Қолжетімді тұрғын үй. Оған қалай қол жеткізуге болады?
«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасының операторлары бұқара халыққа тұрғын үй сатудың қандай тетіктерін ұсынып отыр? Ғаламтор арқылы баспана кезегіне тұрған тиімді ме? Кезектің ашықтығын кім, қалай қадағалайды?
Осы тектес сұрақтарға «Самұрық-Қазына» АҚ жанынан құрылған «Эксперт» клубының кезекті отырысында «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» атқарушы директоры Мұрат Шәріпов пен Құрылыс және қаржы институттарымен жұмыс басқармасының басшысы Ақылбек Насыпов жауап берді.
«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасының операторлары бұқара халыққа тұрғын үй сатудың қандай тетіктерін ұсынып отыр? Ғаламтор арқылы баспана кезегіне тұрған тиімді ме? Кезектің ашықтығын кім, қалай қадағалайды?
Осы тектес сұрақтарға «Самұрық-Қазына» АҚ жанынан құрылған «Эксперт» клубының кезекті отырысында «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» атқарушы директоры Мұрат Шәріпов пен Құрылыс және қаржы институттарымен жұмыс басқармасының басшысы Ақылбек Насыпов жауап берді.
Атқарушы директор «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы Елбасының Үкіметке жүктеген міндеті негізінде жүзеге асырылып жатқанын, оның 9 бағыты бар екенін, бағыттар түрлі санаттар бойынша жіктелгенін жеткізіп, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» баспаналы болғысы келетіндерге оңтайлы әрі тиімді тәсіл ұсынып отырғанын баяндады. Ол 2005–2007, 2008–2010 және 2011–2014 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары қарапайым халықтың барлығына бірдей қолжетімді болмағанын атап көрсетіп, бағдарламаның заман талабына сай болмауына байланысты Президент Қазақстан халқына 2012 жылы жолдаған Жолдауында құрылыс саласында қолданылып жүрген бағдарламаларға тексеру және талдау жүргізуді, соның негізінде жыл сайын жалға берілетін тұрғын үй көлемін 1 млн шаршы метрге жеткізуді және сатып алу құқығымен жалдау тетігін, сондай-ақ құрылыс индустриясын дамыту жөніндегі кешенді шараларды көздейтін бірыңғай «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасын әзірлеуді тапсырғанын тілге тиек етті.
«Президенттің пәрменінен кейін ел Үкіметі «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» атты мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың тамырына қан жүгірді. Аймақтарда жаңа үйлер бой көтере бастады. «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» бағдарламаның негізгі операторларының қатарына қосылды. Екінші деңгейлі банктер коммерциялық тұрғын үй салуға кірісті. «Самұрық-Қазынаның» жылжымайтын мүлік қоры үй салу ісін қолға алды» деді М.Шәріпов.
Лауазымды тұлғаның түсіндіруінше, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» арқылы берілетін баспаналар барлық қазақстандықтарға, оның ішінде жас отбасыларға арнап салынады. Тұрақты табысы бар әр адам еліміздің кез келген аумағынан үй сатып ала алады. Мақсатқа жету үшін ел азаматтары «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» талаптарын орындауы тиіс. Талаптармен танысу үшін банкке бас сұғу немесе оның сайтын шолып шығу керек.
Осыдан соң атқарушы директор «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша пәтер сатып алушылар тізімі қалай жасалатынына тоқталып:
«Нарықта кез келген адам қолында қаражаты болса, өзіне ұнаған үйді сатып ала алады. Ал біз баспаналы болғысы келетіндердің пулын жасаймыз. Банк салымшылары болып табылатын азаматтар бағдарлама бойынша Астана қаласында салынып жатқан 3 үйден пәтер алудан үмітті болады.
Бір және төрт бөлмелі 1013 пәтер салынады. Пәтерлердің 1 шаршы метрі – 142 500 теңгені құрайды. Құрылыс биылғы жылдың 30 қарашасында аяқталады.
Үміткерлер салымшы ретінде банкке өтініш тапсырады. Өтініштер автоматтандырылған жүйеде тіркеледі. Тіркеу кезінде өтініштің қабылданған уақыты мен күні белгіленеді. Осының бәрі реттелгеннен кейін, талапқа сәйкес балл саналады. Бірінші талап – салым жинақтау мерзімі. Жинақтау мерзіміне 30 балға дейін беріледі. Егер салымшы 9 айдан 18 айға дейін жинақтаған болса, 5 балл беріледі. 18 айдан 28 айға дейін 10 балл, 27 айдан 36 айға дейін 20 балл, ал 36 айдан жоғары болса, 30 балл есептелінеді. Екінші талап – салымдардың мөлшері. Бұған да 30 балға дейін беріледі. Салымшының банкте жинаған ақшасы көп болған сайын оның үй алудағы мүмкіндігі арта түседі. Егер салымшы келісімшарттың 12,5-25 пайызына дейінгі көлемде қаржы жинақтаса – 5 балл, 25-37 пайызға дейін 10 балл, 37-50 пайызға дейін 20 балл, 50 пайыздан жоғары жинаса – 30 балл еншілейді. Үшінші талап – бағалау көрсеткіші, оған 70 балға дейін есептелінеді. Салымшы ең төменгі көрсеткішке жетсе, 30 балл алады. Егер тұрғын үй жинақтау кезінде көрсеткіштің белгіленген мәні 2 және одан жоғары болса, толық 70 балл беріледі. Тұрғын үй жинағы бойынша салымдар неғұрлым ұзақ жыл жинақталған болса, бағалау көрсеткішінің балы соғұрлым жоғары болады.
