Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 4110 0 пікір 16 Тамыз, 2013 сағат 12:04

Қызылорда. Құм мінезі

Ақмешіттің аспаны

- Пісмілә де. Пісміллә рахман-рахим деп айтыңдар.

Қатар отырған жас келіншек қарсы бетке жайғасқан екі ұлына бисмилланы айтқызып, бет сипатқызып үлгергенше, ұшақ «Қызылорда қайдасың» деп Алматының аспанына көтеріле берді.

Әуе кемесі әбден әуелеп алған соң, «Борт сыртындағы темпуратура – 40 градус» деп хабарлағанда барып, «Ее, Ақмешіт + 40 болып тұрған шығар» деп ойладым. Қалғып-шұлғып отырғанда ұшағымыз Ақмешіттің аспанына ілініпті. Алдыңғы орындықта «современный» екі апа жол бойы ресми тілде әңгімелесіп келе жатқан. Ұшақ төмендеп, бұлт арасына кіріп тастақ жолға түскен арбадай солқылдай жөнелгенде әлгі екі кемпір «Пісміллә, пісміллә» деп имандарын үйіріп, орындықтың жақтауынан тас қып ұстап шалқалай берді. Әуелеген ақ кеме бұлттан шығысымен екі бәйбіше баяғы әуендеріне қайта басты. Кемпірлердің зәресін алған бұлттан да өтіп, Қорқыт ата әуежайына келіп қондық. Ауа-райын хабарлады.  + 26 градус.

Әуежай дегеніміз аядай ғана екіқабатты ғимарат екен. Тегінде, әуежай әр қаланың қақпасы. Қақпаңа қарап, халіңді байқайды. Әуежайыңа қарап, әліңді бағамдайды. Бірақ, Қорқыт ата әуежайының бұл бейнесі тек бүгінгі көрінісі. Жоспарланған ертеңгісі – халықаралық әуежай. Келесі жылы сол санатына кірмек. Тіпті жобасы жасалып, жұмсалатын қаржы көлемі де анықталып қойыпты - 5,8 млрд теңге.

Ақмешіттің аспаны

- Пісмілә де. Пісміллә рахман-рахим деп айтыңдар.

Қатар отырған жас келіншек қарсы бетке жайғасқан екі ұлына бисмилланы айтқызып, бет сипатқызып үлгергенше, ұшақ «Қызылорда қайдасың» деп Алматының аспанына көтеріле берді.

Әуе кемесі әбден әуелеп алған соң, «Борт сыртындағы темпуратура – 40 градус» деп хабарлағанда барып, «Ее, Ақмешіт + 40 болып тұрған шығар» деп ойладым. Қалғып-шұлғып отырғанда ұшағымыз Ақмешіттің аспанына ілініпті. Алдыңғы орындықта «современный» екі апа жол бойы ресми тілде әңгімелесіп келе жатқан. Ұшақ төмендеп, бұлт арасына кіріп тастақ жолға түскен арбадай солқылдай жөнелгенде әлгі екі кемпір «Пісміллә, пісміллә» деп имандарын үйіріп, орындықтың жақтауынан тас қып ұстап шалқалай берді. Әуелеген ақ кеме бұлттан шығысымен екі бәйбіше баяғы әуендеріне қайта басты. Кемпірлердің зәресін алған бұлттан да өтіп, Қорқыт ата әуежайына келіп қондық. Ауа-райын хабарлады.  + 26 градус.

Әуежай дегеніміз аядай ғана екіқабатты ғимарат екен. Тегінде, әуежай әр қаланың қақпасы. Қақпаңа қарап, халіңді байқайды. Әуежайыңа қарап, әліңді бағамдайды. Бірақ, Қорқыт ата әуежайының бұл бейнесі тек бүгінгі көрінісі. Жоспарланған ертеңгісі – халықаралық әуежай. Келесі жылы сол санатына кірмек. Тіпті жобасы жасалып, жұмсалатын қаржы көлемі де анықталып қойыпты - 5,8 млрд теңге.

