Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Дін мен тін 2978 19 пікір 14 Қыркүйек, 2023 сағат 14:48

Тәңіршіл және исламшыл топтарға төрелік

Еліміздің ақпарат кеңістігінде дінге қатысты дау-дамай толастамай тұр. Соның бірі – тәңіршілдер мен исламшылдар арасындағы текетірес (бірін-бірі атеист, арабқұл, діни фанат деседі). Қалың жұртшылық алаңдаулы: бұл қалай, дін деген проблема тудыратын емес, оны шешуші феномен емес пе еді деп. Өз білуімде, кикілжің мен қақтығыстар, әлбетте, желісін түсінбеушілік пен таным-түсінік таяздығынан тартады. Сондықтан күрделі мәселе жайлы өз пайымдарымды ортаға салғанды жөн санадым.

Тәңірілік дініміз қалай пайда болды, неліктен ескірді?

Бір Тәңірі түсінігі есте жоқ ескі заманнан бар, ол ол ма, оның бүкіл адамзатқа ортақ дін, пантеистік жүйе де болғандығы талассыз ақиқат. Бірақ бұл кітабы, пайғамбары болмаған дін, сондықтан осы заманғы ұғым бойынша оны дін деуге келмейді. Осы айтылған қайшылықты түсіну  үшін тәңірлік әлемдік жүйе қалай пайда болғанына тоқталайық.

«Тәңірілік дін» («Тенгрианство») термині кешегі еуроцентризм  дүрілдеген тұста ғана қалыптасты, бірақ оның бастауы, жаңа айтылғандай,  ежелгі көшпелі дәуірде. Археологиялық қазбалар мегополис, ірі қалалар бой көтеріп, отырықшы тұрмыстың салтанат құруы кейінгі үш мыңжылдық тарихтың ғана сыбағасы екенін дәйектеп отыр.

Ежелгі көшпелі әлемнің ерекшелігі неде? Ол ерекшелік – табиғатпенен біте қайнасып, оның заңдылығын бұзбай ғана өмір сүруге саяды. Бұл ретте адам рухы мен табиғат рухы тұтасады. Осы үйлесімділік көшпелі адамға Тәңіріні әлем арқылы жіті танып-білуге мүмкіндік берді. Қасиетті кітап та, үйретуші ұстаз да керексізтұғын. Көшпеліге табиғаттан асқан қасиетті кітап болмаған (экология бүтін сақталғаны сол).

Сонымен, Тәңірілік дін – көшпенділік өркениеттің тумасы («өркениет» сөзі рухани һәм заттық жақтар тепе-теңдікте дамыған кезең деген мағынада) екені хақ.  Жер-жаһанға тәңірлік дін қанат жайған замандарда неліктен Жаратушы Иеміздің бұйрықтары (кітабы) мен оны жеткізуші пайғамбарлар болмаған деген сауалға берер қысқа жауабым осы.

Қазақ халқы өзінің дүниетанымы мен ұлттық болмысын (мінез-құлқы, сезімі, рухы, кісілік келбеті мен қасиеті) кең сахара төсінен алғанын көрнекті ақынымыз Қадір Мырзәлі былайша жырға қосады:

Табиғаттан бабамыз ала берген секілді,
Дархандықты қазаққа дала берген секілді.
Еркелікті, ерлікті желден алған секілді,
Мөлдірлікті көгілдір көлден алған секілді.
Қасарысқан ерлікті шыңнан алған секілді,
Көшіп қону дегенді құмнан алған секілді.
Мыңқ етпейтін мінезді жоннан алған секілді,
Түнеруді тұнжырап түннен алған секілді,
Күншуақты күлкіні күннен алған секілді.

«Қасым ханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» сияқты ескі заңдар негізінде тәңірлік дәстүр екенін де айта отырайық. Дей тұрсақ та, тәңіризм тек қазақтың не болмаса көне түркінің меншігі емес. Ол баршаға ортақ әлемдік таным-ілім. Болмыс (күллі ғалам) Ұлы РУХ қуатымен жаратылған деген (бұл ілімді ғылымда «монизм» немесе «монотеизм» дейді).

