Қазаққа қара орыс қауіпті!
Бүгінгі таңда еліміздің тұтастығы жәйлі аузына не келсе соны айтуға ерік беретін екі-үш ел бар. Анда-санда оңтүстік шекарамыз жәйлі "өу" деп қоятын өзбек ағайынды есептемесек нақтысы екеу. Ол шығыстағы аждаһа мен солтүстіктегі "аузы түкті кәуір", әсіресе соңғысының империялық амбициясы шектен шығып ақ тұр. Сырттан салынған санкциялар мен әлемдік қауымдастық болмаса мына Путлер баяғыда ақ біздерді қолтығына қыса салатындай-ақ екен.
Оның қолтығына кіре салуға да біз кетәрі емес секілдіміз бе қалай өзі?!
Міне осы тақырыпты қаузап көрсек.
Біздің елде қазақ тілінің күні қараң.
Ең алдымен біз осыны мойындайық.
Себебі тәуелсіз болған 30 жылдық межеге біз ұлт ретінде тілдік прогресстен көрі регреспен жеткен жалғыз мешел елміз. Бұл да ақиқат. Отыз жылда өсіп өнген буынның 80 пайызынан астамының қазақ тілі үшін қылы да қисаймайтыны шындық. Қазіргі қазақ тілінің жағдайы КСРО кезіндегі қазақ тілінен анағұрлым төмен, анағұрлым сұранысы аз. Қазіргі ата-ананың көпшілігі өз үрім бұтағын орыс мектебіне беріп жатқаны да өтірік емес. Басқа жақты айтпай ақ қояйын, жүз пайыз қазақ қоныстанған өзіміздің Кеген, ауданының өзінде ондай жағдайлар ондап кездеседі. Кез келген сала орысша, қазақша білмесең де орысша білсең жұмыс табылып тұр. Мұндай 1000 мысалдарды келтіруге болады. Тәптіштей бермейін. Осы жәйттерге қарап отырып қазақ тілінің болашағы жоқ деп айтуға болады. Себебі артымыздан қазақ тілін керек қылмайтын, ана тілінен безген қалың қауым келе жатыр. Өліп қалсаң да бұл шындық.
Шындығында ана тілімізді шідерлеп, аяғына тұсау болып тұрған сары орыс емес, өзіміздің қара орыстар. Қай жерге барма алдыңнан орысша сөйлеп шығатын сол қара орыстар аса қауіпті қазақ үшін . Қазір қазақ тіліне қарсы орыс жоқ, деп айтуға болады. Қарсылары кетіп болған. Аз-маз қалғаны алдымен өздерің сөйлеп алсаңдаршы деген пиғылда отыр. Жер-жерлерде ана тілге немқұрайлы қарайтынды былай қойып, тап бір дұшпанның тілі, немесе екінші сортты адамдардың тілі деп мұрнын шүйіре қарайтын қара орыс қаптап жүр.
Оларға тіл туралы, рух туралы, Алаш арыстары туралы, намыс туралы айту бекершілік. Оны олар тыңдамайды да, ұрғаны да бар. Себебі оларда қазақы болмыс, рух деген атымен жоқ. Олар оны түсінбейтіні содан.
Не істемек керек?
Жоқ болған рухты қалай тірілтсек болады?
Осы ретте мен мына бір мысалды айта кетейін.
Әзербайжан халқының 60-70 % Бакуде турады. Олар кешегі кеңестік кезеңде бізден бетер орыстанған ұлттардың бірі еді. Жұрттың 90% пайызы орысша сөйлеуді біліп, сол тілде емін еркін өмір сүре берді. Ал қазіргі Әзербайжан орыс тілін жүз пайыз тәрк етті деуге әбден болады. Оған себеп болған Таулы Қарабахтағы текетірес. Алғашқы соғыс кезінде орыстар Арменияны жақтап шығып Әзербайжандықтар өз жерлерінен айырылып құса болып қалған жәйі бар еді. Сол сәтте күллі әзербайжан халқы орыстың дос емес екеніне анық көз жеткізді. Сол соғыстан кейін ақ бүкіл ел болып дұшпанның тілінде сөйлемеуге бел буды. Дәл қазір Әзербайжан елінде тілдік ешқандай проблема қалмады. Дәл осы жағдай украин халқының да басынан өтті. Орысша жүз пайыз білетін, түбі бір славян еді олар. Қырымды тартып алғаннан кейін Украина кімнің кім екенін ұқты. Ұлттық рух оянып, қазір кез-келген хохол өз тілінде сайрап жүр. Сеператистік пиғылдағыларынан басқасы.