Қызылорданың бүгінгі әуежайының есігінен шыға келсем, ақша жүздері албырап Астанадан келген жігіттер үркердей боп үйіріліп тұр екен. Күткендері - мен екенмін. Автобусқа міндік те, Ақмешітке тартып отырдық. Жолда «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Ержан Байтілестен «Күн қайнап тұрады деуші еді, әкетіп бара жатқан ештеңесі жоқ қой» деп сұрап едім, «О, бүгін ғана беті қайтты. Осыдан бір күн бұрын келсең, шайға салған майдай болушы едің. Әмбесі, сендер келе жатыр деген соң, Астана жақта қаңғып жүрген бұлттарды қуалатып ап келдік» деп сөз аяғын әзілге бұрды.

Облыс орталығы – Қызылорда қаласы мен әуежай аралығындағы күре жол жөндеуге түсіп, қалаға айналма жол арқылы бардық. Шаһар шетіне іліне бере көзге түскені жаңа салынып жатқан үйлер болды. Қала іргесін кеңейтіп, самсатып үй соққан ел. Байқағаным, бұ жақта үй орнына құм үйіп, бетін тегістеп үйді сол дөңеске салады екен. Таған үстіне бес-алты қатар қызыл кірпіш қалап, қалған жерін қолмен құйған кесекпен өріп тастаған. Тағы бір ерекшелігі, жыңғылды тоқып, үйді айналдыра қаша етіп қояды. Жол бойында салынып жатқан үйлерді тамашалай отырып, облыстық әкімшілікке де келіп жеттік. Сайдың тасындай астаналық азаматтармен бірге сау етіп түсе қалдық. Облыс әкімінің қабылдауында болып, емен-жарқын әңгімелестік. Бұл енді өз алдына бір төбе, өзге тақырыптың жүгі.

 

Жолдар қайда апарады?

 

Батыс Еуропаға барады. Батыс Қытайдан басталады. «Батыс Қытай – Батыс еуропа» халықаралық күре жолы деп жүрген айтулы жоба - осы. Бұл жолдың 812 шақырымы Қызылорда облысын басып өтеді. Әзірге осы жолдың 470 шақырымының жұмысы толық аяқталған. Қалған учаскелердегі жұмыс жүріп жатыр. Облыс аумағынан өтетін жол 8 елді мекенді айналып өтеді. Екі деңгейлі 14 жол айрығы, 2 темір жол өткелдері, 48 көпір, 336 дана құбыр және 74 мал өтетін арнайы өткелдер салынбақ. Осы 48 көпірдің бірі – Сырдария өзенінің үстінен салынып жатыр. Көпір құрылысын барып көрдік. Дарияның екі жағынан да жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Бұл көпірді Әзербайжандық «Азеркорпу» компаниясы салып жатыр екен. Көпірдің тіреуін әуелі болат темірден салып, су астына жіберіп, сосын ішіндегі суды сорып алған соң, орнын құмын толтырып тастайтын көрінеді. Бұл – бетонға қарағанда төзімді әрі ұзақ жылға шыдас береді дейді.

«Батыс Қытай – Батыс еуропа» халықаралық тасжолы – еларалық маңызға ие болғандықтан, әр облыс өз аумағындағы бөліктеріне ғана жауапты. Дәл осы жолдың Жамбыл облысы бойынша салынып жатқан бөлігінен жергілікті жұмысшылардың наразылығы туып, оның үстіне жолдың сапасына қатысты да мәселе шыққанынан хабардар едік. Ал, Қызылорда әзірге мұндай жаманаттан жырақ. Жалпы облыс аумағындағы аталған жол құрылысында 3902 адам жұмыс істеп жатса, соның ішінде 2728 жергілікті, 265 шетелдік, 909 елдің өзге аймақтардан екен.

 