Балл есептелінген соң, тізім банк сайтында орналастырылады. Жоғары балл алған өтініш берушілер салынып жатқан баспана санына қарай заемды өтеу үшін төлем қабілеттілігін растауға шақырылады. Төлем қабілетін растаған кезде заемды өтей алмайтын болған жағдайда жалға беру мүмкіндігі қарастырылады. Егер жалға беру мүмкіндігіне төлеу қабілеті жетпейтін болса, онда кезек тізім бойынша тұрған келесі азаматқа беріледі» деді М.Шәріпов.
Банк өкілінің сөзінше, жинағы жоқ адамдар да баспаналы бола алады. Бұл үшін олардың қолында сатып алғысы келетін пәтердің 50 пайызына жететін қаржысы болуы керек. Осылай болған жағдайда банк клиентке 7 пайызбен аралық тұрғын үй заемын береді. Ал жинақ ақшасы, бастапқы жарнасы жоқ адам табысы туралы анықтама тапсырып, жылдық 10 пайызбен өзі таңдап алған тарифтік жобалардың бірі бойынша 10 жылдан 23 жылға дейінгі мерзімде несие рәсімдей алады. Бұл шаруа алдын ала берілетін тұрғын үй заемы бойынша атқарылады. Айтпақшы, жас және тұрмысы төмен отбасылардың пәтер сатып алуға қаржысы жетпесе, олар пәтерді жалға ала алады. Кейін тұрмысы түзелген кезде банктен жеңілдетілген пайыздық өлшеммен несие алып, оны 10-15 жылда өтеп тастайды. Қарыз өтелгеннен кейін пәтер сатып алушының меншігіне өтеді.
Атқарушы директордың мәлімдеуінше, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің» есепшотын ақшасымен бірге әлдебір пысықайлардан сатып алғаннан пайда болмайды. Себебі бұдан былай салымшының осыған дейінгі жинақтау мерзімі мен балдық көрсеткіші қатар есептелінеді. «Баспаналы болғысы келетін адам есепшотты сатып алатын болса, жаңа салымшы ретінде қайта тіркеледі. Сондықтан біреудің есепшотына қызықпау керек. Одан ешқандай пайда болмайды» деді банк қызметкері.
Осыдан соң ол ғаламтор арқылы баспана кезегіне тұрудан қорықпау керектігін алға тартып: «Құрылысы аяқталған үйлер туралы мәлімет ғаламторға жарияланады. Үміткерлер сайтқа кіріп, өздеріне ұнаған пәтерді таңдайды. Белгілі уақыттан кейін тіркелу тоқтатылады. Дер кезінде тіркелгендерге үй беріле бастайды. Ал тіркелуге үлгермей қалғандар келесі үйдің аяқталуын күтеді. Тіркелгендердің қатарында мемлекеттік қызметкерлер немесе құжаты дұрыс емес азаматтар болса, бірден кезектен шығарылады. Олардың орнына кезекке кеш тіркелгендер кіреді. Ғаламтор арқылы кезекке тұру тұрғын үй салынып бітуге 1 ай қалғанда басталады.
Кезектің ашықтығы мен әділдігін қазақстандықтардың барлығы көріп, біліп отырады» деді.
Кезегі келгенде сөз сөйлеген Құрылыс және қаржы институттарымен жұмыс басқармасының басшысы А.Насыпов «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы Қазақстанның құрылыс индустриясына жаңа серпін беретініне назар аудартып, 2020 жылға дейін жалпы ауданы 69 050 мың шаршы метр тұрғын үй салынатынын, 1 млн отбасы баспаналы болатынын және апатты жағдайдағы тұрғын үйлер бұзылып, оның орнына 315 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй тұрғызылатынын баяндады.
«Жыл соңына дейін Астанада апатты жағдайдағы тұрғын үйлерде тұратын 180 отбасы жаңа үйге қоныс аударады. Бұл үшін Астана әкімдігінің жанынан «Елорда даму» ЖШС құрылды. Таяу болашақта 228 ескі үй бұзылады. Қазір апатты жағдайдағы үйлерде тұрып жатқан адамдарға арналып 6 үй салынып жатыр. Төрт үйдің құрылысы аяқталуға жақын» деді ол.
Оның айтуынша, апаттық жағдайда тұрған тұрғын үйлерді бұзғаннан кейін бой көтеретін жаңа үйлерге Анкара қаласының тәжірибесі қолданылды. Яғни қаланың ескі кварталдары кешенді түрде қайта жаңартылады. Тұрғын үйлерді жобалауға және салуға 40000 млн теңге, оның ішінде 2013 жылға – 20000 млн, 2014 жылға 20000 млн теңге қарастырылады.
Басқарма басшысының сөзінше, алдағы уақытта шет мемлекеттерден құрылыс заттарын тасымалдау тоқтатылады. Нәтижесінде ішкі нарықта отандық құрылыс материалдарын өндірушілердің үлесі өседі.
Abai.kz