Жексенбі, 24 Қараша 2024
1666 0 пікір 20 Қыркүйек, 2023 сағат 17:39

Оңтүстік Корейдегі 20 мың отандасымызға көмек керек!

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Оңтүстік Корейде заңсыз еңбек мигранты есебінде жүрген Қазақстан азаматтарының мәселесін көтеріп, Үкіметке сұрау салыпты. 

Депутат өз сауалында екі ел арасында ортақ келісім жасалғанша Оңтүстік Корей елінде заңсыз еңбек мигранты боп жүрген 20 мыңға жуық қазақстандықтың құқығын қорғайтын заңдық тетікті табуды сұрайды. Біз депутаттық сауалды қаз қалпында оқырман талқысына ұсынғанды жөн санадық.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Ә. Смайыловқа

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Еңбек миграциясы қазір өте өзекті мәселеге айналды. Өзге елге жұмыс іздеп кеткен қазақстандықтардың саны мыңдап саналады. Арқа жайлы болса арқар ауып несі бар? Жалақыға жарымай, табақтай дипломына лайықты жұмыс таппай, қымбатшылықтың қамытын киіп, әлеуметтік әділетсіздіктің зардабын тартқан қазақ жастары қазір әлемнің әр түкпірінде қара жұмыс істеуге мәжбүр. Оларды сөгуге ешкімнің құқығы жоқ. Қазір сол азаматтарымыз заңдық тұрғыда еш қорғансыз қалып жатыр. Оның бір дәлелі Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жатқан отандастырымыз.

Ресми дерек, 2022 жылғы жағдай бойынша Оңтүстік Кореяда  еліміздің 9600 азаматы заңсыз еңбек мигранты болып жұмыс істеді. 2020 жылы Оңтүстік Корея аумағында заңсыз еңбек мигранттары ретінде жүрген қазақстандықтардың саны 8902 адам (2019 жылы – 10 707 адам, 2018 жылы – 11 413 адам) болды. Бірақ ресми сандар шынайы жағдайды көрсетпейді, себебі қазір Оңтүстік Кореяда 20 мыңға жуық қазақстандық жүр, оны отандастарымыздың басын біріктіретін орталықтар растап отыр. Заңсыз жүрген еңбек мигрантының жағдайы түсінікті. Еңбек құқығы қорғалмайды, заңға сүйеніп жұмыс берушіден өз құқығын талап ете алмайды. Салдарын санамалап айтсам сұмдық.  Мәселен 57 жасар қазақстандық Оңтүстік Кореяға еңбек мигранты болып барып көз жұмғанда оның денесін әкелу үшін туыстарының жылу жинап кеткені есімізде, одан бөлек сол елдегі өндіріс орындарында  қолынан айрылған, басқа да жарақат алған отандастарымыз маған арыздарын айтты. Себебі оларға ешкім өтемақы төлемейді, қажет десе жұмыс беруші оларды заңсыз еңбек мигранты ретінде құзырлы орындарға ұстатып жібере алады.

Отандастарымыздың құқығының қорғалмауының себебі  екіжақты келісімшарт негізінде берілетін Е-9 уақытша еңбек визасы берілмеуі. Мемлекет Басшысы 2020 жылдың қазан айында «Бірқатар елдерде қазақстандықтар заңсыз, жасырын жұмыс істеп жатыр. Мұндай жағдайда еліміздің азаматтары өзге елде тіркеу қиындықтары мен әртүрлі тұрмыстық мәселелерге тап болады», - деп Үкіметке мәселені шешуді тапсырған болатын. Бірақ әлі күнге дейін бұл түйткілдің түйіні тарқаған жоқ.

Корея Республикасымен 16 ел (Қытай, Вьетнам, Филиппин, Таиланд, Индонезия, Шри-Ланка, Моңғолия, Өзбекстан, Камбоджа, Бангладеш, Пәкістан, Непал, Мьянма, Қырғызстан, Шығыс Тимор, Лаос) Еmployment Permit System – EPS («Еңбек рұқсаттары жүйесі» - ЕРЖ) шетелдіктерді жұмысқа орналастыру жүйесіне қосылғанын білеміз. Аталған жүйеге Қазақстан неге қосыла алмай келеді?

Қазақстандық азаматтарды шетелде жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі тікелей ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (одан әрі - Еңбек министрлігі) құзыретіне кіреді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 Қаулысының 2-тарауына сәйкес Еңбек министрлігінің міндеттеріне жұмыспен қамту, өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны және босқындар саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, салааралық үйлестіруді және мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру жүктелген.

Үкімет жол картасын жүзеге асыру барысында жүргізілген дипломатиялық келіссөздер нәтижесінде, ү.ж. наурыз айында Корея Республикасы Үкіметі Қазақстанның көптеген сұрауларын ескере отырып, «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment Permit System (одан әрі - EPS) Қазақстан Республикасын енгізу мәселесін қайтадан қарастырып, тиісті келіссөздерді жүргізуге дайын екенін білдірді.

Корея тарапынан келіп түскен хатта Қазақстанды ЕРS-ге енгізуге қатысты қойылатын шарттар көрсетілген. Атап айтқанда, жұмысқа жіберу үшін тиісті инфрақұрылым мен нақты маманданған жіберуші органның болуы міндетті болып табылады. Корея тарапы қажет болған жағдайда тиісті мамандарын жіберіп, әдістемелік көмек көрсетуге дайын екенін жеткізген. Бүгінге дейін екі ел арасында 7-ші раундтық келіссөз жүргізілген, бірақ әлі нәтиже жоқ. Тіпті аталған мәселелерді реттеу үшін арнайы миграция комитеті де құрылып еді. Бірақ олардың нәтижелі жұмысын көрмеді. Ал шетелде заңсыз заңсыз еңбек мигранты ретінде көзі жәудіреп мыңдаған қазақ баласы отыр. Нақты сұрақ, біріншіден, Қазақстан қашан  «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment Permit System (одан әрі - EPS) енеді, қазақстандықтар қашан Оңтүстік Кореяда заңды еңбек мигранты ретінде еңбек ете алады?

Ұсыныстар:

1. Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қосу үшін тиісті іс-шаралар жоспарын пысықтауды тапсырамын.

2. Екі ел арасында ортақ келісім жасалғанша Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек мигранты боп жүрген 20 мыңға жуық қазақстандықтың құқығын қорғайтын заңдық тетікті табуды тапсырамын.

Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз.

Депутат Нартай Сәрсенғалиев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5592