Үлкен жолдар мен кішкентай ауылдар

Екінші бір жол бар. Ол – ауылдар мен аудандарға апарады. Дәл осы жолдардың жағдайы жалпы республика бойынша мәз емес екені мәлім. Ал, Қызылордада бұл жағы қалай десеңіз, шекесі шылқып тұрғаны шамалы көрінеді. Жол – тіршіліктің тірегі. Баяғыда «өзен жағалағанның өзегі талмайды» десе, бүгінгі күн жол бойындағының жағдайы тәуір болатынын дәлелдеп отыр. Жолдан яғни, қатынастан қиырда қалған ауылдар ақыры «Болашағы жоқ елді-мекендер» атанып, ондағы жұрт қала сағалап ағылып жатыр. Міне, жолдың құдіреті. Әлбетте, жолы жаман екен деп бүкіл ауыл-ауданды облысқа көшіріп әкеле алмайсың. Осы жерде  не істеу керек деген әйгілі сұрақ көлденең тұрады. Қырымбек Көшербаев облысқа әкім болып тағайындалғаннан кейін облысқа қарасты бүкіл ауыл-ауданды өз аяғымен аралап шығыпты. Жолдардың сиқына әбден қанық болған әкім, 800 шақырым ауыл-аудан жолдарын облыстың қарауына алып, есеп-қисабын жасатып, облыстық бюджеттен қаражат қарастырып, ауылдарға апарар жолдарды жөндеуге әні-міні кіріскелі отырғанын білдік. Шіркін, ауылға жол жетсе...

Жол жайына қатысты бізді алаңдатқан тағы бір сауал болды. Ол - «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық тасжолы мен сол жолдың облыс аумағымен өтетін бөлігінінің ауыл-аудандармен байланысы. Қытайдан Еуропаға дейін созылып жатқан жолға әр ауыл үмітпен қарап отырғаны айтпай-ақ түсінікті. Ал, егер үлкен жолға кішкентай ауылдар шыға алмаса не болмақ? Ондай жолдан үлкен жағынан пайда болғанымен, жол бойындағы жұртты айналып өтсе, одан не қайыр? Әкіммен әңгімеде бұл сұрақты да қойдық. 8 елді мекенді айналып өтетін жолға тағы да 84 ауыл-ауданның жолын осы даңғыл жолмен түйістірмек ниетте екендіктерін айтты. жолға жан кіреді, қатынастан қол үзіп қалған ауылдарға қан жүгіреді. Өз басым қуанып қалдым. Ауылға жақсы болды. Жолға бір іліксе, күріш сатса да күн көреді ғой. Оның өзі дем.

Деседе, жолдың жыры мұнымен бітпейді. Облыс аумағында 3300 шақырым жол бар болса, соның 1000 шақырымы республикалық, 247 жол облысқа тағы 2000 шақырым жол аудандарға қарайды.

Бір қарағанда, Қызылорда да жол салудан жарыс өтіп жатқандай көрінеді. Жоғарыда тәптіштеп жазғаннан басқа, қала ішіндегі жолдарда түгелге дерлік жөндеуге түсіп, жаңасы салынып, әуежайдан бастап, қала орталығы мен мөлтек аудандардың жолына дейін жасалып жатқанын көзімізбен көріп, қолымызбен ұстадық. Мәселен, тек биылғы жылға ғана жаңа жолдар салу мен жол жөндеуге облыстық бюджеттен  5,5 млрд. теңге бөлінсе, соның 4,5 млрд. қала жолдарына жұмсалмақ. 69 көше күрделі жөндеуден өтіп,  46 көше жаңадан асфалт төселмек. Бұны аз десеңіз, әуежайдан вокзалға дейінгі аралықтағы тасжол тақтайдай болып жасалмақ.

 

