Сәрсенбі, 9 Қазан 2024
Қоғам 2972 17 пікір 7 Қыркүйек, 2023 сағат 15:31

АЭС референдумы: Билік неге асықты?

Фото: ABC

Бүгінге дейін Қазақстан билігі халық алдында АЭС бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ деумен келеді.

Биліктің тұлкібұлағына қарамай кейбір экологтар жуырда Үлкен ауылында өткен «жария талқылауды» меңзей «билік станция салу мәселесін баяғыда халықсыз-ақ шешіп қойған, енді тек көзбояушылық арқылы халықпен санасқандай кейіп танытып жатыр» деп айтып келгенді.

Өйткені, 22 тамызда «АЭС салуға қолайлы орын» деп танылған Алматы облысы Үлкен ауылында АЭС бойынша қарама-қайшы көзқарастағы адамдардың айғай-шуымен аяқталған жария талқылау өтті. Осы бір шарадан кейін энергетика министрлігі «Үлкен ауылының тұрғындары АЭС-ті қолдайды» деп мәлімдеді. Оған қатысқан өзге өңірлерден барған экологтар, белсенділер «АЭС салу мәселесін тек Үлкен емес, тұтас республика халқы шешу керек» деп айтқандығы әлі есімізде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі биылғы жылғы жолдауында қоғамда қызу талқыланып жатқан атом электр станциясын салу мәселесін «референдум арқылы шешкен дұрыс» деп айтқан болатын.

Енді міне 6 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Қазақстан АЭС салу бойынша референдумды биыл өткізуге дайын екенін ҚазТАГ агенттігі ОСК өкілі Шавкат Өтемісовке сілтеме жасап хабардар етті.

Мәжіліс кулуарында: «[Референдум бойынша] мәселе әлі шешілген жоқ, бірақ оның өткізілетіні, нақты уақыты кейін анықталатыны айтылды. Дайындық жұмыстары, сайлаушылар тізімін түзу жүріп жатыр. Жұмысты біздің аумақтық сайлау комиссиялары жүргізуге тиіс. Біз дайынбыз» деген Өтемісов референдумның нақты уақытын «белгісіз» деп жауапсыз қалдырды.

Abai.kz

17 пікір