Мен мұны неге айтып отырмын?
Иә, дұрыс ойладыңыз. Бізге де сондай бір текетірес керек.
Әрине соғыстың құдай бетін аулақ қылсын. Ондай соғыс бола қойса жағдайымыздың қандай боларын болжаудың өзі қиын. Себебі отырса орыс есіне түсіп, кремльді құбыла санайтын қазіргі биліктен не күту керек екенін де білмейсің.
Дей тұрғанмен бізге жеңіл желпі бір текетірес керек ақ. Ең басты мүләйімсіген өтірік сыйластықтан кетіп, кімнің кім екенін ұғатын ек. Былайша айтқанда бетімізді ашып алар едік.
Түрік бауырларға арқа сүйеген Әзербайжан секілді, мың шақты байрактарды алдырып, Түрік ағайын мен күллі түркі жұртына сауын айтқандай болып бір мінез көрсету керек пе деп ойлаймын. Сол кезде қазақтың рухы көтерілер ме еді? Білмеймін, менікі қате де шығар. Бірақ осы ой соңғы кезде қатты мазалап жүр.
Ашық айтпасақ та, біздің билікті уысында ұстап отырғаны анық. Себебі күні кеше Ауғанды тәлібтер басып алғанда біздің мемлекет Ауған елінен ұшып шыққан ұшақтарды өзіміздің оңтүстік өңірлерде қабылдауға дайынбыз деген сыңай танытты. Тараз бен Алматы әуежайы ұшақ қабылдауға дайынбыз дегені сол еді Тараз дүңк етіп жарылып кетті. Араға аз уақыт салып, ешқандай ұшақ та, ауған да (өз қазағын) қабылдамаймыз деп билік мәлімдеме жасады.
Кешігі Арқан-Керген қасабы, еліміздің шекара шебіне жауапты кілең генералдар мен полковниктердің бір мезетте қаза табуы, Арыстағы жарылыс, дұңғандар көтерілісінің артын қазсаң пиғылы жаман көрші шыға келе ме деп қорқасың.
Пәле қайдан келді деме деп біз Қызылжарды қорғауға шығып алдымыздан орыс күтіп жүргенде артымыздан өзіміздің қара орыс шықпасына тағы кепілдік бере алмаймыз. Оның үстіне қазақ даласында бізге белгілі орыс әскерінің үш-төрт ұяшығы тұр. Сары-Шаған мен Байқоңырдың өзі неге тұрады?! Бұл білгеніміз ғана.
Хооп!
Қайда барсаң да Қорқыттың көрі қайран қазақ.
Сондықтан ішкі бөліністі қойып, бір-жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұлт болып ұйысып, билікке ұлтшыл жандарды тартып, ұлттық идеологияны мың есе күшейтуді қолға алып (бұл ерекше тоқтайтын тақырып)
өз қамыңды өзің жемесең жер бетінен жоқ болып кетуің айналасы жүз жылдың еншісінде.
Ұлт мәселесінде білмегені биттің астында болған әзербайжанның ардақты ұлдарының бірі, президент болған Әбүлфаз Елшібей:
"Егер бір ұлт өз тілін қорғауды қолға алса ол оның соңғы мүмкіндігі, егер тілінен айырылса оның құрығаны" депті.
Ал біз не істеп жүрміз?!
Нартай Сауданбекұлы
Abai.kz