кезекті романдарын жазып жатыр деп ойлаймын.
– Сол сегіз романды да «Қазіргі заманғы қазақ романы» конкурсының демеушісі Шухрат Ибрагимов өз есебінен кітап етіп шығармақшы. Бұған не айтасыз?
– Өте дұрыс ниет деймін. Өзім Қазақстан тәуелсіздік алған тұста «Санат» баспасында бас редактор, одан кейін «Атамұра» баспа корпорациясында вице-президент болып қызмет істедім. Кітап шығарудың машақатын бір қаламгерден артық білмесем, кем білмеймін. Мемлекеттік тапсырыс алған жазушының ғана жолы болатын. Онда да санаулы тираж бен там-тұм қаламақыны қанағат етеді. Мен білгенде «Атамұра» баспасы ғана көптеген қаламгерлердің кітабын ақысыз басып беріп жүр. Басқасы алдымен ақшасын талап етеді. Қаламақы бермек түгіл кітап шығаратын шығын мен оған өз пайдаларын қоса талап етеді.
Осындай жағдайда сегіз романды бірдей өз қаражатына басып беретін демеуші шықса, оған алғыстан басқа не айтарсың!
Сұхбаттасқан - Жанерке Қазтай
Abai.kz