Швеция: «Ресейдің көршілері санкция ережесін сақтамай отыр»
Швеция Сыртқы істер министрлігі Ресейдің көршілес елдерге экспортының күрт өсуіне санкцияларды айналып өту әрекеттері себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Алайда Швеция нақты қай мемлекет екенін атамады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Швеция үкіметі Ресеймен көршілес елдерге экспорттың күрт өсу себептерін тексеруді жөн көрген. Сыртқы сауда министрі Йохан Форселдің айтуынша, Ресейге қарсы санкцияларды мемлекеттердің бәрі сақтауы тиіс.
"Егер біз санкциялардың күшіне енуін және шектеулер Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығын бәсеңдетуге көмектескенін қаласақ, оларды сақтау керек. Ресеймен көршілес елдерге экспорттың өсуі табиғи себептерге байланысты болуы мүмкін, сондай-ақ, бұл санкциялардың толық сақталмауына байланысты болуы мүмкін", - деді ол.
Швеция үкіметі ықтимал бұзушылықтарды тоқтатуға ниетті. Алайда, мәлімдемеде Ресейдің нақты қай көршілері туралы айтылғаны белгісіз.
BBC-дің жазуынша, 2023 жылы Швециядан Қазақстанға экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда 140%-ға, ал Қырғызстан мен Түрікменстанға – 200%-ға өсті.
Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстан мен Швеция арасындағы тауар айналымы 2022 жылғы қаңтар-қарашада 282 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға жоғары.
Естеріңізге сала кетейік, Еуропа өзінің санкцияларымен Ресей Федерациясына көптеген тауарларды, соның ішінде қару-жарақ өндірісінде қолдануға болатын компоненттерді жеткізуге тыйым салды.
Сонымен бірге, батыс елдері Ресей көрші елдерді тыйым салынған тауарларды әкелу үшін пайдаланады деп қорқады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін АҚШ Қырғызстанға қатысты шектеулер енгізген. Ақ үй қырғыз елі арқылы Ресейге санкциялық өнімдер, соның ішінде қытайлық дрондар жеткізіледі деп есептейді.
Abai.kz