Құрылысқа қарық болған Қызылорда

Барған күні – Қызылорда кеші көңілді болды. Орталық алаңда «Құрылысшылар күніне» арналған концерттің үстінен түстік. Алматыдан келген әншілер Қызылордаға деген «махаббаттарын» сөзбен айтып жеткізе алмаған соң, «жұлдызды» әндерін жіберіп жатыр екен. Алаң толған жұрт. Әнші жерлестерін улап-шулап қолпаштап жатыр. Қайтсін енді... Алаңның сахнаға таяу маңын дөңгелендіре қоршап, ортаға қойылған қаз-қатар орындықтарға ардагер құрылысшылар жайғасыпты. Сәудуақасованың бір әнінен кейін ардагер құрылысшылар жоғарыдан «қайтыңдар» деген бұйрық келгендей дүр етіп көтеріліп, ұбап-щұбап қайтып кетті. Көшкен елдің жұртындай болып қалған орындықтарға біз барып отырдық. «Ат тұяғын тай басар, ұрпақ сабақтастығы, жалпы өмір дегенің осы, жігіттер!» деп әзілдесіп жатырмыз. Ардагерлерге арнайы шағын автобус сыйға беріліпті. Бір топ кәрі-құртаң әлгі су жаңа көлікке мініп кетті. «Бүгін қайсының үйінде той болады екен?» деп ойладым. Сөйтсем, ешкімнің үйінде ешқандай той болмағанға ұқсайды. Ертесінде облыстық құрылыс басқармасының бастығынан білгенімдей, микроавтобусты қаладағы қарттар үйін сыйлаған екен. 96 пайыз қазақ тұратын Қызылордада да қарттар үйі бар екенін естігенде есеңгіреп қала жаздадым. Қайталап сұрадым. Басқармасының бастығы кінәлі адамдай кібіртіктеп «Бар. Арасында қазақтар да бар. Совет өкіметі кезінде облыста кәріс, неміс, орыс көп тұрды ғой» деп әңгіме ауанын бұра берді. Үндемедім. Өйткені, Қарттар үйі бір Қызылорданың емес, бар қазақтың қайғысы. Оған басқарма бастығы кінәлі емес. Ал, құрылысшылар күнін бастан-аяқ ұйымдастырып, ардагер құрылысшыларға көлік сыйлап, Алматыдан әртістерді әкеліп мерекені ойдағыдай өткізген облыстық құрылысшылар ассосациясы екен.

Қызылорда қаласы – астана болған мекен. Алаш пен қызыл өкіметтің саяси ырғасулары жүріп, Алаштың екінші буын толқыны Сұлтанбек Қожанов бастаған саяси қайраткерлер қызмет етіп, Ахмет Байтұрсынұлының табаны тиген, Бейімбет Майлин шығармаларын дүниеге әкелген тарихи маңызы зор шаһар. Көненің көзіндей Сырдың оң жағалауында жатқан қаланың іргесі іргелі құрылыстармен кеңейіп, дарияның сол жағалауында жаңа қала бой көтеріп келе жатыр екен. Дарияның бергі жағында облыстық мемлекеттік мекемелер үйінің құрылысы осы жылдың аяғына дейін тапсырылуға тиісті нысан. Ғимараттың құрылыс жұмыстарымен таныстырған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев мырзаның айтуынша, облыс бойынша, 86 жаңа құрылыстың іргетасы қаланып, бой көтерген. Оның 39-ы білім ошағы, 24 – і денсаулық сақтау саласына қарасты болса, қалған 23-і мәдениет және басқа салаларға арналған. 25,5 млрд. теңге бөлінген бұл құрылыстардың 17-сі қолдануға берілсе, қалғаны жыл аяғына тапсырылмақ. Облыс әкімі орынбасарының өзі бастап апарған мемлекеттік мекемелер үйінің жұмысы да осы жылы аяқталу тиіс құрылыстың қатарында. 3 млрд. 866 млн. теңгеге жобаланған мемлекеттік мекемелер үйі облыстық әкімшілікке қарайтын мекемелерді бір жерге шоғырландырмақ. Бұған дейін кеңсенің жетіспеушілігінен қаланың әр шетінде аядай бөлмелерде сығылысып отырған мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс орны жайлы болмақ. Оның үстіне шалғайдан келген адам қаланы кезіп жүрмей, шаруасын бір жерден бітіреді алады.

Қызылорда облысы білім мен денсаулықты басты назарда ұстайтыны байқалады. Мемлекеттік мекемелер үйінің қарама-қарсы бетінде Назарбаев зияткерлік мектебі салынып жатыр екен. Оның құрылысы 30 тамызда аяқталып, жаңа оқу жылына балалар қабылдамақ. Мектеп демекші, өз көзімізбен көрген Абай атындағы 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын қалыпты. Біз барғанда қаладағы №2 мектептің мұғалімдері осында көшіп келіп, кітап тасып жатты. Мектептің алдында ақ матаға оранып, ашылуын күткен Абай ескерткіші тұр.

«Айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отауға» айналып, елдің шетінде, желдің өтінде қалған қиырдағы ауылдар «Болашағы жоқ ауылдар» саналып, ондағы жұртты Үкімет қалаға әкеліп орналастырып жатқаны белгілі. Орталықтың ісінен Қызылорда да қалыс қалмапты. Қалада 294 мың шаршы метр үй салуды бастап, құрылыс аяқталған үйлердің бірінің 34 пәтері тіршілік көзі тарылған ауылдардан келіп жатқан отбасыларға беріліпті. Сондай үйлердің біріне жолай соққанымызда ауылдан кеше келіп, екі бөлмелі жаңа үйге қоныстанып жатқан отбасына бас сұқтық.

Ал, қала бойынша 558 көпқабатты үй бар болса, соның 57-і сараптамадан өтіп, жөндеуге түсуге мақұлданыпты. 13 үйді қайта жаңғырту, жаңалау жұмыстарының аяғы көрініп келеді. Есепте 200 үйді жаңалау тұр.

Қазандықтар халі

Қызылордадағы құрылыс пен үйлердің жайы жоғарыдағыдай. Ал, табиғаты о бастан мінезді сыр өңірінің қақаған қысы етіңнен етіп, сүйегің жететіні, «Қызылорданың қыс-ай» дегенді естігенде + 40 градуста жүріп, қалтырап кетесіз. Сондай қыста қаланың жанын жылу қазандықтары сақтайды. Қазандықтардың қожасы - «Қызылордажылуэлектрорталығы» дейтін мекеме. Бардық. Қысқа жаз дайындалып жатқанын көрдік. Қала ішідегі жер үстіне салынған жылу құбырлары коммунизм «қайтыс» болғаннан бері жөндеу көрмепті. Құбыр жаңартудың сәті биыл түсіп, жұмысшылар аптап ыстыққа қарамай қимылдап қыс қамына кірісіп кетіпті. Орталықтың қазынасынан 291 млн. теңге бөлініп, 1 680 метр жылу құбырлары қыркүйектің 15-не дейін жаңартылып бітпек. Қаладағы 583 тұрғын үйдің 227-сі қысқа сақадай сай десті.

2005 жылдың аяғында кәсіпорын ауласында мұнай кеніштерінің ілеспе газын қолданатын газотурбина станциясы іске қосылып, үш қазандық орнатылған. Станция электр және жылу энергиясын өндіреді. Отыны - мұнай кеніштерінің ілеспе газы.

 

Қойнауы қып-қызыл ақша –Ақшабұлақ

Сапарымыздың соңғы күні қаладан 140 шақырым жерде жатқан Ақшабұлаққа жол тарттық. Ақшабұлақта мұнай бар. Ол мұнайды «Казгермұнай» компаниясы өндіріп отыр. Біз мұнай компаниясына емес, өндірілген мұнаймен ілесе шығатын ілеспе газдан электр қуатын өндіріп отырған «Кристалл менеджемент» АҚ газотурбиналық электростанциясына бардық. Қол созым жерде көрініп тұрған екі алып түтіктен газ жанып тұрды. Ол – Ақшабұлақ кеніші еді. Біз кенішке қарай-қарай электростанциясының аумағына кірдік. Тексеру қатты екен. Мұнда жай адамның жай жүруі мүмкін емес секілді. Тізімделіп, қол қойып болған соң, ішке кірдік. Станцияның цехтарын аралап көрдік. Станция түгелдей Жапонияның «Хитачи» маркалы технологиясымен жабдықталыпты. Электростанцияны нағыз экологиядық таза өндіріс пе дедік. Ауласында қарбыз өсіп тұр. Жұмысшылардың дені – жергілікті жұрт. Жалақымыз жуықта ғана 100 мыңнан асып, теңестірілді дейді. Мұндағы жұмыс режимі вахталық әдіспен жүреді екен. 15 күн станция басында жатып жұмыс істейтін жұмысшылар вахталық орталық салыныпты. Орталықтың ішінде: жұмысшылар демалыс орындары, ас үй, монша, тіпті бильярд та бар екен.

Вахталық орталықтан түскі ас ішіп, кері қайттық. Жол бойы жыңғыл, сексеуіл, сусылдаған құм.  Құм үстінде бойына қан жүгірген, Сырдың жағасындағы құм мінезді аймақтың кіндігі - Қызылорда.

Құм асты – қазына. Құм үсті – қазақ. Құм мінезі – Қызылорданың болмысы.

Өміржан Әбдіхалықұлы

Алматы-Қызылорда-Алматы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048