Осы айтылған бүкіләлемдік пантеистік табиғат философиясы дегенге бірер дәлел алайық. Құз, жартаста қолдарын көкке созып қашалған суреттер барлық аумақтарда бар. Ғалымдар бұл есте жоқ ерте заманнан Жаратушыға жалбарынудың, бір Тәңіріні көктегі құдірет деп мойындаудың нышаны дейді (кие, рух, пұт атаулы оның көмекшілері). Үш бөлікті тастағы таңбалар да бар: үстіде – Күн және жұлдыздар, астыда –  Жер. Ортада адамдар, құстар, аңдар және өсімдік әлемі бейнеленген.

Тасқа қашалған көне суреттер мәнісін Шәкәрім:

Жанымыз Күннен келген нұрдан,
Тәніміз топырақ пенен судан.
Күн - атам, анық жер - анам.
...Әрі анам бұл жер, әрі молам,
Денемді жұтпай тынбаған, – деген жыр жолдарымен ашықтап береді.

Болмыс – барлық әлемдік діндер бойынша үш нәрсенің (Жаратушы, Адам, Табиғат) бірлігі. Мәселен, қытай және үнді философиясы Аспан, Жер және екеуінің арасындағы Адам – «Ұлы Үшкіл (Триада)» дейді.

Болмыс бірлігі жүйесі алаш ұранды түркілерде ғана жақсы сақталған қалай? Себебі, олар көшпенді  өркениеттің соңғы мұрагерлері болған. Олардың өмір сүру ареалы Алтай, Тянь-Шань, Орал, Кавказ таулары қоршаған Еуразияның кең жазығы – Ұлы Даланы тұтастай қамтыды.

УІІ ғасырда тасқа қашалған әйгілі «Күлтегін» жырының:

Биікте Көк Тәңірі,
Төменде қара жер жаралғанда,
Екеуі арасында адам баласы жаралған, – деп басталуы жайдан жай емес. Ұлы Дала танымында Тәңірі – Ғаршының (жоғарғы әлемнің) егесі. Жұлдыз әлемі, көк аспан – Тәңірдің мекені әрі сипаты. Төменгі әлем – қара  жер мен су, яғни табиғат.  Ортаңғы әлемде – адам баласы, оның тіршілігінің қамқоры мен киесі – Ұмай ана. Осы аталған үш әлем де құт-несібеге толы, әрбірінде Тәңіріге көмекші кіші құдайлар мен киелер (аруақтар) бар.

Сонымен, адамзат қауымдастығы әуелде көшпелі өркениет егесі болған. Мекені құрылық немесе арал болсын, мал бақты, егін екті, әлде балық аулады ма, бәрібір, ең бастысы, күллі адамзат табиғатпен үндестікте өмір кешті.

Бірақ қазіргі заманда адам баласы «мен табиғаттың бір бөлшегімін, оның баласымын» дей алмасы анық. Ондай құқы да жоқ, қоршаған ортаны бүлдіріп бітті. Сондықтан тәңірлік діннің келмеске кеткені де талассыз ақиқат. Оны тірілтсек деу бос әурешілік.

Жаңа діндер қалай, не себепті пайда болды? Енді осыған келейік.

Ай асты әлемде әрненің де басы һәм аяғы бар. Көшпенді өркениетті отырықшылық өмір салты ығыстырған бұрылысты дәуірлерде хакім Абай:

Көп кітап келді Алладан, оның төрті,
Алланы танытуға сөз айырмас, – демекші, рақымды Жаратушы Иеміз кітаптар түсіріп, пайғамбарлар жібере бастаған. Неге? Оның себебі, отырықшылық өмір салты табиғатпен үйлесе алмады. Қоршаған ортамен байланыс әлсіреп, адамзат қауымы прогресс қазығына байланды. Бұл жағдайда табиғат заңдылығын сақтау мүмкін еместі, экологиялық апат ауылы жақындай берді.

