Министрдің сөзінше, қазір компаниямен келіссөз жүріп жатыр. Бірақ Жамаубаев "үкімет Митталдың активтерін сатып алу бойынша ресейлік "Северсталь" компаниясымен келіссөз жүргізіп жатыр ма?" деген сауалға жауап бермеген.
Министр кәсіпорын бойынша келіссөзді "өте маңызды іс" деп атап, мұндай келіссөздермен "нақты бір адамдар тобы" айналысуы тиіс екенін айтты.
17 тамыз таңертең "АрселлорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының Шахтинскідегі "Қазақстан" шахтасында өрт шығып, бес адам қаза тапқан. Жер астында болған 227 адамның 222-сі сыртқа шығып үлгерген.
Шахтинскіге барған премьер-министр Әлихан Смайылов апатқа АМТ компаниясын айыптаған. Министр компанияны құрылғыларды жаңаламады, инвестиция міндеттерін орындамады, өндірістік қауіпсіздік шарттарын бұзды деген.
"Бұл – бірінші кезекте осы шахтаның иесінің кінәсі. Олардың өзіне сенімділігі бірнеше жылдан бері қайғылы оқиғаларға әкеп соғып жатыр. Осыған дейін компания жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді емес пайда табуға көп көңіл бөлді. Сондықтан апат жиіледі" деген еді Смайылов.
Премьер-министр әр апат сайын компания еңбек жағдайын жақсартамыз десе де, ештеңе өзгермеді деген. Смайыловтың сөзінше, компания құрылғыларын жаңалмайды, өндірістің көрсеткіші кейінгі жылдары екі есеге, көмір өндіру төрт есеге азайған. Үкімет басшысы компанияның Теміртау ауасын ластап жатқанын да атап өткен.
Үкіметтің есебінше, кейінгі 15 жыл ішінде АМТ объектілерінде жүзден аса адам қаза тапқан. Адам өлімі кейінгі жылдары көбейген.
АМТ өкілдері Қазақстан үкіметінің мәлімдемелеріне қатысты әзірге ештеңе айтқан жоқ.
Abai.kz