Бейнет түбі - зейнет
Дәл қазір еліміз ауқымды экономикалық өзгерістер кезеңінде тұр. Мемлекетіміз жан-жақты дамып қана қоймай, экономикалық өсудің жоғарғы қарқынына жетуді мақсат етуде. Ал экономикалық өсудің жоғарғы қарқынына жету үшін саяси тұрақтылықпен қатар, мақсатты, жүйелі реформалар қажет екені сөзсіз. Осындай маңызды реформалардың бірі – зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің реформасы. Зейнетақы жүйесі реформасы қоғамымызда біршама уақыт талқыға түсе келе жақында соңғы нүкте қойылды. Яғни зейнетақы жүйесінің реформасы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін кері шегерілді.
Дәл қазір еліміз ауқымды экономикалық өзгерістер кезеңінде тұр. Мемлекетіміз жан-жақты дамып қана қоймай, экономикалық өсудің жоғарғы қарқынына жетуді мақсат етуде. Ал экономикалық өсудің жоғарғы қарқынына жету үшін саяси тұрақтылықпен қатар, мақсатты, жүйелі реформалар қажет екені сөзсіз. Осындай маңызды реформалардың бірі – зейнетақымен қамсыздандыру жүйесінің реформасы. Зейнетақы жүйесі реформасы қоғамымызда біршама уақыт талқыға түсе келе жақында соңғы нүкте қойылды. Яғни зейнетақы жүйесінің реформасы 2018 жылдың 1 қаңтарына дейін кері шегерілді.
Әйтсе де мамандар зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі түбі қоғамымызға қажет екенін мойындайды. Мәселен, Қазақстандағы демографиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты, яғни 60 жастан асқан адамдардың саны күрт артып, ал халықтың жұмыс істейтін бөлігінің төмендеп кетуі, бір зейнеткерге 1,8 жұмыскер келетіндей жағдайдың қалыптасуы жаңа зейнетақы жүйесі реформасының қажет екенін сездіргендей. Мәселен, 1990 жылдары бір зейнеткерге үш қызметкерден келгенін статистика көрсетіп отыр. Алдағы уақытта бұл жағдайдың одан ары нашарлауына байланысты мемлекет үш миллионға жуық зейнеткерді ескі жүйе бойынша зейнетақымен қамтамасыз ете алмайтындай жағдай қалыптасуы мүмкін. Сондықтан жаңа зейнетақы жүйесі реформасын қалыптастыру заман талабынан туған өзгеріс болып отыр.
Айта кетер жайт – елімізде зейнетақы жүйесі реформасы, оның ішінде ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзарту секілді өзгерістер бұған дейін де уақыт өте жоғарылап келген еді. Мәселен, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін республика бойынша зейнетақыға әйелдер – 55 жастан, ал ерлер 60 жастан бастап шығатын. Ал 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап ерлер – 61 жасында, әйелдер – 55 жасында, 1999 жылдың 1 шілдесінен бастап ерлер – 62 жасында, әйелдер – 57 жасында, 2000 жылдың 1 шілдесінен бастап, ерлер – 62,5 жасында, әйелдер – 57,5 жасында; 2001 жылдан бастап ерлер – 63 жасында, әйелдер 58 жасында зейнетке шыға алатын болды. Халықтың өмір сүру жасының ұзаруы мен елдегі зейнеткерлер санының халықтың жұмыс істейтін бөлігімен сәйкес келмеуі әлі де болса зейнеткерлікке шығу жасын ұзартуды талап етіп отыр. Және бұл ахуал жалғыз біздің елге ғана емес, әлем елдеріне тән үрдіс болуда.
Жалпы, еліміздегі зейнетақы жүйесіне қатысты реформалар сәтті жүзеге асып келе жатыр деуге болады. Мәселен, ең төменгі зейнетақы мөлшерінің 2010-2013 жылдар аралығымен салыстырғанда, айтарлықтай көп мөлшерде өскенін байқаймыз. Егер 2010 жылы ең төменгі зейнетақы қоры 18 325 мың теңгені құраса, 2013 жылы бұл сома 28 396 мың теңгені құрап, 10 071 мың теңгеге өскені байқалып тұр. 1998-2012 жылдар аралығын қамтығанда ең төменгі зейнетақы мөлшері – 11 есеге, яғни 2 440 теңгеден 26 211 теңгеге дейін орташа зейнетақы мөлшері – 10 есеге, 3 964 теңгеден 38 765 теңгеге дейін, ең жоғары зейнетақы мөлшері – 7 есеге, яғни 7256-дан 56 047 теңгеге дейін артқанын статистика көрсетіп отыр. Зейнетақы мөлшерінің қоғамдағы өзгерістерді ескере өсіп отыруы халықтың әл-ауқатының артуына тиімді жағдай туғызғанын аңғартады. Осыны байқаған шетел мамандары Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қызметін жоғары бағалаған. Сондықтан еліміздегі зейнетақы жүйесі реформасы елдегі жағдайды ескере отырып жүзеге асып отыр деуге толық негіз бар.
Әбілғазы ҚҰСАЙЫНОВ, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:
– Зейнетақы жүйесі реформасына қатысты Елбасының айтқан пікірін әділ шешім болды деп бағалаймын. Халық арасында әсіресе көп дау тудырған мәселе әйелдердің зейнет жасын ұзартуға қатысты туындады. Бұл өзгерістің 2018 жылдан бастап жүзеге асуы да көпшілікті қуантады. Өйткені оған дейін әлі бес жылдай уақыт бар. Ал осы уақыт ішінде ел ішінде жүзеге асып жатқан көптеген бағдарламалар өзінің оң нәтижесін беріп, халықтың әл- ауқатының артуына, көптеген мәселенің оң шешімін табуына өз ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Осы бағдарламалардың негізінде 400 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, халықтың жұмыспен қамтылуына, жоғары мөлшердегі жалақымен қамтуға әсер етеді деп күтілуде. Оның үстіне бұрын жинақтаушы зейнетақы қорына 10 пайыз көлемінде аударылып келсе, Елбасымыз атап көрсеткендей, алдағы уақытта жұмыс берушінің міндетті шығарылымы есебінен қосымша 5 пайыздың қосылуы да келешекте халқымыздың зейнетақысының мол болуына септігін тигізбек. Сондай-ақ бала күтімі демалысы кезінде жұмыс істеуші әйелдердің міндетті зейнеткерлік салымына мемлекет есебінен қосымша төлемақы қамтамасыз етілуі де – әйелдерімізге жасалып отырған үлкен көмек. Айналып келгенде, мұның барлығы халқымыздың зейнет жасын алаңсыз өткізуіне жасалып отырған жағдай деп білемін.
Abai.kz