Пантеистік табиғат жүйесінің ескіргендігі, еуроазия құрлығына кітаби діндер (иудаизм, христиан және ислам) келгендігі осымен өз түсінігін табады (аталған діндер жаңа эпоханың жаршысы, әлемдік тарихтың біздің дәуірімізге дейін және біздің дәуір деп екіге бөлінуінің себепкері болды).

Ғылымда тотемизм, язычество делінетін ескілікті діни сенімдер қайдан? Олар көшпенді және отырықшы әлемдер, яғни тәңіризм және кітаби діндер арасында көпір рөлін атқарған наным-сенімдер. Мысалға Күнге табыну – Мысыр, Шумер мәдениеттеріне тән болса, ежелгі парсы жұрты отқа табынды (зороастризм). Көне гректер мен ежелгі Рим империясы көпқұдайшылыққа, яғни пұтқа табынды. Славян тектестер де пұттарға («Перун», «Сварог», «Велес» және т.б.) табынды. Мәселен, христиан дінін қабылдағанға дейін олар «Жер-ана» бейнесіндегі қолын жоғарғы көтерген тәңірананы тіршілік иесі деп қабылдаған екен.

Әуелде пұттар және пұтханалар болмаған. Жаңа айтылған наным-сенімдер адамзат табиғаттан (көшпенділіктен деп оқыңыз) қол үзіп, қалалық тұрмысқа ауысқанда аралық, яғни өтпелі ғасырлар болғанының куәсі. Тотемизм культі (адамның жан-жануарлармен, өсімдіктермен тылсымдық байланысы, жел, дауыл, жауын сияқты әрбір табиғат құбылысын кіші құдайлар меңгереді деген сенімі) мен бақсылық (шаманизм) – Тәңіріге, оның табиғат күштеріне деген сенімнің соңғы сарқыты есепті.

Айтылған Тәңірілікке қатысты әр тарапты түсініктерден шығар қорытынды: Тенгрианство – таза көшпелі өркениеттің жемісі, табиғатпен біте қайнасқан алғашқы адамзат қауымдастығының ортақ діні. Тарих дөңгелегі кері қарай айналмайтыны сияқты көшпенділік дәуір де келмеске кетті. Бірақ тәңірлік ілім – Құдайды табиғат арқылы тану жүйесі ретінде өз құндылығын жоғалтқан жоқ, жоғалтпайды да. Оның дін исламмен симбиозы, қазақ дүниетанымында мәңгі ізін қалдыруы соның айғағы.

Тәңіризм мен исламның бірлігі – қазақ халқы жетілуінің кепілі

Тәңіршіл және исламшыл топтар неліктен тіресті? Осыған қайтып оралайық. Олар баррикаданың екі жағында қазір. Шындығында екі дін ежелден бірін-бірі толықтырушы феномендер. Екеуі де құтымыз бен бағымыз. Олардың қайнатпасы (синтезі) көктен түскен жоқ, оның іргетасын қалап, қабырғасын көтерген Яссауиден Абай, Шәкәрімге дейінгі кемеңгерлер һәм дін ұстаздары. Осы пайымды таратып айтайын.

Түркі тілінде – Тәңірі, парсыша – Құдай, арабша – Алла, мейлі, ивритше – Ехоба де, қалай атасаңыз да, шын Құдай біреу. Аспанда екі Ай немесе екі Күн болмайтыны сияқты Жаратушы да жалғыз.  Ендеше дін көптігі неден?

«Дін» деген өлеңінде Шәкәрім:

Жер жүзіне қарасам,
Неше түрлі халық бар.
Дін, иманын санасам,
Мыңнан артық анық бар.
Жардың шашы сансыз көп
Ол санауға келмей тұр.
Анық нұры осы деп,
Әркім бір тал ұстап жүр.

