Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2960 9 пікір 30 Тамыз, 2023 сағат 13:54

Конституция күні. Президент Тоқаев не дейді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Адам құқықтарын қорғау жүйесінің өкілдерімен кездесуінде Конституция туралы айтты.

«Біздің кездесу Конституция күні қарсаңында өтіп жатыр. Бұл еліміз үшін өте маңызды мереке. Конституция – мемлекеттіліктің мызғымастығын қамтамасыз ететін ең маңызды құжат. Заңның әділдігі мен үстемдігі оның әрбір тармағы мүлтіксіз орындалған кезде ғана белгіленеді», - деді Мемлекет басшысы.

Ол өткен жылы референдумда қазақстандықтардың көпшілігі ауқымды конституциялық реформаны қолдады деп сөйледі.

«Негізгі заңға қабылданған өзгерістер мен толықтырулар бүкіл мемлекеттік модельді кешенді трансформациялаудың сенімді негізін қалады. Реформалау кезінде ең алдымен құқық қорғау саласына ерекше назар аударылды. Конституциялық сот құрылды. Омбудсмен институты мен прокуратура органдарының мәртебесі көтерілді. Бір сөзбен айтқанда, азаматтардың құқықтарын қорғау жүйесі айтарлықтай нығайды. Реформа нақты нәтижеге қол жеткізді», - деді Тоқаев.

Президент Тоқаевтың аталған жиында айтқан сөздері:

«Бұрынғы Конституциялық Кеңес ширек ғасырдың ішінде бар-жоғы 140-қа жуық істі қараған еді. Бұл – жылына небәрі 5 мәселе ғана қаралды деген сөз. Ал Конституциялық Сот алғашқы 7 айдың ішінде 43 істі қарауына алды. Соның 23-і бойынша тиісті шешім шығарылды. Яғни, азаматтар Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды. Бұрын мұндай құқыққа билік институттары ғана ие болған еді.

Жұрт Конституциялық сотқа шағымдану арқылы өз құқықтарын қорғап қана қоймайды, сонымен бірге еліміздің бүкіл құқық жүйесін жетілдіруге үлес қосады. Азаматтардың омбудсмендермен қарым-қатынасы едәуір жандана түсті. Өтініштердің саны екі есе артты. Конституциялық құқықтың қорғалуына прокурорлық қадағалау шаралары күшейді».

***

«Құқық қорғау жүйесіндегі жаңа мүмкіндіктер арыз-шағымдар көбеюіне түрткі болды. Бұл – қалыпты жайт. Қазір билік пен азаматтардың қарым-қатынасындағы көптеген түйткілдер анықталып жатыр. Оның бәрі – жылдар бойы жиналған мәселелер. Оларды мұқият зерделеп, қолданыстағы ресурстардың қаншалықты тиімді екенін бағалау керек. Сондай-ақ жұмыстың бағыт-бағдарын қоғам мүддесіне сай нақтылау қажет.

Бүгін біз реформалардың әлеуеті қалай іске асырылып жатқанын және олар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға қалай әсер ететінін талқылаймыз. Нәтижелі пікір алмасу болатынына сенімдімін.

Президент жанындағы Адам құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия – мемлекеттік органдар мен азаматтық институттардың әлеуетін біріктіретін басты сараптама алаңы».

***

«Адам құқығын қорғау жүйесіндегі басты міндеттерге тоқталайын.

БІРІНШІ. Құқық қорғау органдары және құқық қорғау құрылымдары алдын алу шараларына баса мән беруі керек.

Барлық түйткілді бағыттар бойынша проактивті түрде жұмыс жүргізу қажет. Азаматтардың құқығының бұзылуына жол бермеу және алдын ала болжау тетігін жетілдіру керек. Көп жағдайда бұл міндеттің табысты орындалуы азаматтық қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасауға байланысты.

Құқық қорғау институттары өз төңірегіне сарапшыларды, үкіметтік емес ұйымдардың мамандарын шоғырландыруға тиіс. Сіздер мен құқық қорғау қауымдастығы арасында ашық диалог дамуы керек. Қазір осындай серіктестіктің жетіспейтіні байқалады. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия реформалар барысына баға беру үдерісіне түрлі сарапшыларды белсенді түрде қатыстыруы керек.

Халықаралық құрылымдармен өзара қарым-қатынас жасаудың, сондай-ақ еліміздегі адам құқықтарының жай-күйін бағалау үшін серіктестер қолданатын көрсеткіштерді өз тәжірибемізге енгізудің маңызы зор. Комиссия мүшелерін барынша жұмылдыра отырып, бұл бағыттағы жұмысты күшейткен жөн».

***

«ЕКІНШІ. Конституциялық Соттың жұмысын одан әрі жетілдіру қажет.

Азаматтар кейбір заңның және басқа да нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру қажеттігіне назар аударуда. Яғни, Үкімет заңдарға сыни тұрғыда мониторинг жүргізуі керек деген сөз. Бұл ретте жүргізілген құқықтық мониторинг нәтижесі бойынша Конституциялық Соттың шешімдерін ескере отырып, заң жүзінде бекіту қажет.

Парламент пен Конституциялық Сот тығыз байланыста жұмыс істегені жөн. Мәжіліс депутаттарының заң шығаруға бастамашылық жасау құқығы бар. Олар осы құқықты пайдаланып, нормативтік актілерге түзетулер енгізе алады».

