Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін 2161 5 пікір 19 Қазан, 2023 сағат 15:32

Жат ағымдардың алдын алу үшін заң тетіктері қажет!

Сурет әлеуметтік желіден алынды

Ұлтты ұлт ретінде ұйыстыратын және оның сақталуы мен мәңгілікке жалғануына қажетті тірек бар: діл, тіл, дін. Осы ұстындардың біріне көңіл бөлінбесе, келешек күмәнді, болашақ тұманды болмақ. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін құбылыс. Дүниежүзі тарихына зер салсаңыз, жойылып кеткен немесе жоюлуға шақ тұрған ұлттар мен ұлыстардың деніне әуелі мәдени һәм діни экспанция жасалғанына көз жеткізесіз.

Еліміз тәуелсіздік алып, демократия жолына түскенде, бізге де жан-жақтан мәдени, діни ағымдар ағын судай қаптады. Олар ұлттық құндылықтарымызды табанға салып таптауға тырысты: ұлттық таным-түсініктерді терістеп, ата-баба сенген, ұстанған ырым-тыйымды, дәстүр-салтты мансұқтаумен, ұлттық аспаптарды харам деумен болды. Мұндай теріс ағымдарға дер кезінде тосқауыл қойылып жатты, бірақ жатпиғылдылар қарақұрттай балалап үлгерді.

Ақпараттық технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан бұл ғасырда оларды ауыздықтау мүмкін емеске айналып бара жатқан секілді. Әлеуметтік желілерді жоғары деңгейде меңгерген олар Instagram, Tik-Tok, Telegram секілді желілер арқылы жақсы жұмыс істейді. Аталған желілерге қай уақытта кірсеңіз де, теріс ағым өкілдерінің тікелей эфирге шығып, өз идеологиясын дәріптеп отырғанын көресіз. Ең өкініштісі, сол эфирлерде жастар у ағызған «уағызшының» сөзін қолдап-қуаттап пікір жазып отыратыны да өтірік емес.

Осы ретте айта кеткен жөн, жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы журналистер қойған бірқатар сұраққа жауап беріп, діни жат ағымдардың ұлттық құндылықтарға қарсы әрекеттеріне тоқталды.

«Кейінгі кездерде әртүрлі діни ағымдардың ұлттық құндылықтарымызға қарсы уағыз айтып жүргеніне куә болып жүрміз. Деструктивті діни ағымдардың алдын алу үшін заң тетіктері қажет. Ұлттық құндылықтарымызды сақтау және оны халыққа кеңінен насихаттау біздің ұлттық міндетіміз. Бұл – ел бірлігі үшін аза маңызды іс», – деді Бас Мүфти.

Сонымен қатар, Наурызбай қажы Тағанұлы ислам дінінің ұлттық аспаптарды, музыка өнері мен спортты харам деп танымайтынын баса айтып өтті.

Бұған қоса, Бас Мүфти оқушы қыздардың мектепке хиджап киіп баруына байланысты сұрақтарға да жауап берді.

«Қазір бұл мәселе қарастырылып жатыр. Бұл туралы біз ҚМДБ өз мәлімдемемізді бердік. Бірақ, әрине, біз ең алдымен халықтың тыныштығы мен бірлігін ойлауымыз керек. Бірақ біз мұны мектеп оқушылары мен мұғалімдер арасында да талқылап, өз деңгейінде шешуді жөн санаймыз. ҚМДБ шариғат талабы бойынша қыздардың балиғат жасынан бастап орамал тағуы керек екенін айтты», – деді ол.

ҚМДБ төрағасы медресе колледждерінде білім алу мүмкіндігін де атап өтті.

«Сонымен қатар ҚМДБ-да 9 медресе колледжі бар, біз 9-сыныптан қыздарды қабылдаймыз. Яғни, орамал таққан қыздарға мұндай мүмкіндік бар. Медресе колледжі Білім министрлігінің стандартына сай білім береді. Демек, исламдық та, дүниелік білім де бар», – деп жауап берді Тағанұлы.

«Таза ақылмен таппаған дін, Шын дін емес – жындылық» дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы. Ал шын дін тек жақсылыққа, ата дәстүрді құрмет тұтуға, білім-ғылым іздеп, өнер таппаққа шақырады. Әсіресе, қазақ халқы сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан Ислам діні ұлт мәдениетінің өсіп-өркендеуіне зор ықпал етті. Ал өткенімізді күресінге тастағасы келетін жат ағымдармен күресуге, Бас Мүфти айтпақшы, заң тетіктері керек-ақ.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415