Ғұламаның «мыңнан артық анық бар» дегені – діннің формасы.  Әрбір халық діннің шапаны мен бөркін өзінше пішеді. Бірақ діннің мазмұны – Құдай. Оны өзгерте алмайсың, Абай: «Қағида, шариғаты өзгерсе де, Тағриф Алла еш жерде өзгермеді» дейді.

Жат ағымдар (уахабизм, салафизм және т.б.) діннің формасын ұстанады, яғни қағида, шариғат бәрінен жоғары дейді. Ұлттық дәстүр мен ерекшелікті аулақ серпеді (сол себепті қазіргі таңда қазақ халқы дінге шошына қарайтын болды). Айта отырайық, таза ислам қазаққа жат, бірақ араб елдері үшін ол қалыпты жағдай, олардың шариғаттан тыс дәстүрлері де жоқ.

Тәңіршіл азаматтардың сол үшін шырылдап жүргені түсінікті, алайда  тәңірлік дінді тірілту идеясы неліктен қиял екендігін жоғарыда жеткілікті айттылған сияқты. Тоқ етері, дін күресінде тәңіршілдер жеңер болса, онда шаманизм (бақсылық) деңгейінде қалған сібір халықтарының кебін киетін боламыз. Исламшылдар үстемдігі ғылыми-техникалық прогресстен аулақ қалдырмақ. Қазақ халқы жетілуіне керегі – қосы қанатты рухани және заттық дамуды (тән және жан құмарын) тепе-теңдікте ұстау! Ол үшін тәңірлік пен ислам тұтастығы керек. Әйтпесе жоқ. Елді алаң еткен текетіреске айтпақ төрелігіміз де осы.

Осы төрелікке қосымша елімізде діни қақтығыстың алдын алуға септігі тиетін бірер түсінік-танымға жұртшылық назарын аудара кетейін.

Жаратушы жалғыз, бірақ оған апаратын соқпақтар тарам-тарам. Атам қазақ тек қана шариғатқа жүгінбеген, Жаратушыны табиғат арқылы тану дәстүрінен бас тартпаған. Құдай тек бір бөлікте –  Көкте, Табиғатта я болмаса Жүректе ғана деп шектелу де жөн емес. Құдайдан тыс қалған ештеңе жоқ. Абай: «Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Алла тағаланың ішінде» дейді. Және: «Ғұмыр өзі – хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат жоқ» деп адастырмас бағытқа сілтейді (қазақтың ежелден қалыптасқан дүниетанымы мен төл діні осы бағытта). Екіншіден, радикалдар мен фанаттарға қарсылық жалпы исламға қарсы күреске айналуы жақсылыққа апармайды. Барлық әлемдік діндерге сияқты исламға да міндет – тек адам мен Құдайды байланыстыру ғана (мысалға имамдар мен молдалар оны аят, хадистер жөніменен іске асырады). Сондықтан оларға ғылымды уағыздамады деп өкпелеу, сондай-ақ, дәстүрді діннен жоғары қоюды талап ету артықтық.

Әркімге аян, Құдай бар дегенге күле қарайтын атеистер қарасы қалың, демек, оларға қарсы күш – діни фанаттар болуы да заңдылық. Оларға бола, халықты дінге қарсы қою, онымен үркіту, саясат құралы қылу қауіпті нәрсе (бұл әрекеттен санасы таяз жетесіздік, жемқорлық онан бетер қауламақшы).

Қорыта айтқанда, ислам мен тәңірлік діндер арасына сына қағушылық фанатизмнің көрінісі.  Олардың тұтастықта болуы – қазақ халқы жетілуінің кепілі. Себебі, сонда ғана жан мен тән, дін мен ғылым үйлесім табатын болады. Осы мәселе төңірегінде өз білгенімізше біраз сөз шығардық,   оны қабыл көру я қабылдамау өз еркіңізде, ағайын.

Асан Омаров

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053