Әбденов әлі оралады
Әйелдердің зейнет жасын көтеру мәселесін халыққа дұрыс түсіндіре алмаған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов өз орнымен қош айтысты. Алайда экс-министр Президенттің соңғы тапсырмасы – жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасын даярлап кеткен көрінеді. Кеше аталған құжатты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова Министрлер Кабинеті алдында «қорғады». Сұрақ болған жоқ. Үкімет мүшелері «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының жаңа нұсқасын бірауыздан мақұлдады. Демек, Т.Дүйсенова алғашқы «сынақтан» өтті.
Әйелдердің зейнет жасын көтеру мәселесін халыққа дұрыс түсіндіре алмаған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов өз орнымен қош айтысты. Алайда экс-министр Президенттің соңғы тапсырмасы – жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасын даярлап кеткен көрінеді. Кеше аталған құжатты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова Министрлер Кабинеті алдында «қорғады». Сұрақ болған жоқ. Үкімет мүшелері «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының жаңа нұсқасын бірауыздан мақұлдады. Демек, Т.Дүйсенова алғашқы «сынақтан» өтті.
Шыны керек, әйелдердің зейнет жасын көтеру мәселесі дәл осы құжаттан басталғанда, бүгінде зейнетақы жүйесін жаңғырту шараларының «логикасы» көрінетін еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау экс-министрі Серік Әбденов те өз орнында қалып, Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко үшін мерзімсіз демалысқа шығудың қажеті болмас. Себебі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының жаңа нұсқасына үңілсек, бұл құжат, ең алдымен, Қазақстандағы еңбек нарығын күшейтіп, ауыл халқын жұмыспен барынша қамтамасыз етуді көздейді. Біріншіден, уақытша жұмыс орындарын құру бастамасы жалғаса береді. Оның аясында денсаулық сақтау, білім беру тағы басқа әлеуметтік маңызы бар нысандарды күрделі жөндеп, елді мекендерді абаттандыру жұмыстарына негізгі басымдық берілмек. Соның арқасында экономиканың нақты секторынан шығып қалған, яғни белгілі бір өндірістік нысанның құрылысын аяқтаған мамандар қайта жұмыспен қамтылады. Осылайша елдегі жұмыссыздық деңгейі реттеліп отырады. Екіншіден, ауылдағы кәсіпкерлікті жан-жақты дамыту жоспарланған. Осы бағытта ауыл азаматтарының жеке кәсібіне 3 млн теңгеге дейін шағын несие беріледі. Ал «тірек – ауылдар» бағдарламаның барлық жеңілдіктерін пайдалана алады. Ондай ауылдардың тұрғындары 5 млн теңгеге дейін несие алса да болады. «Бұл бастаманы іске асыруға 25,7 млрд теңге қарастырылған. Соның арқасында 11,4 мың жұмыс орны ашылады. Қазіргі кезде Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Атырау, Алматы және Қарағанды облыстарында 11 «тірек – ауыл» қанатқақты жоба ретінде анықталып отыр», – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова.
Бағдарламаның үшінші әрі маңызды бағыты – халыққа білім беріп, басқа жерге көшіру арқылы жұмыспен қамту. Әсіресе өзін-өзі жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағынан аз қорғалған және жұмыссыз жүрген азаматтар (ондай адамдар көбінесе ауылда тұрады. – Авт.) үшін аталған шаралардың пайдасы зор. «Осы орайда бірден жұмысқа тұрғызу, даярлау, қайта даярлау, кәсіби біліктілікті көтеру, басқа жерге көшіріп, жұмысқа орналастыру, жастар практикасы және әлеуметтік жұмыс орындарын құруға айрықша назар аударылады. Жұмыссыз азаматтарды оқыту ісімен тек дуалды білім беру жүйесі бар мекемелер ғана айналысады. Ондайда жұмыс берушінің өзі жұмыскерді оқыту үдерісіне қатысып, оған іс-тәжірибеден өтуге жағдай жасайды. Олардың арасында әлеуметтік келісімшарт рәсімделуі міндет», – деп атап көрсетті Т.Дүйсенова. Ал әлеуметтік жұмыс орындары бойынша рәсімделетін еңбек келісімшарттары бір жылдан бір жарым жылға ұзартылса, жастар практикасы алты айдан бір жылға дейін кеңейіп отыр. Бұл жерде мемлекет алғашқы уақытта жалақыны өзі төлейді. Жұмыс беруші болса, соңғы алты айдың жалақысын өз мойнына алуы тиіс. Жалпы, ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының жаңа нұсқасына сәйкес, 110,6 млрд теңгені жұмсау жоспарланған.
Ерболат ДОСАЕВ, ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі:
– Біз бұл бағдарламаны тәптіштеп қарап шықтық. Оның негізінде дағдарысқа қарсы шаралар да бар. Сондықтан бұған дейін атқарылған жұмысты, 2013 жылы қосымша бөлінген 30,1 млрд теңгені, сондай-ақ барлық ұсыныстар мен өзгерістерді ескере отырып, тұрақты жұмыс орындарын ашуды көздейтін бұл бағдарлама орындалады деуге болады. Біз аталған құжатты қолдаймыз.
Қайрат КЕЛІМБЕТОВ, ҚР Премьер-министрдің орынбасары:
– Біз де оны қолдаймыз. Дегенмен бір мәселені ескерген жөн. Бағдарламаның басым бөлігі – шағын несие беру, кәсіпкерлікті дамыту, құрылыс және инфрақұрылым сияқты шаралар Өңірлік даму министрлігі бойынша іске асса, қалғаны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиесілі. Ал осының барлығын жергілікті билік органдары – әкімдіктер үйлестіруі шарт. Міне, олар осыны жете түсінуі керек.
Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары – өңірлік даму министрі:
– Әлбетте, аталған құжаттың біраз міндеттері бізге жүктеліп отыр. Біз оның барлығын әкімдермен бірлесе отырып шешуге тырысамыз. Алайда бір мәселе бар. Қазір біз Елбасының нақтыланған бюджетке қол қоюын күтіп отырмыз. Одан кейін жарлық шығады. Демек, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясындағы ақша облыстарға аударылғанша, белгілі бір уақыт кетеді. Сонда тиісті қаражат, шамамен, шілде айында түседі. Ал көптеген мектептерді қыркүйектің 1-іне дейін жөндеп шығу қажет. Сондықтан әкімдіктер оқу жылына дейін бітетін нысандарды (күрделі жөндеу жұмыстарын оқу жылына дейін аяқтап үлгеретін нысандарды тізімде қалдыру меңзелген сияқты. – Авт.) қалдырса екен дейміз.
Осыған орай, Үкімет басшысы БІлім және ғылым министрлігіне тиісті тапсырма беріп, облыс әкімдеріне мектептерді жөндеу жұмысын жіті бақылауды ұстауды жүктеді. Ал «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының жаңа нұсқасы Министрлер Кабинеті тарапынан бірауыздан қабылданды.
РS. Үкімет отырысынан кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова журналистерге сұхбат берді. Оның хабарлауынша, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың сынына ұшыраған зейнетақы реформасы туралы заң жобасы бүгін, маусымның 12-сі күні, Парламентте қайта қаралатын болады.
Abai.kz