***

«ҮШІНШІ. Омбудсмен мен Арнайы мандатқа ие уәкілдер қызметінің тиімділігін арттыру қажет.

Олардың мемлекеттік шешімдерді әзірлеуге қатысу әлеуетін арттыру маңызды.

Сонымен қатар Үкімет пен әкімдер омбудсмендердің өкілдерін барлық кеңесші органның жұмысына қатыстыруы қажет. Уәкілдердің басты міндеті – азаматтардың мүддесі мен құқықтарын табанды түрде қорғау және ілгерілету.

Бала құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі балалар мен отбасына төнетін қатерлерді жоюға тиімді ықпал етуге тиіс. Ол үшін осы саладағы уәкіл қоғамдық және мемлекеттік институттарды ұйыстыру мүмкіндіктеріне ие болуы керек.

Үкімет Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институтын одан әрі дамыту, оның инфрақұрылымын және жергілікті жерлердегі өкілдіктерінің мәртебесін нығайту мәселелерін пысықтауы қажет».

***

«Өкілдіктердің әкімдерге функционалды тұрғыда бағыныштылығын төмендету және Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдерді тағайындау кезінде Бала құқықтары жөніндегі омбудсменінің рөлін күшейту маңызды.

Жақында Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды. Бұл жұмыста инклюзивтілікті дамытуға баса назар аудару керек. Мүмкіндіктері шектеулі азаматтар жеңілдіктерді пайдаланып қана қоймай, қоғам өміріне белсенді араласу мүмкіндігіне ие болуы қажет.

Мысалы, Астанада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасалмаған жерасты өткелі салынды. Бұған мүлде жол беруге болмайды.

Уәкіл олардың әлеуметтік тұрғыда бейімделуі үшін инфрақұрылымды дамытуға қатысты жобалар әзірледі. Үкімет оларды қолдау және жақын арада жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруы керек. Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін заңнамалық тұрғыда бекіту қажет. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге еліміздегі бизнес-ахуалды жақсартуға қатысты маңызды міндет жүктеледі».

***

«Әкімшілік әділетті енгізудің нәтижесінде бүгінде мемлекеттік органдармен арадағы сот дауларында шешімдердің үштен екісі азаматтар мен бизнестің пайдасына қабылданады. Алайда мемлекеттік органдар бұдан тиісті қорытынды жасамайды, олқылықтарды түзетуге тырыспайды. Олар өз деңгейінде шешім қабылдап, сотқа жеткізбеуге болатын істердің үлесі әлі де көп.

Үкімет Бизнес-омбудсменмен бірлесіп, алдын алу шараларын қабылдау мәселесін пысықтауы және бұл көрсеткішті мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау шарттарына енгізуі қажет».

***

«ТӨРТІНШІ. Сот және құқық қорғау жүйесінің мінсіз жұмысын қамтамасыз ету қажет.

Азаматтардың сот шешіміне, қадағалау және құқық қорғау органдарының қызметіне арыз-шағымы көбейіп барады. Жұрт құзырлы органдардан әділдік таба алмаған соң Президент Әкімшілігіне арызданады. Осындай өтініштердің саны азаяр емес.

Келіп түскен арыздардың сараптамасы соттың, полицияның және прокуратураның қызметіне қатысты шағым өте көп екенін көрсетеді. Бұл – аса маңызды мәселе. Оны шешуге сіздер тікелей атсалысуларыңыз қажет.

Уәкілдердің жұмысына ешкім кедергі келтірмеуі керек. Прокуратура, Үкімет және әкімдер бұл мәселені күн тәртібінен алу үшін оларға барынша қолдау көрсетуге тиіс».

***

«БЕСІНШІ. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және құқық қорғау институттарының жұмысы туралы ақпараттандыру мәселесін арттыру қажет.

Қазіргі жағдайда құқықтық насихат пен азаматтарды құқықтық тұрғыда тәрбиелеудің маңызы арта түсті. Бұл іске сарапшыларды тарта отырып, барлық құқық қорғау институттарының әлеуетін жұмылдыру қажет.

Сіздер үнемі қоғамдағы маңызды мәселелерді көтерулеріңіз керек. Көп жағдайда әлеуметтік шиеленіс пен масылдыққа құқықтық сауатсыздық себеп болады.

Көптеген адам құқықтық тұрғыда өз мүдделерін қорғауды, қолданыстағы заң нормаларына сүйенуді білмейді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары көбіне ақпараттық ресурстар мен заң көмегі қолжетімсіз шалғай аймақтарда бұзылады».

***

«Ауыл тұрғындары басқа мәселелерге қарағанда, жерді пайдалану, жайылымдарды бөлу, инфрақұрылымдардың қолжетімділігі мен сапасына қатысты мәселелерді жиі көтереді. Құқықтық насихат бағытындағы сіздердің күш-жігерлеріңіз ауыл мен қала тұрғындарының мүмкіндігі арасындағы алшақтықты дәйекті түрде қысқартуға тиіс.

Омбудсмен өкілдіктері өңірлерде құқықтық сауаттылықты арттыруға тиімді ықпал ете алады. Жергілікті қоғамдастықтар азаматтардың құқықтарын қорғау үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы толық ақпарат алуға тиіс.

Адамдар қабылданып жатқан шаралардың нақты нәтижесін көріп, бағалай алуы қажет. Бұл – басты міндет. Елімізде жолға қойылған Уәкілдер жүйесі өзіне жүктелген міндетті толық орындауға тиіс. Аталған бағыттағы қызмет – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам».

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347